Мәтін – оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастырудағы ресурс көзі

Атеева Аида Зейноллақызы

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

.

.

Оқу сауаттылығы – коммуникативтік дағдының маңызды бір түрі. «Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау» бағдарламасы бойынша (PISA) енгізілген термин. [1].

«Оқу сауаттылығы» адам баласының қоғам өміріне араласу үшін жазба мәтіндерді түсініп және оған рефлексия жасай білуін, оның мазмұнын өз мақсаттарына пайдалана алуын, білімі мен мүмкіндіктерін дамытуын білдіреді [2].

Оқу бағдарламасы бойынша қазақ тілін оқыту коммуникативтік тәсілге негізделгені белгілі. Бұл тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым дағдыларын қатар дамыту дегенді білдіреді. Оның ішінде, оқылым дағдысын қалыптастыру барысында қоғамдық өмірге араласу үшін оқушылардан мәтінді түсініп оқу және кері байланыс жасау, оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін мәтін мазмұнын пайдалана білу, қалыптастырған білімі мен қабілетін дамытуы күтіледі.

       Оқушылардың оқу сауаттылығын, оның ішінде фунционалдық оқу сауаттылығын арттыруда мәтіндік оқудың маңызы зор. Мәтін – оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруда маңызды ресурс. Мәтіндік оқу – функционалды оқу сауаттылығын дамытуда оның ішінде, жоғары ойлау (салыстыру, талдау, бағалау т. б.) деңгейлерін, сыни ойлау дағдыларын дамытады. Оқушылардың оқылым барысында когнитивті үдерісі іске қосылады. Атап айтсақ,  

  • әртүрлі мәтіндердің мазмұнына интерпретация жасай біледі;
  • мәтіннен алған ақпараттарды өмірлік жағдаяттарда қолдана біледі;
  • ақпараттарды талдай біледі;
  • материалды бірнеше бөлікке бөліп, олардың арасындағы байланысты түсінеді;
  • әртүрлі мәтіннен алған ақпараттарды жинақтай біледі (синтез);
  • мәтінге қорытынды жасайды;
  • тыңдалған/оқылған ақпаратқа баға береді.

           Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру үшін қандай мәтіндерді таңдау қажет?

           Мәтінді оқу – адам баласының қазіргі қоршаған әлемде ақпаратты тани білудегі сан қырлы қабілеті. Шындығында, мәтін – кез келген объективті шындықтың жазбаша көрінісі.

    Халықаралық білім беру үдерісінде мәтін түрлері бойынша ортақ жүйе жоқ. Белгілі бір мәтінде мәтін түрлерінің барлық белгілері кездесуі мүмкін.

     Функционалды сауаттылық үшін мәтіннің мынадай жалпы белгілері маңызды болып саналады:

  • ойдың байланыстылығы және жүйелілігі;
  • аутенттілігі, фактілерге құрылуы (ғылыми, ресми және басқа мәтіндер) және ойдан шығарылуы;
  • көркемдігі (көркем әдеби, публицистикалық және басқа мәтіндер);
  • тұтас және аралас мәтіндер.

Функционалды сауаттылықты қалыптастыруға арналған тапсырмаларда оқушылардың мәтін стилі мен жанрларын, түрлерін ажырата білуін (білімін) тексеру міндеті қойылмайды. [3].  Оқу сауаттылығының негізгі міндеті шынайы өмірде кездесетін мәтіндермен танысу барысында оқушылардың ой елегінен өткізіп оқуы және кері байланыс жасай білуіне мүмкіндік беру.

Шынайы өмірде кездесетін мәтіндер қандай болуы керек? Осы тұста мәтіндерді құрылымы мен мазмұнына қарай бірнеше түрлерге бөлуге болады:

  • Сипаттау мәтіні: қандай да бір заттың немесе нысанның белгілері мен қасиеттерін сипаттайтын ақпараттық мәтін. Сипаттау мәтіні «қандай?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, каталог, жолсілтемедегі белгілі бір жердің сипаттамасы немесе қандай да бір затты/нәрсені қолдануға қатысты сипаттама.
  • Әңгімелеу мәтіні: белгілі бір уақытқа тәуелді нысандар туралы ақпараттық мәтіндер. Әңгімелеу мәтіндері «қайда?», «қай?» немесе «қандай тәртіппен?» деген сауалдарға жауап береді. Ұсынылатын мысалдар қатарына есеп, жаңалық, романдар, әңгімелер мен пьесалар енеді.
  • Пайымдау (ойталқы) мәтіні: тұжырымдамалар мен ұсыныстар арасындағы байланысты көрсететін мәтіндер. Мұндай типтегі мәтіндер негіздеу және сендіру мақсатымен жазылады, сондықтан «неге?» деген сауалға жауап табуға болады. Олардың ішкі құрылымы көзқарастар мен пікірлерге негізделеді. Мұндай мәтіндерге редакцияға жазылған хаттар, постерлік жарнамалар, онлайн-форумдағы жарияланымдар, фильмдер немесе кітапқа арналған пікірлер жатады.
  • Мазмұндау: түрлі элементтердің өзара байланысын түсіндіретін және «қалай?» деген сұраққа жауап беретін мәтіндер. Оларға ғылыми эсселер, диаграммалар мен трендтік даму сызбалары не онлайн-энциклопедиялардың жазбалары үшін дайындалған концептуалды карталар жатады.
  • Эпистолярлық (келісім, мәміле) мәтін: қандай да бір мақсатқа қол жеткізуге бағытталған мәтін болып табылады, мәтін мазмұнында белгілі бір әрекетті орындауды өтіну, кездесу ұйымдастыру немесе бір-бірімен әлеуметтік қарым-қатынасқа түсуге ұмтылыс жасау қамтылады. Мысал ретінде хат, электронды хат пен хабарлама (sms) мәтіндерін атауға болады.
  • Нұсқаулық: не істеу және қалай жүзеге асыру керектігіне нұсқау беретін мәтін. Оған тағам рецептілері мен алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін нұсқайтын суреттер топтамасы немесе бағдарламалармен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша ұсыныстар жатады.

Жоғарыда, мен оқу сауаттылығын арттыруда мәтіннің формалары мен мазмұндық түрлеріне тоқталдым. Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарлама бойынша оқушылардың оқу сауаттылығын, оның ішінде фунционалдық оқу сауаттылығын дамытуға арналған тапсырмаларды құрастыру жұмыстарын жүргізудемін. Алдағы уақытта мәтіннің түрлері бойынша оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым деңгейлерін қамтитын тапсырмаларды ұсынамын. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқу сауаттылығына арналған тапсырмаларымның бір үлгілік тапсырма түрін төменде ұсынамын:

 

МӘТІН МАЗМҰНЫНА ЖАЛПЫ ШОЛУ ЖАСАУ ЖӘНЕ ТҰТАС МАҒЫНАНЫ ТҮСІНУ

 

1-мәтін

Берілген мәтін ғаламтордан алынған. (https://www.kanapiya.ru/velodorozhki-v-astane/). Мәтінді мұқият оқып, тапсырманы орында.

Астана веложолы

Кеше сенбі күні Астана веложолы туралы бейнешолу жасадым. Сонымен бірге ғаламтордан «Астана веложолы» деп іздеу кезінде бірден табылатындай мәтіндік жазба жазу керек деп шештім.

Соңғы кездері қала тұрғындарының спортпен айналысып, жүгіріп, велосипедпен жүре бастағанын байқадым. Қалада триатлондар мен марафондар көптеп ұйымдастырыла бастады. Астана тұрғыны ретінде бұл мені қуантады. Өзім де Астананың жаңа веложолын байқап көріп, бұл туралы не ойлайтынымды жазамын деп шештім.

 

Велосипедшілерге арналған инфрақұрылым

Соңғы жылдары елордада велосипедшілер үшін инфрақұрылым дамып, веложолдар саны арта бастады. Мен Есіл өзенінің жағалауындағы екі жолақты веложолды барып көрдім. Онда велосипедпен кетіп бара жатып қоқыс тастауға қолайлы жәшіктер, сонымен қатар  ұялы телефонды қуаттауға арналған күн батареялы орындықтар қойылған.

 

Менің жолым

Мен Кенесары көшесіндегі автобустарға арналған жолаққа түсіп, орталық саябаққа дейін бардым. Жаяу жүргіншілерге арналған ескі көпірден өткеннен кейін оң жақта веложол басталады, осы жолмен «Даулет» теннис орталығына дейін жүріп отырып, сол жақтағы өзен жағасымен Ақордаға жетіп, кейін қайттым.

 

Астана веложолының картасы

Қазіргі уақытта Яндекс-те де, 2ГИС-те де Астана веложолы карталары жоқ. Google Maps-те функционал болғанымен, карталар әлі құрылмаған. Егер сұраныс болса, олар осы карталарды жасайды деп ойлаймын.

 

Бейнешолу: Астана веложолдары

Кейбір адамдар бейне контентті жақсы қабылдайтындықтан, осы тақырыпта бейнешолу жасадым. Бірден өз қателерімді атап кетсем, бейнематериал тігінен түсірілген, дыбыстық сапасы нашар. Бірінші рет түсіргенге жарайды деп есептеймін. Келешекте техникалық құрал жақсы болса, сапалы бейнематериал жасау ойда бар. Әзірше бейнешолуды қабыл алыңыздар. Жалпы алғанда, Астана веложолы тақырыбын аша алдым деген пікірдемін. Сондай-ақ велосипедшілерге арналған құралдар дүкендерінің сілтемесін беріп отырмын.

10-тапсырма. Берілген мәтіннің басты тақырыбын анықта.

  1. Астанадағы велоспорт инфрақұрылымы
  2. Астанадағы велосипед бизнесі
  3. Астана веложолы

 

11-тапсырма. Берілген мәтіннің мақсаты (міндеті) мен көзделген аудиториясын анықта.

  1. әуесқой велосипедшілерді Астана веложолымен таныстыру
  2. әуесқой велосипедшілер арасында велоспортты насихаттау
  3. әуесқой велоспортшыларға арналған құралдарды жарнамалау

 

12-тапсырма. Автор неліктен өз жазбасының соңында веложолға арналған бейнешолу ұсынды?

  1. Бейнешолу барлық оқырман үшін қызықты емес
  2. Автор бейнешолу емес, мәтіндік жазба жазғысы келді
  3. Оқырмандардың барлығының бірдей бейнешолуды көруге мүмкіндігі жоқ.

 

Соңғы зерттеулер 9-10-сыныпта оқитын қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығы әлемдік стандарт деңгейінен айтарлықтай төмен екендігін көрсетеді. Әрбір үшінші 15 жастағы жасөспірім оқулық мәтінін оқу кезінде ақпаратты өздігінен түсіне алмайтыны секілді өзекті мәселелерге ие. Қазіргі таңда, жаңартылған оқу бағдарламасының талабы бойынша мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын дамыту маңызды рөл атқарады. Педагог маман ретінде, оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған авторлық бағдарлама  дайындау жұмыстарын жүргізудемін. Жоғарыда көрсеткендей, авторлық бағдарламада үлгілік тапсырмалар мен әр мәтінді оқыту әдістемесі кеңінен қамтылып қарастырылады. Алдағы уақытта, нәтиежелі бағдарлама жұмысының қорытындысымен бөлісемін.

 

Ресурстар:

  1. Международная программа PISA 2000. – М.: Центр оценки качества образования ИОСО РАО, 2003, с. 8
  2. «Основные результаты международного исследования PISA-2015», 2017 год: Национальный отчет/С.Ирсалиев, А.Култуманова, Е.Сабырұлы, М.Аманғазы – Астана: АО «Информационно-аналитический центр», 2017 – 241 стр.
  3. 10 крутых сайтов для создания собственных комиксов// URL: https://cameralabs.org/7478-10-krutykh-sajtov-dlya-sozdaniya-sobstvennykh-komiksov
  4. http://slovesnic.ru/attachments/article/303/frrozhdest.pdf
  5. PISA Test Questions// URL: http://www.oecd.org/pisa/pisaproducts/pisa-test-questions.htm
  6. Understanding the task// URL: http://www.uefap.com/prepare/task/taskfram.htm