Ашық есік күні

Турлыбаева Гульназ Оразовна
Оқытушы
.
.
Мақсаты: №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогтік колледжінің  тарихы, жетістіктері және  колледжде дайындалатын мамандықтар туралы мәлімет беру,  колледж базасымен, оқу-тәрбие, әдістемелік, практикалық бағыттағы атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстыру.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: Оқытушы Турлыбаева Г.О. және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 3 курс студенттері
Барысы:
Музыка ойнап тұрады.
1 жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар!
2 жүргізуші: Қайырлы күн, талапкерлер, ұстаздар және ата-аналар!
1 жүргізуші:
Алға тарт деп жас жүрек бұлқынады,
Балалықпен қоштасар күн туады.
Арманына жету үшін оқу іздеп,
Білігір маман болуға ұмтылады.
2 жүргізуші:
Сендер үшін жаңа өмір басталады,
Еркелігің бәрі де тасталады.                     
Болашаққа нық аттап қуанышпен,
Басталсын бақыттың баспалдағы.
1-жүргізуші: Жыл сайын сәуір айында, осынау күлімдеген көктемнің күнінде қонақжайлығымызды көрсетіп, сіздердей жас, талантты, шығармашыл талапкерлерді жинау үшін есігіміз бен құшағымызды айқара ашамыз. Сіздерді осы жерде көргенімізге өте қуаныштымыз!
2 жүргізуші: №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжіне
қош келдіңіздер!
1 жүргізуші: Бүгін біздің колледжде маңызды мереке – «Ашық есік күні» өтіп жатыр.
2 жүргізуші: Иә, мектептегі алаңсыз сәттер қайырылмастан кетіп барады. Қазір осы залда 9 және 11 сыныптың оқушылары қатысып отыр. Сіздерге айтарымыз оған бола мұңайып, уайымдаудың керегі жоқ. Себебі, сіздер  қазірден бастап, жаңа өмірдің табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Мүмкін осы жерден-ақ Сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылып, өмірлеріңіздің жаңа кезеңі басталатын шығар.
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
1 жүргізуші: Ең алдымен, сіздерді біздің кереметтей  оқу орнымыздың тарихымен  таныстырып өтейік. (Слайд)
2 жүргізуші: 1978 ж.  Алматы қалалық мектепке дейінгі тәрбие педагогикалық  училищесі  болып ашылды.
1 жүргізуші: 1990 ж.  №1 Алматы педагогтік училищесі;
2 жүргізуші: 1994 ж.  №1 Алматы қазақ педагогтік училищесі атанды.
1 жүргізуші: 1994 ж.  Колледж  мәртебесі берілді.
2 жүргізуші: 1999 ж.  Республикалық   педагогикалық  колледждердің   ғылыми-әдістемелік  алаңы;
1 жүргізуші: 1999 ж.  Ы.Алтынсарин   атындағы  Қазақ Білім Академиясының  ғылыми-әдістемелік эксперименттік  алаңы;
2 жүргізуші: 1999 ж.  Республикалық оқу- әдістемелік бірлестік болып құрылды.
1 жүргізуші: 2008 ж.  №1 Алматы қазақ  мемлекеттік  гуманитарлық  –  педагогтік колледжі;
2 жүргізуші: 2014-2017 жж.   «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік бағдарламасын  педагогикалық үдеріске енгізу бойынша  пилоттық  оқу  орны болды. 
1 жүргізуші: Колледждің педагогикалық ұжымында 100-ден аса оқытушы еңбек етуде. Олардың көпшілігі жоғары және бірінші категориялы мамандар.  Солардың ішінде 15  оқытушы    “Қазақстан   Республикасының  Білім беру    ісінің      үздігі”  төс белгісінің иегері, 3  оқытушы  “Ыбырай    Алтынсарин” төс    белгісінің   иегері,  2  оқытушы  “ҚР   білім беру  ісінің құрметті қызметкері”  төс белгісінің  иегерлері
2 жүргізуші: Бүгінгі күні колледждің күндізгі және сырттай оқу бөлімінде             мыңнан аса студент білім алуда.
1 жүргізуші: Талапкерлер біздің колледжді не үшін таңдайды? Ол туралы қазір айтып беретін боламыз.  
Залдан 1 курс студенті:  Колледжіміз туралы  1 курс студенттеріне айтуға бола ма?
1 жүргізуші:  Әрине, ортаға келіңіздер
1 курс студенті: Сәлеметсіздер ме?  Қош келіпсіздер!
2 студент: Уақыт қандай жылдам сырғуда!
3 студент: Естеріңде ме, біз де кеше ғана талапкер ретінде осы залда отырып едік қой.
4 студент: Ал бүгін біз студентпіз!
1 студент: Алдыңғы қатарлы!
2 студент: Ең үздік!
3 студент: Ең озық, ең абыройлы оқу орнының
4 студент: №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжінің  (бәрі бірге) студенттеріміз!
1 студент:  Біздің бітіруші түлектер диплом алған соң білімін жоғарғы оқу орнында жалғастыруға мүмкіндік алады.
2 студент: Сонымен қатар, өзінің мамандығына қосымша екінші шетел тілін, педагог-психолог, мектеп психологы, гид-аудармашы, іс жүзіндегі психолог, электронды құжаттарды ұйымдастырушы мамандықтарын игеріп шығады.
3 студент: Осы оқу орнында қызмет ететін шығармашыл, жан-жақты оқытушылардың арқасында студенттер түрлі қалалық, республикалық олимпиадалар мен чемпионаттарға қатысып, жеңіспен оралады.
4 студент:  Колледж базасында 1 курстан бастап бізді кәсіби маман ретінде дайындауға үлкен көңіл бөлінеді.
1 студент: Біз гуманитарлық-педагогикалық бағытта мамандар дайындайтын алдыңғы қатарлы  оқу орнымыз.
2 жүргізуші: Рахмет!  Дұрыс айтасыңдар. Біздің оқу орны бірегей, себебі біздің түлектер өмірде өз орнын тауып, директордың орынбасарлары, жоғарғы оқу орындарында оқытушылық қызметтерін атқаруда.
1 жүргізуші: Біздің колледж талаптылар мен таланттылардың ордасы! Біздің студенттер түрлі байқаулар мен конкурстардың жеңімпаздары. Атап айтсақ,
2001 жылы Республикалық «Жылдың таңдаулы колледжі» байқауының Гран-при иегері;
2 жүргізуші: 2009-2013ж. – Республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиаданың 1, 2, 3 дәрежелі  жеңімпазы;
1 жүргізуші: 2013-2015ж. – Республикалық педагогикалық отрядтардың «Креатив-ревю» фестивалінің ГРАН ПРИ иегері;
2 жүргізуші: Волейбол, васкетбол, футбол, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындардан аудандық, қалалық жарыстардың жеңімпаздары;
1 жүргізуші: 2016 жыл – WorldSkills Almaty» Қалалық кәсіби шеберлік чемпионатының І дәрежелі және ІІІ дәрежелі жеңімпаздары.
2 жүргізуші: Біздің колледж оқытушыларының және студенттерінің  жетістіктері осымен бітпейді.  Бүгін сіздер осындай биік белестерді бағындырған қаладағы ең озық оқу орнының қонағысыздар.
1 жүргізуші: Күні кеше ғана Түрксіб ауданындағы жалпы білім беретін мектептер арасында өткен Отанқорғаушылар күніне арналған “Айбын” әскери-спорттық жарыста колледждің командасы 1 орынды иеленді.
2 жүргізуші: Сіздер де №1 АҚМГПК студенттерінің қатарын толтырады деген үміттеміз.
1 жүргізуші: Таныстыруымызды осы жерден тоқтата тұрып, әсем әнге кезек берейік.  
Көңілге ұнар, шықса ән сыңғырлаған,
Көңілге шаттық сезім қондырар ән.
Шымырлап шыққан кезде шырқау көкке,
Елітіп тұла бойың балбыраған,- дегендей бүгінгі талапкерлердің  құрметіне 31«м» тобының білім алушысы Нұрғазы Әселдің орындауындағы  тамаша әнді қабыл алыңыздар.
2 жүргізуші: Қымбатты достар, колледжімізді таныстыруды ары қарай жалғастырайық! №1 Алматы қазақ  мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжі  ашылғаннан бастап  қоғамның ең құнды капиталы — адамды қалыптастырушы мамандар даярлап келеді.  Колледжде бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға қажетті жағдайлар жасалуда.
1 жүргізуші: Осы жерде отырған болашақ студенттер мен олардың ата-анасының ойында «Мен бұл жерде немен айналысамын?»  деген басты сұрақ туындап отырған шығар. 
2 жүргізуші: Біздің студенттер ешқашан зерікпейді. Колледждің материалдық-техникалық базасы тиісті деңгейде екенін әрқашан да мақтанышпен айта аламыз.
1 жүргізуші: Колледждің оқу ғимараты 5  компьютерлік,  3 мультимедиалық оқу кабинеттерімен, методикалық кабинеттермен, 19 интерактивті тақтамен, химия және физика оқу кабинеттері зертханаларымен, «Өзін-өзі тану» арнайы кабинетімен, спорт залмен, 38 мың 541 дана кітап қоры бар кітапхана абоненті және  электрондық оқу    залымен жабдықталған.
2 жүргізуші: Оқу кабинеттері  заман талабына сай  оқу-әдістемелік құралдармен   қамтамасыз етілген. 3 нүктеден таралып, 148 компьютерді қамтитын интернет желілері жұмыс істейді. Жайлы асханамыз да бар.
1 жүргізуші: Ең бастысы, біздің колледжіміз жылдан жылға жаңарып, күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңа оқу жылынан бастап заманға сай лайықталып салынған жаңа ғимарат пен студенттерге арналған жатақхана пайдалануға беріледі. 
2 жүргізуші: Біздің білім ордамызда  дәстүрге айналған мерекелер өте көп. Мысалыға атап айтсақ, Студенттер қатарына қабылдау күні,  «Шарықта, өнерпаз!» «Күзгі балл», «Колледж аруы» байқаулары;
1 жүргізуші: Түрлі  әдеби-музыкалық кештер, кездесулер, шығармашылық жұмыстардың көрмесі, мерекеге байланысты тәрбие сағаттары;
2 жүргізуші: Салауатты өмір салтын сақтау бойынша түрлі спартакиадалар, мерекелер, кафедраның онкүндіктері жыл сайын өткізіліп тұрады және біздің студенттер осындай іс-шараларға белсене қатысып, өзінің өнерін аямайды.
1 жүргізуші: Біздің колледжде сыныптан тыс шараларға көп көңіл бөлінеді. Колледжде түрлі бағытта жұмыс істейтін мәнерлеп оқу, домбыра, вокалдық хор сияқты 14 үйірме мен спорт секциялары жұмыс істейді. Біздің студенттер ән салады, би билейді, музыкалық аспаптарда ойнайды, спортпен де айналысады. Сонымен қатар, колледжде өзін-өзі басқару ұйымы да жұмыс істейді.   
        Олай болса, колледждегі мәнерлеп оқу үйірмесінің қатысушысы Мәдениет Әлиягүлді ортаға шақырайық.
2 жүргізуші: Колледжде болашақ маман үшін ең маңызды, аса құнды саналатын басты нәрсе ол – практика. Студенттер мемлекеттік білім мекемелерінің базасында: мектептерде, балабақшаларда практикадан өтеді және практикадан өздеріне қажеттілерін үйреніп, тәжірибе жинап шығады.
1 жүргізуші: Колледжде  9  мамандық  бойынша  күндізгі  және  сырттай  оқу  нысанында   мамандар  дайындау  ісі мемлекеттік тілде жүзеге  асырылады:
0101000 – «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту»
0103000 – «Дене шынықтыру және спорт мұғалімі»
0105000 – «Бастауыш білім беру»:
              — 0105013 – «Бастауыш білім беру мұғалімі»;
0512000 – «Аударма ісі»
0510000 – «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану»
 0111000 — «Негізгі  орта білім»:
              —  011101  3 —  «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі»
              —   011102 3 — «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі»
              —  011108 3 —  «Негізгі мектептің  шетел тілі мұғалімі»                                                                                               
              —  011109 3 —  «Негізгі мектептің  информатика мұғалімі» мамандықтары дайындалады.
2 жүргізуші: Келесі кезекті мың бұралған биші аруымызға берсек. 31 «м» тобының білім алушысы Дәулетова Гүлжанаттың орындауында испан биін қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші: Сіздердің алдарыңызда ән айтып, би билеп, көркемсөз оқып, өнер көрсеткен колледжіміздің  жоғарғы курс студенттері.
2 жүргізуші: Бірнеше жылдан соң  біз оларды биік белестерден көреміз деген сенімдеміз. 
1 жүргізуші: Иә. Олар да аз уақыт бұрын таңдау алдында тұрды.  Қайда оқысам болады? Қандай мамандық таңдаймын? деп бас қатырған шығар. 
2 жүргізуші: Ал қазір олар өз таңдауына өкінбейтін сияқты.
1-жүргізуші:
Кез келді алаңдамай алға самғар,
Тілекті үміттерге жалғасаңдар.
Іздеген бақытқа да жетесіңдер,
Жоғалтып адамдықты алмасаңдар.
Келесі кезекті колледжімізде дайындалатын әр мамандыққа берейік.   
2 жүргізуші: — Алтынбек, сенің алғашқы ұстазың есіңде ме?
1-жүргізуші: — Әрине, есімде. Бұл өмірде бастауыш сыныпта оқымаған адам жоқ шығар. Алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз барлығымыздың есімізде өмір бойы сақталады. Бастауышта білмегенімізді үйретіп, білгенін аямаған ұстазымыз болмағанда біз адам болып шығар ма едік?! Бұл мамандыққа біз осы оқу орнынан маманданып шығамыз. Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық.
2-жүргізуші:
Тәрбиелеп барлық адамды
Ұстатқан қолға қаламды
Мектепке алғаш жол сілтеп,
Нұсқаған дұрыс қадамды.
Бастауыш сынып маманы
Ортаға «Бастауыш білім беру»
мамандығының студенттерін шақырамыз.
1 жүргізуші:
Тәрбиеші жолы қиынырақ басқадан,
Қызығы да  мол, біле бермес басқа жан
Балалардың пәк көңілі мен күлкісінен
Тәрбиеші шын бақытын  тапқан адам!
Келесі кезекті «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы студенттеріне берейік.
2 жүргізуші:
Қазақ тілім, өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Алдарыңызда болашақ тіл мамандары
Осы тілдің ұқтырар терең сырын.
Қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде».
Қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын  жете түсініп, туған тіліне деген құрмет пен ықыласты өзінің  перзенттік парызы деп білетін
болашақ тіл мамандарын ортаға шақырайық.
 
1 жүргізуші:
Біздің заман – білімдінің заманы,
Шет  тілін білу – бүгінгі заман талабы.
Ағылшынша оқып, меңгерсең, білсең, үйретсең,
Заманыңа қарай нық болар басар қадамың.
Олай болса, ортамызға  «Негізгі мектептің шетел тілі» мамандығы студенттерін шақырамыз.
2 жүргізуші:
Аударма –қалған өнер ұлылардан
Аудармамен шығарманың бағы жанған
Әдебиет пен әдебиетті қауыштырар
Аудармашы бүгін де керек маман
Сөз кезегін «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан болашақ аудармашыларды берейік.
1 жүргізуші:
Өркениетті ел болу үшін арайлы
Біздің жастар
Компьютерді меңгеруді қалайды.
Ақпараттар айдынында алмасып,  
Біліміменен басып озу үшін талайды
Информатиканы болашағына балайды
Келесі кезекті
«Негізгі мектептің 
информатика мұғалімі»
мамандығының  студенттеріне берейік
2 жүргізуші:
Талаптанғын білуге өзге тілді,
Абай айтқан үйрен деп орыс тілді
Орыс тілі арқылы ғылым біліп,
Көкірегіңді оятып, аш көзіңді.
«Әр елдің тілін, өнерін  білген кісі өзгемен бірдейлік деңгейде сұхбаттаса алады» деген хакім Абайдың өнегесін ұмытпай, орыс тілін меңгеріп, оны үйретуді мақсат еткен «Негізгі орта білім» бойынша орыс тілі мен әдебиеті мамандығы студенттерін ортаға шақырамыз.
1 жүргізуші: Осы аз ғана уақыт сен өз-өзіңнен бөлініп, студенттік тамаша өмірге, өзіне еріксіз тартатын беймәлім әлемге, еркіндікке сапар шеккен боларсың. Мектептегі үйреншікті  қарбалас сәттердің, сабақтың бітуіне, бірге оқыған сыныптастарыңмен уақыт өткізіп, серуендеуге   аз уақыт қалды.   Сосын емтихандар басталады. Өміріңдегі алғашқы емтихандар.
2 жүргізуші: Оқу инемен құдық қазғандай. Қалаған оқу орныңның түлегі атануды армандау оңай, ал оқу, іздену, ойдағыдай бітіріп шығу  қиын. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сіздерді алда қызықты студенттік шақ, одан кейін үлкен өмірге жолдама күтіп тұр. Оқыңыздар, еңбектеніңіздер және оның нәтижесі міндетті түрде сіздерді биік белестерге шығарады.
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
1 жүргізуші: Дұрыс айтасың. Қиын сынақтарды тапсыру, конкурстан өту әрине, оңай емес. Сіз үлкен өмірге қадам аттауыңыз үшін мамандығыңызды дұрыс таңдауыңыз керек. Ал студент атану дегеніміз – оқуға бар күшіңді салуың, ұжыммен ынтымақтаса жұмыс істеуің, маман ретінде білім, білік, дағдыларды қалыптастыруың және таңдаған мамандығыңа адал болып, қиындығы мен қызығына төзуің. Ең бастысы, еңбек ер атандырады дегенді ұмытпау керек. 
2 жүргізуші: Сонымен, құрметті талапкерлер, 2018-2019 оқу жылына жоспарланған мамандықтарды сіздердің естеріңізге тағы да бір салып өтейік.
1 жүргізуші:
Бүгін қандай шаттық толы кеш еді,
Көңіл шіркін тасып, толып, өседі.
Ұл кешегі жігіт болып қалыпты-ау,
Бой жетіпті бантикті қыз кешегі.
2 жүргізуші:
Мойытпасын қиындықтар сендерді,
Батылдықпен асыңдар сан белдерді.
Біліміңмен қуантсаңдар мектепті,
Жақсы іспен қуантыңдар елді енді.
        Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мағишат Тасқалиевнаға  сөз кезегі беріледі.
1 жүргізуші: Осымен біздің бүгінгі кездесуіміз соңына жетті. 
2 жүргізуші: Бірақ бұл кездесуіміздің соңы емес деп үміттенеміз.
1 жүргізуші: Біздің оқу орнының есігі де, құшағы да дәл қазіргідей сіздер үшін әрқашан да ашық болмақ.
2 жүргізуші: Сіздерге мамандық таңдауда сәттілік тілей отырып, біздің колледждің студенті атануларыңызға тілектеспіз.
1 жүргізуші: Сіздерді №1 АҚМГП колледжінің студенті қатарынан көретінімізге сенімдіміз.
2 жүргізуші: Ақ жол, талапкерлер! Келесі кездескенше!