Баланың тілін жетілдіруде артикуляциялық жаттығулардың маңызы

Идинова Шугыла Есимбаевна

Логопед-мұғалімі

.

.

       Ақыл-ойы кем балалардың сөйлеуіндегі кемістіктерді түзеуде артикуляциялық жаттығулардың түрлерін әртүрлі тіл бұзылыстарында жекелеген дыбыстарды қоюда пайдалану арқылы тіл кемістіктерін түзеу, артикуляциялық жаттығулардың маңыздылығын дәлелдей отырып, логопедиялық диагноздарды жою, түзеу барысында қолданып, психоневрологиялық ауытқуы бар балалардың сөйлеу тілін дамыту.

   Психикалық дамуында тежелуі бар балалардың сөйлеуіндегі өзіндік ерекшеліктер, олардың жалпы дамуындағы тежелумен тікелей байланысты.

  Сөйлеудің импрессивтік жағы, дыбыстарды және сөйлеудегі түрлі реңктерді қабылдаудың сараланбауымен сипатталады. Ал, экспрессивтік жағына, сөздік қордың аздығы, дыбыстаудағы бұзылу,сөйлеудің лексикалық- грамматикалық тұрғыда жеткіліксіз қалыптасуы,аграмматизмдер, артикуляциялық аппараттың ақаулары тән: балалар артикуляциялық күйді ұстап тұруға қиналады, тіл бұлшық еттері қатты сіреседі, бір күйден екінші күйге ауыса алмайды т.с.с.

   Психоневрологиялық ауытқуы бар балалардың дыбыстау кемшіліктері арасында, әсіресе ызың дыбыстар (с,з) және үнді дыбыстарды (м,н,л,р) айтудағы қателіктер жиі кездеседі. Ал, (р) дыбысына жылдар бойы тілі келмей өтуі мүмкін.

    Сөйлеуі бұзылған балаларда  фонетика- фонемалық қабылдау кемшілігі кездеседі және сөйлеу- есту  мен сөйлеу- қозғалу анализаторларынвң байланысы міндетті түрде байқалады. Г:Ф. Сергееваның зерттеулері бойынша, сөйлеу- қозғалу анализаторларының қызметінің бұзылуы , әсіресе дизартрия мен ринололияда, фонемаларды есту арқылы қабылдауға қатты әсер етеді. Демек, мұнда үнемі дыбыстау және дыбысты қабылдау кемшілігі болады.

  А.Воронова жалпы тіл жетілмеуі бар балаларды зерттегенде, бұл балалардың басым көпшілігінде, әріп гнозисінің дамуының төмен деңгейде екенін дәлелдейді.

    Ақыл-ойы кем балаларда фонемалық есту қабілетінің кемістігі, оқыту барысында жетілгенімен бірақ сөйлеу қабілетінің бұлайша баяу меңгерілуі жалпы психикалық дамуға кері әсерін тигізеді. Фонемалық есту қабілетінің жеткіліксіздігі, артикуляциялық даму қарқынын (сөз айтуға қажетті қозғалыстар жиынтығы) баяулауымен асқына түседі.

   Баланың сөйлеу аппараты, моторикасының дамуы, қозғалыс анализаторы аймағындағы саралаушы шартты- рефлекторлық байланыстардың қалыптасу ерекшеліктеріне байланысты. Қандайда бір дыбысты анық айту үшін, моторлы импульстер анық, нақты болуы шарт. Бұл моторлы импульстер екі түрлі  коррекциямен қамтамасыз етілуі керек: есту көмегімен коррекциялау ( бала өзінің ересектер сияқты, айта алмайтынын өзі естиді) және бұлшық ет сезімі жағынан коррекциялау (қалыпты бала өзінің сөйлеу аппаратының басқаша қозғалатынын өзі сезінеді, яғни дыбысты дұрыс шығара алмайды)

   Қорытынды: Сондықтан балалардың психоневрологиялық ауытқуына қарамастан артикуляциялық жаттығулардың ең жеңіл түрінен бастап, күрделенте отырып күнделікті қайталап отыруы қажет.

Артикуляциялық жаттығуларды орындаудағы методикалық ұсыныстар.

  Сөздегі дыбыстарды айту- бұл  баланың нәресте шағынан бастап, қиын да күрделі қозғалыс. Ол нәресте шағынан бастап тілімен, ернімен, астынғы жағымен, былдырлап, уілдеуімен мимикалық қозғалыстарды яғни, артикуляциялық жаттығуларды жасай бастайды. Осы жағдайлар баланың сөйлеу тілінің ең алғашқы кезеңі болып табылады. Осы қозғалыстар балаларда нақтыланып, күшейіп ақырындап дами береді.

  Арнайы  логопедиялық  жаттығуларды айтқанда біз көптеген ағзалар мен бет бұлшық еттерін, ауыз қуысын,мойын, иық белдеулерін және кеуде жасушасына арналған  жаттығуларды  айтамыз.

   Артикуляциялық жаттығу- бұл сөйлеу тілінің аппаратын, бұлшық еттерін шынықтыратын,  күш беретін,  қозғалысы мен сөйлеуге жауап беретін ағзаларды, сөзге қатысы бар органдарды біріктіріп жаттықтыратын жаттығу.

Артикуляциялық жаттығуларды дұрыс орындау үшін мыналарды жақсы білген жөн:

-артикуляциялық аппараттың әртүрлі органдарына қандай қозғалыстар тиімді;

-Әрбір қойылатын дыбысты түзеу үшін  қандай жаттығулар керек екенін:

Артикуляциялық жаттығулардың мақсаты: Артикуляциялық жаттығулар сөйлеу дыбыстарын қалыптастырудың және дыбыстаудағы кез-келген кемістікті түзетудің  негізі  болып  табылады.

     Сөйлеу органдарының ішіндегі ең қозғалыстығы- тіл. Ол тілдің арқасы мен тамыры. Тілдің арқасы артқы, ортанғы және алдыңғы  болып бөлінеді. Ең белсендісі тілдің ортаңғы және алдынғы бөліктерінің ұшы мен шеттері. Дыбыстардың таза шығуы тілдің осы бөліктерінің жұмыстарына байланысты.

  Дауыссыз дыбыстарды шығаруда тілдің қай бөлігі белсенді болса дыбыстарды да солай бөледі.

Тіл алды дыбыстар: т,д,н,х,р,ш,ж,ч,щ,с,з,ц.

Тіл ортасы дыбыстар: й

Тіл арты дыбыстар:к,қ,г,ғ,х

    Тілдің алдыңғы бөлігі мен ұшының қимыл-қозғалысы белсенді болып келеді. Тілдің ұшы с,з,ц дыбыстарын айтқанда тістің артына тіреліп,  т ,д,н дыбыстарын айтқанда үстінгі тістің артына көтеріліп, л дыбысы кезінде үстіңгі таңдайға жабысып, р дыбысында тілдің ұшы таңдайға тіреліп шығарылған ауа арқылы діріл пайда болады.

   С,з,ц дыбыстарын айтқанда тілдің ұшының қатысынсыз-ақ тілдің арқасының алдынғы бөлігін таңдайға көтеру арқылы қуыс жасап та шығаруға болады. ш,ж,щ дыбыстарында тілді ұшымен бірге таңдайға көтеріп қуыс жасап дыбыстауға болады.

   Тілдің арқасының жеке қозғалысы шектеулі. Алдыңғы және артқы бөліктердің  қимылын қоспағанда ол тек қатты таңдайға көтеріліп й дыбысын жұмсақ дауыссыз дыбыстарды  шығара  алады.

     к,г дыбыстарда тілдің шеткі бөлігі азу тістердің үстіңгі бөлігіне жабысып немесе қуыс жасай отырып  х  дыбысын шығарады.

    Астыңғы ерін:  белсенді қозғалысқа ие. Ол үстінгі ерінмен жабысып п,б,м,  дыбыстарын шығарса, үстіңгі алдынғы тістерге қуыс жасай отырып в,ф дыбыстарын шығарады.

    Астыңғы жақ: көтеріліп, түсу арқылы ауыз қимылын өзгертіп, дауысты дыбыстар  шығаруда  маңызды.

Жұмсақ таңдай: төмен түсіп тұрғанда үрленген ауа мұрын арқылы шығып, мұрындық, м, н дыбыстары айтылады. Сондықтан, әр-түрлі дыбыстарды шығару барысында тілдік, ауыз қуысы органдары өздеріне белгілі қалыптарын сақтайды.

Таза дыбыстау, сөйлеу, сөйлемдер құрастыру үшін сөйлеу аппараты жеткілікті қозғалыста болуы  шарт.

Қозғалыстың дәлдігі-сөйлеу органының соңғы нәтижесінің дұрыстығы үшін, сол органның орналасуы мен формасының бағалануы.

Қозғалыстың жұмсақтығы мен жеңілдігі- сөйлеу органының дірілдеуі, жұлқуы, сілкуінің жоқтығы.

Бұлшық еттердің тартылуы жұмсақтық пен жеңілдікті ылғи бұзады. Жаттығу жасау барысында басқа органдар қосымша қозғалысынсыз орындалуы қажет.

Қарқын- бұл қозғалыстың жылдамдығы. Бастапқы кезде жаттығу қауіпі біршама баяу болғанымен біртіндеп жылдамдай береді. Қарқынның жылдамдығы мен баяулығын бала өзбетімен бақылай алатынын жетілдіру маңызды.

Тұрақтылық- сөйлеу органының қалпын өзгеріссіз 10 секундқа дейін өз бетімен ұстап тұру.

Басқа қозғалыспен қалыпқа ауысу-жұмсақ және жеткілікті жылдам орындалуы керек.

Жаттығулар ойын түінде өткізіледі.

Артикуляциялық аппараттың барлық қозғалыстарының кез-келген жаттығулары жаттығудың жаңа түріне ауысарда реттілікпен іркіліспен аралықты сақтай отырып, бала өзінің іс-әрекетін түсініп, үлкендердің бақылауымен іске асады.

  • Тілің не істеп, ол қайда тұр (тістің астында, үстінде), ол қандай( жалпақ, жіңішке) деген жетекші сұрақтар қою арқылы балаға көмектесіп отыру керек. Бұл жаттығуға деген қызығушылығын туғызып, оның тиімділігін арттырады.

Әрбір жаттығуға орындалу барысына сәйкес ойын әрекеті ойлап табылады.Мысалы: «Алтыбақан» жалпақ тілдің ұшы үстінгі ерін мен астынғы ерінге кезек қозғалады. Осы жаттығуды ойынға айналдыра отырып, баланың зейінін шоғырландырып, жаттығуды сапалы орындатуға болады.

  Жаттығу айна алдында үлкен адамның көмегімен орындалады. Егер бала қандай да бір жаттығуды орындай алмаса шпатель, зондтар арқылы тілін қозғауға болады. Бала өзінің тілінің қай жерде тұрғанын әркез біле білмейді. Осындайда механикалық көмектің маңызы зор.Бала айна алдында көзбе-көз өзіне бақылау жасауы маңызды. Алғашқыда өз бетімен жасалатын қозғалыс баяу болады. Содан соң көптеген қайталаулардың арқасында жеңілдеп, ерікті,қалыпты қарқынға түседі.  Кез- келген дағдыны бекіту үшін жүйелі қайталау мен тынымсыз еңбек керек. Сол үшін артикуляциялық жаттығуларды күнделікті, тіпті күніне 2-3 реттен қайталап арқылы қозғалысты қалыпиастырады. Орындалған жаттығудың сапалы болуы үшін, баланың шаршап қалмауында бақылауда ұстау керек.

Мөлшер(қайталаудың саны)- бір жаттығуды  әр балаға жеке орындату керек. Алғашқы сабақтарда жаттығуды екі рет қайталаумен шектеліп, бара-бара 15-20  ретке  дейін  өсіруге болады. Орындалып жүрген жаттығуларға жаңа жаттығу түрлері бір- бірден енгізілуі керек. Ал, алдыңғылары  қайталауға  қалдырылып отырылады. Жаттығуларды толық меңгермей жаңасы енгізілмейді.

      Артикуляциялық жаттығуларды негізінен отырып орындайды, бұл жағдайда баланың арқасы тік, денесі, аяқ -қолдары бос болады.Баланы айна алдына логопедті көре алатындай етіп отырғызады. Баланың жетістіктерін атап көрсетіп мақтап, мадақтап отыру  керек. Артикуляциялық жаттығулардың ұзақтығы, мөлшері баланың денсаулық жағдайы мен тіл кемістігінің ауырлығына байланысты. Артикуляциялық жаттығуларды орындау бала үшін үлкен энергиялық күшті, шыдамдылықты қажет етеді. Жаттығу барысында  түзету жұмыстарының тиімділігі баланың белсенділігіне, шыдамдылығына, нұсқауды орындауына тікелей байланысты. Кез-келген дағдыны бекіту- жүйелі қайталауды қажет етеді. Атқарылған жұмысқа қызығушылығы жоғалмау үшін , балаға ойын арқылы үйретіп, жайлы жағдай туғызып отыру керек.

Артикуляциялық жаттығулардың түрлері:

  1. Иық бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  2. Мойын бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  3. Астынғы жақ сүйектеріне арналған жаттығулар.
  4. Шайнау бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  5. Беттің мимикалық бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  6. Жұмсақ таңдайға арналған жаттығулар.
  7. Тілдің бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  8. Артикуляциялық- мимикалық бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  9. Жұтқыншақ бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.
  10. Ерін мен бетке арналған жаттығулар.
  11. Ауыз қуысы аумағының мимикалық жаттығулары

 

Пайдаланатын әдебиет :

  1. Бачина О.В. Самородова Л.Н. «Логопедтің сөйлеу ақауы бар баланың  отбасымен арақатынасы» М., 2009ж.
  2. «Дамуында бұзушылықтары бар баланы тәрбиелеу және оқыту» журналы №2 – 2010ж.
  3. «Дефектология» журналы №6- 2010ж.
  4. «Логопед» журналы №1 – 2006ж.
  5. Мастюкова Е.М Московкина А.Г. «Дамуында ауытқулары бар баланы отбасында тәрбиелеу» М., 2004ж.
  6. Малер А.Р. «Мүмкіндігі шектеулі бала» ата аналарға арналған кітап М.,1996ж.
  7. Певзнер М.С. «Дамуында ауытқулары бар балалар» М.,1996ж.
  8. Пилиповский В.Я. « Балаларды тәрбиелеуде ата аналарға көмек» М.,1992ж.
  9. «Қазақстан Республикасында  мүгедектерді әлеуметтік қорғау» заңына  түсіндірме құрастырған Г.М. Бурашева

10.Степанова О. А «ДОУ -да логопедиялық жұмысты ұйымдастыру»  М., 2007ж.

11.«Отбасылық тәрбие»  әдістемелік құрал.  Евдокимова С.Л., Цветкова Н.А.

Молдашева К.К.-дефектолог