Ағылшын тілі мұғалімі үшін тест жұмыстарының маңыздылығы

Ибраева Марал Мұратбекқызы

.

.

     Оқыту үдерісінде оқушылардың алған білім, білік, дағдыларын есепке алу бақылау және бағалау оның аса қажет құрамдас бөлігі болып есептеледі. Мұғалімнің сабақтар жүйесінде оны дұрыс ұйымдастыра білуі, көптеген жағдайда оқу–тәрбие үдерісінің табысты болуының оң кепілі. Оқушылардың білімін бақылаудың негізгі түрлері: бақылау жұмыстары, өзіндік жұмыстар және сұрақ қою, т.б. Бұл бақылау жұмыстарын әртүрлі тәсілдермен жүзеге асыруға болады. Мәселен тестілеу жүйесін  бақылау түрлерінің бірі ретінде  қарастырайық. Оның шет тілдерін үйретудегі рөлі мен орнын  анықтайық.

     Бұл бақылау түрі мұғалімдерге оқушылардың білімді игеру деңгейі туралы нақты және объективті ақпарат көбірек алуға мүмкіндік береді, нақтырақ айта кетсек шет тілдерін оқытатын мұғалімдер үшін оқушылардың грамматиканы қаншалықты түсінгені қысқа уақыттың ішінде белгілі болады. Ағылшын тілі мұғалімдері тест жұмыстарын тапсыру  арқылы  оқушыларға тең дәрежеде тексеру шарттарын қамтамасыз ете алады. Бұл оқудың даралануына және саралануына мүмкіндік береді. Ағлшын тілі мұғалімінің тарапынан берілген материалдардың қаншалықты сәтті меңгерілгенін диагностикалау үшін тестілеудің әртүрлі формаларын (Жабық формадағы тапсырмалар, ашық формадағы тапсырмалар, сәйкестікті белгілейтін тапсырмалар, ақиқатты белгілейтін тапсырмалар) қолдануға болады, бірақ таңдалған тестілеудің форматы білім және білік дағдыларының нәтижесін жылдам алуға мүмкіндік бергені жөн. Сол үшін ең алдымен тестілеу дегеніміз не екенін түсіну керек. Тест теориясы ХХ ғасырдың басында бірнеше ғылымдардың түйіскен жерінде пайда болды, олар: психология, педагогика және әлеуметтану, т.б. Бұл ғылымдарда тест теориясы басқа терминдермен алмастырылған.  Мысалы, шетелдік психологтар бұл теорияны психометрия деп атайды, ал мұғалімдер — педагогикалық өлшем дейді, бірақ тест теориясының идеясы тесттер туралы ғылым деп өзгеріссіз қалады.

     Қазіргі ағылшын тілдерін үйрету процесінде тестілеу жүйесі кеңіен қолданылады. Бүгінгі таңда әр түрлі пәндердің арнайы жинақтары жарияланған электронды тест нұсқалары бар. Мұндай жүйелердің болуы тест жүйесін қолдана отырып, білім алу процесін бақылауды жеңілдетеді, соған байланысты алшын тілін үйретуде тестілеу әдісі жетекші рөл атқарады.