Мен — заманауи оқытушымын

Каптагаева Жулдыз Дилмухаметовна,

Бақытжанова Райгүл Бақытжанқызы

Арнайы пәндер және физика пәндер оқытушылары

.

.

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.  
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,  
Ұстаз болу – адамның асылдығы

         Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкірт жандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық — ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.   Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.

         Мен білім беру саласында 9 жылдан аса еңбек етіп келемін. Бұл аз ба, көп пе, бірақ мен үшін ұмытылмас, қызықты жылдарым. Әр бала бір әлем ғой. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін сезінемін. Сондықтан да менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым да өте жоғары. Бүгінгі қоғамның да, қазіргі заман сұранысы дәл осындай.

           Педагог кадрлардың негізгі мақсаты мен міндеттері — сабақ сапасын көтеру, оның түрлерін жетілдірудің жолдарын іздеу, іздене отырып оқушының пәнге қызығушылығын және танымдық ізденімпаздығын арттыру. Осыған орай мектеп өміріндегі өзекті мәселелердің бірі сабақтың жаңаша оқыту түрлерін дамыту болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеуде оның бойындағы туа біткен табиғи мүмкіндіктерін дамыту, бағалау, сенім арту, талап ету арқылы жауапкершілікпен жетілдіруге болатынына еңбек жолымда көзімді жеткіздім.

         Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы, жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты. Өмір ағымына қарай білім беру жүйесінің моделі күрделі өзгерістерге ұшырады. ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі. Жаңа технологияны меңгеру ұстаздың интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, қалыптасуына әсерін тигізеді, әрі өзін — өзі дамытып, оқу — тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

         Қазіргі заман мұғалімі жаңа технологияны меңгеріп, қолданыста кең пайдалана білуі керек. «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқан да оның мұғалімдігі де жойылады» (К. Д. Ушинский).