Баланы спорттық жаттығуларды орындауға даярлауға арналаған әдістемелік ұстанымдар

Жарасбаев Максат Жанболатович
Дене шынықтыру оқытушысы
.
.
Адамның жан-жақты дамуының жалпы жүйесінде баланың дене тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Мектепке дейінгі жаста денсаулықтың, дене дамуының негізі орнайды, қозғалыс дағдылары қалыптасып, баланың дене қасиеттерін тәрбиелеудің іргетасы құрылады. Балалар дене тәрбиесімен үлкен сүйсінушілікпен айналысады. Олардағы ерекше қызығушылықты спорттық ойындар (баскетбол, футбол, хоккей, үстел теннисі және т.б.), сондай-ақ спорттық жаттығулар (жүзу, велосипед тебу, шана, коньки сырғанау, шаңғымен жүру т.б.) туғызады.
Спорттық ойындар мен жаттығулар ағзаның негізгі физиологиялық жүйелерінің (жүйке-жүйесі, жүрек қан тамырлары, тыныс алу жүйесі) қызметінің іске асуына, баланың дене дамуы мен дене дайындығын жақсартуға, жағымды еріктік сапаларын тәрбиелеуге көмектеседі.  Спорттық ойындар мен жаттығулармен айналысу –балаларда жағымды мінез ерекшеліктерін тәрбиелеуге жәрдемдеседі, ұжымда достық қарым-қатынас тәрбиелеу үшін қолайлы жағдайлар туғызады. Олар жаз және қыс мезгілдерінде таза ауада жүргізіледі, бұл бала ағзасын шынықтырудың тиімді құралы болып табылады. Спорттық ойындар мен жаттығуларды үйретуде, ең алдымен балаларда дене тәрбиесіне деген қызығушылықты және өздігінше жаттығу жасау қажеттілігін қалыптастыру керек. Егер оқытушы бала денсаулығын жақсартуға арналған дене жаттығуларының мән-мағынасын ұғына білсе және оның соған сәйкес дайындығы болса, демек, жақсы нәтижелерге қол жеткізу оңайға соғады. Спортта биік нәтижелерге қол жеткізу мақсатында спорттық жарыстарға дайындалу және қатысу мектепке дейінгі жастағы балаларға ұсынылмайды. Бірақ спорттық ойындар мен жаттығулардағы қарапайым іс-әрекеттерді, сондай-ақ жарыстың бөлек элементтерін орындау әбден мүмкін әрі мақсатты. Спорттық ойындар мен жаттығулар бойынша оқу материалын жоспарлау, өткізу әдістемесі мен оның мазмұнының өзіндік ерекшеліктері болатынын тәрбиеші ескеруі тиіс. Қазіргі таңда спорттық мектептердегі жаттықтырушылардың балабақшада балаларды жүзуге, көркем гимнастика мен мәнерлеп сырғанауға үйретуге деген қызығушылықтары жоғарылады. Спорттық ойындар мен жаттығуларды оқыту әдістемесі балабақша тәрбиешілеріне нұсқаулық ретінде ұсынылады.
Балаларды  спорттық ойындар мен жаттығуларға үйретудің ең тиімді формасы – серуенде ұйымдастырылған сабақтар болып табылады. Спорттық ойындар мен жаттығулармен айналысу – ең алдымен денсаулықты нығайтуға, балалардың жалпы дене дайындығын жақсартуға және қозғалыс кезінде биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған. Спорттық ойындар мен жаттығулармен айналысудың басты мақсаты: балаларды спорттық ойындар мен жаттығулармен таныстыру және оның дұрыс техникасын қалыптастыру. Бірақ бұл қандай да бір жарысқа қатысуға арнайы дайындық ретінде жүргізілмеуі керек. Ұпай үшін, орындар үшін өткізілетін нағыз жарыс, баланың күші жете бермейтін артық психологиялық салмақ түсірмек. Спорттық ойындар мен жаттығулармен айналысудың ерекшелігі – оның эмоционалдылығы. Жағымды эмоционалды күш-қуат – днсаулықтың  маңызды алғышарты, ол түрлі аурулардың алдын-алып, дене жаттығуларына деген қызығушылықтарын арттыра түседі. Қуанышты көңіл-күй бала бойын сабақтан соң да билей береді. Егер сабақ, бастан аяқ, баланың бос қалуына жол бермей, оларды белгілі бір іс-әрекетпен қамтыса, ол сабақ балаларға қызығырақ болып келеді. Зерігу, іш пысу секілді сезімдер балалар жұмыссыз қалғанда, әрі оларға біркелкі, бірқалыпты қимылдарды жасауға мәжбүр ете берген жағдайда пайда болады. Жаттығулар мен ойындардың түрлілігі балаларды еліктіреді, олар «уақыт» жайлы ұмытып кетеді. Спорттық ойындар мен жаттығуларға үйретудің негізгі әдісі – сабақты ойын түрінде өткізу болып табылады. Сабақ бір қызықты ойын ретінде өтуі тиіс. Барлық жалпы дидактикалық қағидалар жүзеге асырылса, спорттық ойындар мен жаттығуларға үйрету анағұрлым табысты болмақ, әсіресе, оқу материалының қолжетімділігі мен әр баламен жеке жұмыстарды қамтамасыз ету, себебі спорттық ойындар мен жаттығулар мектеп жасына дейінгі балалар үшін қиындау. Дене жаттығуларын іріктеген кезде, міндетті түрде балалардың жас ерекшеліктері мен мүмкіншіліктерін ескеру керек, соның негізінде баланың күші жетерлік тапсырмаларды анықтау керек. Спорттық ойындар мен жаттығуларды оқыту барысында, іс-әрекеттерді саналы түрде игеруді қамтамасыз ету аса маңызды болып саналады. Балалар жасап жатқан іс-әрекеттерінің мән-мағынасын түсінетін болса, бұл балалардағы дағдыларды қалыптастыру барысын жеделдетіп, алдағы уақытта тиімді әрекеттерді өздігінше таңдап, оларды қолданудың қыр-сырын жетік меңгеруге мүмкіндік туғызады. Спорттық ойындар мен жаттығулар сабақтары, негізгі қимылдарды үйрететін сабақтар секілді, бір-бірімен байланысты үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі және қорытынды.
Сабақтың кіріспе бөлімі, негізгі бөлімдегі жаттығулар мазмұнына сәйкес өзгеріп отырады. Сабақтың бұл бөлімінде, негізгі бөлімде өткізілетін анағұрлым қарқынды жұмысқа бала ағзасын дайындау жүргізіледі. Сабақтың бірінші бөлімінің басты міндеті, алдағы қимылдарға балалардың қызығушылығын дамыту. Мысалы, шаңғымен жүруді үйретуге, шаңғымен жасалатын әртүрлі жаттығулар кіреді: балалар шаңғымен біресе оң аяғын, біресе сол аяғын кезекпе-кезек көтеруді, шаңғы өкшесін солға-оңға басу арқылы бұрылыстар жасауды (бұл ретте шаңғының артқы ұшы қозғалыссыз қалады) үйренуі керек. Немесе кіріспе бөлімде балаларға жалпы дамытушы жаттығуларды, жүгірудің түрлерін, қимылды ойындар т.б. ұсынуға болады.
Сабақтың негізгі бөлімінде балалардың дене қасиеттерін дамытуға бағытталған спорттық жаттығулар жүргізіледі. Алдымен балаларды жаңа материалмен таныстыру қарастырылады, содан соң балаларға мәлім қимыл-қозғалыс дағдыларын қайталап, бекіту жүзеге асырылады. Балаларға бір сабақта спорттық жаттығулардың немесе ойындарың бір түріне байланысты әрекеттерді жоспарлаған жөн. Бірақ кейде бар құрал-саймандар және оқу үрдісін жүргізу шарттары, жаттығуға балалардың барлығының белсенді қатысу мүмкіндіктерін шектейді. Бұл жағдайда сабақтың негізгі бөлімінде спорттық жаттығулардың екі түрі белгіленеді. Оның біріншісі жетекші ретінде жоспарланады және үйрету барысында тәрбиеші оған ерекше назар салады, ал екіншісі балаларға белгілі жаттығулар, олар қайталау және жүзеге асыру мақсатында іріктеледі. Мысалы, екі дөңгелекті велосипед жүргізуде бұрылыстарға үйрету, т.с.с. Сабақтың негізгі бөлімінің мазмұны әртүрлі болуы мүмкін: жаттығулар, ойындар, эстафета, т.б. Мұнда жылдам қарқынды жаттығулар баяу қарқынды жаттығулармен үйлеседі, бұл өз кезегінде бала ағзасына түсетін дене және ақыл-ой жүктемесінің оңтайлы деңгейін қамтамасыз етеді. Екпінді, жылдам, төзімді қажет ететін, ағзаның функционалды жай-күйін жоғарылататын қимылдар таңдалынады.
Сабақтың қорытынды бөлімінің мақсаты ағзаның жалпы қозғыштық функциясын төмендетіп, неғұрлым тыныш күйге келтіру болып табылады. Бұл ретте баланың тамыр соғысы сәл баяулап, нормасына келеді. Сабақтың бұл бөлімін, тыныс алу жаттығуларымен бірге орындалатын жүру құрайды, сондай-ақ түрлі бұлшық ет топтарын босаңсытуға арналған жаттығулар да жатады немесе байсалды ойын. Денені ұзақ қимылсыздық қалыпта ұстап тұратын жаттығулар рұқсат етілмейді.
Спорттық ойындар мен жаттығулармен шұғылдану, оны өткізу формасының әр түрлілігімен ерекшеленді. Оқытудың бастапқы кезеңінде еркін әрекеттерді, баланың сүйікті ойындарын (доппен, велосипедпен, т.б. құралдармен) қолданған абзал. Қысқы және жазғы маусымның соңында бақылау сабақтарын жүргізген дұрыс.