Мария Монтессоридің баланы ерте дамыту әдістемесі

Нуртаева Кымбат Нурислямовна
Жеке пәндер оқытушысы
.
.
Бүгінде балабақшада балаларды дамытудың сан түрлі әдістері қолданылуда. Алайда, қазақстандық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балаларды ерте дамытудың тиімді әдістемелерінің бірі ретінде Монтессори жүйесіне де назар аударылып отыр. Бұл жүйені ХХ ғасырда италиялық ғалым Мария Монтессори баланы бақылай отырып жасады.
Мария Монтессори  1870  жылы  Италияның Кьяравалле атты  қаласында дүниеге келген. Отбасында жалғыз бала болып өсті. Оның әкесі – жоғары дәрежеге ие болған мемлекет  қызметкері, ал анасы – бұрыннан атақты итальяндық Стопани тегіне жатқан. Марияға оқу жеңіл тиді, 13 жасында қыз балалар оқымайтын техникалық лицейге қабылданды. Бұл жеңісін алған соң ол енді әйел теңсіздігіне қарамастан армандарын іске асырмақ еді. Өз елінде алғаш әйел – дәрігер атанды. Бірақ Марияға ақыл есі кем балаларды емдеуге тура келді. Кейін бұл балалардың жағдайы Марияны жаңа ашылыстар жасауға құлшындырды. Мария ақыл есі кем балаларға арналған арнайы ұйым ашты. Ол Рим университетінің тәжірибелік Институтында зерттеулер жүргізген болатын. Соның нәтижесінде Римде 1900 жылы ортофрениялық мектепті ашты. Бұл Еуропа бойынша алғаш рет кемтар балаларға арналған мектеп еді. Келген балалардың көбі дұрыс сөйлей алмайтындықтан, Мария Монтессори жаттығуларды жүйелі түрде ұйымдастырды, бұл жаттығулар  сөйлеуді саусақтың ұсақ моторикасына арналған тапсырмалар арқылы дамытты. Бұндай балалар педагог түсіндіргенін қиын түсінгендіктен, оларға арналған сенсорикалық кітаптар шығарылды. Мұндай жұмыстың нәтижесіне барлық адамдар да таң қалды, жаңағы кемтар балалар қалыпты балалардан ерте дамып кетті. Олар оқуды да, жазуды да ертерек меңгерді. 1907 жылы бұндай принциптерге негізделген тағы бір мектеп Рим қаласында ашылды, бірақ бұнда дамуы қалыпты балалар оқытылды. Бұл мектептің табалдырығын аттап кірген олар өздерін ыңғайлы сезінді. Себебі барлық жағдай бала жасына, яғни олардың бойына, жеке ерекшеліктеріне сай орнатылғанды. Мария әр жастағы балалардың ерекшеліктерін бақылап жүрді және дидактикалық материалдарды балалардың жасына сай жасаған болатын. Жасаған дидактикалық материалдарын тексеріп, 70 пайызын қолданыстан шығарып, ең жақсы нәтижелер көрсеткендерін ғана қолданысқа жіберетін. Сондықтан да Марияның бұндай жұмысын «Монтессоридің алтын жинағы» деп атап кетті. 1909 жылы Монтессори әдісі әйгілі болып, оқыту жүйесіне енгізіле бастады. Көптеген педагогтар түрлі елдерден келіп тәжірибемен танысты, Мария өзі де шет елдерде өз методикасы жайлы лекциялар өткізді. Бұл лекциялар керемет сұранысқа  ие болды. 1929 жылы Монтессори «Халықаралық Монтессори-ассоциациясын» құрған. Ол осы күнге дейін сақталған. Бүгінде Мария Монтессоридың методикасы барлық елге танымал, Еуропа елдерінің оқыту жүйесінде қолданыста. Қазір Монтессори балабақшалары балаларды туғаннан бастап қабылдайды деуге де болады, жалпы 2 айдан 16 айға дейін, 16 айдан 3 жасқа дейін, 3 жастан 6 жасқа дейін балаларды қабылдайды.
Енді осы Монтессори әдісі туралы тереңірек айтатын болсақ, ғалым зерттеу кезінде баланың дамуы үшін оған еркіндік беру керектігін ұсынды. М. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады.
Бұл әдістің мақсаты — балалардың табиғи мінезін, қабілетін, тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тәуелсіздік рухында тәрбиелеу. «Өзімнің жасауыма мүмкіндік бер» дейді мұндағы бала. Балаларға дауыстап сөйлеу бұл әдісте мүлдем жоқ. Ұйымдастырушысы балаларға әр сала жайлы қызықтыра мағлұмат береді. Балалардың жас ерекшеліктері әр түрлі, 3 пен 6 жас бірге өз қалауларымен жұмыс жасайды. Бұл осы жастағылардың қабілетін ашуға, үлкеннің кішіге мейірім, қамқорлығын сезінуге мүмкіндік берері сөзсіз. Қай салада жұмыс жасау бала қалауында: зертханада, жаратылыстану, аспан әлемі, асхана, қолөнер, бейнелеу, сумен, т. б. Еркін жұмыс жасау барысында бала өз жетістігін өзі көріп, қатесін де өзі жөндеуі — ішкі дүниесін тәртіпке баулып, жеке адамгершілік қасиеттерін дамытады. Пайдаланған заттардың ең басында қалай тұрғанын бақылаған бала жұмыс аяғында тап солай жинастырып, тазартып қояды. Мария Монтессоридің айтуынша, үлкендер балаларды ештеңеге үйретпейді, керісінше үнемі балаларға ұрысумен болады. Мысалы, ата — аналардың баласының шайды төгіп алғанына немесе кесені сындырып алғанына ұрыспауы екіталай. Ата — аналар бұған дейін кесені үстелдің шетінен алыстау қою керектігін өздері түсіндірмейді. Бұл жердегі қате пікір: ата — ананың түсіндіруінсіз бала өз бетімен осы жағдайды білуі керек.
Мария Монтессоридің пікірінше, бала өзін қоршаған әлемді  өзі танып білгісі, өзі игергісі келеді, сол үшін ізденеді. Баланы жазалауға немесе мадақтауға болмайды, тек дәл уақытында оған қажетті жағдайларды тудыру керек. Монтессоридің ойынша оқыту —  ол:
  • Дамытушы ортаны қалыптастыру;
  • Балалармен бірге бірнеше анық және қарапайым тапсырмаларды орындау;
  • Іс-әрекетке бала қажет етпеген жағдайда және оның өтінішінсіз араласпау, тек қана балалардың іс-әрекетін бақылау;
Монтессори жүйесіндегі барлық оқыту бағдарламасын бала өз бойына өзі қалыптастырады. Әртүрлі заттар, қолдан жасалған қарапайым құралдар әрқашан қолжетімді болып саналады. Бала ол заттармен және құралдармен өзі қалағанша жұмыс істейді. Осылай бала өзінің оқуына деген тәуелсіздігі мен жауапкершілігі қалыптасады.
«Дамытушы орта» деген не? Мұндай ортада кездейсоқ немесе артық зат болмауы керек, барлығы алдын ала ойластырылған болуы тиіс. Дамытушы ортаны құру үшін арнайы дидактикалық материалдар мен құралдар маңызды.
  1. Дидактикалық материалдар арқылы өз бетінше жұмыс жасау арқылы бала өзінің алдына нақты мақсат қояды.
  2. Әртүрлі тапсырмаларды орындауда тәжірибелік дағдысы қалыптасады.
  3. Ол өзінің қателерін табуды және оны түзетуді үйренеді.
Алдын ала ойластырылып дайындалған дамытушы орта баланың жан — жақты дамуына мүмкіндік тудырады.
Монтессори бөлмесіндегі ойыншықтар әр сала бойынша қызықты мағлұмат береді. Яғни, баланы 3 жасынан бастап болашақ мамандығын таңдауға дағдыландыру. Бұл жүйе бойынша жұмыс жасаған балалар өз бетінше дербес әрекет етуге үйренеді, жауапкершілігі артады, өзіне талап қоюшылық сезімі қалыптасады, өзін-өзі тәрбиелеуге деген өмірлік дағдыға бейімделеді. Балаға барлығын дайын түрде бергенше, өзі тұжырым жасауына және өзі жаңалықтар ашуына көмектесу керек.  Монтессоридің айтуынша, егер бала тәжірибе барысында мысалы, бір бөтелкеге барлық нәрсе сыймайтынына көзі жетсе, келесіде ол сіздің көмегіңізсіз және қайталап айтуыңызды қажет етпей тұжырым жасайды, яғни заттың көлемі үлкен және кіші болатынын біледі.
Әр түрлі пішіндегі, мөлшердегі  заттармен ойындар ойнау арқылы баланың ұсақ моторикасын дамытады.  Бұл өз алдына психологиялық жетілуіне  және зиятының дамуына мүмкіндік туғызады.
Монтессори жүйесі бойынша бүлдіршіндер бастауыш сынып бағдарламасының 30 % — ын меңгеріп алады. Үш тілді жетік меңгеріп, көбейту кестесін жатқа айтады. Ахмет Байтұрсынов: «Білім беруді кешенді тұрғыдан ұйымдастыру өте тиімді, яғни білімді жүйелеп, бір мазмұнға кіріктіріп беру өте маңызды әрі пайдалы» деп айтқан. Монтессори жүйесінде де осы әдіс сақталады.
Монтессори жүйесі оң нәтижесін беріп келеді. Болашақта Монтессори бөлмелері еліміздің барлық балабақшаларында ашылуы жоспарланып отыр.
Әр жаңалықтың қалыпты жүйеге енуі үшін, ол талай сыннан өтуі қажет. Монтессори методикасын да осылай сынаған. Кейбірі «Монтессори – бұл секта» – деп айтып, жасанды ортаны орнату балаға кері әсер тигізеді және бұл методика сау балаларға емес кемтар балаларға арналған деп айтатындар да болған. Бұндай ойлар 80 жыл бұрын қалай болса, әлі осы күнге дейін сақталған.
Алғашқыда Монтессори әдісі ақыл-есі кем балаларға қолданылғанымен, зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша, бұл әдіс сау балаларға  одан да жақсы, оң нәтиже беретіні сөзсіз. Себебі, балалардың осындай ортада тәрбиеленуі олардың бойында жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады. Бала үлкендердің, яғни ата-анасының немесе тәрбиешінің көмегін қажет етпей өзіне қызмет көрсетуге дағдыланады.