Өлеңмен өрнектеп, әнмен тербеп…

Санакова Шолпан Советовна
«№4 Баршатас бала бақша – бөбекжай» тәрбиешісі
.
Әрбір қазақ шаңырағында дүниеге келген сәби алдымен анасының, әкесінің, әжесі мен атасының, үйдегі басқа да ересектердің мейіріміне бөленіп, «алғашқы дыбыстарға» құлақ түреді.
Абай:  Туғанда дүние есігін ашады өлең,
           Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
           Өмірдегі қызығың бәрі өлеңменен,
           Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең – деген.
Егер нәресте ана тілімен нәрленген шаңырақта дүниеге келіп, бесік жырларын құлағына сіңіріп, ана тілінде тілі шығып, қазақ балабақшасына келсе,  әрине ондай балдырғанды ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық нақышы бар әндерге баулу қиын емес. Сәбидің жан дүниесінде ұлттық рухани негіз қаланып қалғандықтан, халықтық өлең-жырларды, мақал-мәтелдерді  ықыластана тыңдайды, жеңіл қабылдайды. Өкінішке орай осы күндері балабақшадан шыға бере  сәбимен орыс тілінде сөйлей бастайтын әке-шешелерді былай қойғанда, әжелер мен аталардың немересімен былдырласатына жиі кездесіп отырғанда ұлттық балабақшаның тәрбиешілерінің мойнына қаншама ауыр жүк артылып отырғаны айтпаса да түсінікті болса керек. Жас бүлдіршіндерді ұлттық  музыкаға баулу үшін балабақшада алдымен арнайы бөлме жабдықтау керек. Бөлмеге ұлттық аспаптардың бастысы домбырадан бастап, барлығы қойылуы тиіс. Әрбір бүлдіршін әр аспаптың атауын ғана емес, құрылысын,  дауыс ерекшелігін, қандай әуендер орындалатынын әңгімелей алатындай жұмыстар жүргізілуі керек.  Ол үшін музыка сабағының жоспарына  енгізіліп, бүлдіршіндер еркін меңгеріп үлгерген әндердің барлығын кезек-кезек айтқызып, осы әндерді бірнеше аспапта ойнап, қайталап сүйемелдеп көрсеткен жөн. Балдырғандарға қазақ халқының  ертегілерін де  осы  бөлмеде  көркем түрде оқып әңгімелесе, оны міндетті түрде музыкамен  сүйемелдеп отырса әбден қонымды, әсерлі болмақ. Біздің халықтың ата кәсібі төрт түлік мал. Халықтық санада, дәстүр-салтында мұның терең әсері  қалыптасқан.  Біз сәбилерге ұлттық тәрбие сіңіреміз десек, осы төрт түлікке деген   сүйіспеншілікті бойына сіңіре білуіміз керек.  Алдымен әр балаға  қой, ешкі, лақ маңырайды; сиыр, бұзау мөңірейді; жылқы, құлын кісінейді; түйе, бота боздайды деп түсіндіріп, әрқайсысының даусын салып үйретіп қайталатып, музыкамен сүйемелдеп көрсек, көкейлеріне қона кетеді. Төрт түлікке сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға арналған музыка сабақтарында алғашқы дайындық  сағаттарынан кейін ауыз әдебиетіндегі төрт түлікке байланысты жырларға батыл баруымызға болады. Бұлардың кез келгені бюала көңіліне қонымды. Оларға белгілі бір әуенді өзіміз-ақ таңдап алайық. Мейлі бүлдіршін өз әуенін ұсынсын, біз музыкамен сүйемелдей білейік. Мысалы:
                   Маң-маң басқан, маң басқан,
                   Қос өркешін қом басқан,
                   Төрт аяғын тең басқан,
                   Ойсыл қара баласы.
                   Иір мойын жануар –
                   Түйе деген осы екен, — деген халық жырын неге үйретпеске. Үйренуге жеңіл, түйенің бүкіл бітім-болмысын  көз алдыңа бірден қона қалуы айқын. Жеті буыннан тұратын төкпе әуен:  Қойды көсем бастайтын
                                                                     Өткелден үркіп саспайтын
                                                                      Қарағай мүйіз серкелі
                                                                     Шүйде жалды, желкелі,
                                                                     Сексек ата баласы,
                                                                     Шібегелер шігесі
                                                                     Қатпа келер шекесі.
                                                                     Сойса саны қалақтай
                                                                      Сауса сүті бұлақтай
                                                                     Екі қонақ келгенде
                                                                     Еттеулісін  қайтерсің
                                                                     Жалғыз қонақ келгенде
                                                                     Жараулысын қайтерсің
   Ауыл көшіп қонғанда
   Өрегенін қайтерсің
   Бөрі  бақыр келгенде
   Көрегенін қайтерсің
   Бөрі ала қашқанда
   Бақырғанын қайтерсің,
  «Ойбай, ием, кеттім», — деп
  Шақырғанын қайтерсің
  Ешкі бассын үйіңді
  Ешкі басса үйіңді
  Кешке бассын үйіңді!
Алты жасарлар тобы емін-еркін меңгергендей жыр. Төменгі топтағыларға музыка тәрбиешісінің  өзі орындап, тыңдатуға болады. Кішкентай бүлдіршіндердің есептеу қабілетін  дамытуға да   музыка сағатының көмегі болуға тиіс. Мысалға халықтық педагогикада бар санамақ өлеңдерін екпінді марш әуенімен орындауға әбден болады.
                   Бір дегенім – білім
Екі дегенім – егеу
Үш дегенім – үскі
Төрт дегенім – төсек
Бес дегенім – бесік
Алты деген – асық
Жеті деген – жілік
Сегіз деген – серке
Тоғыз деген – торқа
Он дегенім – оймақ
Он бір қара жұмбақ.
Жалғыз бұл санамақпен шектелмей, басқа да жыр үлгілерін екпінді марш әуенімен орындатуға болады деп ойлаймын.  Бүгінгі таңда балабақша тәрбиешілерінің алдында тұрған үлкен бір мақсат – бөбектерге Наурыз мерекесін асыға күтетіндей, бұл мерекені ерекше қастерлейтіндей дәрежеге жеткізу. Алдағы жылдарда наурыз балалдар санасынан 1-ші қаңтардағы жаңа жылды шегеріп тастайтындай жұмыс жүргізу керек сияқты. Наурыз жырларына музыкамен әуен дайындап, бөбектерге көп үйрету керек. Бүлдіршіндердің наурыз тойына өздеріне ән,  өлең ойдан құрауын өтініп оларды қолдап, сүйемелдеп отыру қажет деп ойлаймын.  Ендігі жерде  бүлдіршіндердің санасына ұлттық дәстүрлерді сіңіру жолдарын қарастыру, әр   балағ рольдер бөліп, ән-өлең орындату дағдысына сіңуі қажет. Бір балаға қозының екіншісіне ешкінің сөздерін беріп айтыстыруға болады. сондай-ақ екі баланы екі жаққа қойып, бір-бірімен құс ретінде жауаптастыру   тәсілін де қолдануға болады. Мысалы: бірінші топ:  Қазым, қазым қаңқылда
                      Көлде жүзіп салқында
                      Жем берейін жейсің бе?
                      Кәмпит, тәтті дейсің бе?
2-топ:            Жоқ, жоқ
                     Кәмпит, тәтті болмайды ас
                     Арпа менен бидай шаш.
         Қорыта айтқанда, жас бүлдіршіндерді ата дәстүрге баулып, ұлттық салт-дәстүрді меңгертеміз десек, халықтық педагогикаға  жүгінуісіз опалы, миуалы жол болмақ деп білемін.