Баяндама «Ғасырда бір туады сендей асыл»

Шарибек Арайлым

Жетекшісі: Копаева Лаура Сержановна

.

.

  1.    Абай Құнанбайұлы — қазақ әдебиетінде өшпес орны бар тұлға. Абайдан acқaн данышпан қaзaқ дaлacындa бұрын-соңды бoлмаған.[1] Ол қазақ елінің шығармашылығын бүкіл әлемге танытқан қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы. Абай лұғатты сөздерімен қазаққа ұстаз бола білген ұлы данышпан. Дана Абай кестелі сұлу сөз бен терең ойдың иесі, яки көркем әдебиеттің өшпейтін жарық жұлдызы ғана емес, ол сонымен қатар адам өмірі мен тірлік мәнінің басты бағдаршамындай. Өзбек халқының зерттеуші ғалымы және профессоры А.Саади: „Абай қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойшылдардың ең біріншісі“- деп айтып көрсеткен.[3] Абайдың дарындылығын ары қарай дамытып, данышпандық жолға салған әжесі Зере мен әкесі Құнанбай. Әжесі Зере күнде ертегілерін айтып, сөз қоры бай тіл мен жақсы тәрбие берген. Ал әкесі Құнанбай ел билеуді үйретіп, медреселер мен мектептерге беріп, білім алсын деген. Қамқор әкесі Құнанбайдың арқасында ғана Абай араб, парсы, орыс тілдерін меңгеріп, өзге жазушылардың жұмыстарымен, шығармаларымен танысып, көзі ашылды. Тіпті оқуы кезінде үздік шәкірт атанған. Абай әкесінен ел билеу істерін үйренер кезде қазақтың нағыз материалдық жағдайын өз көзімен көреді. Олардың дәрменсіз жағдайын көріп ашынған Абай, қарапайым халыққа жақ болып, оларға зорлық-зомбылық көрсеткендерді жазалап, шығармашылығында да қарапайым халықтың келесі қадам жасауына көмектесіп, бағдао беріп отырды. Ел ісіне араласқан кезінде Абайдың жасы 13-те болған. Өзінің жасына қарамастан, өзінен үлкен адамдардың мәселелерін шеше білген.

„Абай Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Билікте әділдікпен қатар, осымен егіз сияқты бір мінезі — Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын.“,-дейді Абайдан тәлім алған Әрхам Кәкітайұлы.[3]

Заманынан ерте туған данышпанның басты нысаны — адамгершілік, кешірімділік, ар-намыс, еңбекқорлық, адалдық пен әділдік.[3] Бұл нысандар Абай үшін жай ғана тілек емес, айнымас өмір салты болды. Ол осы өмір салтын барынша таратып, бағдар көрсетіп, қазақтың көзін ашуға тырысты.

  1. Жалпы Абайдың шығармашылығы басты үш топқа бөлінеді: өзінің өлеңдері, қара сөздері және өзге тілдерден аударылған өлеңдері. Абайдың шығармашылығы басқа ақындарға қарағанда өте ерекше. Табиғатпен тұтастық- Абай жұмыстарының ажырамас бөлшегі.[3] Оның қай шығармасын алсаң да, ондағы оқиға табиғат аясында, табиғат перзенттерінің тіршілігі ортасында өрбиді немесе ақынның көңіл-күйі табиғат құбылыстары арқылы беріліп отырады. Жалпы табиғат пен поэзияның өзінде терең тамырластық бар екені бәріне мәлім. Осы тәсілмен жазылған ақын өлеңдеріндегі ерекше күш пен өзге әлемге кіру ойының құпиясы- осында.

Абайдың жұмыстарында діни бағытты пайдаланылған өлеңдер де бар. Яғни, ислам діні жайлы жазылған өлеңдер. Абай мұсылман болғандықтан, қазақтың дінін бекітіп, дамытуға тырысқан:

„Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп қабілетті“.[3]

Маған ең қатты ұнайтын ерекшелігі — Абайдың өлеңдері мен қара сөздері психология мен философия ғылымының саласын пайдаланылып жазылған. Яғни, адамның болашағына бағдар беріп, жолдарды таңдауға кеңес береді. Абайдың шығармалары XIX ғасырда жазылса да қазіргі XXI ғасырдағы адамдарға да бағдар мен ойлар бере алады. Яғни, Абайдың шығармалары ғасырға, заманға қарамастан адамның ішкі дүниесінің өзгеруіне әсер ете береді. Осыны байқап-ақ Абайдың нағыз данышпан екенін байқауға болады. Абайдың теңеулері де мүлде басқа әлем. Теңеулерін оқығанда жамандық жасауға қолың бармайды. Сондықтан да Абайдың шығармаларымен адамның көзқарасы мен ойы өзгереді дейді. Абай қазақ елінің дамуына алғаш қадам жасап, шығармашылығын дамытып, оларға адалдық пен әділдік, білім мен еңбек ойларын өлең жолдарымен де, қара сөздерімен де жеткізе білген:

„Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.“

Немесе:

„…Әуелі- білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек боладр еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім- ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзінөзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайды болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады…“  деген асыл сөздері.[2]

Елбасы айтқандай, ақын Абай әлемдік татулық пен ынтымаққа өз үлесін қосқан және қосатын мәлімгер. Кешегі надан, қараңғы заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен рух иесі. Ол күллі адамзаттың рухани сардарларының біріне айнала отырып халқын алға сүйреу үшін өзге жұрттың тірлігіне терең үңілді. Өзі өмір сүріп отырған „сырқат“ қоғамды сауықтырудың жолдарын тынымсыз іздеп, шарқ ұрды және сол арқылы қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы санасына тікелей әсер ете алды. Оның болашаққа деген сенімін мына сөздерінен көруге болады: „Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек — қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседен баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді“,- дейді ұлы ақын.[3]     

Әдебиет — Абайдың күллі дүниелік болмысқа, адами, ұлттық, тарихи болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы, тереңге бойлап, тереңге ұмтылар талпыныстарының алтын баспалдағы болды. Оның әрбір шығармасында шынайы гуманизм, адам мүддесіне деген айрықша ынта, айрықша қамқорлық пен өмірдің көзіне жалтармай қарайтын шыншылдық бар.[3] Абайды мұқият оқыған адам, оның көзқарастары қазіргі нарық экономикасымен де байланысты екенін айқын аңғарар еді. Данышпан Абайдың шығармашылығы бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық секілді. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптап, дұрыс шешімдерді қабылдай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеген сұрақтардың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абай оқу мен еңбекті өмірдің биік шыңы деп санайды. Ал жалқаулықты бейшаралықтың түп атасы деп түсіндіреді. Халықты„ түзелмейтін қайыршыға“ айналдырмайтын амал: „Егін, сауда, кәсіп, ғылым“ деп біледі. Абайдың: „Құдай саған еңбек етуге жеткілікті күш берді. Бірақ сен еңбек етпейсің. Құдай саған ғылым берді. Бірақ сен оқымайсың. Құдай саған сана берді, сен оны жоғалттың. Сен ерінбей еңбек етсең, шыдамдылықпен іздеп, пайдалы жұмыс жасасаң- бай болар едің“,- деп жазғыратыны да сондықтан.[3] Ол тек еңбек етудің арқасында ғана адам моральдық жағынан кемелденіп, отбасына үлгі болып, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп,  өз парыздарына деген көзқарасын өзгерте алады деп санайды.

Абайдың айтуынша, адамның бақытты болуы үшін, оның ынтасы мен сол ынтаның мақсатына жетуіне былайғы жұрттың ықыласы керек: „Достықты достық шақырады“,- дейтіні де тегіннен тегін емес.[3] Сондықтан, ол ұлттық бүтіндік, ішкі татулық, уыздай ұйыған ынтымақты көп аңсады. Ал халық дегеніне жету үшін оған да өзін қоршаған ортамен дәл сондай ынтымақ пен ықпалдастық керек. Бұл- біздің бүгінгі таңда тағдырымызды шешетін ең ірі факторлардың бірі. Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән беруіміз керек.

III. Абай қазақ ақыны болса да оның жүз жетпіс бес жылдығы Алматы мен Семейден басталмай, Еуропа мен Азияның ең беделді мемлекеттерінен, Мәскеу мен Ыстамбұл, Париж бен Пекин сынды әлемдік астаналардан басталғаны да оның данышпандылығының дәлелі. Абай Құнанбаевтың әлемдік санадан өз орын алатындай елеулі құбылыс болуы, тек оның әдеби ізденістерімен шектелмейді. Халқына қамқор, ұлтына жанашыр боламын деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан болып, өрге көтерілді. Абай кісі мен кісінің де, халық пен халықтың да арасында бола беретін мәселелердің шешімін тауып, олардан жоғары тұра білді. Ұлықтарды ұнатпағанымен, көрші орыс халқына, басқа да халықтарға зор ілтипатпен қарады. Патшалық билікті қолдамағанына қарамастан, ұлы орыс мәдениетінен тәлім алды. Аз халықты да, көп халықты да бауырластыратын рухани ықпалдастық деп түсінді. Өзіне адам баласының бәрін дос санады. Тіпті жиырма бесінші сөзінде Абай: „Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да- бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады.“,- деп айтқаны бар.[4] Яғни, Абайдың артынан қалған шығармалары әлем тілдеріне аударылып, өзге ұлт иелеріне де бағдар беруде. Жалпы маған Абайдың қара сөздері қатты ұнайды. Я, Абайдың әрбір жұмысы өзінше ерекше болып саналады. Бірақ маған, Абайдың қанша шығармасы болмасын, қара сөздері ерекше ұнайды. Оны оқығанда, көзім ашылып, қысқа әрі жоспарланбаған ойларымды тастап, жаңа мақсаттар мен жоспарлар құра бастадым. Шынымды айтсам, мұндай шығарманы бірінші рет көріп тұрмын. XIX ғасырда жазылуы мүмкін емес жұмысты жазып шығарды. Шығарманың сыртын қарамай, оқып шығатын болсаң, жазылған ғасырына сену өте қиын. Өзіме психология, философия және драмалық жанрлар ұнайды. Ал Абайдың қара сөздерінің әр сөйлемі бұл жанрлармен тығыз байланысты. Мен мұндай ерекше психологиялық және философиялық қолданымдарды қазақ әдебиетінде бұрын-соңды мүлде көрген емеспін. Қара сөздерін оқығанда тек қана қазақтың емес, бүкіл әлем халықтарының өмірге деген көзқарасы мен ойы өзгереді. Бірақ бәрібір де Абайдың қара сөздері нағыз қазақтың кітабы. Өйткені, оны оқығанда кез келген қазақтың патриоттық сезімі оянып, өз қателіктерін түсініп, Абайға деген алғысы шексіз болады. Біз оның ерекше, әрі қайратты талантына қарыздармыз. Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс.[3] Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге кірпіш болып қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен керемет болушы еді. Менің ойымша, өз халқын „жұрт болсын, өссін, өнсін“ дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын дегім келеді. Себебі, мұндай данышпан ғасырда бір туады. Ендеше, Абай өнегесі әрдайым көз алдымызда болғай! Қай ісіміз де Абай армандаған биіктен көріне бергей!

Осы баяндаманы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен аяқтағым келіп отыр: „Абайдың даналығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні- біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана“[3].

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Байтұрсынов А. „Қазақтың бас ақыны Абай“. -1992.- №3. -23 бет.

2.Барлыбаева Г.Г., Ерғалиев І. „Абайдың этикалық және гуманистік ой-толғаулары“.- Алматы: Философия институты, 1997- 49 бет.

3.Б. Жүнісбеков , „Абай туралы естеліктер“.- Алматы: Қаламгер баспасы, 2018- 504 бет.  

4.Құнанбайұлы А. „Қара сөздер“.- Орал: Оптика, 2006. -164 бет.