Мұқағали Мақатаев. «Қайран Қарасазым-ай» лирикасы, «Дариға жүрек» поэмасы

Искакова Гульнара Абубакировна
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы
.
.
Ашық сабақтың мақсаты:
Білімділік: М. Мақатаевтың шығармашылығын толық меңгеру, еңбектерінің мән-мағынасын ашу, әдеби талдау жасау.
Дамытушылық: Студенттердің шығармашылық ізденісін дамытып, өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік: Студенттердің Отанға деген сүйіспеншілгін арттыру, ақынның поэзиясынан рухани тәрбие алу. 
Ашық сабақтың түрі: Жаңа тақырыпты меңгерту сабағы.
Пәнаралық байланыс: тарих, мәнерлеп оқу, музыка.
Әдістері: Интербелсенді әдістері: ойтолғау, миға шабуыл, сұрақ-жауап, жартылай ізденгіштік, көрнекілік, іскерлік ойын.
Көрнекіліктер/ Наглядность: Интерактивті тақта, портреттер, кітап көрмесі, сабаққа қажетті құрал-жабдықта, деректі фильм.
 
САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ
 
  1. Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылармен амандасу, оқушы қатынасын анықтау, оқу құралдарын тексеру. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару. (2мин.)
 
  1. Білім алушылардың білімін тексеру: (20 мин.) (жартылай ізденгіштік әдісі)
  • Зейнолла Қобдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінен түсінік айту.
  • Жазушы мен  М.Әуезов арасындағы ұқсастық.
  • Зейнолла Қабдолов туралы қызықты деректер.
  • Сөзжұмбақ құрастыру.
  • Сұрақтар дайындау.
  1. Жаңа тақырыпты түсіндіру: (30 мин.)
Жоспар
Мұқағали Мақатаев өмірі мен шығармашылығы
«Қайран Қарасазым-ай» лирикасы,
«Дариға жүрек» поэмасы.
  • Релаксация, рефлексия (М. Мақатаевтың портретін қойып, әндерін тыңдау, ойтолғау әдісі)
  • Операциялық-танымдық блогы
Мұғалім сөзі: — Ал, балалар жаңа ғана тамаша ән тыңдап демалып қалдыңыздар. Араларыңызда осы әннің авторын білетіндер немесе портреттен танығандарың бар ма?
(Оқушылардың жауаптары тыңдалады).
 
Бүгінгі өтілетін тақырып та Мұқағали ақынмен байланысты. (М.Мақатаев туралы деректі фильм көрсетіледі)
— Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
— Сені іздеумен мәңгілік өтер едім
— Отқа түсіп өртенсем не етер едің?
— Күл боп бірге соңыңнан кетер едім
— Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
— Жел боп қуып ақыры жетер едім
— Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
— Қойшы сәулем, бәрін де көтеремін!
XX ғасырдың екінші жартысында поэзия әлеміне өзгеше қарқынмен һәм ерекше құбылыс болып келген ақындар шоғыры қазақтың классикалық әдебиетінің үлгісін көрсетті. Олар тың ізденістері арқылы үлкен шығармашылық қадамдарға барып, өзінше бір жеке мектептер қалыптастырды десек, артық айтқанымыз болмас. Қасиетті қара өлеңнің құдіретін ұғып, құнын білген сол буыннның өкілдері қазақ поэзиясын биік бір деңгейге көтерді. Арпалыс пен сан бұралаң соқпақтарға толы әлемге атақты Мұхтар Әуезовтың ақ батасын алып беттеген сол қабырғалы ортаның  ұлы өкілдерінің бірі — Мұқағали Мақатаев. Тәңіртаудың «мұзбалағы»  қазақтың әдеби тілінің шынайылығын жан сала қорғады, өлең сөзін әртүрлі тіл безеуден, бүлінулерден құтқарды, поэзияда тек қана «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірудің» жолдарын нұсқады. Мұқағали – лирик ақын. Лирикада  адам болмысының, ішкі жан дүниесіндегі арпалыстар мен сезім қақтығыстарының түгел көрініс табатыны, жүрек дерті мен көңіл иірімдерінің бейнесі жоғары поэтикалық деңгейде өрнектелетіні аян. Махаббат лирикасы, саяси-азаматтық лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы – осының барлығын Мұқағали жырларынан кезіктіре аласыз. Онда асқан шеберлік пен рухани тазалық, шынайылық жатады. Ақын туған жерінің суретін бейнелеуде, оны әсемдікпен жеткізуде ешкімге ұқсамайтын, ешбір ақынның өлең тармақтарында жолықпайтын өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Адам жаны жай тауып, рахатқа бөленетін табиғат аясында туып-өскен, көк майсасының алабөтен жұпарын сезіп, төбе-белдерінде еркін шапқан әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау, оны жүрек төріндегі орнын көрсету – қадірін түсіне білер ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды.
Тамаша еді жазғы орман,
Құстар сайрап, мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Шыбын-шіркей қаға ма,
Шоршып судан ақ шабақ?!
Таз тырна отыр жағада,
Сыңар аяқ, ақ қабақ.
Елік ертіп лағын,
Еңкейеді суатқа.
Елендетіп құлағын,
Тыншымайды бірақ та.
Көкқұтандар көлбеңдеп,
Көтеріле алмайды.
Жалғыз-жалғыз ербеңдеп,
Көк қояндар заулайды.
Мұздай суын атқылап,
Ақ бастаулар қайнаған.
Тана-торпақ шапқылап,
Оқыранып, ойнаған. …
Тамаша еді жазғы орман:
Тамашалап, мәз болғам,
Қайран Қарасазым-ай!
Үйрек ұшып, қаз қонған!..
Ақынның бұл өлеңінен – Қарасазына деген ұлы сезімнің, жан баласы түсінгісіз сағыныш пен көңілдегі өксіктің анық бейнесін байқай аламыз. Балауса кездегі адалдығынан айнымаған аңқылдақ баланың жүрегінде сақталған тазалық. Адам назарын аударатын және оның тіршілігімен етене байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп екенін білеміз. Адамзат жаралғалы, тіпті одан да бұрын жаратылған заңғар, биік таулар мен шалқыған айдынды көлдер, ширатылған ағынды сулар мен өзендер қай заманда да, қай уақытта да ақын қиялын тербеткен, жан сарайын нұрландырған. Мұқаңның дал махаббаттың барын ұғындырып, ішкі сезім күйін шерткен, бір-бірімен шын ұғысқан қос жүректің жан сырын суреттеуге арналған жырларының бірі – «Махаббат диалогы». — Бұлдырасам сағымдай нетер едің? — Жел боп қуып  ақыры жетер едім… — Қайғы әкелсем басыңа нетер едің? — Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін… Бұл — белгілі бір уақыт пен заңдылықтарға бағынған, бастауы бар, аяғы жоқ алып қашпа романтика емес, ғашықтық пен іңкәрліктің қасиетін түсінген әрбір жастың сүйіспеншілік сыры. Махаббат алауын қатар ұстаған екі қыз бен жігіттің тең соққан жүрегіне жинақталған контрастық ойды сығымдап сыйғызады да, нәзік лириканың салмағы аса ауырлап кетпесі үшін, әр жолға аздаған ғана әзіл бояуын қосады. Сөйтіп ант сияқты, ауыр қабылданар өлеңді әрі жеңіл, әрі мәнді қуаныш жырына, Мәжнүндер маршына айналдырып жеткізеді. Ақынның махаббат жайлы ұстанымының негізі – тұрақтылық. Оның ұғымынша ғашықтық сезім мәңгілік болуы керек. Мұқағали үшін сағыныш — мәңгілік  махаббаттың символы,  ғашығына деген өзгермес бейілдің, айнымас көңілдің белгісі.
4. Жаңа сабақты бекіту: (30 мин.)
Қазір алдарыңыздағы ақпараттың негізінде әрқайсымыз дәптерге хронологиялық кесте құрастырамыз. (тексеріледі) (сұрақ–жауап әдісіқ)
1 сұрақ: Мұқағалидің азан шақырып қойған аты кім?
2 сұрақ: Ақынның алғашқы өлеңдерін атаңыз?
3 сұрақ: Ақын нені жақсы көрді?
4 сұрақ: Мұқағалидің хоббиі?
5 сұрақ: Астың қай түрін жасайтын?
6 сұрақ: Өлеңді қай мезгілдерде көп жазатын?
7 сұрақ: Аударған шығармасы?
8 сұрақ: Ақтық демі шыққанға дейін аузынан нені тастамады?
9 сұрақ: Неше жасында, неден қайтыс болды?
Мұғалім сөзі: Мұқағали Мақатаев 20 ғасырдың таңдаулы ақындарының бірі. Оның қаламынан шыққан Отан, туған жер, табиғат, махаббат туралы лирикалық өлеңдері өз заманында да қазіргі заманда да оқырмандар арасында жоғары бағаланды.
Қазір 2 тапсырма «Қайран, Қарасазым-ай» өлеңі туралы болмақ.
2 –Тапсырма: Өлеңді мәнерлеп оқып, құрылысына қарай талдаңыз.
  1. Авторы:
  2. Тақырыбы:
  3. Жанр түрі:
  4. Идеясы:
  5. Шумақ:
Қалпына келтіру сұрақтары:
  1. Ақынның өмір сүрген жылдары? (1931-1976)
  2. Ақын ауылда қандай пәннен мұғалім болды. (Орыс тілі)
  3. Мұқағали Қазақ радиосында кім болып жұмыс істеді. (диктор)
  4. Ақынның анасының есімі? ( Нағиман Батанқызы)
  5. Ақынның жары? (Лашын)
  6. М.Мақатаев Атындағы мұражайы қайда орналасқан? ( Алматы облысы Қарасаз ауданында)
(Қалпына келтіру тапсырмасын тексеру, дұрыс жауап бергендерді орындарына қайтару)
Мұғалім сөзі: 2- тапсырма тексеріледі.
Балалар, Мұқағалидың мектеп қабырғасынан қандай поэмаларын білесіңдер? (Оқушылардың жауабы тыңдалады). Келесі тапсырма бойынша оқулықпен жұмыс істейді. Дәптерге жазып алады.
Сергіту сәті:
         Енді, бүгін бізге қонаққа келген АЖн топының білімгері Заманова Әсемгүлді ортаға шақырамыз.
3-тапсырма: «Дариға -жүрек» поэмасы кімге арналған, қандай бөлімдерден тұрады, әр бөлімде не туралы айтылған?
3.Рефлексия
түсінікті/ түсініксіз
қажет/ қажетсіз
қызықты/қызықсыз
Бағалау: Бағалау парағы негізінде қорытынды баға шығару. (5 мин)
 
Үй тапсырмасы(3 мин): 
  • М. Мақатаевтың 1 өлеңін жатқа.
  • «Дариға –жүрек» поэмасының мазмұнын айтып келу.
  • М.Мақатаев туралы қызықты деректер жинақтау.
  1. Негізгі әдебиеттер:
    • 11 – сыныптың қазақ әдебиеті оқулығы. Авторы: Р.Бердібай, Р.Нұрғали,   Б.Ыбырайм Алматы қ. «Мектеп» 2014 ж.
    • С. Қирабаев, Ұ. Асыл, т.б. «Қазақ әдебиеті» 11-сынып оқулығы, Алматы: «Мектеп», 2014.
    • З. Ахметов, Ұ. Асыл. «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясы 11-сынып, Алматы: «Мектеп», 2014.
  2. Қосымша әдебиеттер:
    • Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна» ЖШС, 2010 ж.
    • Шыққан «Мұқағали» атты естеліктер кітабы жайлы /Ег.Қаз. 1996-9 ақпан.
    • Қаулынбайұлы Т. «Болашаққа аттанған жырлар» /М.М. өлеңдеріндегі имандылық иірімдері/ Қазақ елі – 1998-6 наурыз. 
    • М.Мақатаев «Әйелдер-ай» өлең Қаз мұғалімі 1998-2 наурыз 
    • М.Мақатаев «Әйелдер-ай» өлең Қазақ елі 1998-6 наурыз 
  1. Электронды әдебиеттер:
  • Электрондық оқу құралдары
  • Мультимедиалық кабинет
  • «Қазақ тілі мен әдебиеті» 5-11 сыныпқа арналған электрондық оқулық
  • Электрондық қор: abai.kz., kazakadebiet.kz., kitaphana.kz.
  • wikipedia.ord\wiki.,  www.tarih-begaliknka.kz