Эссе «Инклюзивті білім берудегі арнайы мұғалімнің портреті»

Темірболатова Назгүл Бақытнұрқызы

Бастауыш сынып мұғалімі

.

.

         Инклюзивті білім беру – уақыт талабы, ол дегеніміз ерекше қажеттілікке ие жандарды қолдау аясында  білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың қалыпты балалармен бірге білім алуына жағдай жасау.Қазіргі таңда денсаулығында, дамуында түрлі ақаулары бар балалар арнайы мектептермен қатар тұрғылықты жеріндегі жалпы білім беретін мектептерде де білім алуына болады. Міне осындай балаларды оқыту үшін қандай мұғалім керек?

         Біріншіден, өз ісін сүйетін,өз ісімен үлгі болатын  талапты, шыдамды, уақытпен санаспайтын еңбекқор, жұмыс нәтижесін бағдарлай алатын жақсы ұйымдастырушы болуы шарт деп ойлаймын.Екіншіден, бала жанына шуақ түсіретін мейірімді, оның ішкі жан дүниесін тани алатын зерек, керек кезде қолдау танытып, баланың өзін – өзі бағалауын, өзіне деген сенімін арттыра білетін көреген жан,  бір сөзбен айтқанда балалар психологиясын жақсы  меңгерген жан  болуы керек.Үшіншіден, ерекше қажеттіліктерге ие балалардың ата-аналарымен    жақсы тіл табыса алатын  әдепті ұстаз болғаны абзал.Сонымен қатар қоршаған ортаның  мүмкіндігі шектеулі жандарға деген теріс көзқарастарына төтеп бере алатын жан болуы тиіс.Осындай мәселе кез келген мектепте орын алуы мүмкін.Әсіресе денсаулық ақаулары айқын көрінетін, ақыл есі кем балаларды  қатарластары, тіпті тәжірибемнен байқағандай үлкендердің өзі кемсітіп қабылдауы көп кездеседі.Инклюзивті білім беретін мұғалім осы арада балаға да демеу көрсетіп жұбату керек, ортаның да осы мәселе бойынша түсінігін өзгертуге ат салысу керек, ата- анаға да бағыт-бағдар беріп отыру керек.Мысал ретінде өзім сабақ беретін орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушы, 5-сынып оқитын(орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған бағдарлама бастауыш сыныптар бағдарламасына сай болғандықтан мен оқытамын, оқыту үйде кейбір сабақтар мектепте өтеді)  қыз жайлы айтайын.Баланың ақыл-есі кем болғанымен дене дамуы өз жасынан өте жоғары(салмағы көп), өзіне-өзі қызмет көрсетуі төмен болғандықтан мектепке лас болып келген күндері болды.Нәтижесінде балалар одан алшақтай бастады, бала өзін төмен санайтын болды. Ондайды тура айту оңай болмаса да, анасымен әңгімелесу жүргізу арқылы баланың тазалығы ретке келтірілді.Баланың өзге балалармен қарым-қатынасы жақсара түсті.Сондықтан бұл жердегі мұғалімнің адамдармен тіл табысу ерекшелігі –басты талаптардың бірі болмақ.Жандары жаралы ата-аналарды да жұбатып, жылы сөзбен әсер ету – бір ерлік, игі іс.Осындай әңгімелесулер мен баламен жүйелі жұмыс нәтижесінде оқушы қызым 100 көлемінде санайды, сандарды таниды, қарапайым есептеулер жүргізе алады, калькуляторды пайдалана біледі, оқулықтан көшіріп жазады, тақпақтар жаттай біледі, қысқа сөздерді оқиды, сөздерді буынға бөліп дауысты дауыссыздарды айыра біледі, түстерді толық ажыратады.Сурет бойынша қысқа әңгіме құрай біледі.Компьютермен, телефонмен  жұмыс жасай алады.

          Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ең басты қиыншылығы — оқу материалын меңгеру болып табылады.Осы орайда мұғалімнің ізденімпаздығы мен тапқырлығы көп мәселені шешеді.Сыныптағы сабақты ұтымды ұйымдастыру, көрнекілік пен керекті әдіс-тәсілдерді таңдау, балаға назар аударып отыру, мадақтау, оны ұжымның бір мүшесі етіп сезіндіру – ең керекті кәсіптік қасиеттер.

    Қорыта айтқанда , инклюзивті білім беруші мұғалім әр баланың жанына үңіле білетін, оның мұң-мұқтажын түсінетін, қандай-да бір кемшілігіне қарамай оны қолдайтын, баланың өзіне деген сенімін арттыра түсетін, сан түрлі әдістерді қолдану арқылы оны  оқытып шабыттандыратын, әлеуметтік ортаға керек  өмірлік  дағдыларды меңгертетін педагог болуы керек.