Әдістемелік нұсқау — ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ пәнінен лекция курсы

Бекова Салтанат Алғатайқызы
Оқытушы
.
.
КІРІСПЕ
 «Құқық негіздері» оқулығы мемлекет туралы негізгі түсініктерді, сондай-ақ құқық және құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдарды қарастыруға арналған. Оқу курсында конституциялық құқықтың негіздері, Қазақстан Республикасындағы адам және азамат мәртебесінің конституциялық негіздері, сайлау құқығы, әкімшілік құқық, Қазақстан Республикасы азаматтық құқығының негіздері, интеллектуалдық меншік құқығы, мұрагерлік құқық, отбасылық құқық негіздері, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, қаржы құқығы негіздері, бюджеттік құқық, салық құқығының негіздері, инвестициялық қатынастарды құқықтық реттеу, еңбек құқығы негіздері және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы, қылмыстық құқық негіздері, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері, экологиялық құқық негіздері, Қазақстан Республикасының қылмыстық және азаматтық іс жүргізу құқығының негіздері қарастырылады.
    Құқық пен мемлекетті дамыту және жетілдіру құқықтық мемлекеттің дамуы мен қызмет етуінің негізі  болып табылады. Қазақстан Республикасында құқықтық нормалар үнемі жаңартылып, жетілдірілу үстінде, сол арқылы жүргізіліп отырған реформалар айқындалып  жүзеге асырылады. Қазіргі кезеңдегі қоғамның даму жағдайы жоғарғы және орта-арнаулы білімді маманға жоғарғы талап қоюда. Бұл құқық негіздеріне де қатысты. Қазіргі кезеңде құқық субъектілерінің құқықтық ақпараттануы және құқықтық санасының жоғарғы деңгейде болуы аса қажетті. Себебі, құқықтық мемлекеттің негізі болып табылатын адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау қоғамның құқықтық мәдениетінің жоғарғы деңгейінсіз мүмкін емес. Құқықтық  нормалар мен қағидаларын білу қазіргі құқықтың негізгі салаларына жалпы  бағдар алуға мүмкіндік береді, Қазақстан Республикасы заңнамасының негізгі жүйесін ұғынуға көмектеседі, сондай-ақ заңдар мен заңға бағынышты актілерді өздерінің еңбек жолында табысты пайдалана білуге жағдай жасайды.
  «Құқық негіздері» электрондық оқулықты оқып үйренудің негізгі міндеті — Қазақстан Республикасы нормативті-құқықтық актілерінің негізгі ережелерін білу және оларды күнделікті өмірде пайдалана білу дағдысын қалыптастыру болып табылады. Қазақстандық құқық негіздерін зерттеу экономика мамандығы бойынша білім алатын студентке экономикалық қатынастар субъектілерінің шаруашылық әрекетін кешенді түсінуге қажетті заңнама ережелерін игеруге мүмкіндік береді.
Электрондық оқулықты оқыту міндеттерінің қатарына құқықтық нормалар ережелерін позитивті игеру, оларды тиімді пайдалану үшін қажетті заңдық талқылау және дұрыс түсіну, құқық және заңнама жүйесі мен құрылымын , мемлекеттік билік органдарының, сонымен бірге құқық қорғау органдарының міндеттері мен әрекет ету қағидаттарын білу де кіреді.
 
МЕМЛЕКЕТ, ҚҰҚЫҚ  ЖӘНЕ  МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ  ҚҰБЫЛЫСТАР ТУРАЛЫ  НЕГІЗГІ ҰҒЫМДАР
 
   1.Құқық негіздері курсының жүйесі
   1.1. Құқық негіздерінің қайнар көздер
   1.2. Мемлекет және құқық туралы негізгі  түсініктер
   1.3.Мемелекет пен құқықтың пайда болуы туралы теориялар
 
Құқық негіздерінің жүйесі, пәні
 
    Жүйе деп әртүрлі байланыстарымен және өзара қатынастарымен біріккен жеке элементтерден тұратын күрделі ұйымдасқан тұтастық түсініледі.
Элемент — бұл күрделі тұтастықтың құрамды бөлігі. Демек, жүйе ішкі құрылысты, құрылымды, байланысты, бөлшекке даралап бөлуді мегзейді. Сонымен бірге жүйе белгілі бір заңдар немесе принциптер бойынша реттелген жеке элементтерден тұратын біртұтас құрылым болып табылады. Құқық теориясында жүйе деп реттелінетін қоғамдық қатынастардың сипатымен айқындалатын тарихи қалыптасқан, ақиқат бар құқықтың ішкі құрылымы түсініледі.
Құқықтың жүйесі оның ішкі бірлігін білдіреді, ол қалыптасқан қоғамдық қатынастардың жүйесімен байланысты. Оның бастапқы элементі құқықтық нұсқау — құқық нормасы болып табылады. Құқық нормаларынын көбінің бір тұтасқа бірігуі, олардың арасындағы өзара іс-қимылы оның жеке бөлшектеріне тән емес жаңа сапа туғызады.
    Жүйелер туралы жалпы теория идеяларын құқық жүйесін сипаттағанда толығынан қолдануға болады. Оның аса маңызды белгілері: біріншіден, құқық нормаларының тұтастығы, бірлігі; екіншіден, құқықтың жүйелілігі болып табылады. Соңғыны құқық жүйесінің сыртқы қасиеті ретінде айыруға болады. Оның ең басты сапасы — қайшылығы жоқтығы, үйлесімсіз ережелердін болмауы.
Құқық нормалары бірімен бірі өзара байланысты, өзара келісімді болуы керек, құқық тек жалпы экономикалық жағдайға ғана сәйкес, жәй ғана оның көрінісі болып қоймай, қайта ішкі қайшылықтарына байланысты өзін-өзі жоққа шығармайтын ішкі үйлесімнің көрінісі болуға тиіс.
Әрбір жүйе екі негізгі бөліктің, біріншіден, құрылышы — қандай да болмасын бірыңғай тым жалпы бір тұтастықтың (процестің, құбылыстың) шеңберінде біршама дербес элементтердің жекеленуі мен «жиынтығын» және, екіншіден, құрылым элементтерінің өзара қатынасы болуын көздейді.
Құрылым дегеніміз элементтердің тұрақты бірлігін қатынастардың реттелінгендігін, тұрақтылығын білдіретін элементтер байланысының заңы; ол құбылыстың жүйе ретінде тұтастығын, бірлігін сақтауды қамтамасыз етеді, оның негізгі қаңқасын құрайды. Сонымен бірге элементтердің бірлігі олардың өзара бір-бірімен келіскен әрекеттестікте болуын көздейді, бұл жүйенің өмір сүруінің амалы болып табылады. Өзара әрекеттестіктің арқасында әрбір элемент бүкіл жүйеге тән өзгеше сапаға ие болады. Оның жүйеден тысқары өмір сүруі мүмкін емес.
Құқықтың жүйелі құбылыс ретінде нақ осы ерекшелігіне толығырақ тоқталайық, құқық жүйесі құрылысының негізі мен принциптерін қарастырайық. Құқықты жеке бөліктерге бөлудің негізіне материалдық белгі — құқықтық реттеудің негізіне жататын қоғамдық қатынастардың сипаты алынды. Құқық жүйесін жеке бөліктерге бөлу қандай да болсын нормалаудың қоғамдық қатынастардың қай саласын реттейтіндігіне байланысты, яғни құқық жүйесінде салаларды бөлудің белгісі құқықтық реттеудің тақырыбы болып табылады.
Құқық жүйесінде салаларды бөлудің қосымша белгісіне құқықтық реттеудің әдісі жатады, ол дегеніміз заңдык тәсілдер мен амалдардың жиынтығы, солардың көмегімен сапасы жағынан біртектес, жекеленген қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүзеге асырылады. Оны құқықтың салаларын бөлудің заңдық белгісі деп айтады.
Құқықтық реттеу тақырыбы бойынша ерекшеленетін құқық жүйесінің жеке бөліктері құқық салалары деп аталады, олар біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы ретінде түсініледі.
Егер нормативтік нұсқама (құқық нормасы) құқықтың бастапқы элементі, негізгі клеткасы, тұтас құқықтык материя болатын болса, онда құқықтық институт құқық саласының негізгі элементі, саланың бастапқы, дербес құрылымдық бөлшегі болып табылады, онда құқықтық нормалар өздерінің заңдык мазмұны бойынша топтастырылады. Заңдық нормалар саланы тікелей емес, құқықтық институттар арқылы құрады. Құқықтық институтбұл біртектес қоғамдық қатынастардың дербес түрін реттейтін құқық саласының бөлігі.
Ғылымның немесе оқу құралының өзіндік реттейтін, оқытатын пәні болады. Мемлекет және құқық пәні — қоғамдағы саяси экономикалық, әлеуметтік құбылыстарды зерттеп, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынастарды реттеу, басқару әдіс-тәсілдерін, объективтік заңдылықтарын анықтап отыратын ғылым. Ол мемлекет пен құқықтың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді. Мемлекет пен құқықты бөліп қарауға болмайды, олар бір-бірімен тығыз байланысты. Құқық мемлекеттік органдардың құрамын қалыптастырудың ретін, жұмыс тәртібін және оның бағыт-бағдарын орнықтырады, ал мемлекет құқықтық нормаларды қабылдайды, бекітеді және қорғайды.
Методология (әдіс-тәсіл) — дүниені философиялық тұрғыдан түсіндіретін ілім. Ғылыми методологияның негізі — диалектикалық  материализм. Мемлекет және құқық теориясының методологиясы философияның обьективтік заңдарына, теориялық қағидаларына сүйене отырып, логикалық әдіс-тәсілдер арқылы мемлекет пен құқықтың өмірге келу, даму заңдылықтарын зерттейді. Бұл зерттеу процесінде теория мен тәжрибенің бірлестігіне сүйене отырып, қортынды ғылыми тұжырымдар жасалады. Сонымен мемлекет және құқық теориясының әдісі — диалектикалық материализм методологиясы және заң ғылымдарының зерттеу тәжірибесінен қалыптасқан әдіс-тәсілдер.
Адам қоғамының тарихын, даму процесін, мазмұнын, болашағын зерттейтін ғылымдарды қоғамдық ғылым дейді. Оның салалары: философия, саяси экономика, тарих, социология, заң ғылымдары, филология, археология, этнография т. б. Бұлардың ішінде мемелекет пен құқық теориясына кеңірек көңіл бөлетін философия мен тарих, ал басқалары қысқаша тоқтап өтеді.
Заң ғылымы – қоғам ғылымдарының бір саласы. Заң ғылымы шын және толық мәнінде заң дүниесін, заң құрамын жете танитын ғылым болып XIX ғасырдың ортасында қалыптасты. Бұл ғылым мемлекет пен құқықтың өмірге келуін, мазмұнын, атқаратын жұмыстарын, диалектикалық даму процесін т. б. мәселелерін зерттеумен шұғылданады.
Заң ғылымдары үш топқа бөлінеді:
  1. Мемлекет және құқық теориясы, мемлекет пен құқықтың жалпы тарихы, құқық пен саясаттың тарихи дамуы;
  2. Салалық заң ғылымдары (азаматтық, қылмыстық, еңбек т. б.)
  3. Арнаулы заң ғылымдары (криминалистика, соттық-медицина, халықаралық құқық т. б.).