Медицина саласындағы дене шынықтыру

Ахишев Р.И.

Дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы

.

.

  «Бірінші байлық —  денсаулық»  деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған.  Адам баласы  денсаулықтың  қадірін  түсіне  бермейді. Сондықтан да болар денсаулығымызға  аса  көп  көңіл  бөлмейміз.  Денсаулық — тән, рухани және әлеуметтік  игіліктің  жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау — бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз.

    Қазіргі кезде біз денсаулығымызға  көп  көңіл  бөліп, денсаулығымызды нығайта түсуге тырысуымыз қажет .Ол  үшін  бізге  салауатты өмір салтын  ұстану ғана көмектесе алатыны анық.  Ал спорт- салауатты өмірдің айырылмас, ең маңызды бөлігі. Демек спортсыз  денемізді  шынықтырып,  денсаулығымызды  нығайту  мүмкін  емес. Әрине, денсаулығымызды сақтау үшін  спортпен  айналысу  ғана  жеткіліксіз. Денсаулығымызға  зиян келтіретін жаман әдеттер де бар. Нашақорлық, темекі, ішімдік т.б. Осы жаман  әдеттерден  арылу  да  салауатты  өмір  салтының  бір  бөлігі, яғни денсаулығымызды  сақтауда  комектеседі. Біз , яғни  дене  тәрбиесінің  оқытушылары, осы  мәселелерді  жан-жақты  қарастыруға тырысамыз.

 XXI ғасыр–ақпараттардың  аса  молдығы  бойынша  бұрын — соңды  болмаған  ғасыр. Біз  балаларға  денсаулықты  сақтау, түрлі аурулардың алдын-алу, салауатты  өмір  салты  туралы  көп  айтып  жүрміз.

Ал,  бұл  мәселелерді  шешу  балалар  денсаулығын  сақтау, оның  ішінде дене  тәрбиесі, психологиялық  тұрақтылықты  арттыру, орынды  тамақтану және  көптеген  басқа  мәселелер бойынша маңызды жұмыстарды қажет етеді. Оқытушылардың   алдында  білімгерлерге  білім  берумен  қатар олардың  дені  сау, дене  бітімінің  дұрыс  жетілуін  қадағалау  міндеті тұр. Бүгінгі  алдымызда  отырған  білімгер — ертеңгі еліміздің  экономикалық қуатын, мәдени  және  рухани  байлығын  жақсартуға ықпал  ететін жеке тұлға.

  Дене тәрбиесі тек білім ордасындағы  дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан  тыс  денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі. Қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын  нығайтумен  қоса,  тұлға бойындағы  биологиялық-психологиялық  қажеттіліктердің  жан-жақты  жетілуіне,  өмірге  деген белсенділігі  мен  ізгілікті  қатынастарын  дамытуға  бағытталған.

  Спортпен шұғылданған баланың денсаулығы мықты, өзі әлді, төзімді, икемді, әрі нәтижелі болады. Еліміздің келешегін жалғастыратын жігерлі, білімді азамат болып шығады.