Бейнелеу өнері және оқыту әдістемесі пәнінен сабақ үлгісі

Аврайхан Айсауле
.
.
Сабақтың мақсаты: Бейнелеу өнеріндегі натюрморт пен танысу. Натюрмортты бейнелеу заңдылықтарына үйрету. Балабақшадағы натюрморт тақырыбына сабақ өткізу әдістемесін оқыту. Оқушыларды өнертанушылыққа тәрбиелеп, эстетикалық қабілеттерін дамыту.
Көрнекілігі: Натюрморт бейнелеу заңдылықтары көрсетілген плакат. Натюрморт тақырыбына презентация.
Сабақ жоспары
І. Ұйымдастыру бөлімі
ІІ. Өткен сабаққа шолу
ІІІ. Жаңа сабақ
  1. Натюрморт туралы түсінік
  2. Балабақшада жас ерекшеліктеріне сай натюрмортты бейнелеуді үйрету
  3. Натюрмортты поэзия арқылы елестету
ІV. Практикалық жұмыс
  1. Қорытындылау, бағалау.
  2. Үйге тапсырма
 
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі.
Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру, жұмыс орындарын ұйымдастыру.
ІІ. Өткен сабаққа шолу (сұрақ-жауап арқылы).
  1. Интерьер дегеніміз не?
  2. Интерьер жанрының даму кезеңдерін ата.
  3. Интерьер жанрында жұмыс істейтін қандай суретшілерді білесің?
  4. Интерьерді бейнелеу жолдарын ата.
  5. Студенттердің «интерьер» тақырыбына арналған жұмыстарына талдау жасау.
ІІІ. Жаңа сабақ:
Натюрморт туралы түсінік. Натюрморт – бейнелеу өнерінің бір жанры болып табылады. Натюрморт (фр.nature morte – өлі табиғат) – бейнелеу өнері жанрының бірі; қоршаған ортадағы бір құрылымға топтастырылған түрлі тұрмыстық заттар мен жеміс-жидектерді, өсімдіктер, тағамдарды бейнелеу. Негізінен натюрмортта заттар саны көп болуы міндетті емес. Олар тақырыбына, мазмұнына байланысты өзара үйлесімді таңдалып қойылады. Натюрморттың тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін: «Ғасыр үні», «Күз сайын», «Өнер мәңгі жасайды», «Молшылық» т.б.Қазақ бейнелеу өнерінің шебері А.Ғалымбаеваның «Дастархан» атты натюрмортында әсем өрнектелген кілем, қоржын фонында ұлттық тағамдарға, әсем ыдыс-аяқтарға толы дастархан бейнеленген.
Бейнелеу өнерінің басқа түрлеріне қарағанда натюрморт суретшіден өзі кескіндейтін нәрсені табиғи қалпында, дәл де нәзік жеткізуді талап етеді. Натюрмортың алғашқы белгілері Ежелгі Шығыс, Рим, Грекия өнерінде көрініс тапқан.Натюрморт жанр ретінде 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың басында Голландияда пайда болды. Натюрморттың жан-жақты дамуына ұлттық кескіндеме мектептері ұйытқы болды (17 ғасырда). 19 ғасырда өмір сүрген атақты суретшілер Ф.Гойя, Э.Делакруа, Г.Курбе,Э.Мане, т.б. натюрморттың өркендеуіне ат салысты.
Бейнелеу өнерінде натюрморт – тақырыптық натюрморт, сәндік натюрморт және оқу натюрморты болып үш топқа бөлінеді. 
Тақырыптық натюрморттардың композициясы қарапайым, шынайы, яғни ол заттарды иесі жаңа ғана пайдаланып, белгілі бір уақытта ғана тастап кеткендей, ол заттар арқылы туындыдан тыс болып жатқан уақиғаны немесе сол заттардың иесінің мамандығын, мінез-құлқын, әлеуметтік жағдайын білуге болатындай әсер қалдырады.
Ал сәндік натюрморттарда заттар әдемі пішініне, үйлесімді түстік шешіміне қарай әсем композиция құрайды. Онда суретші әдейі ойластырылып қойылған гүл шоқтарын, жеміс-жидектерді, ыдыс-аяқтарды тұрмыстық тұрғыдан емес, эстетикалық тұрғыдан бейнелеуді мақсат етті.
Сәндік натюрморттар белгілі бір адаммен немесе сюжеттік тақырыппен байланыспай-ақ, заттар тек өздері туралы баяндайды. Мұндай натюрморттар бөлме ішін, қонақ үйлерді, асхана бөлмелерін, көрме залдарын безендіру үшін қолданылады.
Оқу натюрморттарын суретшінің өзіндік зертханасы деп атауға болады, өйткені оқу натюрмортты орындау арқылы суретші әртүрлі кәсіби іскерлік дағдыларын, шеберлігін, өзіндік қолтаңбасын шыңдап қалыптастырады.