Эссе құрылымы мен жазылу жолдары

Риза Құралай Еділқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
.
.
Эссе жанры қазіргі заманда барлық мамандықтағы адамдар үшін негізгі іскерлік қарым –қатынас жасаудың, табысқа қол жеткізу үшін өз жаңалығын жүзеге асырудың, басқа адамдардың ой-пікіріне көзқарасын білдіру үшін ең негізгі жазу түрі болып қалыптасып отыр.Қазіргі мектеп оқушысы-келешек маман, ол қандай салада болсын өзінің шешімі мен тұжырымын сауатты бере алатын, ауызша да, жазбаша да талаптарға әрі уақытқа сай ойын толғай алатын маман болуы тиіс.ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша әлемдегі ең сауатты адам берілген тақырыпқа 500 сөзден астам көлемде өз ойын әдеби тілмен бере білген адам  болып табылады.
Эссе дегеніміз(фр. тіл. essai-тәжірибе, лат.m.exagium-құрау)-философиялық,әдеби, тарихи,публицистикалық,әлеуметтану, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың  жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін.
Эссе-еркін композициялық құрылымға негізделген немесе көркем-публицистикалық жанрдың бір түрі.Эссе қатаң түрде жоспарға негізделуі міндетті емес.Эссе жеке көзқарас, сараптама, дәлелдемелерге негізделеді.
Эссенің мақсаты- эссе жазушының өзіндік көзқарасын, сыни ойын жетілдіру, ұстанымын дәлелді бекіту үшін жан-жақты білім алып, ақпараттық қарулану, тақырыпты ашуда метатанымдық білігін тиімді қолдану, шығармашылық қабілетін шыңдау, ой жүйелігін реттеу, жазу түрлеріне қарай жазу тәсілдерін таңдай біліп, эссе түріне қарай жазу стилін сақтау, ой жүйесінің бірізділігін сақтауда сөз оралымдарын тиімді қолдану, шығармашыл жазбаларда сөздік қорының байлығын дамыту, талдау жұмыстарында қажетті термин сөздерді қолдану
                                 Эссенің классификациялары.
       Мазмұны жағынан эссе төмендегідей болады:
  • философиялық
  • әдеби-сындық
  • тарихи
  • көркемдік
  • көркемдік-публистикалық
  • рухани-имандылық және т.б.
Қалыптары бойынша эссе төмендегідей болады:
  • пікірсараптық,
  • лирикалық миниатюрлық,
  • ескертпелер,
  • күнделіктен жазбалар,
  • хаттар және басқа
Эссе жазуға қалай дайындалу керек?
Эссе жазуға кіріспес бұрын ең алдымен мына сұрақтарға жауап беру керек сияқты: «Мен неге және не үшін жазып отырмын?», «Менің жұмысымды кім оқиды?», «Мен қандай идеяларды айтқым келеді?», «Маңызды ақпаратты мен қай жерден іздеп таба аламын?», «Мен оқырмандардан қандай пікірлер мен іс-әрекеттерді күтемін?»
Эссе жазудың нақты мақсаты қандай?
Ол:
-Белгілі мәселе бойынша өз пікірін айту және дәлелдеу;
-Сұрақ бойынша өзінің түсінігін, ойын айту;
-Оқырмандарды ақпараттандыру;
-Мәселені талқылау және шындықты табуға тырысу;
-Өзінің және оқырманның көңілін толтыру, рақатқа бөлеу;
-Көңіл-күйіңді білдіру және оқырман көңілін аудару, эмоция туғызу;
-Іс-әрекетке түрткі болу.
Сіз өзіңіздің эссеңіздің қандай нәтиже көрсететінін білгіңіз келе ме?  Мұны тексерудің бірнеше жолдары бар: мәтінді дауыстап оқу, өз жазғаныңызға оқырманның көзқарасымен қарауға тырысу,ең соңында адамдардың пікірін білу.
Әр уақытта адам өзінің сөзімен құнды екенін естен шығармау керек. Мақсат нәтижеге жету құралдарын анықтайды. Автор нәтиже шығатындай жағдайға дейінгі көлемде жазуы тиіс. Адам өзінің алдына қойған мақсатын білсе және өзінің жазба еңбектерін осы тұрғыдан қарастырса, мәтін түсінікті және айқын болады.
Эссенің құрылымы және жоспары
Эссенің құрылымы оған талап етілетіндермен анықталады:
  1. Эссенің авторының ойы қысқаша тезистер қалпындағы мәселелер бойынша баяндалады.
  2. Ой дәлелдермен бекітілуі керек — сондықтан да тезистен кейін дәлелдер беріледі.
      Дәлелдер —  бұл фактілер, қоғамдық өмірдің, оқиғалардың, өмірлік жағдайлардың және өмірлік тәжірбиенің, ғылыми дәлелдеулердің, ғалымдардың пікірлерге бағыттамалардың құбылысы. Әр тезистің пайдасына екі дәлел келтіргеніміз жөн: бір дәлел нанымсыздау болады, үш дәлел жанр түрінде орындалып, қысқаша және образдауға бейімделген баяндаманы күрделендіріп жібереді. Осылайша эссе дөңгеленген құрылымға айналады (тезистер мен дәлелдердің саны тақырыпқа, таңдап алынған жоспарға, ойдың қисынды дамуына байланысты):
  • кіріспе
  • тезис, дәлелдер
  • тезис, дәлелдер
  • қорытынды.
         Көп жағдайда ауызша және жазбаша хабарламалар үш негізгі композициялық бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды.
Оқырманды қызықтыру үшін кіріспе бөлім жанды, нақты, күшті және мінсіз (өзіндік) болуы керек. Онда оқырманға үндеу, афоризм, жалпы ой, жеке тәжірибеге сілтеме, аналогия, ассоциация, тұжырым, сұрақ, жеңіл ескертпе  т.б. болуы мүмкін. Кіріспе мен негізгі бөлім арасындағы қатынас сақталуы керек. Егерде эссенің  жалпы көлемі 500 сөз болса, кіріспеге 50 сөз алу ұсынылады.
Негізгі бөлім тақырыптың бірізді баяндалуы болып табылады, жазылған мәселе бойынша ұсыныстар мен көзқарастарды бейнелі түрде жеткізеді, жазбаша хабарландырудың мақсаты мен бағытына сілтейтін ой желісін құрайды, дәлелдемелері мен сілтемелері бар, идеяны дәлелдемелер мен нақты мысалдар арқылы нақтылайды. Мұнда әртүрлі айқындау құралдары  қолданылады.
Қорытынды бөлімде әдеттегідей қорытынды жасалады, жазылған мәселе мәні мен мазмұнын күшейтеді, автордың ойымен сәйкес келетін көңіл-күй мен сезімді анықтайды.
Ал, баяндау тәсіліне келетін болсақ (дедуктивті-жалпыдан жекеге немесе индуктивті-керісінше), эссенің тақырыбын қандай тәсілмен ашқан жақсы және қалай баяндау керек екендігін автор ғана анықтай алады. Бұл арқылы жұмыстың шығармашылық, өзіндік сипаты анықталады.
Қайта қарап шығу дегеніміз, хабарламаны сапасы мен нәтижесі тұрғысынан мәтінді редакциялау: ойдың айқындылығы, түсініктілігі, яғни мағыналық байланыстылығы, бірізділігі, сауаттылығы және стильдің дұрыстығын айқындау, қайта қарау нәтижесінде екінші нұсқаның қажеттілігі туындайды. Екінші нұсқа бойынша жұмыс өте үлкен бөліктерден басталып, кішкентай бөліктерге дейін жалғасады: абзацтан сөйлемге дейін, сөйлемдерден сөзге дейін талданады, сараланады. Баяндаудың жатықтығына, ойдың логикалық сабақтастығына, байланысына назар аудару керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
  • Бешімбаева Е.Б. «Эссе жазу әдістері курсы»–Астана 2017 ж
  • Қазақ тілі мен әдебиет журналы 2018ж №5 Жаңа форматты эссе жазу
  • ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ЭССЕ ЖАЗУДЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ (қосымша оқу-әдістемелік құрал) Шымкент 2016 ж