Қазақстанның ұлтжанды азаматын тәрбиелеу туралы ой (эссе — шығарма)

Ордабаева Зайрагуль Киябаевна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
.
.
Осынау ауылдың Сарытау атанған кәрі таудың бауырына орналасқанына қанша уақыт болғанын кім білсін,әйтеуір, жылдың төрт мезгілінде де қатулы қабағын ашпайтын кездері көп.  Сарытаудың басына бұлт үйірілсе болды, жазда найзағайы шатырлаған жаңбыр, салпы етек сары күзде ұзақ күндерге ұласып кететін бір тынбайтын ақ жауынға, алай-түлей борандатқан қыста аязы араласа келеіп, әлденеше күндерге созылатын суыққа ұласып кететін мінезді өлке еді.
Ауыл шетіндегі сырт көзге қораш көрінетін 4 бөлмелі жатаған үйде осы ауылдың кәрі- жасына етене таныс, қарт мұғалім Боранбай тұратын еді. Аты да өзі тұратын ауылдың табиғи мінезіне сай қойылған сияқты. Бұл туғанда аптаға созылған қарлы боран соққандықтан ауылдың бас көтерерлері бір ауыздан атын Боранбай деп қойған еді. Сол Боранбай ата-анасының жасы ұлғая келгенде көрген қызығы болғандықтан ешнәрседен соншалықты тарықпай өскен еді.
Бала күнінде әкесі марқұм баласының тым құрыса ескіше сауатын ашпақ болып, ауылда бірде бала оқытып, бірде бала сүндеттеп, ел ішіне шашылған несібесін тауықша теріп жүрген, мысық мұрт, мүләйім мінез, тапал молдаға оқуға берген.  Оқығанын бала тұрмақ өзі де түсіне бермейтін ол жарықтықтың қолындағы көк шыбық Борекеңнің арқасында да талай ойнаған. Тәнін удай ашыта тілгілеп сартылдай соғылған шыбықтың ащы уытынан көз жасы мөлт-мөлт ағып жатса да, әке сөзінің зілінен сескенгендіктен «енді оқымаймын» деп те айта алмай, әр күні молданың қолындағы қалыңдығы бір қарыс кітаптан емес, молдекеңнің жанындағы тесілген түбіне мақта өткізіп қойған сары легендегі тұзды суға малшынып жатқан көк шыбықтарға жалтақтап қараумен өтетін.
Есейе келе молданың оқуынан бас қатырғанннан басқа ешетеңе ұқпайтын халге жеткенін әкесі де түсінсе керек бір күні келіп молданың оқытқанын тыңдап отырды да, өзі де ешнәрсе ұқпаған болуы керек, молдаға ләм-мим деп ешнәрсе айтпаған күйі босаға жақта отырған Боранбайын қолынан жетектеген күйі алып кеткен. Ертесі көрші ауылдағы тамыры Павелдің үйіне әкелген.
Павелдің де осы ауылға ірге теуіп отырып қалғанына да көп бола қоймаған. Ішкі сырын ешкімге ашылып айта қоймаса да,ішкі жақтан бекер көшіп келмегендігін Боранбайдың әкесі іштей сезетін.
Алғаш көшіп келгенде екі-үш жалаң бұт балалары мен сексиген сары шашты бір қызы бар Павелдің арықтығынан қабырғасын санап алардай, жүрсе аяғы аяғына шалынысып жүретін әлжуаз қатыны Марияның қабағын жапқан мұң барын сезетін.  Қоңсы келіп қонған күннің ертеңіне Боранбайдың әкесі қорадағы екі-үш жандықтын ішінен  қоңыр қойдың кеш туған қозысын сойып қонақ қылған. Содан бері екі үй- бір қазақ пен бір орыс отбасы бірі-бірінің тілдерін түсіне бермесе де араласып кеткен. Содан бері өткен шамалы уақытта қол ісіне  ебі бар Павел жұрттың арба-саймандарын жөндеп беріп жүріп өлмейтін халге жеткен. Боранбай бір қыс сол Павелдің үйінің ұсақ тірліктерін істей жүріп орысша тіл сындырып шықты. Павелдің өзі де кейде қолы боста Боранбайға ішінде суреттері көп кітаптарды оқып беретін де не жайлы жазылғанын түсіндіріп те беруші еді. Көбіне, адам қылығын істейтін жануарлар туралы оқып беретін де. Ара-тұра ел көзінен жыраққа шығып, пішен оруға барғанда  Пушкин, Лермонтов секілді адамдардың аттарын атап өлеңдерін оқитын. Жүйелі түрде оқымаса да осындай оқудың арқасында Боранбай әжептәуір хат танып шықты. Павелдің балалары сияқты ағып тұрмағанмен жап-жақсы түсінетін, орысша жаза алатын күйге де қолы жеткізген.
Содан бері бірі-біріне жалғасқан 50 жылдан аса уақыт ішінде Боранбайдың басынан талай жағдай да өтті.
Патша билеген заманнан да өтіп , кеңестік заманның тұсына да жасы 25-тен  аса бере жеткен.
Павелдің үйінде өткен 10 шақты жылда жақсы –жаманды айыра білуге қол жеткізген Боранбай кейін алмағайып кезде ел ісіне араласып, ала-шапқын болып жүргеннен бала оқытқанын  тыныш көрген.
          Бір кездегі қылшылдаған қанжардай жас Боранбай бұл күндері жасы 80-нің сеңгіріне ат басын тірген еді.  Кешегі аласапыран кездердің зәрлі ызғары етінен өтіп, сүйегіне  жеткен кездердің жүрек төріне соншалықты суық жазылып қалғанын ешқашан ұмытпайды.
 Кеңес өкіметінің дәуірінде жоғары білімге қол жеткізіп, ел қатары жүрді.
Енді елі тәуелсіздік алған кезде елі үшін еңбек етер жастан өтіп кетсе де ауыл төріндегі тамнан соғылған мектепте  алғаш еңбек  жолын бастағанын қалай ұмытсын?! Айтпақшы,ол мектептің өзін де ауыл адамдары асар салып тұрғызған. Көпшілік емес пе, айналасы бірер жұманың ішінде мектеп үйін тұрғызып та үлгерген. Боранбай өзі ауданға шапқылап жүріп керек- жарақтарын, кітаптардан қолға түскендерін жинай берген. Жаз бойғы жанталас күзде жемісін берді. Қыргүйек айының басында ауыл балалары мектеп табалдырығын аттады.
Павелдің бір кездегі үрпек бас сары балалары бүгінде зіңгіттей жігіттер болған. Андрейі соғыстан оралмаған. Сергейі содан мүгедек болып оралған. Әйтеуір екі қолы сау болғандықтан әкесінің ескі көрігін қыздырып , ұстаханасын жүргізеді. Әкеден қалған темір-терсектерін ақтарып жүріп, жез қоңырау тауып әкеп берген. Ертеңгі уақытта жез қоңыраудың сыңғыры ауылдағы үйлерді аралап кететін де шамалыдан соң әр үйден ұл-қызы аралас балаларды ілестіріп қайтатын. Оған да мінеки елу жылдан аса уақыт өткен екен. Бүгінде кешегі там мектептін орнына үш қабатты, кірпіштен қаланған сәулетті мектеп салынған. Там мектепті бұзарда Боранбай қарттың жүрегі жылағандай болған еді. Тіпті ауылдағы қарттар мен кейуаналар да көздерінің жастарын сықты. Сықпай қайтсін, бір кездері өздері білім алған ордасы еді. Сол там мектептен қалған жалғыз көз сол баяғы жез қоңырау мен алғашқы мұғалім Боранбай қарт ғана. Бүгінде екеуі де әр жылдың алғашқы және соңғы қоңырауы сияқты салтанатты сәттердің  сыйлы қонақтары. Екеуінсіз бұл мерекелердің сәні кірмейді.
          Кешелі бері көкірегін жайлап алған мазасыз бір сезімнің ұйытқуынан ұйқыдан да қалды.  Ертең 1 қыргүйекте жылдағы дәстүрлі алғашқы қоңырау мерекесі болады. Қанша сабырлы болғысы келсе де, денесін жайлап алған сезімнен арыла алмайтын әдеті. Жылдың басқа мерекелері Боранбайға соншалықты әсер етпейді.
         Мана көрші үйдегі Еділдің қызыл қоразының өңешін жырта қышқырғанынан оянып кеткен Боранбай ағаш төсекті сықырлатып ары-бері аунай берген. Болмаған соң шапанын желбегей жамылып сыртқа шықты. Аяңдай басып ауыл сыртындағы тақия төбеге қарай беттеді. Бұл төбемен сонау бала кезінен сырлас еді. Қандай үлкен іс болмасын осында келіп ойланып отырып, шешімін табатын да еді. Сол дағдысына басты. Бір сәт көңілі толқыған Боранбай қарт өткенге ой көзімен қарады. Қарт көкірек толғанып кетті.        
          Төңіректі тұмшалап басқан қараңғылық сейіліп келеді. Көп ұзамай таң атады. Шуағын мол-мол шашып күн шығады. Ғасырдың салқынына тоңып, аязына ұрынған сайын далаға жан береді. Демімен үрлеп жылытып, суықтықты жер бетінен ығыстырады. Дала көгереді, көктейді,бүр жарады. Айнала әбден жарық болады. Адаспайтын боламыз.О!Жарық Күн! Қандай ғажап едің? Қанша күттік біз сені!!!
        Қаралы сұлудың қайғылы басын қымтаған қара шәлісіндей қою қараңғылық уақыттың сынынан өңі кетіп,әр жерінен сөгіле бастаған қара орамалдай бозарып келеді. Суық сәуле шашып жымыңдаған аспанның ерке қыздары- жұлдыздар да біртін-біртін жер бетінен көкке қарай өрлей бастаған боз мұнардан қаймығып, аспан тұңғиығына қарай ығыса түскендей көрінбей барады. Керіліп жатқан жалпақ даланың етегін көмкеріп, кестелей ағып жатқан дарияны жағалай біткен сыңсыған тоғайдың тал-теректері де тау аңғарын қуалай соққан самалмен ырғала тербеліп, сырғалы жапырақтарын судыр-судыр еткізіп мүлгіп тұр.
       Ақ қайыңның бозарған балтырынан өрге қарай өрлей түскен боз мұнар жер бетін тегіс жайлап алып, енді тау етегінен биікке құлаш ұрып барады. Тоқтаусыз өрлеп барады. Аспан төсін арда емген асқардың биік иығынан асып түспей тыным табар емес.
        Құштарына  қолы әзер жеткен ғашық жардай толқынды қара шашымен асқардың жүзін жасырған қарағылық боз мұнардың асыға өрлеп келе жатқан демін сезгенде, құшағын жазғысы келмейтін сыңаймен қоюлана түсетіндей.
        Асыға басып кеуделеп келіп қалған боз мұнардың дүбірінен оянған асқардың биік қабағының астындағы жақпар тасқа ұя салған қыран бар даусымен саңқ етті. Керегедей қанаттарын қомдап алған қыран шеңгелдеп отырған жеңді білектей жұмыр тасты теуіп ұшты. Қуатты қанаттарын қағып-қағып жіберген қыран шүйіліп келіп, жер бетін жапқан қараңғылықтың қара шәлісін бір шетінен жиыра бүрген күйі сыпыра самғап барады. Екпіндей ұшқан алып қыран шеңгеліндегі қара шәліні жұмарлаған бетімен асқардың ар жағынан асыра беріп, зу етіп көкке атылады. Мың жыл жатса да өзін мызғымастай сезінетін қараңғылық қанша қарсыласып, жыланша жиырылып, шиыршық атқанмен қыранның темірдей тегеурінінен босана алмады. Керегедей қанаттарының астынан ұйытқи соққан желдің екпінімен жаулықша желпілдеді.
           Зау биікке самғай шырқап шыққан қыран кенет қос қанатын жиып алып, жерге қарай жұлдыздай ақты. Көктен сорғалаған қыран жерге жақындай бергенде жарқ етіп қайта көтеріліп,шеңгеліндегі жұмарланған қара шәліні серпе лақтырды. Қанаты қиылған қарақұсша қалбаңдап келіп құлаған қараңғылық жаны қалғанына қуанғандай, қасарып қалған қара жартастың қуысына кіріп жоғалып кетті.
           Кеш кіре қараңғылықпен қабаттаса келіп, даланы бауырлай қонған қою қара бұлттар тентек қыранның ерлігінен сескеніп, ыдыраған бөздей сөгіле бет-бетіне безе қашты. Жапа-тармағай жөңкіле көшкен бұлттарды қуа шығыс жаққа асқан боз мұнардың сәлден соң өңі өзгере берді. Әуелі сарғыш тартып, бірте-бірте қызарып арайлана бастады. Қалың бұлттардың көкжиекке жақын шеті қызғылт сары сәулелерге бояла құлпырып келеді.
          Кенет манағы кереге қанат мұзбалақ қыран жай отындай жарқыл қаққан биіктен сылдыраған бұлақ үніндей нәзік әуез естілді. Бозторғай екен. Кіп-кішкентай қанаттарын тынымсыз қағып шырқау биікке әуелеген күйінде тынбастан әнге салды. Дала бозторғай әнімен оянды. Шырылдаған даусымен аспан астын сырлы әуенге толтырды. Ала шапқын, ызы-қызы, у-шуға толы мазасыз күндер ада болып, жаның жадырап  жайлы күнге енесің. Өзің осы уақытқа дейін сезінбеген беймәлім бір сезім лықсып келіп жүрегіңе құйылғанда, жан сарайың мол сәулеге қанығып, бір жасарып қалғандай боласың.
          Ауыл шетіндегі дөңгелек төбе басында астына қалың етіп төселген көрпедей көк шалғында молдасын құрып, батысқа жонын берген күйі отырған Шежіре қарт тізесінің үстінде жатқан қалың кітабын ақтарып отыр. Кеудесін жапқан күмістей аппақ сақалы үйіріле соққан самалмен ойнағысы келгендей желбіреп қояды. Жалпақ алақанның сымға тартқандай салалы саусақтарымен әр бетті аударған сайын өткен күндердің әр сәтінің бірде суық, бірде жылылебі алақаны арқылы жүрегіне жеткенде, ернінің ұшымен күбір етіп, « шүкір аллаға,тәуба »дейді.
Иіріле біткен дөңес мұрынның үстіндегі жалбыраған қасы кең маңдайға ұласқан. Биік қабақтың астын үңги орналасқан қос жанар ақылмен астасқан сабырлылықты танытады. Байсалдылығы енжарлықпен ұласпай, айналаға жіті, сергек қарағанда кірпігін де сирек қағады. Сәт сайын сәуле ойнаған жанарында өткен күндер суреті оянғанда, кең маңдайды айғыздап ұзыннан түскен терең әжімдері бірде жиырылып, бірде жазылып қояды. Оқта-текте басын көтеріп, айналадағы табиғат жаратылысы:өзен-көл,тау-тас,ғасырдың желі бұзып, суы шайған көне мазарлардан, жуан тамырлармен жер-анамен  мәңгі табысқан мың жылдық еменмен, бар қуатын тереңіне жасырып керіле,кең жайыла аққан мол сулы дариядан өткен күндердің белгісін іздейді.                         
Шуақты шақтар есіне түскенде езіле жымиып езу тартса, қайғыға қанған күндер есіне түскенде жанарын қасіретті қара мұң тұмшалайды. Кеудесінде ұйып қалған зарлы күй «ах» ұрған дыбысымен бірге шыққанда, қос тамшы көз жиегінде  сәл дірілдеп тұра бере домалап түсіп, қарттың жүзіндегі иыр-шиыр әжімдердің сайын қуалай келіп, кітап бетіне мөлт-мөлт тамады.
         Ел іргесінен аулақтағы қырат үстіндегі жауын соққан жағы опырыла құлап түскен қос мазардың ортадан биік терезелерінің бірінде ұстар жерін өгіз терісімен қаптаған бұзау бас қара шоқпар жатыр. Енді бірінің босағасындағы жуан қадада зырлап өткен уақыт табымен әбден қаңсып, кей жерлері шыт-шыт жарылған қара қобыз ілулі тұр. Жаздың аңызақ бораны, қыстың сумаңдаған аязды сары желі кейде жаяу бұрқасындатып келе күмбездің ішінде құйындай ұйытқып , үйіріле соққан қара қобыздың әлдеқашан қурап түскен қыл ішегіне жан біткендей бірде сыңсыған, бірде ішін тарта ышқына, күңірене зарланған үн шығады. Азалы әуен жаныңды үйіріп әкетіп, миыңа шегедей қадалғанда,жүрегің солқ ете түседі. Суық зарлы үннен еріксіз тіксінесің.
        Қобыздың боздаған үні-осы өлкені мекендеген момын халықтың тарихының көкіректі кернеген ащы зарындай шерлі күндерінің куәсі. Анау керіліп аққан өзеннің арнасы бір кездері осы халықтың үлкен-кішісінің басы бөгде жұрттың жаулық сағынған қатыгез қасиетімен суарылған қисық қылышынан күзгі алмадай домалап, шашылып түскенде, шыңғыра аққан қанмен тасып ағып еді.
            Анау бұзаубас қара шоқпар байлауға көнбес батырлары  «құл болам деп емес, ұл болам деп туғам  » дейтін өр мінезбен намысын оятып, түкті жүрегі көрген қорлық пен   шеккен жападан тұтанған ашумен қалшылдап атқа қонғанда, қиғаш қас, қысық көзді, шіңкілдек сан ойраттың төбесінде ойнаған. Ат үстінен үзеңгіге шірене көтеріліп, қайқая соққанда маңғолың   да, жоңғарың да, қытайың да атынан өкіре құлап, бұрханына  жанын тапсыратын. Қара шоқпарын үйіре бұлғап атойлап шапқан сарбаздың алдында қоғаша жапырылатын.
          Анау беткейдегі үңірейіп ерекше біткен қара жартастың беті де дәл мұндай қап-қара емес еді. Сонымен иықтас көрінетін, араларын қайқы бел ғана бөліп тұрған қызыл жартас соншалық қызыл емес еді.
          Бірі-момын, жуас, қонақжай, аздаған көрсе қызар қулығы қызғаншақтыққа ұласатын, басына күн тумаса бірікпей, шіл қиындай бытырап жүретін көнбіс халықтың жат жұрттардан көрген қорлығынан, шеккен азабынан қарайып кетсе, енді бірі-сол халықтың қызыл қанымен боялған. Жартастың бетін жуып аққан қан бүкіл бөктерді алып кеткенде аспан астын азалы үн кернеген. Сол күнгі таң қан түленіп, сұрланып атқанда, жуас жұрттың ақсақал, қарасақалы жамандыққа жорып мазасы қашқан деседі. Жылқыдан айғыр, түйеден бура құрбандық шалса да қаптап келген жаудың бетін қайтарарлық амал таппай, «елім-айлап» зарланып босып кеткен. Жүруге  дәрмені қалмай қуаты қашқан қартын төбе басында қалдырған қасиетсіз күндер туған. Ел іші ерсіз емес екен. Намысты ұлдары тізе қосып, жат жұрттарды туған жерінен түре қуып айдап шыққан.
          Содан бері қаншама заман өтті. Әр жыл сайын сол жойқын қырғын басталған көктемде жөңкіле көшкен бұлттар сол араға үйіріле бас қосқанда, көк аспан көкірегі қарс айырыла күрсінеді. Көк жүзінде жасын ойнап, қара бұлттар көз жасын төгер еді.
         Артынша сол бөктер алқызыл гүлдерге толып кетер еді. Кейінгілердің көзіне сол гүлдер болып көрінгенмен, Шежіре қарт үшін қапыда кеткен боздақтардың қаны төгіле қайнап, тасып жатқандай елестер еді.
         Міне, содан бері қанша уақыт өтті десеңізші?! Сол өткен уақыттың әр күні, әр сәті бұл елдің тарихында қанша із қалдырды. Соның бәрі де осынау қарттың тізесінде жатқан қалың кітапқа зерделеніп, бүге-шегесіне дейін қалдырмай жазылған.
          « Өз малын өзімдікі дей алмай, өз ырқы өз қолынан кетіп» «орынды жеріне орнынан, жоралы жерде жолдан қағылған момын» халық талай бастан нәубетті өткізді.
          Ешкінің текесіндей сақалы шошаңдаған Қужақтың зымияндық пен аярлық тұнған жымысқы көсемдігінің ызғарына ұрынып, күзгі жапырақша қалтырады. Шамалы есі бары елінен ауып, жат елде кірме болып күн кешуге мәжбүр болғанда, «бас басына би болған өңкей қиқымдары» «жаны аяулы жақсыларға ырылдасып ит қосып» қуып ит жеккенге асырды. Жүрегінде жалыны барын мылтықтың қарауылына байлады, ақылы артығын абақтыда ақылынан адастырып, ажалымен арпалыстырды. Кешегі күні асын алақанына салып, саусағының арасынан сары қазының  майын сорғалатып жеп, зерен толы бал татыған уыз қымызды басына бір-ақ көтеретін момындарды бір үзім нанға зар қылып, жер бетінің қыбырлаған жәндігін адал, арамына да қарауға мұршасын келтірмей тірідей теріп жеуге мәжбүр етті-ау!
         О! Зұлмат заман! Ала құйындай үйіріліп, қайғы мен қасіреттің ащы запыранын момын жұртқа мелдектете ішкізіп, өмірлерін де өксітті-ау!
         Сол замандарда емес пе еді?! Жер шеңгелдеп жабыса мызғымай тұрған мынау еменнің түбінде тоғыз жасар сәбидің аш бөріге жем болғаны. Аштықтан бұралып жатқан балаларына қуырып беретін дән теріп әкелуге аңызға барған  анасын аузы құрғамай ішіп, үнемі қызу жүретін шолақ бригадир милиция шақыртып, ауданға абақтыға айдатып жібергенін көрген сәби ымырт түсе соңынан бармақ болған. Үрейленіп, жан-жағына жалтақтап келе жатқан баланы тасадан шыға тап берген бөрі емен түбіне дейін қуып келген. Жан ұшырып еменге жеткен бала қанша секірсе де иір бұтағына бойы жетпей, қасқырдың аузына түскен.
        Содан бері еменнің иір бұтағы сынып түсіп, орнынан су тамшылап тұратын болған. Ағып тұрған су тамшылары көз жасындай кермек татитындықтан төңіректегі жұрт бұл еменді « жылауық емен» деп атап кеткен. Бірнеше рет жай отынан жалын құшып, қап-қара болып күйіп те кеткен. Діңінің қаттылығы мен қуатты тамырларының арқасында жыл сайын жапырағын жайып көктейді. Жапырақтары жаз ортасынан аумай-ақ ерте сарғайып, тез түсе бастайды. Сол қасіретті шақтың куәсі екенін бұтағына байланған ақтық-шүберектер айғақтап тұратын.
          Түнерген қабақ жадырап, бүгілген бел енді жазылды-ау дегенде тағы да отпен ойын бастаған. От пен жалынға бөленген алапат шақ табандатқан төрт жылға созылған. Құлпырған жастық шағы мезгілінен ерте солған қызғалдақтай қанша ару азаматына қосылмай жатып қара жамылды. Майданға кеткен жалғызынан келген жылы хабарды дәтке қуат еткен қариялар шаруаға бас-көз болды. Білтелі шамның жарығымен шүйкелеп жүн иірген кейуаналар көкірегін кернеген зарын шертіп, солдат қолғабын тоқыған. Таң бозынан соқа өгізінің бас жібіне жармасқан  қара сирақ, ши борбайлар балалықтың бал қызығына қанбай, ойынды да ұмытқан кездер еді.
           Айтар ауызға жеңіл болғанымен осы төрт жылдың әлеметі әлем халықтарының есінде қаралы күндердің ең ауыры да, қан төгістің зұлматты шағы болып сақталып қалған. Бұл қасіреттің куәсіндей болып ауылдар мен қалаларда солдат ескерткіштері тұр.
          Қара кемпірлер кейде көңілі құлазып, жалғызсыраған щағында өзімен жасты қара сандығын ашып,түкпірінде жататын түйіншекті  алып шешер еді. Уақыт табымен әбден сарғайған  үшбұрышты хаттарды алақандарымен сипап, жүзіне басып, сағыныштың шерлі жасын төгер еді. Жылдар бойы көкірегіне шемен болып қатып қалған қара қайғысы көзден аққан жасымен еріп, әжімді жүзін қуалап ағып жатар еді. Сонан соң қызылсайды аралап, Жексенғұлы мен Қосшығұлының жолын тосуға бет алар еді. Батып бара жатқан күн астындағы күреңітіп көрінген қара жолға көзін қолмен көлегейлеп ұзақ-ұзақ қарайтын. Жүрегін кернеген сағыныштың шерлі әнін ағытып, алты тарам боп аққан көз жасы омырауына құйылып,аспан астын күңірентіп дауыс салатын.  
         Жарық дүниеден өткенше қос құлынының тірлігінен үміт үзбей өткен қара кемпірдің артында «Қара кемпір» әні қалды. Бұл күндері оқта-текте жиындарда болмаса, мүлде естілмейтін болған. Ән тым мұңды, зарлы. Адамдардың шамалы есі кірсе, ауыртпалықты ұмытып кететіне де рас. Осы ән естілгенде қабақтарын түйіп, жақтырмайтын сыңай танытады. Пендешілік, немқұрайдылық қой бәрінікі. Пендешілік деп елемеуге тырысқанымызбен, кейде соның озбырлық пен өктемдікті туғызатын қатерлі екенін былайғы жұрт білмесе де осы жуас халық білуі тиіс. Ел бастаған көсемін орнынан аларда не бары 15 минуттық жиналыс өткізіп, ұзақ жылдық еңбегін бір ауыз жылы сөзге татырмаған өктемдік пен менмендіктің бастауы да осы пендешілікте жатыр.
         Алаңға бейбіт шерумен шығып, жөн сұрамақ болған өндірдей жастар соққының астында, қасқыр иттің талауында қалған. Солдаттың келте күрегі мен резеңке таяғы талайға қан құстырды. Ежелден ел басына күн туғанда елді бастар ағалар еді. Бұл жолы  халық үміт күткен ел ағалары үнсіз калғанда, жалын жүректі жастар  қиянатқа төзбей  әділеттілік үшін көтерілді. Он екіде бір гүлі ашылмаған көк өрімдей қыз-жігіттер бұзақы, нашақор, қылмыскер, оларды дүниеге келтірген бүкіл халық ұлтшыл атанды.
         Зорлықпен қуып таратылудың арты ұзаққа созылған қуғындау мен шектеуге ұласқан. Сол өрімдей  жастардың ұлт намысын жоқтаған ерен ерліктері жуастардың жүрегін сілкіп өтті. Ел-жұрт оянып, жан-жағына көзін ашып қарай бастады. Көргені – сол баяғы кеңдігінен кемдікке  ұшырап отырғаны. Көлеңкедей сенделтіп қойып, мұрнын тескен тайлақтай әлі де өз ыңғай, ығына қарай жетелеп келетіні, басқа ұрып көндіріп отырғаны еді.
         Жаңбырлы сызы өтіп, тозығы жеткен қораш  тамдай опырыла  құлаған ескі жүйенің әлсіздігін айдай әсем әлемге алғаш көрсеткен де осы момын жұрттың ұл-қызы. Содан бері 19 жыл уақыт өткен екен.
         Беу! Диірменнің тасындай шыр айналған дүние-ай! Алды- артына қаратпай адамзатты дедектетіп сүйреп барасың-ау! Сол желтоқсанның ызғарлы күндері дүниеге келген сәби бұл күнде 19-ке толып, отау құруға да жетіп қалған.
         Серейіп бойлары өседі-ау, ойы да солай өсер ме екен?!
         Қазына кеуде қарияның тәлімін алып, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа- ұран» болсын деп, аңсап жеткен азат таңның лайықты ұлы болып өсер ме екен?!
         Ата- баба ерлігіне тәу етіп, ақ батасын ту көтеріп, ізгілік пен игіліктің салқар жайлауына елінің көшін бастар ұлы болып өсер ме екен?!
         Ұлтының ізгі қасиеті, игі дәстүрімен көзін ашып, парасат биігін кәміл меңгерген, адамзатқа ортақ абыройлы ұлы болып өсер ме екен?!
         Көк тіреген асқардың иығы кенет алтын жалатылған табаққа сәуле түсіп шашылғандай болып жайнап қоя берді. Шашырай төгілген шуақты сәулелер жақсылық хабар таратуға асыққан жаушылардай сайын даланы кезіп кетті. Көкжиекке көтерілген Ару Күн де дүбірлі дүниеге асығып келгендей. Оның да бүгін жаны қуанышқа толы. Қуанышын бүкпей, айналаға күлімдей қарайды.
         Жан жылуын мол шашатын мейірбан анадай жер бетіне шуағын уыс-уыс шашады.
         Төбе басында отырған Шежіре арт көзін көлегейлеп, биікке көтеріліп бара жатқан Ару Күнге ұзақ қарады, қуана қарады.
         Күн көзінен төгілген шуақты көкірегін ашып қарсы алған Шежіре қарт енді жүрегінің өзіне беймәлім, бірақ жанына жайлы  ырғақпен соға бастағанын аңғарды. Жан тереңінен шымырлап көтерілген сезімнен бойы балқыды. Жан сарайын толтырған сиқырлы күйдің әсерінен арыла алмай көзін жұмды. Күйге бөленген жаны тыным табар емес. Қанат бітіп шабыттанған сәтінде ілгері ұмсына тұрғанда, көзі ауыл биігіндегі жасыл желекке оранған еңселі ақ үйге қарай бет алған бүдіршінге түсті. Құшағын гүлге толтырып, қақпа алдында шығарып салып тұрған атасы мен әжесіне қол бұлғап, басын иді де, мектепке қарай жүгіре жөнелді. Айналасы жарық сәулемен нұрланып, тіпті шырайланып кетті.
         Азат таңмен құрдас болып туған соң, атасы мен әжесі осы немересінің атын Азат деп қойған. Сол Азат бүгінде он жасқа толған.
         Манадан бері мың құбылған жан күйінің сыры осынау он жасар Азатпен байланысты екенін енді ұққан Шежіре қарт домбыраға қол созды. Перне бойлап жүгірген саусақтарынан саулап күй төгілді. Аттандап, атойлап шыққан адуынды асқақ күй емес, шуақ шашқан шұғыладай шырайлы шаттық пен қуаныштың күйі.
         Күрмелген тілі шешіліп, аққан судай есіліп, жүректің сөзін сөйледі. Жалғанның жарық дүниесі күй әуенімен балқып, жүректің сөзін тыңдады, сырын ұқты, аңсаған арманын аңғарды. Тақ тұрып, басын иіп, ұйып тыңдады:
         Көпті көрген көненің батасымен нұрланып, толған айдай толықсып, мұңлық болған жұртына сәуле шашар ұл ме екен?!
         Ақ шашты әзиз ананың уызына жарыған, ай мен күндей көрікті өрбітіп ұрпақ жарынан, қайырымды, дана халқының жел жағына пана боп, күрмеуі қиын тірліктің түйінін шешер ұл ма екен?!
         Ағайынның аласын, көңілдегі наласын, сылап-сипап жазатын жүректегі жарасын, таразының тасындай айырып ақ пен қарасын, қара қылды қақ жарған би де болар ұл ма екен?!
         Сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – елдің көсемі, қаймана жұрттың өсегі, тасадан атқан кесегі бұра алмайтын ақ жолдан турушыл, адал ұл ме екен?!
         Жұлып алып кеудеден нұрға толы жүрегін, шам-шырақ қылған жұртына Данкодай ұл ме екен?!
         Қуаныштың бұзбай реңін, балталап кеспей тірегін, ақтайтын елдің тілегін, азамат болып ар сақтар алпауыттай ұл ме екен?!
         Ағайынға айдынды, қарындасқа қайырымды, ел үшін болған айқаста «толарсақтан саз кешіп» көтеретін қайғыңды Алпамыстай ұл ме екен?!…
         Домбыраның шанағынан күмбірлей төгілген арынды күймен астасқан жүрек сөзі аспанға өрлеп, жел айдаған жалындай шалқи түсіп, дүниені қыздырып, ерітіп, балқытып барады. Дүние жаңада ғана жаралғандай нұрлана түскен секілді.
         Бүгінгі күй – өз билігі өз қолына тиіп, еңсесі көтерілген елдің шаттық күйі.
         Бүгінгі ағарып атқан таң – ғасырларға созылған тәуелділіктің құрсауынан босанған Азат  Қазақстанның 19 жасқа толғанын әйгілейтін бақыт таңы.
          Кенет сол баяғы дағдысынша сыңғырлап келіп қалған жез қоңырау Боранбай қарттың да қолынан жетектеп, мектепке қарай бастай жөнелді.      
          Мектепке жақындай бергенде алдынан жүгіріп шыққан жас шәкірттер таласа-тармаса  қарт мұғалімге қолындағы гүлдерін беріп жатты. Айналасы қызылды-жасылды гүлден көрінбей кетті. Қалың шоғырмен қатарын көбейте келген қарт мұғалімнің жүзінде қуаныштың сәулесі ойнайды. Бүгінгі ұрпақтың ұлтжанды, ел болашағын ойлайтын, ана тілі мен салтын, дәстүрін сүйетін  парасатты ұрпақ болатынына кәміл сенеді. Себебі олар ел тарихын, тілін де , ділін де,  дінін де құрмет тұтады. Өйткені олардың әке-шешелерін, осы мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің де әке-шешелері Боранбай қарттан оқып шыққан.
         Армысың, Жарық Күн!
         Армысың, Тәуелсіздік! Біз сені көп күттік, көп аңсадық!
         Жаса, еркін де азат, Тәуелсіз Қазақстан!