Қазақ әдебиетіндегі ең үздік әдеби шығарма

Сейдахова Сандуғаш Қыстаубековна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
.
.
Мақсаты: Білімгерлердің жеке тұлғалық құзыреттілігін арттыру, ақпараттық сауаттылығын және шығармашылық потенциалын дамыту. Оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін меңгерту. Нақты дәлел негізінде өз ойын толыққанды жеткізе білуге машықтандыру.
Жүргізуші: Қайырлы күн, қымбатты ұстаздар мен білімгерлер! Бүгінгі біздің жаңа форматта өтілгелі отырған интеллектуалды сайысымызға қош келдіңіздер! Келгендеріңіз үшін көп рахмет. «Интеллек- кез келген шабыт пен дарынның қозғаушы күші» деп, отандық белгілі «Анна ханым» аталып кеткен психологымыз айтқандай бүгінгі сайысымыз да екі топтың білімгерлерінің жақсы жеке-дара қасиеттерін көрсетеді деген ойдамыз. Ал енді, бастамаларыңызға сәттілік тілейміз.
Сайысты бастамас бұрын әділқазы алқаларымен таныстырып өтейік.
Сайыскерлердің білімі мен интелекті мына крирерийлар бойынша бағаланады.
  1. Шығарма мазмұнымен қанша пайызда таныс.
  2. Шығармада қозғалатын негізгі мәселені таба білді ме?
  3. Ең үздік шығарма деп таңдалу себебін түсіндіру сапасы.
  4. Жарыссөз барысындағы топтың мәдениеттілігі мен сөз саптауы.
  5. Топтың мүшелерінің белсенділігі.
Кіріспе сұрақ:
 Ең үздік болудың қоғамдағы қажеттілігін қалай түсінесіздер? (Көпшілікке сұрақ)
Үй тапсырмасын қорғау.
І-топ: М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша газет мазмұны қорғалады.
Қамтылатын мәліметтер:
 М.Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай аулымен іргелес отыратын, құдалы, дос-жар адамдар еді. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.
Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3 – 4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады.
 1924-1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
ҚазМУ ғалымдарының Әуезовтің өмірі мен шығармашылық өнері туралы мақалалары «Қазақ университеті» газетінде, республикалық газеттер мен журналдарда, шетелдік басылымдарда жарық көрді. Солардың ішінде 3. Қабдолов пен Ж. Дәдебаевтың Анкарада түрік тілінде шыққан «Мұхтар Әуезов хақында мақалалар» атты кітапта жарияланған мақалалары Әуезовті түркі әлеміне жана қырынан танытуға жол ашты. Сонымен қатар Қазақ радиосы мен теледидарында бірнеше хабар ұйымдастырылды, университеттің телестудиясында «Мұхтар Әуезов және әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті» атты 40 минуттық бейне фильм жасалып, орталық теледидардан көрсетілді.[2]
Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды.
1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы қабылдап, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.
Әуезовтың драмалық шығармалары
Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан — Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары — Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері — Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік — Кебек» алып келді.
ІІ-топ: Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы бойынша газет мазмұны қорғалады.
Жүсіпбек Аймауытов (18891931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен.
Жүсіпбек жастайынан араб­ша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады. 19111914 жж. ауылда мұғалім болып істейді. 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады. Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. СәтбаевпенМ.Әуезовпен  танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді.
Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы. Қарқаралыда мектеп мұғалімі (19221924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1929) қызметтерін атқарады.
1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Шымкенттегі педагогика техникумының директорлығы — міне, мұның бәрі Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын, өмір белестерін көрсетеді. 1929 ж. басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек 1931 ж. атылған. Астан-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгірді. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетик. тәрбие туралы зерттеулер тудырды; әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; сан алуан публицистик. мақалалар жазды; «Қартқожа», «Күнекейдің жазығы», «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Комплексті оқыту жолдары», «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Мағжанның ақындығы туралы» еңбектері — күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар. 1918-19 ж. Семей қаласындағы М. Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарды. Осы журналда «Екеу» деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, № 2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, № 3) деген мақалалар жазды. Бұл мақалаларда Абай өмірінің бірталай қыры сөз болып, оның поэтик, мұрасының аса құндылығы көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалды, Пушкин орыс әдебиетінде қандай тарихи қызмет атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғаны орнықты дәлелденген. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық мәдениетінің ержетуіне Абай шығармаларының қаншалықты әсері барлығын көрсеткен. Абай поэзиясының ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс әдебиеттерімен байланысы қарастырылған. Аймауытов — қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі.
Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты. Ол қазақ әдебиетінде көркем прозада алғаш лиризм әкелген, сондай-ақ пейзаждың үздік үлгісін, психологизмнің терең иірімдерін тамыршыдай дәл басқан нәзік стилист суреткер. 1918 —19 ж. М.Әуезовпен бірге Семейде «Абай» журналын шығарып, «Екеу» деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, №2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, №3) деген мақалалар жазды. Әуезовтың көркем шығармалары эстет. бояуының қашықтығымен, көркемдік қуатымен, стильдік даралығымен қазақ әдебиетінде соны бағыт қалыптастырды. А. пед. оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақтың жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу құралдарын жазды. Оның пед., псих. және методика саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) т.б. бұл бағыттағы ғылымның бастауында тұрған ірі ғылыми еңбектер Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.
Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.), «Пси­хология» (1926 ж.), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926 ж.), т.б. ірі ғылыми еңбектері бар.
Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.
І-бөлімі. Әр топ өзі таңдаған әдеби мұраның қазақ әдебиеті үшін ең үздіктігін дәлдейді. Неліктен бұл шығарма ең үздіктердің қатарынан орын алуы керек? Дәлел.
Қамтылатын мәлімет қоры:
І-топ. «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды.
Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.
ІІ-топ.  Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан туған роман. Роман тұңғыш рет 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналында жарияланды.
«Ақбілек» романындағы оқиғалар өмірден алынды. Ақбілек әлемі, Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ ауылының өмір-тірліктері, ақ гвардияшылар әрекеті кеңінен көрініс береді. Маңыздысы-жазушының жан әлемін жаулап алған, қазақ қызының тағдыры. Автор оқиға өміріне сай Алтай өңірі, Марқакөл, Күршім маңайын, табиғат тамашаларын әсерлі, шабытты сөз етсе, енді бірде ала ат мінген жалғыз адам туралы, сосын жекелеген бейнелер Ақбілек, Бекболат, Офицер, Мұқаш сияқты кейіпкерлерді сөйлетеді. Жазушы Ақбілекті өмір-тағдыр талқысына сала отырып, ауылдың өсек аяңынан арашалап, қара мұрттың алдындағы әлсіздігін де сездірмей, қаладан бақытына жолықтыруы-кеңестік кезеңнің талабы. Қазақ әйелінің еркіндік алу салтанаты, жемісті сәті. Сондай-ақ, Төлегеннің үйінде қонақта болған зиялы қауым өкілдерінің өзара әңгіме-сұхбаттарынан қазақы қалжың, пәтер, темекі төңірегінде өріс алған әңгіме арнасы — бай-кедей, тап мәселесіне алып келеді. Әкімшілік кілті кедейдің қолында болып, кооператив, артель ашу қажеттілігін Ақбала қадап айтса, білімі тәуірлеу, кітапты көп қарастырған Жорғабектің саясат пен тап тартысы, капитал дәуірі мен төңкеріс туралы көзқарастары кей тұстары әсерлі шығып отырды. Ақбілектің, Балташтың, Жорғабектің арасындағы әңгіме қазақ даласындағы қайнап жатқан саяси өмірді көруге болады. 
Ж. Аймауытов роман оқиғасын тарата, көркем, келісті баяндайды. Шығарма тақырыбы иемденген басты тұлға – Ақбілек аяулы әке мен қымбат анасының алдында ерке де әсем болып өсті. Құрбыларымен де әзілі жарасып, ақылына көркі мен көңілі сән беріп еді. Бірақ бұл жарастық, жастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт төрт атты бұзғанды. Олар бейбіт ауылдың апшысын қуырды. Үлкен үй – дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсірді. Бәйбішесін атып, жас түлегі Ақбілекті ойбайлатып алды да жөнелді. Бұдан кейінгі жердегі Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан азабын ешкім де дұшпанына тілемес.
Бұл – бай қызының ес білгелі кезікпеген кедергісі, жат адамдардың сойқан жәбірі еді. Он екі дебір гүлі ашылмаған – Ақбілек содырлардың ортасына түсіп, қарамұртқа ермек болды…
Ақбілек трагедиясы сол кездегі ұлттық мәселелермен байланысты. Ақ орыс солдаттарының ұрлап әкетуі, Ақбілекті қара мұрт офицердің әйел қып ұстауы – бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Қыздың бостандыққа ұмтылғанымен, ел бетін көре алмай қиналуы, әкесінің қашқақтауы, атастырған күйеуінің тайсақтауы, ел-жұрттың оған бір түрлі аяушылықпен қарауы өлімнен де ауыр. Оның үстіне орысты кәпір деп қарайтын ұғым бар. Ауыл жігіттерінің зорлығы болса, еленбей де қалуы мүмкін нәрсені «кәпірдің қолына түсіп, соған қатын болған» сөзді тіпті көпіртіп әкетеді. Өйткені ел түсінігінде  кәпір атаулы жау, онымен араласқан, шатасқан елдің бәрі харам және діннен безген. Бүкіл халықты, оның ішінде қазақ қызын осы тұйықтан алып шыққан Қазақ төңкерісі, Кеңес өкіметі.
Ел көзіне көріне алмай, күлкі болып ауылдан кеткен Ақбілек қалаға барып оқып, адам қатарына қосылып, жар тапты, бақытты өмірге қадам басты, Міне « Ақбілек» романының бүкіл тақырыбы мен идеясы осыған саяды. 
ІІІ-бөлімі. Қарсы сұрақтар.
ІV-бөлім. Қорытындылау.
-Шығармаларды талдауда қандай жағымды және жағымсыз ой түйдіңіз? Неліктен?
-Сіз қай шығарманы оқығыңыз келіп таңдайсыз? Неліктен?(Жасырын дауыс беру арқылы топтың жеңісін анықтау)
Жүргізуші: Жағымды жаңалықтар мен телегей табыс тілейміз! Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болсын!  Әлемдегі ең еңбекқор халық- жапондардың мына бір қағидасымен тәмәмдағым келіп тұр: «Мен естігенімді ұмытып қалуым мүмкін, ал көргенімді есте сақтаймын, бірақ бәрінен де  өзім жасағанымды жақсы меңгеремін.