Қазақ тілі сабақтарында монологтық және диалогтық сөйлеуді үйрету тәсілдері

Тлегенова Мейрамгуль Жанабаевна
преподаватель казахского языка и литературы
.
.
       Сөйлеу өзінің ішкі түрі мен мазмұнына қарай диалогтық және монологтық сөйлеу болып екіге бөлінеді.
      Диалог  гректің dio- бірнеше және  logos- сөз, сөйлеу дегендерінен шыққан, яғни бірнеше кісінің сөйлесуі дегенді аңғартады. Шынында диалогтық сөйлеу кемінде екі адам арасындағы сөзге байланысты құрылады. Сөйлеу түрі түрлеше болып келеді. Сөйлеушінің хабарына қарай олар біріне-бірі қақпайлап, реплика тастап, сұрақ қойып, оған тиісті жауап алып отырады. Бірінің сөзін бірі қайталап, оны қуаттай сөйлеп, сөздер мен сөйлемдерді тұжырымдай түседі. Диалогтық сөйлесуді қазақ тілін тәжірибелік тұрғыдан үйренуде тиісті орындарда пайдаланып отырған жөн. Әсіресе, бұл қазақ тілі материалдарын оқыту процесінде оқушылардың сөйлеу, жазу дағдысын арттыру мақсатында іске асырылуы қажет. Мәселен, дауысты және дауыссыз дыбыс әріптерінің сөз басында, ортасында және аяғында келетіндігіне байланысты диалогтық сөйлеудің мынадай түрлерін пайдалануға болады: — Екі-үш түбір сөзден біріккен кісі аттарын атай отырып, олардың жазылуын дәлелдеңдер. – Бұл сияқты сөздерге мыналар жатады «А» деген оқушы: Аққозы, Асылбек, Айманкүл, Ақсейнеп, «Ә» деген оқушы: Әбдіхалық, Әйгерім, Әліби, Әсемкүл. «Б» деген оқушы: Байжанбай, Бақтыгүл, Бақберген, Балкүміс, Балақаз, Бибігүл т.б сияқты кісі аттары деп жауап береді.
— Түбір тұлғаларын сақтап біріккен сөздерді атаңдар.
— Бұларға мына сөздер енеді: әлдекім, әлдеқашан, қайсыбір, әрқайсысы, әркім, ешкім, ешқайда, қайбір.
— Түбір тұлғаларын сақтамай, дыбыстық өзгеріске ұшырай біріккен сөздерді атаңдар.
— Бүгін, биыл, әкел, әкет, жаздыгүні, қыстыгүні, бүрсігүні, әнеугүні.
— Түбір тұлғаларын сақтамай, дыбыстық өзгеріске ұшырай біріккен кісі аттарын атаңдар.
— Байзақ, Бегәлі, Жұмәділ, Молдахмет, Сейдахмет.
— Түбір тұлғаларын сақтап, біріккен ойын аттарын атаңдар.
— Ақсүйек, аққала, соқыртеке.
— Орыс – қазақ, қазақ – орыс сөздері арқылы түбір тұлғаларын сақтап, біріккен сөздерді атаңдар.
— Фотосурет, аэромектеп, автоқалам, қазақконцерт.
— Түбір тұлғаларын сақтап, біріккен ботаникалық атауларды атаңдар.
— Күнбағыс, итмұрын, қырықбуын, қозықұйрық осындай әңгеме нәтижесінде оқушылардың объектіге деген белсенділігі артады. Олардың тілде алған теориялық білімі  іс жүзінде пысықталып отырады. Әңгіме – диалог сөйлесудің бір түрі есебінде әрі теориялық, әрі практикалық жұмыс жүйесі үшін пайдаланады. Оқушыларға диалогтық сөйлеуді  меңгерумен  қатар монологтық сөйлеуге де үйретудің мәні зор. Өтілген  материалды тұтас мазмұндау, түсіндіру және оны жүйелі айтып беру монологтық сөйлеуге тән қасиет.
      Монолог гректің monos — бір, жеке және logos-сөз, сөйлеу деген ұғымдарынан келіп шыққан. Оның мәнісі бір сөз, жеке сөйлеу деген мағыналарды аңғартады. Мұнда бір ғана адам сөйлейді де басқа адамдар тыңдап отырады. Монологтық сөйлеуде граматикалық конструкция заңдылықтары сақталып, тиянақты ой қорытындысы жасалады. Оқушының материалды түсіндіруі, мазмұндауы, оқуы, баяндамалар жасауы, жиналыста, митингіде сөз сөйлеуді, күнделікті еңбек қажетіне жұмасалатын сөйлеу түрлері монологты сөйлеудің негізгі көріністері болып табылады.      
      Оқушылардың жас ерекшеліктеріне, ой, білім дәрежесіне және оқитын сыныбына шақталған көркем шығармалардан  алынған мәтіндерді және өздері көрген, білген оқиғалардың мазмұнын жүйелі айтып беруге сәйкес қазақ тілі материалдарын толық түсіндіруге, мазмұндауға бағытталады. Мұғалім мен оқушының  тиісті деректерді түсіндіруге монологтық сөйлесуі ауызша түсіндіру, ауызша түсіндіру, ауызша мазмұндау, мәнерлі оқу түрінде іске асады.
     Ауызша түсіндіру. Бұл ауызша мазмұндап баяндаудың бір түрі. Әрі теориялық, әрі тәжірибелік материалдардың өзара заңдылықтарына сәйкес жұмыс түрлерін іске асыру үшін жұмсалады.
     Диалог – адамның ұтымды ой-өрісі мен байыпты әрі шапшаң тіл қатысының көрінісі. Ал сөзінің ұшқыр болуы сөйлеуші  жақтың сөз байлығына тәуелді болып келеді. Диалог қарым-қатынастың ең басты бір түрі болғандықтан, оның көтеретін жүгі мен мақсаты өзгеше. Өйткені, ол –сөйлеу  дағдысының, оның ішінде жауаптасудың, қалыптасқан тілдік, лексика-тәжірибелік дағдыларын жетілдіре отырып, қарым-қатынас психологиясын айқындайтын, сонымен бірге сөйлеуші мен тындаушы жақтың арасындағы сөз қатынасы қандай дәрежеде өткенін көрсететін тіл қатынасының айрықша түрі.
Жалпы сөйлесу барысында коммуникативтік мақсаттардың орындалуына байланысты диалог төмендегі түрлерге бөлінеді:
  1. Сұрастыру диалогы;
  2. Талап ету диалогы;
  3. Хабарлама диалогы;
  4. Сәлемдесу, қошемет ету диалогы.
Бұлар сөйлесу барысында сөз болуы арқылы байланысын іске асырады.     Сонымен бірге, олардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл сөз қағыстырушылардың сөз тастамдарынан шығу керек.
  1. Сұрастыру диалогы. Сұрастыру диалогының сызбасы әдетте сұрақ жауаптан тұрады. Оның басты мақсаты өзіне керек нәрсені білу. Мысалы: «Болыс үйіндегі жиында Ебейсін жас мырза Тәңірбергеннің жанына отырды.
— Иә, сөйле! – деді мырза
— Ұстадым.
— Қайда?
— Сыртта
—  Қашып кетпесін
—  Ішке кіргізейін бе?
Тәңірберген басын изеді».
Сөз бастаушының алғашқы сөз қағымы реципиентті «мырзаға» керек нақты ақпарат беруге мұқтаж етеді. Мұнда тақырып анық болмағанмен, бұл сөз қатынасының мағынасы сөз байланысына дейін қалыптасқан. Жаңа ғана кім ұсталды, ол қайда және онымен не істеу керектігін бөлмеде тек Ебейсін мен Тәңірберген біледі. Сөз тастаушы әңгіменің кейбір ойларын өзі түйіндеп отыр. Ол нені, қалай айту керектігін біледі, логикалық екпін әңгіме не туралы болатындығына, яғни предикатқа түседі. Бұнда ынталандыру репликасында тек сөйлем ғана емес (Иә, сөйле!), сонымен қатар сөз тастаушының ой дамуының жалғастырылуы жатыр.
  1. Талап ету диалогы. Әрбір талап ету диалогының басты мақсаты- басқарушының коммуникативтік ниетінің орындалуы. Орындаушы бұл сәтте өз серігінің өз әрекетінің көленкесінде қалады, оның алған бағытымен келісіп, қолдайды немесе қарсы шығады. Талап ету диалогы бірнеше түрде кездеседі:
  • Ресми түрдегі шақыру (коммуникант өз реципиентін ресми және достық қалыпты іс-қимыл орындауға ықпал етеді: киноға, қонаққа, театрға шақыру).
  • Сіздерді арнайы келіп үйден дәм татып кетуге шақырамыз.
  • Рақмет, шырағым. Талабың зор болсын.
  • Ұсыныс формасындағы талап (коммуникант бір іс-қимылды орындауға дайын тұрғандығын айтып, өз рөлін ұсынады):
  • Әже, Рысбектікіне мен де барайын ба?
  • А! Сен әлі ұйықтамап па едің, қарғам-ау? Бар, жүгір, ойбай.
  • Негізінде талаптың өзі (коммуникант реципиентті өзіне керек іс- қимылды орындауға талаптандырады):
  • Әй, Нәзира, бері келші
  • Немене, әже?
  • Бері кел.
  • Нәзира жақындады
  1. Хабарлама диалогы. Хабарлама диалогының басты мақсаты сөз тастаушының сөз алушыға ол білмейтін, әлі естімеген бір ақпаратты жеткізуі
    —   Біз кеше театрға бардық.
    —   Дұрыс болыпты.
       Хабарлама кейде тыңдаушының сұрағын туғызуы мүмкін. Хабарлама ой-желісін  жалғап, сөйлесудің келесі сатысына баспалдақ болады.
Осындай сұраққа кезекті түсінік беріледі:
    —   Біз кеше театрға бардық
    —   Қалай екен?
    —   Тамаша. «Асауға тұсау» өте қызық қойылған.
        Қазақ бабамыз қарым-қатынас психологиясын терең меңгерген, сол себепті қазақы дәстүрге сай, этнолингвистикалық ерекшелігі жоғары сөздерді сәлемдесу рәсіміне енгізе де білген:
  —  Амансыз ба, әже! Деніңіз сау, күйлі-қуаттысыз ба?
  —  Әй, бұ қай баласың?
  —  Мен, Тоқтармын ғой, әже.
  —  Шымырбайдың Тоқтарысың ба?
  —  Иә.
  —  Ой, айналайын, өркенің өссін айналайын!
  —  Ағадан хат кеп тұр ма?
  —  Кеп тұрады, қарағым, кеп тұрады.
       Сәлемдесу диалогы бірнеше мағыналық топ құрайды: жас ерекшелігіне сай сәлемдесу; қызмет дәрежесіне сай сәлемдесу; атақ, дәрежесіне сай сәлемдесу, ерлерге тән сәлемдесу; әйел адамдарға тән сәлемдесу.
      Міне осындай сәлемдесу рәсімдері диалогтың басталуына және әрі қарай өрістеуіне негіз болады.
      Адамдар арасындағы байланыстың орнауына негіз  болатын  — сөз этикеті.      
      Сөз этикеті дегеніміз адамдар арасында байланыс орнату үшін жұмсалатын және байланысты жалғастыра беру мақсатында қолданылатын сөздер мен сөз тіркесі.
      Бұған қоса, диалогта интонация, сөз екпіні, ым, дене қимылы (вербалды емес коммуникация), яғни тілден тысқары амалдардың қызметі ерекше.