ДАНАЛЫҚ КЕМЕЛДІГІ /Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына арналған мақала/

Медет К.Сериков

.

.

Бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық тойына арналған ғылыми, мәдени шаралар өткізіліп жатыр.

Осыған орай әл-Фараби бабамыздың өмірбаянын және еңбектерін зерттеуде бұрын жіберілген олқылықтар қайта пайымдалып, ізденістердің нәтижесінде көптеген тың деректер анықталуда. Фарабитанудың негізін қалаған ғалым Ақжан Машанов «…Фараби еңбектерінің, өмірбаянының мұқият зерттелуге тиісті ашылмаған сырлары, танылмаған қырлары ұшан-теңіз», — деген болатын.

Қазіргі зерттеулер әл-Фараби бабамыздың тек қана «кір жуып, кіндік кескен» жері ғана емес, Ұлы Ғұламаның озық та кемелді білім дариясының қайнар көзі де, түп қазығы да Отырар екенін дәлелдеп отыр.

Сан салалы ғылымдардың негізін Отырарда алып, сол ғылымдарды терең зерттеп, өзі де талай құнды еңбектерімен танылған Ұлы Ғұламаны 50 жас шамасында Бағдаттың билеушісі арнайы өз еліне шақырып, ғылым-білім үйретуді тапсырған.

Сол дәуірде араб тілі көп қолданыста болғандықтан Ұлы Ғұлама көптеген еңбектерін араб тілінде жазған.

Қазірде қазақ тілінде жарық көрген еңбектерін өз біліміміздің, танымдылығымыздың деңгейімен саралайтын болсақ, өзіміздің білім және таным деңгейіміз жеткілікті болар ма екен?…

Мен «Қазақ халқының философиялық мұрасы» жинағының үшінші томынан оқыған, менің қызығушылығымды оятқан әл-Фараби бабамыздың «Даналық негіздері» деп аталатын еңбегіне тоқталмақпын.

Осы еңбектегі «Адамның мәні» деген ұғым өзіме бірталай ойларды тудырды. Шындығында «Адамның мәні» деген сөзбен таныс емеспіз, ал «санның мәні», «өмірдің мәні» деген түсініктер жиі айтылады.

Енді мен өзім оқыған осы еңбектен түйген ойларымды жеткізейін.

Біздің айналамыздағы барлық нәрселер мәнді-ортақ қасиетке және дара-жеке қасиетке ие.

Ортақ мән, яғни ортақ қасиет – өмірге келген уақыттан айқындалады. Ал дара-жеке қасиет өмір сүре бастағаннан байқалады.

Мысалы: Енді дүниеге келген сәбимен, 80 жасқа келген қарт адамды алайық. Екеуінде де бір түрге жататын ортақ мән бар екенін даусыз, яғни адамға тән. Бірақ сәбидің дара-жеке ерекше қасиеттері әлі белгісіз. Ал қарт адам туралы сол адаммен қарым-қатынаста болған адамдар дара-жеке қасиеттерін айта алады.

Сонда адамдардағы дара қасиет қалай пайда болған, қалай дамиды, осы дара қасиетті қалай анықтауға болады?

Яғни, жеке дара қасиет – адамның мәні. Адамның мәні дүниеге келгенде бейболмыс, яғни айқын емес, белгісіз, кейіннен айқын, белгілі болмысқа айналады.

Көз көру мүшесі барлық адамдарға тән ортақ мән – ортақ қасиет. Біз мысалға алып отырған дүние есігін жаңа ашқан сәбиде көрудің ерекше қасиеті – қырағылық бар дейік. Бірақ бала белгілі бір уақыт өмір сүргенше өзінің осы қасиетін білмеуі мүмкін, тіпті өмірінің аяғына дейін білмей кетуі де мүмкін.Ал қарт адам қалыпты көру қабілетімен туғандықтан өзгеріс болмайды. Сол сәби белгілі Х жасқа келгенде өзінің ерекше-көргіштік қасиетін байқап, осы қасиетін қандай мақсатта пайдалануға болатынын дұрыс анықтай білсе ғана жеке адамдық мәнге ие болады. Демек, бір түрге тән ортақ мәннен-ортақ қасиеттен – жетілген дамыған жеке-дара қасиет — адамның мәні пайда болады.

Адамдар өзінің басқа да адамдармен жалпыға ортақ мәнін – ортақ қасиеттерін біледі және жалпыға ортақ мән өте көп. Ал жәй адамның мәні неден, қалай пайда болады?

Соны қарастырсақ:

Сәл шегініс жасап әл-Фараби бабамыздың мына сөзін келтірсек: Бір кісі бабамызға тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?», — деп сұрапты. Сонда әл-Фараби бабамыз: «Бәрінен де ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой», — деп жауап берген екен.

Әл-Фараби бабамыз айтқандай жалпыға ортақ мән – ортақ қасиет те, жеке дара қасиет – адам мәні де ұрықтан пайда болады. Айырмашылықтары ортақ мән – ашық айқын көрінеді, адам мәні – көмескі жасырын, бейболмыс.

Өзіне тән адам мәнін қалай білеміз, қалай танимыз? Бейболмыс болмысқа қалай айналады? Әл-Фараби бабамыздың адам мәнін тану, білу дегені – адамның өзін-өзі тануы. Әл-Фараби бабамыз жалпы ортақ мәннің де, жасырын адамдық мәннің де тұқымда орналасқанын және осы дара адам мәні келесі ұрпақтарда тұқым қуалайтынын білген. Ондай тұқым қуалайтын даралық адам мәні тектілік қасиетке ие, яғни бір текке ғана тән.

Қоғамдық өмірдегі, тіршіліктегі жеке қатынастарда адам өзінің жан дүниесіне үңіліп әділ, шынайы тұрғыда өз өзіне баға бере алса, өзінің жеке дара ерекшеліктеріне назар аударып, өзіне білінген, сезілген ерекшеліктерін дәл анықтайтын болса ғана өзін-өзі тани алады. Адам мәнін анықтауда өзара қатынастар, яғни қоршаған орта әсері және жеке адамның айқын мақсаты ықпал етуші күш болып табылады.

Әл-Фараби бабамыз адамның мәні құпия және айқын болып бөлінеді дейді. Адамның айқын мәні сезім, түйсік арқылы қабылданып, айқындалып, бейнеленеді. Адамның құпия мәні – адамның рухани күші (ішкі күш).

Рухани күш екі категорияға бөлінеді: біріншісі – іс-әрекет, екіншісі – таным, білім.

Адамның рухани іс-әрекеті үшке бөлінеді: а) өсімдікті әрекет – айқындалған қасиетті сақтау, жалғастыру, текке тән қасиетті ұрпақтарына қалдыру. Оны рухани күш-сезім басқарады. ә) Жануарлық әрекет – тәндік десек те болады, тек өз таңдауымен, өз қалауымен, өз өктемдігімен болатын әрекет. Өзіне пайдасыз, әрі зиянды болса үрей, қорқынышпен әрекет жасайды. Оны ашу-ыза басқарады.  б) Адамдық әрекет – өмірдегі өзі қойған мақсаттарға байланысты. Айналасындағы өзгерістерді қабылдау, жорамалдау, пайымдау, талпыну арқылы пайдалы және ізгілікті таңдау.

Өсімдікті және жануарлы іс-әрекеттің болуына сезім, түйсік басымдылық жасайды, ал адамдық іс-әрекетке таным, ақыл, ой, сана, тұжырым бағыт береді.

Адам тек сезім мен түйсікке ғана сүйенетін болса рухани күште таным, білім әлсіз болады. Ал адам таным, білімге ғана сүйенетін болса сезіну, түйсіну, қабылдау жоғалады. Осы себепті адам өзін-өзі тануда, адам мәнін табуда сезім, түйсіктің қабылдау, болжау, бейнелеу әрекетіне және ақыл-ой, сана арқылы білім мен танымға сүйене отырып өзінің дара, ерекше қасиетін – өз адам мәнін таниды, біледі, жетілдіреді, дамытады, өмірдегі өз орнын табады, Мақсатына жетеді.

Адам әрекет ету барысында, өзін-өзі тануда, адам мәнін анықтауда, талай қателіктер мен ағаттықтар жібереді. Осы жіберілген қателіктері мен ағаттықтары нәтижесінде, өз адам мәнін анықтауда, дұрыстығы мен бұрыстығына, яғни әділеттікке көз жеткізеді. Адам мәнін анықтауда тек сезіміне бой алдырса шешім қабылдауда әлсіз болады. Ал шешім қабылдауда қорқыныш, үрей орын алса әрекет ету жоғалады. Көп ойлану еске алуды тежейді, көп еске алу ойлау мен тұжырымдауды шектейді. Өмірдегі, қоғамдағы өзара қарым-қатынастардан жиналған таным, білім, тәжірибе, тұжырым адамды жаңа ойлауға, белгісізден жаңа белгіліні ашады. Осы жаңа белгіліні тану мақсатында – адам өзін-өзі зерттей отырып, жаңа дара қасиетін қалыптастырып, шыңдайды.

Сезім – табиғи жаратылыс сезіну, түйсіну, қабылдау әлемі.

Ақыл – парасат бұйыру, әрекет ету әлемі.

Сезім мен ақыл, парасаттанда жоғары орналасқан және жасырылған, бірақ тануға, білуге, көруге – көз жеткізуге болатын әлем – адамның өзін-өзі танудағы, өз адам мәнін анықтаудағы, өмірдегі және қоғамдағы өз орнына қол жеткізудегі сол адамның Айқын Мақсаты.

Әл-Фараби бабамыздың осы еңбегі — адамдардың өмірдегі өз орныңды табуың, асуларды бағындырып, биіктерге қол жеткізуің де, өз-өзіңді әділетті шынайы бағалауында, — деген, біздерге айтқан өсиеті ме деймін…

Адамдардың даралық пен даналыққа жету жолын көрсете білген Ұлы Ғұлама — әл-Фараби бабамыз Даналық кемелдігі емес пе?  Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін ғана өшкеніміз жанып, бүлінгеніміз бүтінделіп, жадымыздағы жаңғырып руханиятымыз түгенделе бастады.

Халқымыздың мерейін өсіріп, бірлігін арттырып, ұлттық мақтанышымызды айқындайтын ұлттық мәдениетіміз бен өшпес мұра Ғұлама бабаларымыздың еңбектері ұрпақ сабақтастығы – Мәңгілік ел болудың берік те, бекем алтын діңгегі.

Ата-бабаларымыздың аманат ретінде қалдырған асыл қазынасын сақтау, жаңғырту, зерттеу, оқу-білу, ұрпақтары, яғни біздер үшін зор мақтаныш, әрі жауапкершілік.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия: 4 том: Ж-К /Бас ред. Ә. Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2002. — 720 бет. — ISBN 5-89800-157-3
  2. Əл-Фараби философиясы. Жиырма томдық. 2 том /ст. Э. Нысанбаев. — Астана: Аударма, 2005. — 480 с. — (Серия «Қазақ халкының философиялық мұрасы», 3-том). — ISBN 9965-18-146-2
  3. А.Көбесов «Сөнбес жұлдыздар» Алматы, 2008 ж. «Шығыс Аристотелі»
  4. «Жалын» журналы. №2 2020 жыл. Әл-Фараби тағылымы.
  5. «Мәңгілік Ел» — қазақ елінің жалпы ұлттық идеясы.