Бастауыш сынып оқушыларының танымдық әрекетін дамыту

Жамалбекова Қалдыгыз
Арнайы пән оқытушысы
.
.
Бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекеті ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Оны психология ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі Л.С.Выготский де зерттей отырып, оқыту мен дамудың арақатынасы мәселесін шешудің өзіндік тәсілдерін ұсынды:
—  оқыту мен даму бір-біріне тәуелсіз екі түрлі процесс;
— оқыту кемелденуге негізделеді, оқыту мен даму процесінде пайда болатын мүмкіндіктерді пайдаланады;
— оқыту мен даму екі түрлі салыстырмалы процесс;
— оқыту дамудан кейін жүріп отыруы мүмкін, сонымен қатар дамуды алға жылжыта отырып, оның алдында болуы да мүмкін.
Баланы оқыту мен дамытудың арақатынасы мәселесінің шешімін түрлі зерттеушілер әртүрлі тәсілдермен іздестіреді:
— Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдов оқытудың мазмұнының өзгерісін іздестіру керек деп есептеді;
— Н.А.Менчинская, Д.И.Богоявленская, Е.А.Кабанова, Миллер білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеру тиімділігі ақыл – ой іс-әрекетінің тәсілдерін жетілдірудің көмегімен арттыруға болады деп дәлелдеді;
— Б.Г.Ананьев, А.А.Любинская оқытудың түрлі әдістерінің арту жағдайын зерттеуге мән береді;
— Л.В.Занков оқытудың дамытушылық әдістеріне ен бірінші, оқыту процесінің өзін жетілдіру арқылы қол жекізуге болады деп тұжырымдайды;
— П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина баланың ой-өрісінің дамуына ақыл-ой әрекетінің кезеңді қалыптастырудың әсерін зерттеді;
— Т.В.Кудрявцев, А.М.Матюшкин оқытудың дамытушылық әсері педагогикалық әрекеттер мазмұнында проблемалы оқытудың рөлін арттырғанда ғана артатынын дәлелдейді.
Психологиялық және педагогикалық теорияларды қорытындылау негізінде, осы ұғымдардың әрқайсысы жөніндегі түсінік нақтылана түсті. Жалпы қолданысқа төмендегі түсініктер енгізілді:
— даму бұл организмнің жүйке жүйесінің психикасының, тұлғаның сандық және сапалық өзгерістерінің көрінісі;
— оқыту —  қоғамның – тарихи тәжірибені мақсатты жүргізу, білімді, іскерлікті және дағдыны меңгерудің ұйымдастыру процесі.
Оқыту мен тәрбие беру мазмұны бойынша терең ұлттық, көпқырлы дәстүрлі, ұлттық психологияны сипаттайды. Оқытудың дәстүрлі жүйесіндегі басты рөлді білім беру, мұғалімнің іс-әрекеті атқарады. Оны Я.А.Коменский, И.Песталоцци, И.Гербарт секілді педагогтардың тұжырымдамасы және немістің классикалық гимназиясының дидактикасы құрайды.
Бүгінгі ұстаздардың білім беру жолы тек сабақпен шектелмейді. Ол әртүрлі қосымша сабақ, өз бетінше білімін жетілдіру, ақпарат құралдары арқылы оқу т.б. Осылардың нәтижесінде сабақтың көп түрі жүйесі қалыптасуда.
Сонымен, жоғарыда қарастырылған мәселелер оқыту жұмысын тек сабақ арқылы ұйымдастыру мүмкін еместігін көрсетеді.  Сыныптық  —  сабақ жүйесінің негізгі кемшілігі – оқушылардың дара ерекшеліктерін дамытуға жеткілікті мүмкіндіктерінің болмауы – оқытуды ұйымдастырудың басқа жолдарын іздестіруге себеп болады. Сондықтан, оқушылардың сыныптық сабақтағы танымдық әрекетін дамыту, толықтыру және оқушылардың өзіндік шығармашылық белсенділіктерін, қабілеттерін арттыру мақсатында оқыту жұмысын ұйымдастырудың қосымша түрлері қолданылады. Олардың қатарына семинар, экскурсия, факультативтік, қосымша, конференция сабақтары, өндірістік оқу, үйдегі оқу жұмысы, тәжірибелік-зертханалық (практикум) және пәндік үйірме жұмыстары, олимпиада, сынақ және емтихан, өзіндік жұмыс түрлерін жатқызуға болады.
Семинар сабақтары көбінесе оқылған лекция тақырыбына байланысты негізгі өзекті мәселелерді талқылау, оқушылардың танымдық ойлау қабілеттерін дамыту, өзіндік шығармашылық белсенділіктерін шыңдау мақсатын көздейді. Тақырып сұрақтарына сай пікір алмасу, өз көзқарастарын дәлелдеу, мұғалімдерге оқушылардың оқу материалын қаншалықты меңгергенін, соған орай сенімдері мен түсініктерінің қалыптасқандығын бақылап, тексеріп, бағалап және бағыт – бағдар беріп отыруға мүмкіндік туғызады.
Саяхат жұмысының мақсаты – оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалдарын практикамен жалғастыру және бекіту болып табылады.  Сондықтан, оқыту процесінде оның мазмұны зор. Ол барлық оқу пәндерінде, әсіресе, дүниетану, табиғаттану және еңбек сабақтарында кеңінен қолданылады. Бұл оқушыларды оқу процесін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыра алуға үйретеді.
Саяхат сабағын өткізу орнына: мектептің алаңына, табиғат аясына, ауыл шаруашылығына, өндіріске, көрмелерге, музейге бару т.б. нысаналар жатады.
Оқытуды саяхат жолымен ұйымдастырудың үш түрі бар:
Біріншісі – кіріспе саяхат деп аталады.  Ол сабақта күрделі тарау, тақырыптарды өтер алдында ұйымдастырылады. Саяхаттың бұл түрін бастауыш сыныптарда алдын-ала өткізсе, олар үшін сабақ өте қызықты жағдайда болады.
Екіншісі – ілеспелі саяхат деп аталады.  Ол белгілі бір тақырыпқа арналып, сабақ барысында оның орта шенінде жүргізілуі мүмкін.
Үшіншісі – қорытынды саяхат деп аталады.  Ол күрделі тарау немесе тақырыпты өтіп болғаннан кейін оқушылардың сабақтар жүйесінде алған теориялық білімдерін пысықтау, бекіту мақсатын көздейді.
Оқу саяхаты оқытудың дидактикалық және политехникалық принциптерін іске асырады. Оқушылардың техникалық ой-өрісін кеңейтеді, өсімдіктер дүниесін, тірі организмдерді зерттеуге мүмкіндік туғызады, танымдық ынтасын дамытады.
Конференция ретінде өткізілген сабақ түрлері кейбір тақырыптарды тереңірек меңгеру, оның ғылыми дәрежесін көтеру мақсатын көздейді. Сол үшін де семинар сабақтарына қарағанда, конференция түрінде өткізілген оқу жұмысы ұсынылған әдебиеттер мен қосымша құралдардың көлемі кеңірек болады. Оны дайындау және өткізу тәртібі семинар сабағына ұқсас келеді. Бірақ, оқу конференциясында баяндамашылар мен сөйлеушілердің саны көбірек болуы қажет. Сондықтан, оған бірнеше қатар сыныптардың оқушыларын қатыстыруға болады.
Пәндік үйірме жұмыстары сабаққа қарағанда бағыты, мазмұны, ұйымдастыру тәсілі мен уақыт өлшемі тұрғысынан өзіндік ерекшеліктер бар. Олар оқушылардың қызығушылығы мен пәндерге бейімділігін дамытуда және тапсырылған жұмыстарды нәтижелі орындауға қолайлы жағдайлар туғызып отырады. Сонымен қатар, оқытудың өмірмен байланысын қамтамасыз ету, пәнаралық байланысты нығайтуға ықпалын тигізеді.
Үйдегі оқу жұмысы. Оқушылардың  үйде өз беттерінше орындайтын оқу жұмыстары сыныпта өткен сабақтардың жалғасы ретінде саналады. Сондықтан да оны кей жағдайда оқыту процесінің бір компоненті ретінде қарастырылады.
Оқушының үйдегі оқу жұмысын сыныптағы оқу жұмысымен жалғастырып, толықтырып отырса, онда олардың алған білімдері терең және берік болады. Оның маңызы оқыту жұмысын ұйымдастырудың сабақтың басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Бұл жұмыстың танымдық қызметімен бірге оның тәрбиелік мәні де зор.
Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушылардың дербестігі, ойлау қабілеті артып, өздігінен білім алуға жүйелі түрде дағдыланады. Олар өзінің оқу жұмысын жоспарлауға, қажетті оқу материалын жинақтауға дағдыланады, сабақта алған білімдері мен біліктерін өзіндік еңбекте қолдана білуге жаттығады, өзін-өзі бақылау және кітаппен жұмыс істей білу тәсілдерін меңгереді, оқытудың әртүрлі амал-тәсілдерін қолдана отырып, өз бетінше баяндама жасауға дайындалады. Соның негізінде білім мен біліктілік өте берік меңгеріледі, оқушының ақыл-ой әрекетінің жеке дара дәстүрі қалыптасады.