Эссе «Кәсіптік білім саласындағы заманауи менеджмент: табыс формуласы»

Туменбаев Даурен Кыдырбекович

директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары

.

.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету — білімнен емес, мінезден»
Әлихан Бөкейханов

Атақты педагогтың бірі В.А.Сухомлинский: «Ұжымды басқарушыда мынадай үш қасиет қажет болуы керек — ғылымды, педагогикалық шеберлікті, ұйымдастырушылық қабілетті ұштастыра білу», — деп атап көрсеткен.

Колледжге өзгеріс енгізіп, оны басқаруда инновациялық қадам жасау үшін жаңа мәдениет құру қажеттігі туындап отыр. Бұл тұрғыда, «XXI ғасырда — колледжді табысқа қалай жетелеймін?» деген сауалға жауап іздеу тұрғаны  айдан анық. Өйткені, әлем өзгеруде, бізде  өзгеруге маңызды қадам жасауымыз қажет. Жаһандану заманында өз тілін, салт — дәстүрін жоғалтпай, жаңа ғасыр бәсекесіне түсе алатын, «Өзгермелі өмірге икемді» тереңнен маржан теретін білімгерлерді оқытып, тәрбиелеу — уақыт талабынан туындап отыр.

Колледжі басқару мазмұны, құрылымы, жаңа амалдары, жүзеге асырылуы және басшының орынбасарына қойылатын талаптарға сәйкес, менің ойымша, біріншіден — басқарушы, ұжымға жетекшілік жасаушы. Екіншіден — көшбасшы, өзінің абыройы, жоғары кәсіпкерлігі, жағымды көңіл — күй қасиеттері негізінде ұжымды ұйымдастырушы. Біздің колледжде, оқытушылардың көбі жас маман, сондықтанда, әрдайым көш бастап жүруді міндетім деп есептеймін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан білім қоғамы жолында»  атты дәрісінде айтылған маңызды ой — пікірді, өзімнің іс — тәжірибемде үлгі тұтып келемін. Елбасы — бәсекеге қабілетті, шығармашылық қарымы шыңдалған жастарға, жүрек нұрын ашар, сәулелі биік дәрісінде: «Өз ресурстарыңа сеніп, әлем айдынында, өз жолымен, жаңа биіктерге, ескегін ескен құбыласы тең, жас елімнің — тыныштығын сақтауымыз керек» немесе «Білім революциясының жаңа кезеңіне батыл қадам жасау керек» деген жігерлі сөздері — менің ой — санамның өсуінің куәсіндей, ерекше күш қуат беріп келеді.

Тараз сервис және технология колледжінде қызмет атқарып жүргеніме төрт жылдың көлемі болса да, алдыңғы қатарлы отандық, шетелдік әріптестердің жүргізген тренинг — курстарына қатысып, өзіме деген рухани қажеттілікті алып отырған жайым бар. Білім жүйесіне — мүлдем өзгеше тұрғыдағы көзқарасым қалыптаса бастады. Әрі нәтижелі еңбек пен талаптың аясында, болашақтағы жаңа зиялы, кәсіби маманның қалыптасуына үлес қоса алатындығымды мақтан тұтамын. Сондай — ақ, басшылық қызмет  жолымда, кәсіби дамуыма мүмкіндік тудырып, жағдай жасап отырған мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды жеткізгім келеді.

Еліміз дамыған өркениетті отыз елдің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл — ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Себебі, біз тәрбиелеген білікті маман — ертеңгі күнгі еліміздің тірегі болмақ. Тәуелсіздіктің  тұғырын, еліміздің тыныштығын сақтап қалатын да, колледжде білім алып отырған білімгерлер.

Мен, басшының орынбасары ретінде, құзырлық тұрғысынан ұйымдастыруда, шығармашыл — ізденімпаз оқытушының жұмысының оң  нәтижесінде, колледж білімгерлерінің — жаңалыққа бейім болып, қазіргі әлеуметтік сұранысқа сай, өздігінен ғылыми ізденістер мен зерттеулер жасайтын, өзін — өзі дамытатын, белсенді әрекетке түсе білетін, тез шешім қабылдайтын, жүйелі түрде өзіне — өзі баға беріп, рефлексия жасап отыратын, эрудициясы жоғары, эстетикалық талғамы бар, шығармашылық ізденіспен, өзін — өзі үздіксіз дамытып отыратын жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп келемін. Өйткені, заманауи басшының орынбасары — барлық мәселеде принципті ұстанымды ұстана білуі тиіс, әділ және адал болуы керек, әріптестеріне мейірімділік танытуы керек, олармен қызметтес болуға дайын болуы тиіс деген қағидаға сүйенемін.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Біз, бүгінгі — жаңа  атаулы, ертең — ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл — жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.Табысты болудың ең іргелі, басты факторы — білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастар — басымдық беретін меженің қатарында, әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, рухани құндылықтар жүйесінде, білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген тұжырымынан ой түйіндей отырып, Тараз сервис және технология колледжінің қаншалықты табысты екенін айтып өтуді жөн көрдім.

Нақты мақсаттардан құрылған баспалдақтан сүрінбей өту арқылы, білімгерлердің  тәрбиесінің оңды болуы үшін бірқатар жобалар іске асырылды.

Колледжде дуальды, модульді, инклюзивті оқыту технологиялары табысты жүргізіліп келеді.

Елбасының бастамасымен жүргізілген «Жас маман» жобасы бойынша оқу-материалдық базаны жаңғырту Worldskills форматында кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін қазіргі заманғы технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Аталған жоба аясында ашылған құзіреттіліктер орталығының базасында жастарды инновациялық және стартап-жобаларға тарту үшін бизнес-инкубаторлар жұмысы ұйымдастырылуда. Аталған жоба жастарды шеберлікке ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікке де баулыйтын болады.

Тараз сервис  және технология колледжі білімгерлерінің білім және кәсіби саласында жетістіктері өте көп. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған халықаралық қозғалыс шеңберіндегі Worldskills чемпионаттарына колледж студентері 2016 жылдан қатысып келеді. Соңғы төрт жылда облыстық чемпионаттарда -14, өңіраралық чемпионаттарда 3 қатысушымыз жүлдегерлер қатарынан көрінсе, республикалық чемпионаттарда 5 түлегіміз «Үздік маман» медалін иеленді. Алматы, Қарағанды, қалаларында өткізілген кәсіби шеберлік байқауларына қатысқан 3 студентіміз жүлдегер атанса, кәсіби жастардың «Профи» байқауларында 11 студентіміз жүлделі орындардан көрінуі болашақ мамандардың шеберлігіне әсер ететіні сөзсіз.

Кәсіби байқаулардан бөлек қоғамдық іс-шаралардың қатысушы студенттеріміз «Қазақстан Республикасы колледждердің ТОП 100 студенті» жобасында екі жыл қатарынан еліміздің үздік студенттері қатарынан көрінуі, «Біз біргеміз» акциясы аясында колледждің 4 ерікті студенттің Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен наградталуы өресі биік, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі жемісті еңбегіміздің көрінісі деп білемін.

Халықаралық аспазшылар турнирлері, республикалық ұлттық тағамдар, «Профи», «Өз ісінің шебері», «Педагогикалық старт» сынды облыстық кәсіби байқауларының жүлдегері болған өндірістік оқыту шеберлері де әрдайым кәсіби шеберлігін ұштап келеді.

Әлеуметтік серіктестік бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Аталған жұмыстың бір айғағы ретінде әлеуметтік серіктестер мен колледждердің біріккен «Үздік тәлімгер 2020» облыстық байқауында бірінші орын иеленгенін айтуға болады.

Аталған жеңістер — біздің колледж үшін үлкен мәртебе. Әрине, бұл — тиімді идеялар мен ойға қонымды ұсынысты әкімшілік құрамымен, педагогтарымыздың бірлесіп шешудің нәтижесінде жеткен жетістік.

«Көргені жақсы көш бастар» дегендей, ауызбіршіліктің нәтижесінде, менің жұмысым мен жетістігімнің шыңы — келешекте де жарасымды жалғасын таба бермек. Өмір — дүние толқынында, білім мекемесінің — ауыр жүгін сүйреген менеджер — жаңа форматтағы педагог ұжымының жұмысын үйлестіру  жолында — кәсіби шеберлігімді үздіксіз жетілдіру арқылы тынымсыз іздену, өзімді — өзім үздіксіз дамытуды парызым деп білемін.

Тараз сервис және технология колледжінде туындаған жаңа жобалар мен тың идеялар — мені жарқын болашаққа жетеледі. Толағай табыстарға жеткізді, мол мүмкіндіктерге жол ашты демекпін.