Мен жастарға сенемін!

Бабашева Меруерт Даулетовна
.
.
Мақсаты: Егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақты туған жерін, елін сүюге, Отанын қорғай білуге тәрбиелеу,педогог,ақын,қайраткер Мағжан Жұмабаев шығармашылығымен таныстыру, балалардың тілін дамытып , сөздік қорларын молайту және есте сақтау қабілеттерін нығайту.
Көрнекіліктер:Мағжан Жұмабаев туралы слайд,гүлдер,шарлар.
Құрметті әріптестер, бүлдіршендер сіздерді Қазақстан халықтарының  тілдері күні  мерекесімен құттықтаймыз! Айтулы мереке қарсаңында тағы бір үлкен мереке — Мағжан Жұмабаев атамыздың 125 жылдық мерейтойы аталып өткелі отыр. Бүгінгі Мағжан Жұмабаев атамыздың туғанына 125 жыл толуына арналған «Мен жастарға сенемін!» атты «Алпамыс» бөбекжайы бүлдіршіндері арасында өткелі отырған  мәнерлеп оқу сайысына қош келдіңіздер.
Бала біткен дос бауыр,
Болмасын еш тосқауыл — деп ортаға сайысқа қатысатын бүлдіршіндерді шақырамыз.( Залға музыка әуенімен кірген балалар еліміздің Әнұранын орындайды).
— Сайысымызды бастамас бұрын әділқазылар алқасымен таныс болайық.
(Әділқазылар алқасы таныстырылады, слайд көрсетіледі)
Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»
Кәусар: «Мен жастарға сенемін!» (Мағжан Жұмабаев)
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты-
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Ерназар:« Туған өлке» (Өтебай Тұрмажанов)
Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем.
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем
Дәрия: « Қарағым» (Мағжан Жұмабаев)
Қарағым,оқу оқы,босқа жүрме!
Ойынға құр қаларсың,көңіл берме,
Оқымай ойын қуған балаларға,
Жолама,шақырса да қасына ерме!
Кідірме,аяңдама,алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.
Ойын: «Шаңырақ»
Жүргізуші:
Жарқыраған айдайсың,
Күлімдеген күндейсің.
Ор киіктей ойнақтап,
Кім бар екен билейтін?- деп ортаға жанкүйер бишілерімізді шақырамыз.
Би: «Қамшы»
Нұрәли: «Жұбату» (Мағжан Жұмабаев)
Күнітайым қайда екен,
Саятайым қайда екен,
Асқар- асқар тауда екен.
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан қанекей?
Жаңа теріп жүр екен!
Айару: «Бөбектің тілегі» (Мағжан Жұмабаев)
Тоқтышағым тоғыз тап,
Саулық қойым сегіз тап,
Сегізін де семіз тап.
Құла бием құлын тап,
Құлын таппа құнан тап.
Бөкен жүнді бөрте ешкім,
Төрт айда бол төрт ешкім,
Төртеуің де бөрте бол.
Өлмей,жітпей,есен боп,
Қой алдында көсем боп,
Төртеуің де серке бол.
Хор: «Елімнің ертеңгі иесі»
Мадина: Сал,сал Білек (Мағжан Жұмабаев)
Сал,сал білек,сал білек,
Балдан тәтті бал білек.
Мектепке бар бір мезгіл,
Әжеңнің тілін ал,білек.
Сал,сал білек,сал білек,
Сабағыңа бар білек.
Қыдыра берме қалтиып,
Етегіңмен қар күреп.
Сал,сал білек,сал білек,
Сұлу талдай тал білек.
Оқып- оқып бір асқан,
Әлім болып қал білек.
Жүргізуші:
Отан – сөнбес күніміз,
Отан-туған жеріміз.
Отан- ортақ үйіміз,
Отан ән мен күйіміз. Ендігі сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.Әділқазылар алқасының шешімімен,Кәріғұл Кәусар — «Жас өнерпаз», Бауыржан Ерназар — «Балабақша мақтанышы»,Мұсылманбекова Мадина — «Белсенді бүлдіршін», Ерғазы Айару — «Көркемсөз шебері», Секербай Нұрәли — «Тәуелсіз елдің бүлдіршіні»,Төлеубай  Дәрия — «Жас талант» номинациялары бойынша марапатталып, мақтау қағаз бен сыйлықтарға ие болады.
Жүргізуші: Бүкіл дүниежүзіне бейбітшілік тілейміз. Тәуелсіздіктің тұғыры биік, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын!