Менің отбасым — сыйластық, жарастық орнаған ортам

Калжанов Ержан Хайруллаевич
.
.
Мақсаты: Ата — ананың бала тәрбиесіндегі қарым — қатынасы туралы түсініктер беру арқылы ата — аналардың білімдерін көтеруге көмектесу.
Барысы:
Психолог: Қош келдіңіздер, құрметті ата — аналар, оқушылар және әріптестер. Бүгінгі біздің отырысымыз ерекше болады деген үмітпен тренингті бастаймыз. Тренингіміздің ерекшелігі сол, тәрбие процесіндегі қиындықтарды біз боп, сіз боп пікірлесе отырып, ойымызды түйіндеп, өмір жолында пайдалану. Олай болса, бүгінгі тренингімізді бастамастан бұрын өздерімізді таныстырып өтейік.
Отбасы — Адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы — адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі.
Бала қанша білім алып, мектеп табалдырығын аттағанымен, оның өмірінің көп бөлігі әке — шешесінің қасында өтеді екен. Ал сіздердің ата — ана, өміріңізде үш рет мектепке баратыныңызды әрқашан естен шығармаңыз. Бірінші рет – өзіңіз, екінші рет – балаңыз, ал үшінші рет – немереңіз барады екен. Ендеше бүгінгі сабағымызға қатысып отырған ата — аналарға әрдайым осы балаларыңыздың қорғаны болып, немере сүйіп мектепке келе беріңіздер демекпіз!
І. Жаттығу. Есімдер аллитерациясы
Мақсаты: Тренингке қатысып отырған ата — аналар мен оқушыларды таныстыру.
Ата — аналарға қойылатын сұрақтар:
— Есіміңіз кім?
— Қандай мағына береді?
Оқушыларға қойылатын сұрақтар:
— Есімің кім?
— Өз атыңыздың алғашқы әріпінен басталатын бойыңыздағы жақсы қасиетті атап өту.
Психолог ата — аналарға арнап сұрақ қояды.
Сұрақ: — Сіз қаншалықты өз балаңызды толық қанды, жақсы білесіз?
Ата — аналардың жауаптары тыңдалады.
Психолог: Олай болса, біз балаларымызды қаншалықты жақсы білетінімізді іс жүзінде тексеріп көрейік.
ІІ. Жаттығу. «Өз балаңызды жақсы білесіз бе?»
Мақсаты: Ата — анамен баланың ортасындағы қарым — қатынасты анықтау.
  1. Балаңыздың жақсы көретін түсі қандай?
  2. Қандай тағамды сүйсініп жейді?
  3. Балаңыздың атын еркелеткенде қалай атайсыз?
  4. Балаңыздың ең жақын досының есімі кім?
  5. Сүйіп оқитын пәні?
  6. Балаңыз мектепте нешінші кабинетте оқиды?
Нұсқау: Берілген сұрақтарға ата — ана да, бала да бірдей жауап жазып отырады. Соңында жазылған жауаптарды өзара сәйкестендіру. Дұрыс сәйкес келген жауапқа бір ұпайдан беріліп отырады.
Қорытынды: Көп ұпай жинап алға шыққан ата — аналарды мадақтау. Ал, аз ұпай жинаған ата — аналарға болашақта балаларымен тығыз байланыста болу керек екеніне ұсыныс беру.
ІІІ. Жаттығу. Шығармашылық жұмыс «Отбасылық құндылық ағашы»
Нұсқау: Үлкен ағаштың суретін салу керек. Бұл сіздің отбасылық құндылық ағашыңыз. Бірнеше берілген отбасылық құндылықтарды ағаштың тамырына, діңіне, бұтақтарына орналастыру. Тамыры сіздің ең негізгі отбасылық құндылық болып есептеледі, ағаштың діңіне орташа құндылықтарды, ал, бұтақтарына отбасыңызға маңызды бірақ, қатты қолданбайтын, көп көңіл аудармайтын құндылықтарды орналастыру керек. Берілген уақыт 7 — 10 минут.
VІ. Қорытындылау. «Тілек шамы»
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
— Міне, қоштасатын да сәт жетті, ата — аналар, оқушылар. Біз сіздермен жанұядағы ата — ана мен балалар арасындағы қарым — қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан — жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя — жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болу үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір — бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір — бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса осы жерде айтып кетулеріңізге болады.
Психологтың қорытынды сөзі
Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата — аналар және оқушылар! Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата — ана мен мектеп. Болашақ десек те, келешек десе де бала — ұрпақ деген мағынаны білдіреді.
Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу.
Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» — демеп пе еді. Осыған орай бүкіл ата — ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата — аналар іс — жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат.
Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік – дөрекілікке, қайырымдылық — қатыгездікке, жомарттық — тоғышарлыққа, адалдық — арамдыққа, парасаттылық — парықсыздыққа ауыспасын деген үлкен үміт тұр.
Өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл — қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуіміз қажет. Бала тәрбиесінде шыдамды болып, өз балаларыңызға жылуыңызды бере біліңіздер! Сіздің өсірген балаларыңыз сіздерді ылғида қуантып, қуанышқа бөлей берсін! – дей отырып, біз сіздермен қоштаспаймыз, келесі кездескенше қош, сау болыңыздар!