Қазақ тілі сабағында ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану жолдары

Кулмаканова Марьяш Капаровна
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
.
.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуға жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қалыптастыру – заман талабы.
         Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жаңа талап тұрғысынан өзгертіп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру қажет.
Қоғам талабына сай қазақ тілін оқытуда берілетін білім мазмұны мен оқыту әдістерін жаңалау қажет екені айқын. Қазіргі уақыттағы басты мақсат оқушыларды қарапайым болса да өз ойларын еркін жеткізіп қана қоймай, өзара тіл табысып, пікір алысуға үйрету, себебі жалпыға білім беретін орта мектеп білім бағдарламасының негізгі мақсаты оқушының қазақ тілінде сөйлеу қабілетін жетілдіру.
         Қазақ тілі пәнін оқытуда  негізгі басымдылық коммуникативтік дағдыларды, сөйлеу әрекетінің төрт түрін – тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды меңгертуге, ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіруге, оқудағы және жазудағы функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталады.
         Қазақ тілін басқа ұлт өкілдерінің  оқушыларына саналы түрде меңгертіп, оны өз деңгейінде қажеттілікке айналдыру бір жылғы мәселе емес, сондықтан мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылар арасында туындайтын бір сұрақ: оқушылар өз ойын ауызша және жазбаша еркін жеткізе алатындай қандай технологияларды қолдану керек? Оқушыны ынталандыру үшін қандай тиімді әдіс-тәсілдерді қолданған дұрыс?
         Әдістемелік материалдарды қарастырып, сабақтарда түрлі белсенді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану білім берудегі ең тиімді әдіс болып табылады деп есептеймін. Осы технологиялар арқылы оқушылар ойлау қабілеттерін дамытады, тұжырымдайды, пайымдайды, дәлелдейді, салыстырады. Ақпараттық технологияны қолдануда шынайы өмірлік жағдайлар келтіріліп, оқушыларды салыстыруға, өз ойларын сол тақырыпқа сай жеткізе білуге көмектеседі. Рөлдік ойындар пайдалану барысында оқушының жеке позициясын қалыптастыруға жағдай тудырады, қарым-қатынас дағдыларын орнықтырады, сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Сондықтан, ақпараттық технологияны оқу үрдісіне енгізу тіл үйретуде тиімді. Тыңдап – түсіну, көріп – байқау құралдарының концепциясында оқыту былайша орналасады: тыңдау – сөйлеу – оқу – жазу. Оның ішінде ауызша қабылдау (тыңдау мен сөйлеу) алға шығып отырады. Мысалы, кез келген сабақта тұсаукесер (презентация) өткізу, тақырыпқа сай бейнежазба көрсету арқылы оқушылардың сабаққа деген уәжін көтеріп, қызығушылығын арттырады. Бұл технологияның көмегімен жүргізілетін сабақтарда білім алушы өзін еркін ұстайды және сабақтың белсенділігін арттыруға, дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға, сабақты шапшаң жүргізуге мүмкіндік береді. Ал сабақты ғаламтор желісіне қосылған компьютер арқылы өткізу тиімді және қызықты, өйткені оқушы материалды өзі іздеп оқып, сараптап, дұрыс-бұрыстығын анықтап, ойын жүйелеп, пікір білдіреді, қосымша ақпарат алып, ой-өрісі кеңейеді, сонымен қатар жұмыста сөйлеу әрекетінің төрт түрінде қолдануға болады. Осыған орай, қазақ тілі сабағында мынадай тапырмаларды орындатуға болады:
а) тақырыпқа байланысты көрген бейнематериал бойынша өз ойын білдіру, тақырыпты болжау, диалог, монолог құру;
ә) сөйлемдерді толықтыру, жай сөйлемдерді құрмалас сөйлемдерге айналдыру немесе керісінше, құрмалас сөйлемнен мазмұнына қарай бірнеше жай сөйлем жасау, сөйлемді оқып, есте сақтап жазу, тексеру, қатемен жазылған сөйлемдердің немесе мәтіннің қатесін тауып, түзету, толықтыру;
б) тыңдалымға байланысты тапсырмалар да әр түрлі болуы мүмкін; негізгі ойды анықтау, өзара пікір алмасу, сөйлесу, мазмұндау, тест тапсырмаларын орындау және т.б.
         Оқушы белгілі мәліметті қабылдаушы ғана емес, сонымен бірге терең ой иесі. Оның жеке ойланып, дәлелдер келтіруіне сабақ барысында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасалуы қажет. Айталық, «Атаулар көмегімен болжау жасау», «Елеспен жетелеу» стратегиялары оқушының ауызша сөйлеу дағдысын  ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілетін ұштауға өте тиімді. «Ой қозғау», «Болжау» әдістерін оқушының ой ұшқырлығын бақылауда, өз шешімін жасауда тиімді пайдаланған жөн. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазіргі оқушыларды кең ауқымды көркем әдебиетті қазақ тілінде оқытуға баулу оңай емес. Бұл жолдағы қиындықты шешуге «ЖИГСО», «SWOT талдау» әдістерінің көп көмегі тиеді. Оқушы өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, басқа топ мүшелеріне түсіндіру үшін сурет те салады, сахналық көрініс те қояды, сабақтың осы кезеңі оқушыларды бей-жай қалдырмайды.
         Оқушылардың ойлау деңгейіне сай әр сабақта сұрақ қою үшін Б.Блумның сұрақ қою өлшемін пайдаланамын. Сұрақтар қарапайымнан терең ойлауға дейін жалғасады. Мұндағы мақсат – оқушы ойын ең төменгі деңгейден терең ойлауға дейін жеткізу. Топтық тапсырмалар сыныпта ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға, шығармашылықпен жұмыс жасауға, тақырыпты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік туғызады.
Сабақта интерактивті әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жеткен нәтижелер: оқушының білім деңгейі түсінуден басталады да алған білімін қолданып, қорытындылауға дейін жоғарылайды. Қабылдаған жаңа ақпаратты саралап, мәселені өзі шеше алуға мүмкіндік болады.
Қазіргі кезде қазақ тілін оқыту барысында оқыту құралдары (компьютерлер, телекоммуникациялық байланыс құралдары, электронды оқу материалдары, қажетті интерактивті бағдарламалық және әдістемелік жабдықтар) әр түрлі оқыту түрлерін жетілдіруге мүмкіндік береді және оқушылардың өзіндік жұмыстарын орындауда әдістемелік құралдар ретінде атқаратын жұмысының маңызы зор. Сондықтан оқу орындарының алдында тұрған жаңа мәселелерді жүзеге асыруға бағытталған оқу тиімділігін арттыруға ақпараттық технологияны қолдану, оны жүзеге асыруға тікелей әсерін тигізеді:
  • оқушылардың өзіндік жұмысын арттыру;
  • ақпараттың түрлі көздерімен жұмыс істеу біліктілігін қалыптастыру;
  • ақпаратты беру, өңдеу, сақтаудың қазіргі заманғы әдіс-тәсілдеріне үйрету;
  • интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Қорыта келгенде оқу үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім
  сапасын жақсартуға көмектеседі. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру өте қажет» деп еліміздің Тұңғыш Президенті атап көрсеткендей, ақпараттық технологияларды мемлекеттік тілді оқытуда тиімді пайдалану – жаңа білім берудің бірден-бір шарты.
Әдебиеттер:
  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
  2. Тұрғанбекова Б.А. «Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе» — А., -2005.
  3. Истаев С.А., Мұхамеди А.К., Ахметова О.С. Компьютерлік технология негіздері курсқа ранлағн практикум//-Алматы,:Дарын. Әдістемелік оқу қралы. -2000.