Қазақ хандарының хронологиясы

Шукенова Ш.Х.
.
.
Кіріспе сөз. Қазақ хандығы — бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрші аймақтардың территориясында 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген мемлекет. Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Амудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыған.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархияға негізделген. Мемлекет басшысы — хандар саяси билік жүргізетін. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланатын.
Қазақ хандығының тұңғыш ханы — Керей, соңғы ханы — Кенесары Қасымұлы.
Негізгі бөлім.
 
Керей мен Жәнібек хандар
Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.
Әсіресе Әбілхайыр (1428-1468) Жошы-Шайбан- Дәулет-Шайх Оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұт ханы мен Ахмет ханын (Тоқа Темір тұқымы) жеңді.
1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады.
Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығы.
16-17 ғғ. Қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь ІІІ Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді. «Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.
Хақназар хан кезеңі
16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Хақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Хақназарды у беріп өлтірді.