БАЛАҢЫЗ ТӘРБИЕЛІ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ, ӨЗ ТӘРТІБІҢІЗДІ ТҮЗЕТІҢІЗ

Ержанова Алия Егинбаевна

педагог-психолог

.

.

Арманыңа алып барар арғымақты алыстан іздеме, себебі – ол өзіңсің!

 

Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Отбасындағы өзекті мәселелердің бірі бала тәрбиесі. Ата-ананың перзентінің алдындағы негізгі міндеттерінің бірі-оларға жақсы тәрбие беру. Бала жақсы болсын десеңіз, өзіңіз жақсы болуға тырысыңыз. Ата-аналар бала үшін ең бірінші «модель» болады.

«Сіздер өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, сіздер басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, сіздер қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар-осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» деп А.С.Макаренко айтқандай үлкен мән жатыр, сондықтан да күнделікті өмірде тәрбиені басты орынға қойып, төмендегі ұсыныстарға көңіл бөлсек.

  1. Балаңыз сіздің көңіл-күйіңізге жауапты емес. Егер күйзелісте жүрсеңіз, тез ашуға булығып, балаңызға дауыс көтеретін болсаңыз мұныңыз мүлде дұрыс емес. Баланы дауыс көтеріп, күш жұмсап тәрбиелеймін десеңіз қателесесіз. Сол үшін балаңызбен сөйлескенде әрдайым жүзіңізден мейірім төгіліп тұрсын. Балаңызға ең бірінші байсалдылық пен махаббатты үлгі етіңіз.
  2. Балаңызға дұрыс тәрбие бергіңіз келсе, ең алдымен өз тәртібіңізді түзетіңіз.
  3. Балаңыздың қырсықтығына, теріс қылықтарына өзіңіздің қандай іс-әрекетіңіз себепші болғанына назар салып, сол әрекетіңізді саралап көріңіз.
  4. Бала тәрбиесінде ең алдымен өзіңіздің рухани жетілуіңізге мән беріңіз. Балаңызға ұрыспай, күш көрсетпей тәрбиелей алуыңыз үшін, бірінші өзіңіз уақытылы тамақтанып, жаттығу жасап, өзіңіздің көңіл-күйіңізді үнемі бір қалыпты ұстауға тырысыңыз. Есіңізден шығармаңыз, бала әрдайым өзінің ата-анасынан көрген іс-әрекетті қайталайды. Баланың алдында әрдайым салмақты, сенімді болуыңыз қажет.
  5. Балаңыз сізді ашуландырмасын десеңіз, өзіңіз болмашы нәрсеге ашуланатын мінезіңізден, күйгелектіктен, жан дүниеңіздегі күйзелістен арылыңыз.
  6. Бала сіздің қойған талаптарыңызды өте баяу қабылдайды, не мүлде қабылдамай қояды. Егер, айтқанымды дұрыс жасай қоймадың деп балаңызға ұрыса беретін болсаңыз, сіз бала тәрбиесінде оңды нәтижеге қол жеткізе алмайсыз.
  7. Ата-ана өзін сабырлы да салмақты ұстай алған жағдайда ғана ұлын салмақтылық пен сабырлылыққа баулып, сапалы тәрбие бере алады. Сондықтан да, сіздің ашуыңыз балаңыздың мінезіне тікелей кері әсер ететінін есіңізден шығармаңыз. Балаңызбен барынша салмақты сөйлесуге тырысыңыз.
  8. Егер сіз өзіңізді ұстай білмесеңіз, балаңызды да өз әрекетін бақылауда ұстауға үйрете алмайсыз.
  9. Үнемі балаңызбен жылы қарым-қатынаста болуды мақсат етіңіз. Онымен сырласып, өз ойыңызды ортаға салып, балаңыздың пікірі қандай екенін біліп отырыңыз.
  10. Егер балаңыз сізді ашулануға итермелесе, ол өзі жағдайды басқарып кез келген уақытта өзінің айтқанын істеткісі келетін бала болып өседі. Бала тәрбиелеуде бірінші шыдамдылық пен төзімділікке үйренуді мақсат тұтыңыз.
  11. Балаңызға айтқан сөздеріңізден абай болыңыз. Өйткені дамып келе жатқан баланың санасында сіздің ойланбай айтқан әрбір сөзіңіз жатталып қалады. Ал, мұның салдары сізге жақсылық әкелмейтіні сөзсіз, және «Мені ашуландырдың, тым жайбарақат қимылдайсың. Шапшаң бол. Айқайлатқаннан басқаны білмейсің» десеңіз, балаңыз осы сөздеріңізден өзіңізді басқарып, үнемі өз дегенін істетуге әрекеттенетін болады.
  12. Не жағдай болса да бейбіт түрде, байсалды қалыпта шешіңіз. Сонда ішкі теңгерімнің арқасында тәрбиеге аса қажет болатын даналық пен махаббатты көрсете аласыз.
  13. Балаға, оның ой-пікіріне әрдайым құрметпен қарай біліңіз. Ұл-қызыңызға өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізбен үлгі болып, мейірімге сусындатып, құрметтеп, жайдары көңіл күй сыйлауды үйреніңіз. Егер сіз ашулансаңыз, оның өзін жақсы ұстай білуіне кедергі келтіресіз де өзіне деген сеніміне дақ түсіресіз.
  14. Балаңыз туралы не ойлайтыныңызды саралаңыз. Егер ойыңыз ашу мен күйгелектікке толы болса, онда қиындықтың бәрі балада емес, өз ойыңызда.
  15. Ой өмірді өзгертеді. Балаңыз қандай болсын десеңіз, өзіңіз солай ойлаңыз. Барлығына баланың мінез-құлқын кінәлай беруді доғару керек.
  16. Баланың тәрбиелі болуының бірден-бір шарты, талабы – ата-анасымен жылы, жақсы қарым-қатынаста болуы. Өзара сенім тек жақсылыққа бастайды. Ашу сенімнен аулақтатады.
  17. Егер қаталдық таныту керек болса, қаталдық танытыңыз. Тек көңіл-күйді өзгертпеңіз. Балаға шектеу қойған сайын оған мейірлене қараңыз. Сіз салмақты болсаңыз, балаңыз қалауыңызды ұғады.

Балаңызды өз мейіріміңізге бөлеп, салмақты да сабырлы етіп тәрбиелей аласыз. Бала тәрбиесінде өз ашуыңыз бен күйгелектігіңізді қадағалай білгеніңіз жөн. Осы ережелердің бәрін топтай келгенде, баланың мінез-құлқын жақсы жағына қарай өзгерту үшін, ең алдымен өзіңіз де жақсы қылықтарыңызды көбейтіп, сабырлылық пен төзімділікке үйренгеніңіз жөн. Ата-ана өзін баланың алдында қалай ұстаса бала да солай қалыптасады. Тәрбие барысында өз кемшіліктеріңізді түзетіп, балаңызды бақытты етіп өсіруге көмектеседі деген ойдамын.