АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУДАҒЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ БАҒАЛАУ ТАПСЫРМАЛАРЫ

Кадыл Бибигуль Кадылкызы

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

.

.

Адами  әлеуеттің  даму сапасын  арттыру ерекше  зор  маңызға ие болып отырған бүгінгі заман келбеті жаңаша ізденістерді қажет етеді. Бұл білім беру сапасының критериалды бағалау жүйесін дендеп енгізу сияқты  білім берудегі жаңаша талаптармен астасады. Критериалды бағалау   жүйесі қолданысқа  енгізіліп, жүзеге  асырылуда. Осы бағалау жүйесінің ең негізгісі –қалыптастырушы бағалау. Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісінің ажырамас бір бөлігі болып табылады, оқу үдерісі барысында мұғалім тарапынан жүйелі өткізіліп отырады. Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды, мұғалім мен оқушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушылардың қателесуге, оны түзетуге құқығы бар. Бұл оқушылардың мүмкіндігін анықтауға, қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер кезінде оқу үдерісін түзетуге мүмкіндік береді [1].

       Ал Абай шығармаларын оқытуда қалытастырушы бағалау тапсырмаларын құрудың   маңыздылығы оқу тапсырмаларының  сипаттамасы ретіндегі дескриптормен ұсынылып, оқушылардың  оқудағы  табысқа жету жолдарын қамтамасыз етуімен ерекшеленеді. Ал оқушының жетістікке  жетуі оның орындаған тапсырмасына дер кезінде жасалған кері байланыстың берілуі маңызды. Оқушы  одан нақты нені талап етіп отырғанын біледі, өзінің оқу жетістігі туралы шынайы түрде ақпарат алып, кері байланыс арқылы өзін-өзі  үнемі жетілдіріп отыруына мүдделі болады. Критерийлер оқушының нені оқу керек екенін анықтайтын болса, дескрипторлар тапсырманы оқушылардың қалай орындау керек екенін нақты қадам-қадаммен көрсетеді. Ендеше оқу үдерісінде  бағалаудың  қызметі  мен  мүмкіндіктері  аясын кеңейту үшін нақты оқу мақсатына негізделген бағалау критерийлерін,  оқу тапсырмаларын құрастырып, осы оқу тапсырмасын  оқушының  қай  деңгейге  жеткенін  дәлелдеуге  көмектесетін толыққанды  кері байланысты қамтамсыз ету жолдарын, қалыптастырушы бағалауды жүргізу ерекшеліктерін қарастырмақпыз.  Енді Абай шығармашылығы бойынша қалыптастырушы бағалау әдістерін таңдау қалай жүзеге асады? Абай өлеңдерін меңгертуде тиімді кері байланысты қалай қамтамасыз  етуге болады?  Алдымен нақты оқу мақсатына негізделген оқу тапсырмасын әзірлеу ерекшеліктерін Абай Құнанбайұлының   «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңін оқытудағы ерекшеліктерге тоқталмақпыз. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 10-сыныпта оқылатын мынадай оқу  мақсаттар негізге алынады: 10.1.1.1. Әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы  идеялық мазмұнын терең түсіну. 10.2.3.1  Шығармадағы  көркемдегіш құралдар мен айшықтау құралдарының  қызметін талдау[2].  Осы мақсат бойынша бағалау критерийлері: өлеңнің сюжеттік-композициялық құрылысын талдайды; өлең құрылысын талдау  арқылы идеялық мазмұнын терең түсінеді; көркемдегіш құралдар мен айшықтау құралдарының  қызметін талдайды.

Оқушылар «Шаттық шеңберіне» жиналады.  «Бес қадам» әдісі қолданылады. Әрбір 4-оқушы  сұраққа жауап беріп,  ортада бес қадам аттайды. Қойылатын сұрақтар төмендегідей: «Сіз маңызды деп бағалайтын құндылықтар қандай? Өз қызметін сүйіспеншілікпен атқаратын  адамнан қоғамға  қандай пайда әкеледі? Адалдықтың жоғалуы қоғамда қандай  келеңсіздіктер туындатуы мүмкін?» деген сұрақтарға жауап бере отырып, сабақ мазмұнына болжам жасайды.  Мағынаны тану сатысында «Миға шабуыл» әдісі қолданылады. Оқушылар «Дос пен дұшпан» сөзіне  қатысты  білетіндерін тізіп жазып, ой шақыру жасайды.  Ойларын үздіксіз екі минут жазады. Топта талқылайды, ортаға салып айтады.

 1-тапсырмада оқушылар ұйқас туралы оқып, жұпта талқылайды. Бұл оқушылардың теориялық білімін еске түсіруге көмектеседі.  2-тапсырма төмендегідей сипатта  орындалады:

  1. Өлеңді түсініп оқыңыздар.
  2. Түсініксіз сөздердің мағынасын ашып жазыңыз, түсіндірме сөздікті пайдаланыңыз.
  3. Өлеңдегі лирикалық кейіпкер сезімін талдап, автор  көтерген мәселені жұпта талқылаңыз.
  4. Өлеңнің құрылысын (шумақ, буын, бунақ, тармақ, ұйқас) талдаңыз.

Дескриптор:

  • өлеңді түсініп оқиды;
  • Абай өлеңінің идеялық мазмұнын ашу үшін сөздік жұмысын орындайды;
  • өлеңдегі лирикалық кейіпкер сезіміне қатысты қолданыстардың кемінде 4-5 түрін талдайды;
  • автор көтерген мәселені жұпта талқылайды;
  • өлеңнің құрылысын (шумақ, буын, бунақ, тармақ, ұйқас) талдайды.

3-тапсырмада  «Кубизм» әдісі қолданылады.

1-топ  Байланыстыр. Абай сынға алған заман адамының құндылыққа қайшы мінез –құлықтарын сипаттау үшін қолданылған  көркемдегіш құралдар мен айшықтау құралдардың   қызметін талдап, қазіргі өмірдегі келеңсіздіктермен  байланыстыр. Ойларыңызды  «Ментальді карта» түрінде ұсыныңыздар.

2-топ Салыстыр. Метафоралық қолданыстар мен эпитеттік қолданыстарды теріп жазып, екі түрлі көркемдік қолданыстардың автордың негізгі  ойын жеткізудегі маңыздылығын  салыстырыңыздар. «Венн диграммасы» түрінде ұсыныңыз.

3-топ Зертте. Өлеңдегі құндылыққа қайшы келетін  кереғар ұғымдарды зерттеп, идеясын анықтаңыздар. Идеялардың ұлттық мүддені қорғауда алатын орнына баға беріңіздер, «Ментальді карта» түрінде ұсыныңыз.

4-топ Қолдан. Шығармадан  қоғам өміріндегі келеңсіздікті танытатын метафоралық және эпитеттік қолданыстарды теріп алып,  монолог немесе  ой толғауға негізгі тірек сөз ретінде қолданып, дамытып  жазыңыз.

5-топ Дәлелде. Абай өлеңінің өміршеңдігін дәлелдеп, Абай шығармашылығына қызығушылықты арттыру мақсатында, шығармадан кем дегенде  (антонимдік сипаттағы қолданыстарды да) 5 эпитеттік қолданысты  ұғымды пайдаланып креативті жарнама әзірлеңіз.

6-топ Талда. Өлеңдегі Абайдың нақыл сөздерін талдап, идеялардың ұлттық мүддені қорғауда алатын орнын баға беріп сызба, кесте түрінде ұсыныңыз.

Дескриптор:

  • Абай өлеңіндегі көркемдегіш құралдарды тауып, идеялық мазмұнын ашудағы орнына баға береді;
  • Автордың негізгі ойын қазіргі кезеңмен салыстыра бағалайды;
  • Ойын ұсынылған сызба түрінде жеткізеді.

Кері байланыс

  • Тапсырмаларды орындауда қандай қиындық болды?
  • 3 түрлі тапсырманы толық орындай алдыңыз ба?
  • Сізге топтың көмегі қажет болды ма?

Келесі аталмыш  өлең бойынша бағалау және салыстыру дағдылары бойынша оқу мақсаттарына кезек берейік.  Қарасытырылатын оқу мақсаты: 0.2.4.1 Көркем шығармадағы  көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы  өзіндік пікірін қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең, әдеби және  еркін тақырыптарға шығарма) жазу [2].  Сабақтың мақсаты: Өлеңде көтерілген мәселелердің себеп-салдарын талқылай отырып,  бүгінгі таңдағы өзектілігіне  талдау жасау арқылы  өзіндік пікірін қосып, эссе  жазады. Бағалау критерийлері: өлеңде көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы  өзіндік пікірін қоса отырып, эссе  жазады. Көтерілген мәселелерге бүгінгі таңдағы өзектілігі тұрғысынан баға беріп жазады.  Жазылымалды жұмыс барысында  оқушылар «Галереяда ой шарлау» әдісі арқылы өткен сабақтағы «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңі бойынша  өздері әзірлеген  постерлерін қайта қарап, өлеңде көтерілген мәселелерді, өлең мазмұнын естеріне түсіреді.  Мұғалім  өлең идеясына қатысты талқылау жүргізуді  ұсынады. Оқушылар постерлерін аралай жүріп, талқылау жүргізеді,  өлең жайлы өзара сөйлеседі.  Сынып бөлмесінде сонымен қатар эссе жазудың ерекшеліктеріне қатысты мәдіметтер мен  өлең мазмұнымен қабысатын афоризм сөздер ілінеді. Оқушылар осы нақыл сөздерді де оқиды.

      Сынып бөлмесінде ілінетін нақыл сөздер:  (А3 парақтарында жазылады)

  1. Орынды іске жүріп ой таппаған, Не болмаса жұмыс қып, мал таппаған. Қасиетті болмайды, ондай жігіт, Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
  2. Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
  3. Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек.
  4. Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек. Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек.
  5. Атымды адам қойған соң, Қайтып надан болайын.
  6. Бес нәрсеге асық бол… Талап еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой —  Бес асыл іс көнесеңіз.
  7. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады.
  8. Жас уақытта көңіл — гүл.
  9. Жастықтың аты арындап, Тас қияға өрледің.
  10. Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиянға салған шақ.
  11. Жастықта көкірек зор, уайым жоқ.
  12. Егер ісім өнсін десең — ретін тап.
  13. Еңбек — қуаныш, жалқаулық арылмас азап.
  14. Еңбексіз мал дәметкен — қайыршылық.
  15. Жұмысы жоқтық, Тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын.
  16. Дүниеде жалғыз қалған адам — адамның өлгені.
  17. Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық.

Оқушыларға сабақтың мақсаты мен бағалау критерийлері түсіндіріледі, талқыланады.

Жазылымалды тапсырма  төмендегідей сипатта қарастырылады:

  1. Оқушыларға эссе жазу туралы ақпарат беріледі, оқушылар жұпта талқылайды.
  • Эссе іскери стильде жазылады.
  • Кез келген эсседе берілген тақырыпқа өз көзқарасыңды білдіру талап етіледі. Сонымен қатар, сіздің көзқарасыңызға қарсы адамдардың пікірлерін келтіру және сіз олармен неге келіспейтініңізді түсіндіру қажет. Сіздің пікіріңіз анық беріліп, оған мысал немесе дәлел келтірілуі керек.
  • Эссенің көлемі 200-250 сөз (кемінде 180 сөз, артық болса 275-тен аспауы керек)
  • Эсседе келесідей сөз оралымдары қолданылуы тиіс: «Менің ойымша», «Мен …. деп ойлаймын», «Мен …… деп есептеймін».
  • Келесідей кіріспе сөздер мен сөз оралымдарын қолдану қажет: “Бір жағынан …….., екінші жағынан ………»,  байланыстырушы сөздер (дегенмен, бұдан басқа, оған қарамастан …)
  • қысқартылған сөздерді қолдануға болмайды (эссенің құрылымына балл шегеріледі)
  • Нақты құрылымы болады; ол бес абзацтан тұрады.

І Кіріспе.

Кіріспеде мәселеге екі қарама-қарсы көзқарас бар деп, проблемалық сұрақты нақты көрсету қажет.и Алайда бірінші сөйлем эссенің тақырыбымен сөзбе-сөз қайталанбауы тиіс. Бірінші абзацты келесі сөздермен аяқтау ұсынылады: «енді мен осы мәселеге өз көзқарасымды білдіргім келеді».

ІІ Негізгі бөлім:

1 абзац.  Сіздің көзқарасыңызды растайтын 2-3 аргумент келтіресіз, оны мысалмен немесе дәлелмен бекітесіз.

2 абзац. Сіз тек қана БІР пікірді ұстанасыз, Өз пікіріңізді растау үшін 2-3 аргумент дәлелімен келтіруіңіз керек.

3 абзац.  Қарама-қайшы пікір (1-2) келтіруіңіз керек. Онымен неге келіспейтініңізді түсініруіңіз керек. Сіздің басқа адамдарға айтқан контрагргументіңіз  2 абзацты қайталамауы тиіс.

ІІІ Қорытынды.

Осы мәселеге екі көзқарас бар екені айтылған 1 абзацқа қайтып келіп, өз көзқарасыңызды растап, қорытынды жасау қажет және мәселені шешу үшін ұсыныс айтылуы тиіс.

Мысалы: «Осы мәселеге әр түрлі көзқарас бар. Мен …. деп ойлаймын.» Немесе «Барлық көзқарастарды ескере отырып,  Мен …. деп ойлаймын.»

Эссе жұмысына қойылатын талаптар түсіндіріледі: Эссе тақырыбын ашу тереңдігі және пікірлердің сенімділігі; эссе тақырыбы бойынша өз пікірін дәйектеуі; эссенің композициялық тұтастығы және логикалық жүйелілігі; орфографиялық нормаларды сақтау; грамматикалық  нормаларды сақтау; пунктуациялық нормаларды сақтау.

Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінің мәтіні беріледі, оқып, ондағы келеңсіз жайттарды өзара талқылайды.

Жазылым тапсырмасы төмендегідей сипатта ұсынылады: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңіндегі көтерілген мәселелерге талдау жасап, Абай сынға алған заман адамының құндылыққа қайшы мінез–құлықтарын талқылап, өз пікіріңді қосып,   «Заман өзгерген сайын адами құндылықтар  да  өзгере ме?»  деген тақырыпта  эссе жазыңыз.

Дескриптор:

  • көтерілген мәселерді талқылап, эссе тақырыбын  ашады, өз көзқарасын тұжырымдайды,  тезисін сенімді дәлелдейді;
  • пікірін білдіреді және әр тезиске қатысты пікірді растау үшін кем дегенде  бір-екі дәйектен  (аргумент) келтіреді;
  • композициялық тұтастық сақталған, пікірлердің бөліктері өзара логикалық байланысты, ой біртіндеп дамиды;
  • ой дәлелденген, қайталаулар жоқ және логикалық жүйелілік сақталған;
  • эссе мазмұнында ойын дәлеледеу үшін берілген афоризм сөздерді орынды қолданады;
  • емле және тыныс белгілері сауатты жазылған немесе елеусіз 1-2 қате жіберілген.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық. Астана -2016.
  2. Жаңартылған білім беру бағдарламасы. «Қазақ әдебиеті пәні бойынша оқу бағдарламасы. Жоғарғы мектеп. Астана- 2018. 
  3. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том Алматы: Жазушы -2005 -330 б.