Қазақ қоғамы – Абай ғақлиясы, Ақселеу мұрасы

Джамалова Молдир Джамбуловна

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

.

.

Ғасырлар бойғы ерлігі – тарихымызға тағылым болған бабалар арманы – Тәуелсіздік бүгінгі бақытымыз – кешегі бабалардың еңбегі. Тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан бақытты елді кім армандамайды? Әрине, армандау емес, шындыққа айналдыру керек. Осынау бір сандық технология дәуірі келген қоғамда адам жаны рухани азықты қайдан таппақ?

         Қазақ қоғамының қалыптасып дамуына шамшырақтай жарық нұрын сепкен, ұлтымыздың бағына біткен темірқазығы, Ұлы ақын, дара данамыз Абай атамыздың шығармалары – бүгінгі қоғамға да өз жолын көрсетуден еш жаңылған емес. Сөзімді бұлай бастауыма дәлел болғаны,  ХХІ ғасыр ұрпағының бойына нәр беріп, жанының рухани азығына айнала білген шығармасының бірі — қара сөздері. Онда терең философия, эстетикалық талғам, кемелдену мен жарқын болашақта өмір сүрудің қағидасын табамыз. Сондықтан, қанға сіңіп, сүйекке біткен қазақи болмыс қалпымызда, қазіргі қоғамда, мен не істей аламын, жаһан мен жастарға үлгі боларлық қандай дүние ұсынамын деген сұрақтарға Абай ғақлиясының даналығынан жауап іздеп көрейік.

         Бірінші қара сөзінде Абай жазуға қалай кіріскені туралы толғайды. «Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» — деп ойланады. Мұнда осы жасқа келгенше қалай өмір сүрдім, енді қалған өмірімді қалай сүремін деп ойланта отырып, берілген мүмкіндігің мен алтын уақытыңды саналы түрде «бағу», яғни бағыттап үйренуге, сол арқылы өзің өмір сүріп отырған ортаңа үлгі боларлық іс тындыруға ойландырады. «Ештен кеш жақсы» демекші, қанша жасқа келсең де ортаңа, отбасыңа, шартарап айналаңа септігің тиіп, жөн көрсетер жұмыс қылуға шақырады.

         «Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» Міне, осы оныншы қара сөзінде еліміздің іргелі дамуына өз үлесін қосатындай ғылымға көңіл бөліп, ақылмен өзін билететін болса, алынбайтын асу, қаланбайтын қамал болатынына сендіреді. Ол үшін шаруаға қыры бар кәсіптен нәсіп тауып тіршілік етудің, іскер (бизнесмен) болудың дағдыларын игеруге ой тастайды. Сөйтіп қоғамымызда жұмыссызбын деп жүргендерге қарапайым еңбек адамдарының істерін үлгі етіп, еңбек етудің жаңа тәсілін ұсынады. Кәсіптің берекесін келтіретін адалдықты ту етеді, еңбекқорлыққа үндейді. Тұрмысын жақсартудың қағидасын түсіндіреді. Сынға да салады, мінін де айтып жол сілтеп отырады. Демек, Абай атамыздың әр қара сөзі біздің заманымызда да өмірлік сабақтардан дәріс беріп, қоғамның кеселі мен кемеліне жететін дүниені түсінуге қол ұшын бергендей әсерде сезіледі.

Кез-келген ортада атамыздың қай қара сөзін білесің деп сөз сөзғасақ, білетіндерін айта бастайды. Сонда да солардың ішінде көп айтылып, үнемі жадында жатталып жүретін бір қарасөзі ол – он жетінші сөз.

            «…Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам — сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы»,- депті. Қандай көңілге қонымдылық, яғни ақылыңа билете отырып, күш-қайратыңа салып, жүрек әмірімен шешім шығару – бір ғанибет. Сондай-ақ, «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. Бүгінгі біздің қоғамымызға да керегі: дені сау қайратты адам, ақылынан нұр төгіліп айналасына қол ұшын бере алатын саналы адам, қайырымдылығы арқылы жүректерге жылу сыйлайтын, елімізді алдыға жетелейтін ұрпақ мәселесі тұр емес пе?!

         Ақселеу атамыздың әдебиетке әкелген шығармаларын айтпағанда, қазақтың жаны мен қанын бұлқынтып тасытатын күй өнерін зерттеуі ерекше. Бұлай сөз қозғаудың сыры күй шығарып қана беру емес, күйдің шығу тарихын халық ауызынан естіп, зерттеу жүргізе келе өмірбаянын тарата отырып, үлкен бір жинаққа енгізуі – қазақ болсын, өнерге деген ыстық ықыласын, болашақ ұрпаққа табыстап кеткен ұлы мұрасы деп түсінуіміз керек. Өзіне жүктелген міндет бұл ғана еместігін іштей сезінгендіктен бе, әлде қазақы ерекшеліктерді шексіз сүйгендіктен бе, қазақ өзінің қазақ екенін, ұлттық ерекшелігін ұмытпай қандай қоғамда да өзіндік болмысын көрсете алсын деген қадам деп білемін.

         Қорытындылай келе, Абай мұрасы, қара сөздері – қазақтың ұраны. Қазір жаһан сағат сайын жаңалықтарымен қоғамды өзгертпек болса да, Абай қара сөздері ғаламға ақыл-оймен, пайым-парасатпен озатын орта қалыптастыруымыз керек екенін ХІХ ғасырда айтып кеткен. Бұл – біздің болашағымыз болмақ.  Ал Ақселеу зерттеген мұра күй өнері – ұлттық өнер, қазақн болмыс, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын алтын көпір. Қоғамды қалыптастыратын адам десе, Абайдың қара сөздерінен ғылымға үлкен жол ашып, Ақселеу мұрасымен қазақ қоғамын әлем аренасына бірге бастайық.