Балаларды қалай жүзуге үйретуге болады?

Баршинбаев Абай Ныгметович
Дене шынықтыру оқытушысы
.
.
Шомылу, судағы ойын-сауықтар, жүзу – балалардың денсаулығын шынықтырып, нығайтудың қайнар көзі. Балалардың дене мүмкіндіктеріне сәйкес, жиірек демалыспен кезектесе бұлшық етке түсетін күштін өзі жүрек-тамыр жүйесінің дамуына жағымды әсер етеді. Жүзу қимылдарын орындау арқылы тыныс алу тереңдей түседі. Ал терең тыныс, осы тыныс алу жолдары ауруларын алдын алудың қуатты профилактикалық құралы болып табылады. Суда дем алып, оны шығару барысындағы дене күші мен күшейтілген әрекет тыныс алу бұлшық еттерін дамытады, көкірек қуысы қозғалысын жақсартады, өкпенің тіршілік сыйымдылығын арттырады. Жүзу қимылдары дұрыс сымбаттың қалыптасуына ықпал етеді, жалпақтабандылықтың алдын алады. Баланың суда, әсіресе ашық су қоймасында болуы барысында, оның ағзасына тек жүзу қимылдары ғана емес, сонымен қоса су, ауа және күн сәулесі де әсер береді. Бұл ағзаның суық тию ауруларына қарсылығын арттыра түседі. Баланың денесі, су бетінде қозғала отырып, жеңіл, жағымды массажға тап болады. Бұл, өз кезегінде, жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Суда жүргізілетін ойын-сауықтар балада жағымды эмоция тудырады, онымен қоса орасан зор тәрбиелік мәні бар. Бұлар батылдық, тәртіптілік, өз қорқынышын жеңу, тапсырма орындауда сол бір батылдықты көрсете білу секілді қасиеттерді тәрбиелеуге жағдай жасайды. Жүзудің негізгі тәсілдеріне: кроль – құлаштап жүзу (кеудемен және арқамен), брасс – судан аяқ пен қолды сәл шығарып, бақаша жүзу (кеудемен және арқамен), дельфин және т.б. жатады. Жүзудің бұл тәсілдеріне байланысты қимылдар қиын емес – балалар оларды аса қиындықсыз меңгеріп алады. Алғашында балаларды жүзудің, үйренуге оңайырақ әрі жеңіл тәсіліне үйреткен дұрыс: қолды судан шығармай, кеудемен құлаштап жүзу. Бұл кезде қолдар кезек-кезек жұмыс істейді: бір қол есу қимылын орындаса, екіншісі су астында алға қарай созылады. Бастапқы қалыпта қол алға созылыңқы, шынтақтан сәл бүгіліп, төмен түсіп, жамбасқа дейін есу қимылдары орындалады. Бір қол есіп жатқан уақытта, екіншісі алға созылады, осылайша қолмен есу бірінен соң бірі үздіксіз жалғаса береді. Қолды судан шығарып, кеудемен құлаштап жүзу барысында да, есу қимылдары кезекпе-кезек орындалады. Бірақ бұл жағдайда, қол судан шығарылып, ауада манағы қимылдарды (есу) орындайды. Бастапқы қалыпта қол алға созылыңқы, содан соң жеңіл төмен түседі, шынтақтан бүгіліп, есу қимылын орындайды. Есу барысында қол саусақтары қосылған және білек суды жақсырақ ұстай алатындай сәл бүгілген болуы маңызды. Жамбас маңында есіп біткен соң, қол судан шығарылып, ауамен алға созылады да, қайта суға кіреді. Ең алдымен суға қол білезігі кіреді, содан соң білек пен иық ілесе кіреді. Қол болса, қайта есу қимылдарын жасай бастайды. Қолды судан шығарып, құлаштап жүзу барысында, тыныс, басты оңға немесе солға бұрылғанда, алынады, яғни тыныс алынған кезде ауыз су бетіне шығып, ал құлақ суда болуы керек. Ауыз ашылған күйінде судың үстінде тұрады, тыныс алу ауыз арқылы, терең орындалады. Ал тыныс алған соң оны шығару, бастың бастапқы қалыпқа бұрылған кезінде, ауыз бен мұрын арқылы суға шығарылады.
         Мектеп жасына дейінгі балалар жүзуді салыстырмалы түрде тез үйреніп алады: олардың тері асты май қабаты ересектерге қарағанда дамыған, соның арқасында балалар су бетінде жеңіл тұрады. Балаларды жүзуге үйретуге қолайлы жағдайлар жасау керек, балаларды үйретуге көмек ретінде, ата-аналарымен де жұмыстар жүргізу керек. Балаларды суға үйретуден және жүзуге дайындық жаттығуларынан (суда және құрлықта) бастау керек. Баланы суға үйретуді өмірінің алғашқы жылынан бастауға болады.  Жүріп, жүгіре алатын бала, әдетте, ересектердің қолынан ұстап, суға тосалмай кіреді (тіпті жүгіріп кіреді), судан шығады, секіреді. Жаттығулар бірте-бірте күрделенеді. Балалар суда еркін қозғала алады, қолдарымен қимылдар жасап, түрлі тапсырмалар орындай алады: допты лақтыру, оны қағып алу; судың таяз жерінде төрттағандап еңбектеу; таяз жерде отырып, қолдарымен алға және артқа жүру; аяқтарымен жоғары және төмен қимылдар жасау; отырыңқырап, суға иекке дейін немесе көзге дейін кіру, суға бетін толығымен түсіру; суға үрлеу. Бұл жаттығулар мен ойындар бұлшық еттерді нығайтады, баланы суда өзін еркін бағдарлауына үйретеді, сондай-ақ жүзуге дайындайды. Одан әрі балаларды суда көздерін ашуға, тынысты суға шығаруға үйрете бастайды. Бала алдымен су бетінде тыныс алады, содан соң ересекпен бірге суға сүңгиді, судың астында көздерін ашып, жұмылған еріндері арқылы бірте-бірте тынысын шағарады. Сол секілді тынысын ұстап тұруға да үйрету керек. Ол үшін тапсырмалар беріледі: тыныс алып, суға түсу, су астында отырып, тізелерін ұстап, құшақтау және басын да соған қарай ию. Су денені арқамен жоғары қарай итеріп шығарады. Қолға арналған дайындық жаттығуларын алдымен орындықта жатып өткізген абзал. Оларды меңгеріп алғаннан кейін, бала қол мен аяқ қимылдарын үйлестіре білуі керек. Балалар орындықтағы үйретілген қимылдарды біріктіруді үйренгеннен кейін, алған білік-дағдыларын суда бекітуге болады. Ол үшін үрленген ойыншықтар қолдануға болады. Денені көлденең қалыпта ұстап тұруды және тепе-теңдікті сақтап тұруды үйрету үшін, жылжу жаттығуларын өткізеді. Дене көлденең қалыпқа түсіп, алға жылжи түседі.  Жүзуге үйретуде аяқ пен қол қимылдарының үйлесімділігі (қолдың 2 есу қимылына 6 аяқ қимылдары келеді) мен дұрыс тыныс алуға баса назар аудару керек.  Балалар бұл дағдыларды игеріп алғаннан кейін, үрленген ойыншықтардың қажеті болмайды. Педагог, кез-келген уақытта көмек пен қолдау көрсету үшін, қашанда балалардың жанында жүреді. Ашық бассейндерде шомылу мен жүзуді таңғы сағаттарда ұйымдастыру ұсынылады, себебі сол уақытта күннің көзі ағзаға жағымды әсер етеді. Сондай-ақ кешкі уақытта (сағат 5-6) өткізуге болады, бұл уақытта ауа жылынып, су да жылы болады. Педагог балалардың хал-жағдайларын бақылап жүреді, дененің шамадан тыс суып кетуін және шаршап қалуын мүмкіндігінше алдын алады. Дененің шамадан тыс суып кету белгілері: тері «құс терісі» тәрізді бұдырлана түседі, тітіркену, ерін көгереді, ықылық тиіп, қимыл-қозғалыс белсенділігі төмендей түседі. Шомылып, жүзіп болғаннан кейін, денені әбден құрғатып сүрту керек және де жылынуға арналған жаттығулар жасау керек. Балаларға ашқарынға немесе бірден тамақтан кейін шомылуға рұқсат етуге болмайды. Балалар белгіленген ережелерді орындауларын қадағалау керек. Жүзуді үйретуге арналған топтар үлкен болмауы керек (2-6 адам). Қалғандары жағалауда ересектердің бақылауында болады. Дәрігер мен медбикенің болуы міндетті. Балаларды жүзуге ойын арқылы үйрету оңайырақ жүреді. Судағы ойын-сауықтар баланың жүзуге деген қызығушылықтарын арттырып, су ортасына бейімделу уақытын жылдамдата түседі. Әр жаңа қимылмен балалар алғашында жағалауда танысады, кейін оларды суда үйрене бастайды. Құрлықта балаларға бірнеше жаттығулар (2-3 жаттығулар) ұсынуға болады. Ал судағы жаттығуларды қарқынды қимылдармен бастаған дұрыс. Алдымен балаларды суға үйрету керек, суда өздерін қорықпай, еркін сезінулеріне қолайлы жағдайлар жасау керек, осы мақсатта қызықты жаттығулар, ойын-сауықтар ұйымдастырылады.