Ақын Мұхтар Шахановтың 75 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш

Сейдахова Даулетгуль Сайлаубековна
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы
.
.
Әдеби-сазды кеш тақырыбы: Ұлт тілін ұлықтаған тарлан ақын.
Кештің мақсаты: Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, жырларының құдіретін сезіну, тіл шұрайын таныту, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге баулу; Адамгершілік, рухани қасиеттерді білімгерлер бойына сіңіру, отансүйгіштік сезімдерін шыңдау;
Кештің көрнекілігі: ақын портреті, ақын туралы лебіздер, слайд, бейнефильмдер, естеліктер, безендірілген сахна.
Кештің барысы: Музыка ойнап тұрады.
1– жүргізуші:
Даласындай дарқан халық ел,
Білгің келсе бізге досым, жақын кел,
Қазақ халқы – Мұхтарымен жазушы
Қазақ халқы – Мұхтарымен ақын ел.
2 – жүргізуші:
Кім еліне Мұқанша сыр ағытты,
Кім Мұқанша бағындырар бағытты
Қазақ халқы — Мұхтарымен Алатау
Қазақ халқы – Мұхтарымен бақытты.
1-жүргізуші: XX ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ поэзиясында өз болмысымен, өз үнімен жарқ етіп танылған М Шаханов –қазақтың біртуар көрнекті ақыны. Асқан талантымен, айбынды ақындығымен, асқақ азаматтығымен ерекшеленген ірі тұлғамызға арналған «Ұлт тілін ұлықтаған тарлан ақын» атты кешімізге қош келдіңіздер. Сөз кезегі қазақ тілі және әдебиетінің оқытушысы Даулеткул Сайлаубекқызына беріледі. Оқытушы М.Шахановтың 75-жылдық мерейтойы туралы қысқаша мәлімет беріп кетеді.
2-жүргізуші: Өз елінің намысын ту қып ұстаған ақын өмірбаянына сөз берсек… Туған жылы: 1942 жыл 2 шілде Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылы Қызмет жолы: Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер; «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші.
1-жүргізуші: Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы; Республикалық «Жалын» журналының бас редакторы; КСРО халық депутаты, КСРО Жоғары Кеңесінің мүшесі, ҚР халық депутаты; Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994ж.) Қазақстанның халық жазушысы (1996ж.)
2-жүргізуші: Мұхтар Шахановтың сынып жетекшісі болған Әбдіқұл Қошанов ақынның мектептегі кезеңін былай деп суреттейді: «Мұхтардың әкесінің аты Шахан еді, ауыл тұрғындары оны «Шахан молда» деп атайтын. Анасының есімі – Ұмсын. Мен ол кезде «Жұлдыз» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінмін. 1954 жылы Мұхтар біздің мектептің 4-сыныбына оқуға келді. Келесі жылы мен сынып жетекшісі болдым. Мұхтар сол кезде-ақ кітапқа құмар еді. Әдебиетті көп оқитын, өлеңдерді жатқа айтатын. Осы балалық шағынан қалған естелікке толы әні- «Гүлдәурен». Бұл ән өз заманында түрлі қисынсыз сылтаулармен тыңдармандарына жол таба алмаған. Мұндағы басты себеп:
«Сездіруге батпадым да,  Бала махаббатымды.
 Терезенің жақтауына, Ойып жаздым атыңды кезінде,- деген өлең жолдары еді. Алайда бүгінде бұл әнді орындаушылар қатары көбеюде, соның бірі бүгін алдарыңызда- Бөрібаева Аружан! Әні мен сөзін жазған Мұхтар Шаханов, «Гүлдәурен» әнін орындайтын Бөрібаева Аружан.
1-жүргізуші: Ақын аға есімінің Мұхтар болуының да өзіндік сыры бар. Өз есімінің Мұхтар қойылуын ақын «Мені неге Мұхтар қойған» өлеңінде былай деп жырлайды… «Мені неге Мұхтар қойған» Мұрат Әуезовке арналған өлеңі. Орындайтын: ІІІ-курс білімгері Марина Жұманова.
2-жүргізуші: Я, өкінішке қарай ұлының Абай, Мұхтар бастаған ұлы көштің соңына ергендігін әкесі көре алмай кетті. Ақын әкесі туралы былай сыр шертеді. Анам он үш құрсақ көтеріпті. Менен басқаларының барлығы көз жұмды. Мен үйдің он екінші баласымын. Анам 1912 жылғы еді. Мені 1942 жылы, яғни 30 жасында дүниеге әкеліпті. Ал менен екі жас кіші інім Махамбет ата-анамның кенжесі болды. Ол 6 жасында абайсызда құлап, сан сүйегі жарылған, ақыры содан о дүниелік боп кетті. Әкем Досболов Шахан 9 жасымда қайтыс болды. Арғы-бергі тарихтан үлкен деңгейде хабардар, білімді, ескіше оқыған, молдалығы бар адам еді. Небір дастандарды, ертегілерді құлағыма құйып отырды. Ақынның осындай өмір жолдарынан сыр шертетін ән: «Өмір-өзен». Сөзін жазған: Мұхтар Шаханов. ал әні Шәмші Қалдаяқовтікі. Орындайтын: 4 курс білімгері Қыдыралиева Айнақыз.
2-жүргізуші: Осы «Бақыт» деген не өзі ?
1-жүргізуші:
Бақыт деген –сенің бала күндерің
Бақытсыз –ақ бақытты боп жүргенің
Бақытын да, басқасын да білмеуің
Бақытсыз-ақ ойнағаның-күлгенің- деп Мұқағали атамыз айтқандай, осы отырғанымыздың өзі бақыт емес пе ? Ал Мұхтар ағаның бақыты неде екен ?
«Бақыт геометриясы» оқитын 3 курс білімгері- Айтқазиева Сымбат.
1-жүргізуші : «Достық- шын мәнінде махаббатпен тең тұратын талант. Ол ерекше қабілетті, ерекше талантты, ерекше жанкештілікті талап етеді. Өйткені досқа осалдық еткен адамдардың барлығы басқа мәселеде де осалдық етеді деп есептеген» ақын. Келесі тамашалайтындарыңыз «Шың басындағы оқиға» драмалық қойылым.
2-жүргізуші: «Олжас Сүлейменов -біздің халқымыздың дара перзенті, ұлы ақыны. Кеңестік — тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде ол ядролық сынақтарға қарсы батыл үн қосып, «Невада- Семей» қозғалысын құрды. Оның алдында «АЗ и Я» ктабымен ұлтымыз дың рухын көтерді, ол еңбектерін ешкім де жоққа шығара алмайды.»-дейді Мұхтар Шаханов. Олжас Сүлейменовке арнаған мына өлең ақынның достықты қадірлей білетіндігіннің айғағы іспеттес. «Біз қазақтың екі ақыныз» өлеңі, оқитын Иманалиева Асем 1-курс білімгері. 
1-жүргізуші:
Асыл жарым, жайнаған жасыл бағым
Бағаласаң бақытыңмын, сағынсаң қасыңдамын
Арманды дара қумаймыз, құстың қос қанатындаймыз
Жүректе от жанып, тауларды бетке алып
Бірге ұшып барамыз болашаққа
Мына ән шумақтары бәрімізге де таныс болар, Бұл әннің сөзін жазған Мұхтар Шаханов екенін көбіміз біле бермеуіміз мүмкін. Әр өлең жолынан сүйген жардың ерке назы мен сүйгеніне деген адал сезімі шуақ болып есіп тұрғандай…. Ән «Жұбайлар жыры» орындайтын тағы да әнші қызымыз Қыдыралиева Айнақыз.
2-жүргізуші: «1989 жылы, 22-ші қарашада Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінде тіл мәселесі қаралды. Бұрынғы түскен ұсыныстарға орай екі тілді бірдей дауысқа салды. Орыс тілі мен қазақ тілін мемлекеттік тіл қатарына енгізу туралы. Сөйтіп бұл ұсыныс өтіп кетті. Шала қазақтардың барлығы қуанып, бірін-бірі құшақтап, сүйісіп жатты.
Сол кезде мен қайта шықтым. Бізден басқа республикалардың барлығы өздерінің тілін мемлекеттік тіл жасады. «Біз тоқалдан тудық па? Бұл не деген масқара? Бүкіл елді көтереміз, мұның соңы екінші Желтоқсанға әкеліп соғуы мүмкін» — дегенімде билік басындағылардың көбісі тіксініп қалған. Содан кейін қазіргі елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шығып, «Шахановтың ұсынысын қайтадан дауысқа салайық» – деп Мұхтар ағамыз сол заманды қинала да мақтана да еске алады. Ұлт үшін бұл – Нөмірі бірінші мәселе. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ақын туған тілінің тағдырына алаңдайды. Оның бір топ өлеңдері осы тақырыпқа арналған.  «Рух пен тіл» өлеңі, оқитын Иманов Рамазан  1-курс білімгері. «Отан» оқитын 3-курс білімгері Таубек Жарқынай. «Төрт ана» оқитын Шукралиева Қымбат 1-курс білімгері .
1-жүргізуші: Ақын болу дегеніміз – тек қана өлең құрастырушы емес, мүлде басқа міндет екен. Ақын болу дегеніміз – бірінші кезекте өзіңді туған халықтың парасат биігін меңгеру, оның жеңілісі мен жеңісін, ғасырдың жаңбыры шайып, күні қақтаған жалаулы дәстүрін, қалаулы әдеп-ибасын, алаулы достық-махаббатын өз жүрегіңнің елегінен өткізу. Өз халқыңның қайғы-қуанышын тек өз қайғы –қуанышым деп таныған шақтан бастап қана ақындық өнерге бет бұрады екенсің. Өйткені, « Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын, оның тартар азабы да соншама», -дейді ақын. Келесі сөзді ақын поэзиясындағы ұлттық жігерлендіру, күш қайратын асыру тақырыбына береміз. «Жігерлендіру»  өлеңі оқитын Тілепбаева Жаннұр 1-курс білімгері. «Мәңгүрттенбеу марселезасы» оқитын 2курс білімгері Хожанепесова Айгерім
2-жүргізуші: Мұхтар Шаханов — өз әріптестерінің арасында да өте жоғары бағаға ие болған ақын. Ол туралы лебіздердіі тыңдасақ! Слайд арқылы.
1- Мұхтар Шаханов — өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қояр мекен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін. Расул Ғамзатов
2- Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еуропада Шахановқа тең келер ақын жоқ. Роберто Чиули
3- Ол – жаңаша ойлау дүниесінің өрені. Менің пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгінге дейін күллі Азия әдебиетінде болған жоқ… Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын XX ғасыр мен XXI ғасыр аралығында бой көрсетуі керек –ақ еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз. Шыңғыс Айтматов
 4- Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етудi жазсын. Джон ЭШБЕРИ
1-жүргізуші : Анам марқұм Ұмсын Айтбайқызы «Неше перзентіңіз бар?» — деп сұрағандарға: «Ұлым үшеу, үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов» — дер еді.Бірде үйде қонақта отырғанда Дінмұхаммед Қонаев: «Жеңеше, қазақтың үш мықтысын дүниеге бір өзіңіз әкелген екенсіз ғой», — деп әзілдегенде, «Екеуінің мықты екені рас, ал үшіншісінің шынайы биікке көтерілуі үшін әлі көп тер төгуіне тура келеді», — деп жауап бергені есімде қалыпты. Анам Шәкеңді де, Төкеңді де өзгеше аналық парасатпен жақсы көрді. Ол екеуі де анам дегенде ішкен асын жерге қоярдай құрметінен танған емес. Келесі тыңдайтын әндеріңіз Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған «Ақ бантик» әні, орындайтын Қапарова Үміт.
1-жүргізуші: Я, ақынның көптеген әндерін қазақтың «Вальс королі» атанған Шәмшідей композиторсыз елестету мүмкін емес. Сөзін Шаханов жазса, ал әні жазған Шәмшінің өзі. Ол әндер: «Арыс жағасында», «Әке туралы ән», «Кешікпей кел деп ең», «Туған күн кешінде» тағысы тағы бар. Сіздермен кішігірім ойын жүргізейік!  Әу демейтін қазақ жоқ, сол себепті осы әндердің ішінен қалаған әннің бір шумағын орындау ойны.
2-жүргізуші:
Ән туады мұраттан, ой туады сұрақтан,
Небір үлкен өзендер басталады бұлақтан.
Бірақ соның барлығы жете алмайды теңізге,
Жоғалтады өзді-өзін, түседі де көп ізге.
Өмірде өзімізді жоғалтып алмай, арманның биік асуларынан көріне берейік деген тілекпен бүгінгі М.Шаханов шығармашылығына арналған әдеби — сазды кешімізді аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!