Эссе «Ұстаздық еткен жалықпай»

Муханмедина Ляззат Тлеукабыловна

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

.

.

Дана халқымыз: «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» деп текке айтпаған. Қай кезеңде, қай қоғамда болсын, жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу — ұстаздың қолында.

Осы өмірдегі ұстаздық жолымды таңдауыма анамның ұстаз болуы және әкемнің бір ауыз сөзі үлкен себеп болды. Әкем марқұм: «Ұстаз болу- ұлы іс, сен болашақ ұрпақты тәрбелейсің, өз наныңды өзің тауып, адал еңбек етсең үлкен мұратқа жетесің»,- деп айтқан еді. Сол әкешімнің айтқан сөзі мен үшін өмірлік қағида болды. Ал анам болса бар ғұмырын ұстаздық еңбек жолына арнап, талай шәкірттерді тәрбиелеп өсірді. Қазір құрметті демалыста, немере мен шөберелерінің ортасында бақытты өмір сүріп жатыр. Ал өзім филология факультетін үздік аяқтап, ұстаздық жолымды 1993 жылда бастап кеттім.

          Қазіргі қоғамдағы жаңа өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді.

Сондықтан сабақтарымды жоспарлағанда «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулін басшылыққа алып,өзге модульдерді ықпалдастыра отырып сабаққа өзгерістер енгіземін. Жаңа тәсілдерді оқыту үдерісінде тиімді пайдалануды қарастырамын. «Сабақты тиімді, әрі қызықты өткіземін бе? Мұғалім мен оқушының өзара іс-әрекеті нәтижелі болады ма?» деген сұрақтар төңірегінде әрекет етемін. Себебі, бүгінгі таңда мемлекетімізге үш тілде еркін сөйлейтін, мемлекеттің тарихы мен салтын білетін, саналы да білімді тұлға қажет. Осындай тұлғаны даярлау біздің қолымызда. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушы еркін  қарым- қатынас  жасауға, сыни  тұрғыдан  өз көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыланады және  қазақ  тілінде  берілген  кез- келген  ақпараттарды  тиімді қолдана отырып,  өзіне қажетті мәліметті ала алады.  Осы мақсат негізінде оқыту жобасы жүзеге асырылуда.Алдымен оқу әрекетінің белсенділігін және оқу үдерісінде «Мен» тұжырымдамасын да ескеруге болады. Осы айтылғандарды ескере отырып, мен оқушыға «Мен білмеймін, менің қолымнан келеді» дегенді ұстануды үйретемін. Бала өз-өзіне сенімді болып, мұғалімнің қолдауын сезініп, алға жүруге ұмтылады. 

        Менің ойымша Пажарес оқыту стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен гөрі ұстанымға негізделген ой- тоқтамдарының ықпалы күштірек дегендей, білім беруде жаңаша көзқарасын, шешім қабылдап, сыныптағы іс-әрекетке оң әсер ететіндей, өзгерісті өзімнен бастауды жөн көремін. Осы тәсіл арқылы оқушының өзіндік «мені» қалыптасып, өзін-өзі реттеу  ұстанымдары туады.  Мен оқушылардың ерекшеліктерін ескере отырып диалогтік оқытуды дұрыс жолға қоюға бағыттаймын, өйткені диалогтік оқыту оқушылардың білім сапасын  арттырады, мұғалімнің оқушыға сұрақтарды жүйелі түрде қою арқылы оқу материалын меңгеруге көмектеседі.Сабақта оқушының басқалармен қарым-қатынасқа түсуінің маңызы зор. Өйткені қазіргі заманда балалардың көбі көркем шығарма оқымайды, өзіне қажет ақпаратты ғаламтордан алады. Сондықтан көбінесе оқушының сөйлеу тіліне назар аударамын.

      Менің сабағымда диалогтік оқыту көбінесе сұрақ-жауап тәсілі арқылы жүзеге асып отырады. Әсіресе, ол топтық жұмыста көрінеді. Балалар бір-бірімен пікір алмасып, идеяларын ортаға салады, бір-біріне түсіндіреді, жауаптарын дәлелдеуге тырысады. Бұрынғы сабақтарда диалог құрғанда оқушылар «иә» және «жоқ» деп жауап бере салатын. Осыны қанағат етіп, олардың ойын әрі қарай өрбітуге назар аудармай келдім. Енді оларға алға жетелейтін дұрыс сұрақтар қойылған соң жауабына «меніңше, өйткені, себебі» т.б. сөздерді қосып айтқызатын боламын.

          Қазіргі елімізде болып жатқан өзгерістерге байланысты оқушыларды қашықтықтан оқыту кезінде басында біраз қиыншылықтар туындаған еді, осы уақытта тығырықтан шығудың жолдарын таптық.

Әр  сыныпта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін сабақта қолданатын  әдіс-тәсілдерді жетілдіріп отырамын. Олардан алынған кері байланыс арқылы сабақтағы іс-әрекетімді зерттеп, оқушылардың сабаққа ынтасын арттыру және жаңа заманға қажетті білім мен дағдыларды дамыту үшін  оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, әрі қарай жұмыс жасаймын. 

       Ұстаз деген ұлағатты есімді арқалап жүргенімді мақтан тұтамын. Шәкірттеріме сапалы білім беріп, саналы тәлім-тәрбие беру, адамгершілік деген қасиетті бойларына дарытып, өмірде дұрыс бағыт-бағдар беру – мен үшін зор бақыт. Әкем айтпақшы, болашақ ұрпақты тәрбиелеп, адал еңбек ету арқылы үлкен мұратқа жеттім деп айта аламын.