Эссе «Абай Құнанбайұлы қазақтың біртуар Ұлы ақыны»

Орындаған: Муталиева Сабира Бауыржановна

Жетекшісі: Алмұқанова Аягөз Бекболатқызы

.

.

Абай Құнанбаев — қазақ халқының ұлы ақыны, философ-гуманист, сазгер, зергер. Ол 1845 жылы 10 тамызда Семей облысында Шыңғыстау тауының баурайында, Қасқабұлақ қайнарынан алыс емес жерде дүниеге келген. Алғашында ақынның аты Ибраһим болған. Әжесі Зере сүйікті немересіне Абай деген ат қойды, бұл «ұқыпты, сүйкімді» деген мағынаны білдірді.

«… Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..»

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның сөзі еді. Өзінің көптеген тұстастарының айтуына қарағанда, Абай өлеңді өте ерте, он екі жасынан бастап шығарған. Оның бұл кезеңде шығарғандарының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулерінің және бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған… Қазақстанда ол кезде жазу-сызу нашар дамыған болғандықтан, бізде Абайдың жас кезіндегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын, тұстастары жазған мемуарлар, хаттар, жазбалар жоқ. Үстем тап өкілдерінің ақынға деген қатынасының да салқыны бұған аз тиген жоқ. Егер халық поэзияны терең қастерлеп, ақын атын жоғары бағаласа, ру байлары: «Құдайға шүкір, біздің рудан бір де ақын, бір де бақсы шыққан жоқ» деп күпінетін. Поэзияға осындай көзқарастың әсерімен Абай өзінің көптеген өлеңдерін жас достарының атынан таратқан. Орта жасқа келгенде Абай орыс тілін үйренуге қайтадан бет бұрады. Есейген, мәдениетті өскен Абай орыстың классикалық әдебиеті мен Шығыстың халық шығармашылығын оқи бастайды. Отыз бес жасқа келгенде ғана Абай шығармашылыққа қайта оралады. Бірақ бұл кезеңде де өз өлеңдерін жас достарының атынан таратады. Тек, 1886 жылы, қырық жастан асқан соң «Жаз» деген атақты өлеңін жазғаннан кейін ғана Абай шығармаларына өз атын қойды. Отыз жастарға келгенде феодалдық – рулық ортадан біржола түңіледі. Ол патша үкіметі тұтандырып отырған рулық тартыстың халық үшін өте ауырға соғатынын анық көреді. Нағыз ақын, әрі патриот  Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты. Өзінің өлеңдерінде ол феодалдық – рулық билеп- төстеушілерді аяусыз әшкерелейді және халықты өнер-білімге шақырады. Абай орыстың жер ауып келген 70-80 жылдардағы революционерлерімен танысады. Олар – революцияшыл интеллегенцияның өкілдері, Н.Г.Чернышевскийдің жолын қуушылар еді. Солардың бірі –          Е.П.Михаэлис. Абайдың олармен таныстығы кешікпей үлкен достыққа айналады. Орыс достары Абайдың өз бетімен білім алуына ерекше назар аударып, зор көмек көрсетеді. Олар Абайдан қазақ халқының тарихы, поэзиясы, әдет-ғұрпы және өнері жайында көп мәлімет алады, өздеріне бейтаныс өлкенің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларын, тұрмысын зерттейді.

Абай қазақ халқының ғасырлар бойғы қараңғылықтан құтылатын бірден-бір дұрыс жолы – орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. Ұлы ақын-ағартушы халықтардың туысқандығы мен достығы идеяларын жақтаушы болды. Өзінің өлеңдерінде ол қазақ халқына орыс халқын патша отаршыларынан айыра білуді көрсетуге тырысты. Абай Құнанбайұлы тек қана ақын емес, сонымен бірге музыкант, қазақтың халық музыкасын терең білген, жете бағалаған адам болды. Ол бірқатар мелодиялар шығарды. Ақынның мелодиялары, негізінен, оның қазақ поэзиясына жаңалық енгізген өлеңдеріне арналған еді. Уақыт өте келе, Абай халық жақсы білетін әрі аса қадір тұтатын кісі болады. Оған тіпті алыс жерлерден ақындар, музыканттар, жыршылар келеді. Мысалы, Біржан, ақын Ажар, Қуандық, Сара және басқалар оның өлеңдерін бүкіл кең далаға таратады. Абайдың қайратты қарасөздері оның сөзге деген өнерінің көркемдік күшін, даналығын көрсеткен прозалық шығармалар болып табылады. Абайдың қара сөздерінің жалпылық саны 45 бөліктен тұрады. Олар тақырып нысанынан бір ғана бағытта жазылмады, олар әр алуан болды. Абайдың 6-7 қара сөздері қысқалау болса, кейбіреулері тақырып және мағынасы жағынан ауқымды болды. Өзімнің ой санамда түрлі шешім қалдырған қара сөздер де бар. Бұлар жетінші, он жетінші, отыз бірінші қара сөздері. Бір сөзінде мақтаншақтық жайлы сөз қозғаса, енді бірінде иман жайында жазады, ал енді бірінде қазақтарда кең қолданысқа ие болған алайда еш мағынасы жоқ, мағлұм болған мақалдарды сынай отырып оқырманға оның дұрыс бұрыстығын нұсқап көрсетеді. Қара сөздерінің қайсысы болмасын қазақты жақсылыққа, игі істерге шақырады, жамандық пен жалқаулықтан жирендіру үшін түрлі әдіспен сөздерден маржан түзіп әсерлі етуге барын салғандығы маған ерекше ұнады. Әрбір қазақ азаматы осы қара сөздерді оқып шығуға міндетті деп санаймын. Менің ойымша, 45 қара сөздің барлығын да жаттап алған жастардың саны бүгінгі күні аз болса да алдағы уақытта көбейетініне сенемін.