Балалар өлеңдері – халық қазынасы

Асахаева Анар Масакбаевна
оқытушы
.
     Жалпы дамыған елдер өміріне көз жіберсек, фольклорлық жанрлардың бірінен соң бірінің балалар репертуарына біртіндеп көшіп жатқандығын байқауға болады. Зерттеушілер балалар фольклорын саралау кезінде көп жағдайда шығармалардың авторы мен орындаушыларына мән беріп, оларды “балаларға арналған үлкендер шығармалары”, “үлкендер репертуарынан балалар аузына көшкен шығармалар”, “таза балалар шығармашылығы” деп үш топқа бөліп қарастырып келеді. Бұл негізінен генетикалық(шығу тегі) принципті басшылыққа алудың нәтижесінде пайда болған саралау еді. Оның олқылығы сонда, көптеген шығармалардың шығу тегін, кімдер орындайтындығын тап басып айту қиын еді. Оның үстіне тақырып, мазмұндық, функциялық, поэтикалық құрылым жағынан келгенде бұлайша жіліктеу ғылыми сараны қанағаттандыра алмайтын.
      Кейінірек В.А.Василенко шығармаларды атқаратын міндетіне қарай жіктеп, “ойын әрекеттіріне байланысты шығармалар”, “ойын әрекеттерінен тыс шығармалар” деген топтау үлгісін көрсетті. Орыс балалар фольклорын көптен бері зерттеп жүрген белгілі ғалым М.Н.Мельников өзінің “Орыс балалар фольклоры” атты кітабында аталмыш мәселені зерделей келіп, балалар мұрасын “Әлпештеу поэзиясы”(пестования), “тұрмыстық(бытовой) фольклор”, “ермектік(потешный) фольклор”, “ойындық фольклор” деп төрт топқа бөлуді ұсынады.
Фольклортанушы К.Ісләмжанұлы осы шарттар бойынша қазақ балалар фольклорын мынандай топтарға жіктеп, ішкі жанрлық түрлерге бөледі:
  1. Әлпештеу поэзиясы(бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары)
  2. Жеткіншектер поэзиясы(маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері,балалар өлеңдері:тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең,мазақтама)
  3. Ойындық фольклор(ойын өлеңдері: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы,ойынға байланысты жырлар: ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар).
      Әлпештеу жырлары. Әлпештеу поэзиясына жатқызылатын жырларды шығарушылар да, орындаушылар да — ересектер. Ол жырлар сәбидің шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап оны бағып-қағуға арналған түрлі салт-дәстүлерді сүйемелдейді. Ата-ананың, қалың жұртшылықтың сәбиге деген сүйіспеншілігі, арман-тілегі жыр тілімен өрнектеледі.
     Бесік жыры. Бесік жырларын дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөліп қарастырған жөн. Дәстүрлі бесік жырына ұзақ жылдар бойы айтылып әбден қалыпқа түскен жырлар жатады. Бұл жырлар тікелей балаларға арналған. Жырдың негізгі мазмұны баланы ұйықтатуға тыныштандыруға, оның жарқын болашағына ақ тілек білдіруге құрылады. Суырып салма бесік жырлары адамның жеке басындағы, тұрмыстағы, тарих пен қоғамдағы түрлі оқиғалардың әсерінен туып тарап отырған. Бала тербетіп отырған адам бесік жырының дәстүрлі нұсқасын пайдалана отырып, өз ой толқынысын, күйініш-сүйінішін сыртқа шығарады. Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құралады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді. Үміт тілек: — Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Бармақтарың  майысып, Түрлі ою ойысып Ұста болар ма екенсің? Бата тілек(сенім арту): Ала биең құлындап, Алатауға сыймасын» Қара биең құлындап, Қара тауға сыймасын…Ақылыңмен батыл бол, ғайынмен тату бол. Бағаналы таудай бол, Шағалалы көлдей бол. Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.
        Сәбилік-ғұрып жырлары. Бөбек туғаннан кейін жеті-сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп, содан кейінірек қаз-қаз тұрып, қаз басып жүре бастайды. Бала тәй-тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады. Сонымен  баланың алғаш бесікке бөленуі, қырқынан шығуы, тіс жаруы, құйрық басып отыруы, тілінің шыға бастауы, қаз тұрып, тәй-тәй басуы т.б. сәттері түрлі ырым-жоралғылармен атап өтіледі.  Осыларға орай тілектер айтылады. Мұндай тілек өлеңдерде халық түсінігінің түрлі көріністері, діни наным-сенімдерге байланысты салт-дәстүрлері бой көрсетеді. Солардың бірі – «Тұсау кесу» жыры баланың апыл-тапыл басқан алғашқы қадамына арналып айтылады. «Тұсау кесудің» ырғақты интонациясы мен сөзі баланың бір басып, екі басып барып жүрексініп қалатын аяқ алысына ыңғайланып жасалған. Тұсау кесу жырын балбөбекті күтушілер оның тұсауын кескенге дейін де айтып, оның тәй-тәй басып жүруіне қуаныш білдіріп, сүйеніш, жетекші іс-әрекет тәсілдерін қолданады.
           Жеткіншектер поэзиясы. Маусымдық жырлар. Қазақ балаларының маусымдық жырларын көктем мен жаз, күз бен қыс өлеңдері деп екіге бөлген жөн. Алғаш күн күркірегенде, алғаш жыл құсы келгенде, алғаш бие байлап, қымыз ашытқанда түрлі ырымдар жасалады. Міне, осындай көктем, жаз, күз, қыс құбылыстары балалар өлеңдерінен өз орнын тапқан. Көктем мен жазға арналған өлеңдер («Жыл құсын көргенде», «Самалық, самалық», «Жазда» т.б.)қуанышты көңіл-күй әуендерімен ерекшеленсе, күз бен қыс туралы өлеңдерде(«Күзде», «Қыста» т.б.)  сүреңсіз суық күндер, ауылдың сұрқай тіршілігі басым бейнеленеді. Арнау-тілек өлеңдері (заклички, приговорки). Арнау-тілек өлеңдерінің ішкі мазмұнына үңілсек, күнге, айға, табиғат құбылыстарына арналған жырлардан(«Айға»,«Күн шыққанда», «Жаңбыр жауғанда» т.б.) жалбарынудың, өтіне сұранудың нышанын байқаймыз. Ал жан-жануарларға арналған жырларда(«Балыққа», «Құртқа» т.б.) өтініштен гөрі бұйыра айту сарыны басымдау.
         Балалар өлеңдері(тақпақ, сұрамақ). Жеткіншектердің күнделікті тіршілігінде жиі айтылып, кең таралған өлеңдер тобын шартты түрде балалар өлеңдері деп жеке топтауға болады. Тақпақ(«Торғай», «Қарға», «Сауысқан» т.б) – шағын көлемді шығарма. Тақпақта дыбыстық үйлесімдер жарасымы анық байқалады. Мазмұны  балалардың таным-түсінігіне, күнделікті тірлігіне етене жақын болып келеді. Сұрамақ(«Қарға, қарға, қарғалар», «Ауылың қайда?», «Бақа» т.б.) диалогқа құрылып, екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы болып келеді. Өлең құрылысы да ойнақы, жеңіл, шымыр ұйқасқа құрылады. Айтыс түрінде келетін өзгеше қызық формасы да(«Қой мен ешкінің айтысы») бар.
            Қызықтама(прибаутки). Қызықтамалардың («Түлкі, түлкі, түлкішек», «Түйе, түйе, түйелер» т.б.) ең басты ерекшелігі, өлеңдік баяндауға құрылатындығы. Олардың сюжеті үнемі тізбекті болып келеді. Бұл өлеңдерді балалар ынталана тыңдап, тамашалап қана қоймай, оның астарындағы юморды да түсіне білуі шарт.
       Ойынға байланысты жырлар. Балалар  ойынының поэзиялық өрнегіне, фольклорлық мән-мағынасына тоқталатын болсақ, екі үлкен жікке бөліп саралауға болатын тәрізді. Оның алғашқы тобына балалардың қимыл-қозғалыс ойындарына, ойынның басталуына, жүргізілуіне, аяқталуына байланысты айтылатын, яғни, ойынға байланысты өлеңдер, екінші жікке өлең-ойындар жатады. Екінші жағдайда балалар өлең сөзін ойынға айналдырады, сол арқылы тапқырлық, ұтқырлық сияқты ой жарысына түседі. Әрекетке құрылған рольді ойындардың(ролевые игры) құрылысында өлең сөз ерекше белсенді қызмет атқарады. Ойынға байланысты келетін өлеңдердің әрқайсысының өзіне тәуелді функциясы, соған орай мазмұны мен өзіндік ерекшеліктері бар. Осы сипаттарына қарай бұл өлеңдерді фольклоршылар мынадай ішкі жанрлық түрлерге жіктеп жүр: Ойынға шақыру өлеңдері. Қаламақ. Санамақ. Драмалық ойындар.
        Ойынға шақыру(голосянки). Ойынқұмар ауыл балалары өз серіктерін іздеп бірін-бірі ойынға шақырады. Балалар көп жағдайда бір-бірін өлеңмен де шақырады. Ол өлеңдерді балалар жеке-жеке де, хормен де дауыстап айта береді. Өлеңнің мазмұны көбіне баланы ызаландырып, шамына тиіп қалайда ойынға шығаруды көздейді.
        Қаламақ(жеребьевки). Балалар ойынының басталуында да өлеңнің атқарар рөлі зор. Көпшілік ойындардың ойнау шарты бойынша балаларға екі топқа бөлінуге тура келеді. Мұндай жағдайда балалар әр түрлі тәсілдер қолданады. Осындай тәсілдің бірі – қаламақ арқылы жіктелу. Ойын алдында балалар екі жетекші сайлайды, содан соң екі-екіден жұптасып, өздеріне жасырын ат қояды. Сол жасырын ат бойынша екі жетекшіден кезек-кезек қалауын сұрайды. Мысалы, «аспандағы жұлдыз керек пе, судағы құндыз керек пе?» деп сұрайды. Жетекшінің бір «судағы құндыз» немесе «аспандағы жұлдыз» дейді. «Құндыз бала» немесе «жұлдыз бала» сол жаққа шығады. Осылайша олар екі топқа бөлінеді.
        Санамақтар(считалки). Санамақтар балалар ойындарын бастауда басты рөл атқарады. Бұл жанрдың тәлімдік мәні өте зор. Ең алдымен ұйқасты өлеңдер баланың поэзияға құмарлығын арттырып, әдемі сөйлеуге дағдыландырады. Жаттау қабілеттерін, танымдық ой-өрісін дамытады. Санамақ тәртібін бұзбай  айту  баланы сергектікке, байқампаздыққа, турашылдыққа баулиды. Санамақтар көп жағдайда «сен тұр, сен шық», «сен кір, сен шық» деген тәрізді  белгілі тіркестермен аяқталады. Драмалық (рольді) ойындар.  Ойын(«Айгөлек», «Ақсүйек», «Ақ серек, көк серек», «Үй артында қол ағаш», «Соқыр теке», «Асау мәстек» т.б. )  өлеңдерінің шартты белгісі – олардың орындалуының ойындық шартты әрекеттермен міндетті түрде қабысып келуінде. Өлең ойындар(песни-игры). Өлеңді сөз бен ойды ермек етуге негізделген бұл өлең-ойындардың құрамына мынадай жанрлық түрлерді топтастыруға болады: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақтар, балалар айтысы.
Әдебиеттер тізімі:
  1. Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.
  2. Қ.Ергөбек. Арыстар мен ағыстар. 1 том. А. Өркениет. 2003.
  3. С.Ерубаев. Мәңгілік өмір. А.Жазушы. 1994.
  4. Б.Бұлқышев. Заман біздікі. А.Жалын. 1994.
  5. Дет. литература. М. Просвещение. 1989. Под ред. Е.Е.Зубаревой.