Қазақ тілі сабақтарында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру

Мухамедеева Рита Гиноталловна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы
.
.
Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.
         Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субьектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзіреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр. Осыған орай алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен даярлықты білдіретін құзіреттерді қалыптастыру үздіксіз білім беру жүйесінің маңызды буыны болып саналады. Әрбір пәнді оқытудың да басым бағыттарының бірі болып табылады. Ал құзіретті тұлғаны қалыптастыруда басқа пәндерді оқытуға негіз болатын тіл пәндерінің орны ерекше. Бұл өзге тілді аудиторияда «Қазақ тілі» пәніне де тікелей қатысты. Өйткені мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын қазақ тілі бойынша оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдары мен Тіл саясаты тұжырымдамасындағы айқындалған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуының басты шарты болып саналады. Тілді меңгертудің шешімін табуы тиіс мәселелерінің қай-қайсысы да оқытудың құзіреттілік бағытын іске асырудың, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің және білім беруді бүгінгі таңдағы қоғамның әлеуметтік сұранымымен үйлестірудің аса маңызды тетігі болып табылатын функционалды сауатты дара тұлғаны қалыптастырумен тығыз сабақтасып жатыр.
          Фукционалдық сауаттылықты қалыптастыру үшін өзге тілді аудиториядағы «Қазақ тілі» пәнін оқытуды жетілдірудің бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық-әдіснамалық негіздерді қайта қарастырып, білім беру жүйесіне тың өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр. Олар мемлекеттік нормативтік құжаттарды дайындау кезінде жан-жақты ашып көрсетілді. Мәселен, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Қазақстандық білім беру жүйесі оның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына мүмкіндік бермейтін ескірген әдіснамалық базасы жағдайында дамуын жалғастыруда. Білім беру мазмұны фактологиялық күйінде қалып отыр және оқитындарды қоғам өміріне құзіретті, жауапты әрі шығармашылық тұрғыдан қатыстыра отырып даярлауға бағдарланбаған», – деп айқындалған. Бұл – білім берудегі жаңа мазмұн мен дәстүрлі оқыту жүйесінің арасындағы қайшылық салдарының көрінісі. Осы кереғарлықты жою үшін мектептің өзінен-ақ пәндерінің білім мазмұнын толықтырып, саралап, оны меңгертудің жаңа жүйесіне қатысты оқу-әдістемелік базаны жетілдіру міндеті туындайды. Осы орайда соңғы жылдарда жарық көрген Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының жаңа нұсқасында, «2017 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы білім беру саласын дамытудың тұжырымдамасында», «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» айқындалған жалпы білім беретін орта мектепті дамытудың «адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру», «білім берудің мазмұнын білім үстемдігі деңгейінен нәтижеге бағдарланған «құзіретті» білімге өзгерту; «қазақстандық партриотизмге, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу» және т.б. қағидалар басшылыққа алынды.
         Сауаттылық тұлғаның тұрақты қасиеті болып табылатындықтан, функционалдық сауаттылық сол тұлға меңгерген белгілі бір білім-біліктерден көрініс табады. Өйткені функционалдық сауаттылыққа адам нақты білім алу кезеңдерінен өткеннен кейін қол жеткізеді. Бұл орайда білім белгілі бір сауаттылық деңгейін қамтамасыз ететін құрал және нақты іс-әрекеттердің нәтижесі ретінде қарастырылады. Ендеше, мемлекеттік тілді оқытуда білімнің түпкі нәтижесі деп саналатын құзіреттіліктердің біртұтас бірлігі ретіндегі функционалдық сауаттылықтың мәнін, рөлін айқындаудың, оны  ендірудің уақыт талабымен толық сай келуі де зерттеу тақырыбының өзектілігін дәлелдей түседі.
         Функционалдық сауаттылық оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуінің шарты, студентердің жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, білім, білік, дағдыларының құзіреттілікке ұласу жолы. Ол студенттердің қатысымдық, ақпараттық, проблемалардың шешімін табу құзіреттіліктерінің бірлігінен құралады.
         Сонымен, педагогикалық-психологиялық, лингвистикалық және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау негізінде және орыс тілді колледждердің сыныптарындағы қазақ тілін оқыту тәжірибесін саралай келе бүгінгі мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесіне қойылып отырған талап пен қазақ тілін меңгертуде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселесінің ғылыми-теориялық тұрғыдан өз деңгейінде зерттелмеуі арасындағы; сапалы білім берудегі функционалдық сауаттылықтың мәні мен функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың әдістемелік тұрғыда жүзеге асуы арасындағы; әр жас кезеңіне сай студенттердің оқу әрекетін ұйымдастыруда функционалдық сауаттылықты ескерудің практикалық маңыздылығы мен оқытудың әдістемелік жүйесінің сәйкессіздігі арасындағы қайшылықтар анықталды. Осы қайшылықтардың шешімін табу міндеті қазақ тілін меңгерту үдерісінде студенттердің функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың ғылыми-теориялық негіздерін анықтап, әдістемелік жолдарын жүйелеудің көкейкестілігін танытады.
         Қорытындылай келе :
 — қазақ тілін оқыту барысындағы функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері анықталды;
 — студенттердің функционалдық сауаттылығын қалыптастыру қазақ тілін оқыту сапасын арттырудың маңызды факторы ретінде айқындалды;
— 1 курс  студенттерінің жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай қатысымдық-әрекеттік бағыт білім мазмұнын жетілдірудің басым бағыты ретінде тұжырымдалды;
 — мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың ұстанымдары айқындалды;
 — мемлекеттік тілдің білім мазмұны аяларға бөлініп, олардың құрамына енетін лексикалық тақырыптар жүйеленді;
 — оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың құралы ретінде тілдік минимумдарды іріктеудің талаптары айқындалып, аудитория бойынша лексикалық және грамматикалық минимумдар анықталды;
 — студенттің өмірлік дағдыларын дамытудың ең шешуші факторы – функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға негіз болатын қазақ тілін оқытудың әдістемелік жүйесі жасалып, нәтижелері дәйектелді.