Эссе «Менің болашақ мамандығым»

Орындаған: Акназарова Анар Жадырасынқызы

Жетекшісі: Алмұқанова Аягөз Бекболатқызы

.

.

Өмірде ең маңызды нәрсе — ол сенің болашақ мамандығың! Ал оны таңдау әрине оңай емес. Мамандық дегеніміз не? Ол адамды материалдық жағынан қамтамасыз ететін іс-әрекет түрі. Әр адам мамандық таңдағанда қателеспеу қажет. Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтағы бақытты өміріңнің кепілі.

Қазіргі кезде жүз пайыздың тек жартысы ғана өз мамандығымен жұмыс жасап жатыр десем қателеспеймін. Неліктен? Мысалы, жас маман белгілі бір жақсы мамандықты бітіреді, бірақ мүлдем қатысы жоқ бағытта жұмыс жасайды. Онда не үшін бірнеше жылдар бойы сол мамандықта оқып, білім алады? Бұл сұрақты сондай жандарға қойсаң, «Мамандық бойынша жұмыс жоқ немесе өз мамандығыммен жұмыс істегім келмейді»,- дейді. Ал кейбірі,        ата-анасының түсірген мамандығымен оқуға тәуелді болады. Шыны керек айлығы жоғары болса, кез келген адам өз мамандығымен жұмыс жасап, сол бағытта қызығушылық танытатын еді. Бірақ ол жұмысты сол ақша үшін істейді. Қаншама уақытын керек емес білім алып, өзіңе ұнамайтын жұмысты айлығы үшін жасайсың. Сол адамға, «Сен бақыттысың ба?», деген сұрақты қойғым келеді. Таңертеңгілік ұйқың қанбай, істегің келмейтін жұмысқа барып, кешке дейін уақытыңды соған жұмсап, жұмыс уақыты біткенде ғана қуанасың. Ал егер сен өзіңе ұнайтын мамандық таңдап, сол бағытта жұмыс жасасаң сенен бақытты адам болмайды. Неге? Себебі, сен өзіңнің жасап жатқан жұмысыңды жақсы көресің, жүзіңде күлкі, бойыңдағы бар ынта-жігеріңмен жасайсың!

Өмірде екі нәрседен қателеспеу қажет дейді: бірі — жар таңдаудан, екіншісі — мамандық таңдаудан. Не себепті мамандық таңдаудан қателеспеу керек екендігін мен жақында ғана түсіндім. Біз бала кезімізден әртүрлі мамандыққа қызығамыз. Бірақ өсе келе біздің таңдауымызда өзгере бастайды. Кейде ең соңғы сыныпқа келгенде ойланып қаламыз. Бұл жағдай менің басымнан өткен еді. 9 сыныпқа келгенде менің таңдауым дизайнер-интерьер болатын. Сол кезде физика-математика бағытын тереңірек оқыдым, әртүрлі үйірмелерге барып жүрдім. 9 сыныпты бітіріп колледжге түскім келді, ары қарай 11 сыныпты жалғастыру ойымда болмады. Уақыт өте келе менің таңдауым тағы өзгерді. Мен кім болғым келеді? Қандай мамандық мені қызықтырады? деген сұрақтарға жауап іздедім. Оқуға құжаттар тапсыратын кез жақындап қалды. Ал мен әлі ойлану үстінде болдым. Шынымды айтсам, ойланбастан «Ет және ет өнімдерін өндіру» деген мамандыққа тапсырдым. Мемлекеттік грантқа түсемінбе, жоқпа оны білмедім. Тамыз айында грантқа түскендер тізімі шықты. Сол тізімнен өзімнің есімімді көрген кезде бойымды керемет бір сезім биледі. Ата-анам да мен үшін риза болды. Содан оқу жылының басталуын тағатсыздана күтіп, дайындалдым. Себебі, алда қызығы мен шыжығы көп студенттік өмір күтіп тұрды.

Алланың қалауымен осы мамандыққа түсіп, қазіргі таңда, 3 курс студентімін. Мен еш өкінбеймін, себебі шыныменде бұл мамандық мені қызықтырады. Бастапқы кезде «Мен бұл мамандыққа не үшін түстім?!» деген ой болды, мүмкін басқа мамандыққа ауысып кетемін деп те ойладым. Бірақ ойлана келе өз мамандығымды жалғастыруды жөн көрдім. Ал енді өз мамандығым туралы айта кетейін. «Ет және ет өнімдерін өндіру» деп аты айтып тұрғандай негізгі бағыт —  ет өнімдері болып табылады. Бұл мамандыққа түсу үшін ең керекті пән ол — химия. Шынымды айтсам химияны осы колледжге келгенде ұната бастадым. Ал мектеп кезінде жай сабақ ретінде қараған едім. Жалпы бұл мамандық ет және оның түрлерін, еттің адам өміріндегі маңызын, оны өңдейтін аппараттар мен жабдықтарды, еттің сақталуын, өңделуін, етте болатын әртүрлі процестер, биологиялық және химиялық маңызы және т.б. зерттейді. Бұл мамандықты игеру барысында біз түрлі өндіріс орындарына саяхат жасап, үйірмелерге қатысып отырамыз. Теориялық және практикалық білімімізді ұштастыра отырып ет өнімдері бойынша макеттер дайындаймыз. Мамандығымның қызықты тұстары өте көп. Бұл салада істеп жатқан адамдар көп болғанмен көбіне танымал емес. Ең керек мамандық екенін білмегендіктен оқығысы келмейтіндер қаншама? Мен осы нәрсені дәлелдеп жеткізгім келеді. Біздің елде мамандық өте көп. Бірақ неге тек қана дәрігер, мұғалім, бухгалтер дегендері ғана жатталып қалған. Өйткені бәрі  соны таңдайды, мен де сол мамандықты таңдауым керек деп ойлайды. Не үшін енді дамып келе жатқан мамандықты таңдамасқа?! Мүмкін сол арқылы сіз елге танымал болып, сол салада көтерілесіз. Ендігі болашақ жастар біз! Сондықтан жан-жақты болып, елімізді көркейтуіміз керек! Ал менің мақсатым — елімізге өз үлесімді қосып, білікті маман иесі болу.

Қорытындылай келе, мамандық таңдаудан қателеспейік! Егер сен өзің қаламаған мамандықты таңдасаң, болашақта қанша тырыссаң да, сенен ештеңе шықпайды. Сенің болашағың — өз қолыңда! Ұлы педагог Ушенский: «Егер мамандықты таңдап алуда сіздің жолыңыз болса және осыған бар жігеріңізді сарп етсеңіз, сізден асқан бақытты жан болмайды»,- деген екен. Біздің бақытты болуымыз мамандығымызға байланысты.