Балаларға табиғатпен таныстырудың, серуен кезінде тілін дамытудың маңызы

Нуртаева Кымбат Нурислямовна
Арнайы пәндер оқытушысы
.
.
Табиғат аясында тудырылатын танымдық қызығушылық тәсілдерін қарастырсақ:
Алдымен бақылау әдісін алып қарастыруымыз керек. Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру туралы әдістемелік еңбекте: Тірі нысандарды бақылауды ұйымдастыру және олармен тәжірибелік бақылаулар жүргізу, суреттерді қарастыру, ойыншықтарды қарастыру балабақшада жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Жақын маңдағы жануарлармен балаларды таныстыру: мысық, ит, сиыр, тауық, жануарлардың атын атап және сыртқы пішініндегі қанық түсті белгілерге қарай тануды, қозғалысын, жүру сипатын, шығаратын дыбыстарын айырып, айтып үйренеді. Жақын маңда өсетін өсімдік түрлерін, атауларын атап және оларды таниды, яғни ағаш, қуыс, шөп, бөлме өсімдіктері т.б. делінген.
Мектепке дейінгілерді қоршаған ортамен, әсіресе өлі және тірі табиғатпен таныстыруда ерекше әдіс те, тәсіл де дидактикалық ойындар болып табылады. Дидактикалық ойындарда танымдық мақсаттар ойын мақсаттарымен қосылады, сонда ол дидактикалық ойындарды жеңіл, тез түрде балалардың алған білімдерін тиянақтау түрінде көрсетеді. Дидактикалық ойындарды қолданғанда ескерілетін нақты педагогикалық ұстаным-принциптер мыналар:
— бұрынғы алған білімдеріне сүйену;
-дидактикалық ойындар жеткілікті мөлшерде қиынырақ болса, балаларға қол жетімді болуын қадағалау;
— қызығушылықты ұстап тұру және ойын әрекетінің түрлілігін байқау;
— ойын ережелері мен дидактикалық мақсатты біртіндеп күрделендіру немесе ережелерді нақты түсіндіріп отыру.
Балаларға логикалық тапсырмаларды бере отырып, тәрбиеші оларды ойлау әрекетінің түрлі тәсілдерін қолдануға апаратын жағдайларға итермелейді (салыстырады, құбылыстарды қарастырады, шешу жолдарын іздестіреді), ол өз бетімен әрекет етуді, ойлауды дамытуды ынталандырады.
Бұл мақсатта сөздік әдістерді: сұрақ қою, түсіндіру, баяндау, сипаттама әңгіме құратуды қолданған жөн. Тілдік логикалық тапсырмалар тіл дамыту үшін ерекше мағына береді, әсіресе монологтық сөйлеу тіліне қатысты, өз ойларын айқын құрастыра алады, тәрбиеші түрлі әдістемелік тәсілдерді қолданады. Мысалы, серуен кезінде, саяхатқа шыққанда нені қарастырғанды, бақылағанды естеріне түсіруді ұсынады, соған қатысты сұрақтар қояды, өз ойларын дұрыс құрастыра білуді үйретеді.
Серуен – балаларды табиғатпен таныстыру бойынша өткізілетін сабақтардың бір түрі. Серуен кезінде бала шынайы жағдайда табиғат құбылыстарын, маусымдық өзгерістерді бақылай алуға, адамдардың өмір талаптарына сай табиғатты өзгертетінін және табиғат қалай адамға қызмет ететінін байқайды. Тақырыптық серуендер балалардың зейіндерін қаратады, тәрбиешінің басшылығымен келесі кезде жүргізілетін бақылауларға және табиғат бұрышына қажетті түрлі материалдарды жинауға мүмкіндік береді. Аты аталған әдістердің ішіне келесі әдістерді қолдануға болады: ойыншық жануарлар мен өсімдіктерді пайдаланып сахналауды жүргізу, арнайы ұйымдастырылған бақылаулар, қысқа әңгімелер мен тақпақтардың мазмұнына сай сахналау, балалармен әңгіме жүргізу, өз бетімен не үлкеннің көмегімен табиғатта түрлі тәжірибелер жүргізу, экологиялық ертегілерді ойлап табу.
Қазіргі кезде тәжірибелі тәрбиешілер өз жұмыстарында қимылды, шығармашылық, сюжетті-рөлді және дидактикалық ойындарды қолданады, балалармен мақсатты бақылаулар өткізеді, бөлмеде не сыртта: бақта, серуенде ізденістік жағдайлар тудырады, тәжірибелер өткізеді. Балабақшада арнайы жағдайлар жасап, түрлі гүлдері бар табиғат бұрышын, дидактикалық құралдар мен дамытушылық ойындарды жинақтайды. Балалардың белсенділігі тірі табиғат бұрышында ынталандырылады, балалар бұл жерлерде көтеріңкі көңіл-күйде бір-бірімен тілдік қатынасқа түседі.
Кейбір балабақшаларды балалармен күн сайын экологиялық минуттар өткізіледі. Шаттық, белсенділік, көтеріңкі эмоция тудыратын бұл әдістің мақсаты проблемалық жағдайлар құру және биоциноздарды үлгілеу .
Балалар тапсырманың қиындығына қарай кез келген тілдік мақсаттарды шеше алады: түрлі ойын тапсырмаларын, проблемалық жағдаяттарды шешеді.
Жаңғыртылған әдістеме бойынша қазіргі таңда экотренингтер өткізудің маңызы зор болып келеді. Экотренингтер балаларға сауықтыратын пайда әкеледі, яғни психологиялық қарбаластықты әлсіретеді және барлық тірі жанға деген мейірімділік қатынаста көңілін соқтыруға мүмкіндік береді. Оңтайлы ұйымдастырылған сабақ, экологиялық минуттар балалардың стресстерін және қызбаланушылығын төмендетеді. Балаға тек қорытындылатып қоймай сонымен қатар өзінің эмоционалды танымдық тәжірибесін көрсете білудің маңыздылығы осы жаңа тәсілден көрінеді.
Саяхат — балаларды табиғатпен таныстырудың бір жолы. Саяхат кезінде бала маусымдық өзгерістер мен табиғатты шынайы жағдайда бақылай алады. Сонымен қатар табиғаттың адамдарға қалай қызмет жасап жатқаны мен өмір талаптарына сай қалай жаңарып отырғанын көреді. Саяхат балаларда табиғат туралы алғашқы  пікірлерді қалыптастырады. Алаңдарға, теңіз жағалауына, саябаққа, орманға және де т.б жерлерге, үлкендердің қатысуымен, саяхат жасай отырып, балалар топтағы табиғат бұрышындағы жұмыстарға қатысты әр түрлі материал жинақтауға мүмкіндік алады. Мысалы, серуен кезінде әр түрлі түстегі жапырақтарды жинап, кейін топта олардан ағаш, көбелек және т.б қолөнер туындыларын жасауға болады.
Табиғатқа саяхат кезінде балаларда байқағыштық қабілеттері жақсы дамиды, табиғатты зерделеуге деген құштарлықтары арта түседі. Жәндіктерді бақылай отырып, балалар олардың еңбекқорлығын ғана емес, табиғатқа және адамға тигізер пайдасы туралы да білетін болады.
Мазмұнына қарай саяхат 2 түрге бөлінеді:
1.Табиғатты зерттеу мақсатындағы саяхат. Бұл саябақ, орман, өзен жағасы, алқаптар, хайуанаттар бағы және ботаникалық бақ, ауылшаруашылық объектілеріне саяхат-алаңдар, құс фермалары, бақтар және т.б. жерлерде өткізіледі. Зерттеушілік саяхат белгілі бір жүйеге сай өткізіледі. Оны әр жыл мезгілінде бір жерде ғана өткізген абзал. Себебі, балалар мезгіл ауысымдарында табиғаттағы болып жатқан өзгерістерді өз көздерімен көріп, бақылау бір жерді екі-үш рет қарастырғанда тереңірек тануына  мүмкіндік туады.
  1. Ауылшаруашылық саяхаттары үлкендердің жұмыстарын білу мақсатында ұйымдастырылады. Бұл жерде тәрбиеші барлығын алдын-ала ұйымдастырып, саяхаттың мақсаты, жол қашықтығын (балалар шаршамайтын-дай), саяхат объектісін барлығын дайындап алғаны жөн. Сонымен қатар бақылау жүргізудің бірізділік жүйесін ойластырып, балалардың өздік жұмыс жүргізе алатын және демалатын орнын қарастырып қоюы керек.
Саяхаттың қызықты болуы үшін алдын ала тақпақтар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер іріктеп алған жөн. Осылай ағаштарды бақылай отырып, балалар олардың әдемілігіне тамсанады.
Саяхатқа бармас бұрын балалармен барғалы жатқан жер туралы сөйлесу керек, табиғатта өзін ұстау ережелерімен таныстырылуы қажет. Балалар қайда, не үшін және не көруге бара жатқанын білуі тиіс. Бұл саяхатқа ата-аналарды да жұмылдыруға болады. Осылайша балалар жылыжайдағы өсімдіктерді бақылай отырып, үлкендердің еңбегі жайлы және өсімдікті күту жолдарын меңгереді.