Ұлт бірлігінің негізі — мемлекеттік тіл

Куленбаева Айбарша Исатаевна

.

.

Өз тілінің сұлулығын сезінбей,

                                                       өзге тілдің сұлулығын сезіну екі талай.

Бауыржан Момышұлы.

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі — оның ана тілі, ұлттық мәдениеті.Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды.

Мемлекеттік тіл — тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез кел-ген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл — адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Тіл — қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі — адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне баста себепкер – ана тілі. Мемлекеттік тілді оқып үйрену Қазақстан халықтарының мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, өзара түсіністіктің орнауының кепілі болуы қажет. Қазақ тілі — әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазіргі уақыт — жаһандану, жаңару ғасырына аяғын алшаң басқан, ақпараттық технология үрдісінің жедел дамып келе жатқан, әдіс- тәсілдеріміздің заманауи талабына қарай жаңарып, жаңа бетбұрыс алған, үлкен міндеттерді жүктейтін кезең десек, артық айтпаған болар едік. Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат — оқушыларға қазақ тілін үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірітердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баруы болып саналады.

Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте                                                          

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте, — дегенде, Қадыр ағамыз қазақтың қара өлеңі арқылы өзінің қадірін емес — керісінше тілінің қадірін, мәртебесін биік ұстауға тырысқан болар, сірә! Иә, тіл — ұлттың келбеті әрі айқын көрінісі. Қоғам, адам дегенің өзгергенімен, тілің мен ұлтың өзгермек емес. Бұл — заңдылық. Тілші ғалым Қ.Сәрсекеевтің айтуынша, «латын әліпбиіне көшу — тарихи маңызы бар зор қадам». Латын әліпбиіне көшкенде біздің ұтатын жақтарымыз Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі  жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, басы артық таңбаларға қатысты емле,ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап,барлық оқу орындарындағы оқыту жеңілдетеді.Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуіне жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне тиімді жағдай туады.Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейту тиімді.

Қазір техниканың тілі дамыған заман екенін білеміз. Әсіресе, латын жазуына көшуге жастардың құлшынысы басым. Студенттерді былай қойғанда, мектеп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Яғни, келешек ұрпақ үшін сол латын әліпбиін меңгеру қиынға соқпайтыны анық. Бұл -қоғамдағы үлкен факторлардың бірі. Келесі фактордыңбірі — ғаламтор арқылы әлемдік акпараттануда еш кедергісіз, еркін және жылдам түрде қазақ тілінің орын алуы. Ал, ол — латын жазуы арқылы іске асатын дүние. Сондықтан, бұл жерде тілші-фонолог мамандаржаңа әліпбиді жасауда информатик-программистердің халықаралықпікірімен санаса отырып, бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана толыққанды және кемшіліксіз әліпби болатыны сөзсіз.  Тіл халықтың рухы, тұтастай кескін келбеті, басшысы. Тіл байлығы әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеру — әрбір Қазақстан азаматына жүктелетін мақсат.Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне,болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап,қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз.

Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде жастарды де саналы етіп тәрбиелеу үшін, ең алдымен, тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-гұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды жастардың санасына сіңіру білуіміз қажет. Осы ұлттық құндылықтарды тіл арқылы оқушы бойына сіңіру — мұғалімдердің басты міндеті. Оған көмектесетін құрал — ол, әрине тіл. Тіл арқылы, сөз арқылы окушылардың ұлттық рухын көтереміз. қоғам болып қолға алып, мәдениетті, тәрбиелі болып жүруді әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері анық. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде.