Эссе «Абай Құнанбайұлы – қазақ елінің мақтанышы»

Усина Аягоз Шабалқызы

Оқытушы

.

.

     Абай Құнанбайұлы — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор,  аудармашы  саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.  Абай ақындық шығармаларында қазақ  халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

     Абай 23 тамыз 1845 жылы қазіргі  Семей облысының Шыңғыс тауларында Қарқаралының  аға сұлтаны Құнанбайдың  төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан  туған. Ақынның арғы тегі Орта жүз  Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан  басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады.Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған.  Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған “кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі  Ахмет Риза медресесінде оқиды.  Бұл медреседе араб, парсы  тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди,  Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы “Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Абай әке қасында болған жылдарда атқамінер би-болыстардың қулық-сұмдықтарын,  қазақ даласына ыдырай бастаған феодрулық қатынастардың кереғар қайшылықтары кіріптар еткен әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын, аштық пен жалаңаштықты, патриапхалдық, кертартпа салт-сана, әдет-ғұрып зандарының залалдарынын айқын түсінді.

      Абайдың  көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі — қара сөздері. Абайдың  қара сөздері  — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы  даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты — жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай  өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған.

     Абай өлең жазуды 10 жасында бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — “Физули, Шәмси” “Сап, сап, көңілім”, “Шәріпке”, “Абралыға” , “Жақсылыққа”, “Кең жайлау”  өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған.  Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — “Қаңсонарда” 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия  деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

     Аудармашыға екі қасиет қажет. Бірі талғампаздық, екіншісі ой тереңдігі. Талғампаздық деп отырғанымыз Абайдың хакімдігінің бір қыры. Абай бас салып кім көрінгенді аудармағаң ол аудармақшы болған автормен өзі бәсекеге түскен. Абайдың аудармалары, шын мәнінде, ой жарыстыру. Сондықтан Абай жасаған аудармаларын оның ой кеңістігінің өрісі деп қабылдаған жөн. Абай тілін еркін меңгерген орыс халқынан таңдап, талғап, әсіресе екі ақынды аударған олар Александр Пушкин және Михаил Лермонтов.  Абайдың талғампаздығына таң-тамаша қаласың. Орыс елімен, оның мәдениетімен мәңгілік қалатын, ешқандай өзге құндылық өлшемдеріне түспейтін екі ғалымды Абай бұлжытпай таныған және қазақ халқына таныстыру мақсатында, олардың шығармаларын қазақтіліне аударған.

     Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді. Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бір ұлы Мағауия дүниеден өтті. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тиді. Мағауияның өлімінен кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі де қайтыс болды.

     Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир,  Пушкин,  Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.