Қазақ тілін оқытудағы заманауи бағдарламалар мен әдістер

Бекишева Динара Ермековна
Қазақ тілі мен әдебиеті, кәсіби қазақ тілі пәндерінің мұғалімі
.
Білім деңгейі, ой-өрісі  дамыған, өз ойын  қазақ тілінде еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді  шеше білетін  шынайы өмірге бейім  жаңашыл ұрпақ тәрбиелеу — ХХІ ғасыр мұғалімдерінің  басты міндеті. Қазақ тілін   мемлекеттік  тіл ретінде  оқытуда  отандық және халықаралық озық үлгілерді  тиімді пайдалану, оқушылар бойында тілдік дағдыларды қалыптастыру — бүгінгі күннің басты талабы.  Қазақ тілі сабақтарында  еркін  қарым-қатынас жасауға, сыни  тұрғыдан  өз көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыландырса,  оқушы  қазақ  тілінде  берілген  кез келген  ақпараттарды  тиімді қолдана отырып,  өзіне қажетті мәліметті ала алады.  Осы мақсатта  мектептерде тілді кіріктірілген бағдарлама негізінде оқыту жүйесі жүзеге асырылуда.  Бағдарламаның  негізгі                                                                                                                                                мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым), дағдыларын қалыптастыру. Осы деңгейлерге жету үшін қазақ тілі сабақтарында  келесі  тілдік дағдыларды қалыптастыру қажет.
Тыңдалым дағдысы бойынша: 
  • негізгі ойды  түсіну; 
  • ақпаратты анықтау;
  • түсінгенін  практикада  қолдана  білу;
  • ақпаратқа өз көзқарасын білдіру;
  • ой қорыта білу дағдылары.
 Айтылым  дағдысы бойынша:
*
  • белгілі бір тақырыпқа қатысты  ойын  білдіру;
*
  • өз көзқарасын  дәлелдеу;
*
  • шешім шығару, қорытынды пікір  жасау;
*
  • зерттеушілік  (анализ,  синтез);
*
  • ақпаратты өңдеу дағдылары.
Оқылым  дағдысы бойынша:
  • мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты  ажырата білу;
  • астарлы ойды анықтау;
  • шығарма кейіпкерлерін салыстыра білу;
  • зерттеп оқу;
  • сыни тұрғыдан бағалай білу дағдылары.
  Жазылым дағдысы  бойынша:
  • тақырыпты  аша білуі;
  • өз  ойын сыни  тұрғыда дәлелдеуі;
  • қорытынды шешім шығаруы;
  • өз көзқарасын дәлелдеуі;
  • цитатамен жұмыс істеу  дағдылары бағаланады.
Осы дағдыларды қалыптастыруда  мына  әдіс-тәсілдерді  пайдалануға болады: 
  • оқытудағы  басты  принцип – оқушының жеке, өзіндік мүмкіндіктерін ескеру;
  • барлық оқушының сабаққа белсенді қатысуын қамтамасыз ету    үшін  деңгейлік тапсырмалар  арқылы оқыту;
  • өзін  ойын  жеткізу, өзіндік таңдау жасауына мүмкіндік тудыра отырып, оқушының  танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту;
  • проблемалық оқыту арқылы  оқу материалын өмірмен байланыстыра отырып, оқушыларды білімді өз бетімен меңгеруге талпындыру;
  • сыни тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану;
  • мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу,  мәселені талқылау, ой қорытындылау;
  • өз ойларын ашық айта білетін  азамат тәрбиелеу;
  • ұжымдық оқыту  технологиясысының  мақсаты —  оқушының қабілетін дамыту, еңбек етуге баулу, ұйымшылдық қабілеттерін ояту, ынтымақтастыққа тәрбиелеу, өзін-өзі басқару.
  • жаңа  идеялар   ұсынуда және  жаңа мүмкіндіктерді көруде,   мәселелерді шешуде  ұжымдық оқыту технологиясының маңызы  зор;
  • оқушы  өзінің көзқарасын қалыптастырып,  басқалардың да пікірін  ескереді. 
 Сабақты өткізуде  мұғалім ескеруі  қажет:
  • сабақтың  мақсаты мен күтілетін  нәтиже анық болу керек;   
  • тілдік төрт дағдыны  (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) дамыту;
  • белсенді  оқыту  түрлерін  қолдану арқылы оқушы қажеттілігін арттыру;
  • мұғалім  мен  оқушы  арасындағы кері байланыс;
  • оқу  жетістігін  критериалды жүйе  арқылы бағалау.
Нәтижесінде оқушылардың бойынан мынадай өзгерістер байқалды:
  • Ынтымақтастыққа үйренеді;
  • Жеке, жұппен, топпен жұмыс істеуге үйренеді;
  • Өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді;
  • Өзіне өзі баға беруге, сыныптастарын бағалауға үйренеді;
  • Бірін-бірі тыңдауға, талдауға, салыстыруға, сабақты қорытындылауға, қорғауға үйренеді.
    Тілдік төрт дағды (айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым) оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Осылардың ішінде  басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғы шарты – тыңдалым әрекеті болып табылады. Өйткені күнделікті өмірде оқушы көптеген  ақпаратты сағат сайын  естіп, көріп тыңдайды. Бірақ кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсіну, сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Егер оқушы өзіне керек мәліметті тыңдау  арқылы тауып үйренсе, ол басқа үш дағдыны (айтылым, жазылым, оқылым), яғни айтылып жатқан мәліметті түсінеді; өз пікірін  білдіре алады және басқалармен қарым-қатынас жасай алады; тақырыпқа қатысты деректі түсініп оқиды; көтерілген мәселеге қатысты өз көзқарасын жазбаша жеткізе алады.
    Қазіргі кездегі барлық білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерінің алдына қоятын басты мақсаты – білім алушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру болып табылады.   Ал  оқу  мақсаттары  белсенді оқытудың   топтық, жеке, жұптық жұмыс түрлерін   қолдану арқылы іске асырылады.  Мұғалімнің іс-әрекеті оқушыны бақылауға, бақылау нәтижесін өңдеуге, бағыт-бағдар  беруге, күтілетін нәтижені  анықтауға  арналады.  Оқушының іс-әрекеті өз көзқарасын салыстыруға, топтық, жұптық жұмыста бірлесе шешім шығаруға, өз жетістіктерін бағалауға  арналады.
     Топтық жұмыста айтылым дағдысын қалыптастыруда «Пирамидалық  талқылау»  белсенді оқытуы өте тиімді. Топ мүшелері өз  пікірін жеке жазып, ортада талқылап ортақ пікір қалыптастырады. Әр топ таратылған флипчарт қағазға тапсырмаға байланысты жеке өз ойларын жазады. Қағазды бұру  арқылы бір-бірінің жауабымен танысады.  Жауаптарымен танысып, ортақ пікірді қағаз ортасына жазып, ойларын қорғайды.                                                                                                     
    «Жасырын  сурет»  белсенді  оқытуы айтылым дағдысын қалыптастыруға әсер етеді. Топтардан бір оқушыдан шығып  20 секунд уақыт ішінде суретті есте сақтайды. Топ мүшелеріне көрген суретін сипаттайды, олар түсінгенін  суретке салады. Көрген суретін топ жандандыруға тырысады. Суреттер тақырыпқа сай болуы керек.  Оқушыда  топ үшін жауапкершілік пайда болады және бірлесе жұмыс істеуге дағдыланады.                                                                                                       
    Тірек сызбалар оқушылардың сөйлесу тілін арттыру мақсатында пайдаланатын тәсілдің бірі. Тірек сызбаны пайдалану оқушыны сөйлеу үшін емес, олардың оқу-таным белсенділігін арттыру, ой-өрісін кеңейту үшін де қажет. Мұндай тірек схемалардың тиімділігі, біріншіден, сынып оқушыларын түгел қамтиды, екіншіден, сөйлем құрастыруға, сұрақ қойып, оған жауап беруге көмектеседі, үшіншіден, әңгіме құрастырып, оны әңгімелеп беруге үйретеді және есінде сақтауға ықпалын тигізеді, төртіншіден, оқушыны пәнге қызықтырады, ынтасын арттырады және мұғалімге сенімді көмекші әдіс. Осы арқылы оқушылар қиын тақырыпты жеңіл меңгереді, үлгерімі нашар оқушыларда белсенділік пайда болады.
    Қазіргі кезде қазақ тілін оқытуда инновациялық технология әдістерін қолдана отырып, сапалы білім беру, балалардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіре отырып, танымдық күшін қалыптастыруға жағдай жасау, баланың жеке басының интелектісін, оқу әрекетін, өтетін тақырып мазмұнын аша білу – басты мақсат болып табылады.
    Инновациялық технологияның бірі — деңгейлеп оқыту технологиясы баланың жеке мүмкіндігіне, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған.         
    Деңгейлеп оқыту технологиясында баланың жан-жақты мүмкіндігін ескере отырып, жеңілден ауырына қарай деген принципті қолданып, өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің дамуына ықпал етіледі.

Деңгейлеп оқыту технологиясының негізгі сатылары мыналар:
1. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
2. Төменнен жоғарыға қарай деңгейлік тапсырмалар беру;
3. Балалардың тақырыптан алған білімдерін бекіту.
4. Балалардың білімін бағалау.

Мақсаты:
1. Әр баланы оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту;
2. Деңгейі төмен балалармен жеке жұмыс жасау, қолдау көрсету;
3. Дарынды баланың тереңірек білім алуына жағдай жасау;
4. Баланың ынтасын, қабілетін арттыру.
5. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысында жағымды эмоция сезімдерімен қанықтыра алу.
Осы технологияны пайдаланудың тиімді тұстары:
— баланың пәнге деген жеке қызығушылығын оятады;
— танымдық қабілеттілігін қалыптастырады;
— баланы шығармашылық жұмысқа баулиды;
— мұғалімнің уақытын үнемдейді;
— қосымша мәліметтер береді.

Яғни, әр қазақ тілі оқу іс-әрекеттерінде слайдтар қолдану арқылы өткізсек, балалардың тілге деген қызығушылығын арттыра алатынымыз сөзсіз.

    Жаңа технологияларды оқу іс-әрекетінде қолдану тиімді. Соның бірі – “Сын тұрғысынан ойлауды дамыту” (СТО) технологиясы. Мұнда әр баланың ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады. Бұл технологияда бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады, бала өз шығармашылығы мен қабілетін таныта алады.
    Сондай-ақ, өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретуде тек қана сөздерді қайталау арқылы үйретпей, оларды ойындар мен көрнекіліктер арқылы үйреткен тиімді болып табылады.
Ойын әдісі балалардың танымын кеңейтіп, білім мен білік шеберліктерінің жан-жақты дамуына, қалыптасуына, тілдік материалдарды жақсы біліп, сөз іскерліктерін меңгеруіне көп көмектеседі. Сондықтан бағдарлама бойынша бекітілген оқыту үрдісінде ойын түрлерін сабақ үрдісінде үнемі пайдалнып отыру керек.
Оқу үрдісінде ойын түрлерін пайдалану біріншіден, балалардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден, балалардың сабаққа деген қызығушылығын көтеру болып табылады.
Ойын түрлерін пайдалану мынадай нәтижеге жеткізеді:
1. Әр баланың шығармашылығы артады.
2. Жылдам жұмыс істеуге дағдыланады.
3. Баланың жеке қабілеті анықталады.
4. Бала топ жаруға ұмтылады.
5. Баланың ойлау қабілеті дамиды.
6. Әр бала өз деңгейімен бағаланады.

    Ата-бабамыз қалдырған асыл мұраны қолданғанда, біздің көздеген мақсатымыз – болашақ ұрпақты еңбекке, адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу, ойлау қабілеттерін дамыту. Біздің міндетіміз – мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілімізді өрге бастырып, тіл дәрежесін көтеру болып табылады.