Ағылшын тілі сабағына ойын арқылы өткізудің тиімділігі

Тулешова Г.К.

Преподаватель английского языка

Адамзаттың көптеген жылдар бойғы ойнау тәжірибесі ойынның білімдік құндылығын дәлелдеді. Ойынның шығу сырын ғалымдар жүздеген жылдар бойы зерттеп келеді. Ойын өмірде пайдасыз көрінгенмен аса қажетті көрініс-құбылыс. Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды. Ал мұғалімнің міндеті — балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету .

Ағылшын тілі мұғалімдерінің оқу– тәрбие жұмысының негізгі саласы сабақ. Сабақ үстінде оқушылардың біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы дамиды. Негізгі бетбұрыс оқушы білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни окушыға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін сабаққа сыныптағы оқушының барлығын қызықтыра отырып қатыстыру қажет. Бес саусақ бірдей емес, яғни әр оқушының сабаққа қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан оқушылардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез-келген оқушының қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын оқушының өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды. Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі — дидактикалық ойындар.

Ойын элементтерін қолдана отырып мұғалім оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, зейінін арттыру мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда, мұғалім ойын жағдаяттарын туғыза отырып, әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп ойын сюжетін құрастырады.

Ағылшын тіл сабақтарында дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады. 5,6 класс оқушылары әлі де ойын баласы, сондықтан мұғалім оларды жалықтырмай әртүрлі ойын түрлерімен сабақты қызықты өткізуге тырысуы қажет. Ойындар оқушылардың ой — өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойын оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді.

 ОЙЫН АРҚЫЛЫ ОҚУШЫ НЕНІ ҮЙРЕНЕДІ?

  1. Оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді.
  2. Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып қиын мәселелерді өз бетінше шеше білуге үйретеді.
  3. Оқу процесінде алған білімді нақты істе қолдана білуге мүмкіндік береді.
  4. Оқушы әрекетіне негізделген оқу көлемін басқарады.
  5. Уақытты үнемдеуге үйретеді.
  6. Оқушылар үшін психологиялық жағымды.
  7. Ойын барысында шешім қабылдау оқушылардан аса жауапкершілікті талап етеді.
  8. Оқушылар үшін қауіпсіз .

Сабақта ойын түрлерін пайдалану сабақ түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны. Ойын түрлерін оқу процесін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында пайдалануға болады. Ойын түрлерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдылық маңызы да арта түседі. Ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруге ерекше назар аударған жөн. «Ойыннан басталады»,- десек, баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін ағылшын тілі мұғалімінің басты қолданатын тәсілі — ойын.