Эссе “Жастық жалын жанғанда, жас жүрек жанатын уақыт келді”

Сисенбаева Гулшара Мангистауовна

.

.

Абай мұрасы — адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан — жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Ақынның толық адам туралы айтқандары – жас өскінді Адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Сондай – ақ, әлемдік деңгейдегі білім талаптарына қол созып қана қоймай, соның ұшар басынан көріне білу — бүгінгі таңдағы ұлттық болмысымыздың, адами мақсат — міндеттеріміздің бұлтартпас бағыт, бағдары. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі.

     Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Қазақ халқының алдында енді қазақтың Абайын әлемге таныту, оны Адамзаттың Абайын айналдыру тұр. Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Туысы бөлек, бесігі өлең, өсуі еркін. Оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр болған. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Ойланып жазғандары өлең өнер болған. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Бойындағы даналық оны даралық жолына, данышпандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ. Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай. Ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттіліктің бар екенін сындарлы жылдар айқындап берді. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей. Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. Кемеңгер Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын баса айтты. Ағартушы ақынның сол замандағы тұжырымдары қазір де аса өзекті. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты — биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көштен қалмай, алдыңғы қатардан орын алу. Кемеңгер Абай білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да аса терең. Ендеше осы тереңдікті жастарымызға ұғындыру біздерден талай дүниені талап етеді. Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай,ізгілікті қасиеттерді,орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз…» — деп, айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бес нәрсе не?» деген сұраққа кемеңгер тұлға:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз…» — деп, кесімді, тұжырымды жауап береді.

    Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық т.б. толып жатыр.

    Абай арнайы философиялық және педагогикалық еңбектер жазбаса да, жалынды жастар тәлімгерінің барлық еңбектері, еңбек адамдарының мүдделеріне, моральдық мұраттары мен даналарына негізделген.

    Абай — мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат Абай қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.