Мұқағали-тау тұлғалы талант

Байманасова Гулбану Елеусинбаевна
Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі
.
.
Сабақтың тақырыбы: Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы, өлеңдеріндегі ақындық шеберлігі.
Сабақтың мақсаты: М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық еңбегімен таныстыру.
Сабақтың міндеттері:
Білімділік. Қазақ жырының қара бурасы атанған Мұқағали Мақатаевтың өмірімен және шығармашылығымен таныстыру.
Дамытушылық: Ақиық ақынның жырларымен таныстырып,білімгерлердің поэзия туралы түсініктерін, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту.Білімгерлерді өздігінен іздену арқылы деректермен жұмыс істеуге баулу
Тәрбиелік: Білімгерлерге поэзияны сүйе отырып, сұлулық пен махаббатты тануға, адамгершілік мен мейрімділік қасиеттерін,өнерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Мұқағалидың портреті, слайд, бейне баян, сабақтың эпиграфы.
Сабақтың түрі: семинар сабақ
Пән аралық байланыс: тарих, ән- күй
Сабақтың әдісі: ізденіс сабағы
Сабақтың эпиграфы:
Таудай едің, таудың алып тумасын
Нағыз қазақ едің сөздің турасы.
Қыр басында нағып шөгіп жатырсың,
Ей, өлеңнің буырқанған бурасы.
(Жәркен Бөдешұлы)
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру кезеңі.
а)Амандасу
ә)Түгендеу
б) Білімгерлердің назарын сабаққа аудару.
  1. Үй тапсырмасын тексеру
Мақсаты: Бүгінгі сабақта біз Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысамыз.Біздің сабақ ізденіс сабағы болғандықтан, бұл тақырып алдын ала берілген болатын.Енді осы тақырып бойынша кім қандай мағлұмат жинағанын сабақ барысында білетін боламыз. Сабағымыздың жоспарына келетін болсақ:
1 бөлім«Мұқағали Мақатаевтің өмірбаяны»,
2 бөлім «Мұқағали Мақатаевтің шығармашылығы», 
3 бөлім «Мұқағали Мақатаевтің поэзиясы» міне осы бөлімдер бойынша біз сабағымызды жүргіземіз.
III.Жаңа сабақ.
Білімгерлер, ақын Жәркен Бөдешұлы айтып өткендей қазақ жырының қара бурасы атанған ақын М. Мақатаевтың өткен белестермен шығармаларын ой елегін өткізбекшіміз. Енді білімгерлерге сөз берейік.
  1. Өмірбаяны.Мұқағали Мақатаев 1931 жылдың 9-ақпанында Алматы облысы, Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі соғыста қаза тауып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы болған. Бастауыш сыныпты Қарасазда оқып, орта мектепті аудан орталығы Нарынқолда интернатта оқып бітіреді. Мектепте оқып жүрген кезде ең алғашқы өлеңдерін жаза бастаған болатын.
1948 жылы мектепті жақсы аяқтап, алғаш рет Алматыға шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне түседі. Бірақ өз жағдайы, ауылдағы екі анасы мен қос інісінің жағдайы оны оқудан шығуға мәжбүр етеді. Сөйтіп, ол ауылға қайтып келеді. 1949 жылы Лашын апамызбен өз отбасын құрды. Одан соң дүниеге Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Айбар, Жұлдыз атты ұлдары келді. Ал, Майгүл есімді қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырды. Мұқағали балаларын көргенде майдай еритін. Ол баланы ұстауға да, күтуге де шебер болды. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Төрт перзентінің маңдайынан шертпей өтті. Балалары десе ішкен асын жерге қойды.
Мұқағали ағамыз ауыл мектебінде мұғалім болады. Одан кейін ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол комитетінде болып, 1954 – 1962 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. Кейін 1962 жылы маусым айында Алматыға көшіп келіп, осы жерде өзінің көптеген шығармаларын дүниеге әкелген.
Ал, 1962 – 1972 жылдарда «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1972 – 1973 жылдары Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды.
1948 — 49 жылы филология факультетінде оқыған. Маркс атындағы кеңшарда ауылдық кеңес хатшысы, мектепке мұғалім болды. 1948 жылы орта мектепті бітірісімен, мәдени-ағарту саласында түрлі қызметтер атқарды.Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берді. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып істейді. Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» , «Мәдениет және тұрмыс»,«Жұлдыз» журналдарының редакциясында, қызмет атқарады.Соңғы жылдары ол емханада жатып емделеді,оның екі аяғының нерв жүйелері ұстамаған. Емханада жатып емделетін ақшасы болмай.Түнде емханадан қашып ,бұрынғы әріптестерінен ақша сұрап, ол ақшаға емхананың дәрігерлеріне коньяк, шиколад алып, сол түні қайтады.
Оқытушы сөзі. Өте жақсы енді студенттер сендер осы мағлұматтарды терең меңгеру үшін мына бейне баянға назар айдарайық. (Мұқағали Мақатаевқа арналған деректі фильм)
  1. Шығармашылығы.Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде Мұқағали ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр.Олар: «Армысыңдар достар» ,«Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» , «Аққулар ұйықтағанда»,«Шуағым менің» атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды. “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді.
 Балаларға да арнап көптеген өлеңдер жазған. Осындай өлеңдері «Бәсіре» деген атпен 1981жылы жарық көрді.Ол қазақ радиосында диктор болған.Газет-журналдарда жұмыс істеген.Ол өте көп керемет өлеңдер жазған.Оның өлеңдері туған жер,табиғат туралы.Жастарды елді,табиғатты сүюге,оны аялай білуге үйретеді.
Ақын қай тақырыпты жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады. Мұқағали шығармашылығының негізі «өзін – өзі» зерттеуден тұрады. «Өмірдастан» атты топтамалы талғауында жесір жеңге образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізілген.Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің «Қош, махаббат»,«Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже», әңгімелері,«Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош, махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы»,шығармалары жарық көрді.
Оқытушы сөзі.Өте жақсы енді студенттер осы аталған өлеңдерін Мұқағали Мақатаевтің өз дауысымен оқығанын естиік.
III. Поэзиясы. Мұқағалидың өлеңдерін жыр сүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. Ақын өлеңдеріне 100 –ден астам әндер жазылды. Бұл әндер бүгінде барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Ол әндері «Есіме мен алғайсың» , «Күрең күз», «Сәби болғым келеді», «Құттықтаймын мама, туған күніңмен», «Тоқта балам! (атаң келеді артыңда)», «Саржайлау», «Фаризаға», «Дариға, домбыраңды берші маған», «Бала ғашық», «Жарығым-ай» ,«Көнеміз де» ,
«Құттықтаймын мама, туған күніңмен» ,«Құмған алған» тағы басқа әндері.
Сонымен қатар өздеріңіз білесіз Мұқағали өлендеріне ән жазылып, оны көптеген әншілер орындауда. Мысалы: «Мұзарт» тобы «Көзін сенің», «Бала ғашық», «Нұрмұқасан» тобы «Бақытынды жырлайды» деген өлеңдерді орындайды.
М.Мақатаев туралы көптеген ақындар,зиялы адамдар өз пікірлерімен бөліскен. Бексұлтан Нұжекеұлы ақын туралы былай деп жазады: «Ойын сиқырлы сөзбен айта білу, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізе білу – Мұқағали өлеңдерінің негізгі құдіреті. Оның талай өлең жолы қанатты сөз боп халық аузында жүр. Мақалға, мәтелге, үлгілі сөзге сұранып тұрған талайының әлі тәлейі алда.Мұқағали- өлең түрін түрлендіруге де көп көңіл бөлген ақын. Ол көне шығыс үлгілерін де, әр сөзі ой шегелеген өзіндік тәжірибелерін де қазақ өлеңінің қанына сіңіріп кетіпті.
1.Махаббат туралы: «Махаббатым өзімде», «Махаббат диалогы», «Ғашықпын», «Махаббат» және т.б. Бұл шығармалардың ішінен маған ұнаған «Махаббат» өлеңін сіздерге оқып бергім келеді.
  1. Табиғат туралы: «Қыстың күні», «Көктем», «Күзгі таң», «Түнгі табиғат» және т.б.
  2. Достық туралы: «Достарға», «Менің бір досым», «Досым менің», «Досыма хат» және т.б.
  3. Ана туралы: «Анама», «Анашым», «Сәби ана», «Жас ана» және т.б.
  4. Отан туралы:«Сүйемін, өскен отаным», «Отаным», «Туған жерім» және т.б. Бұл тақырыптағы өлеңдердің ішінен мені тамсандырған «Отан туралы» өлеңі:
6.Тіл туралы: «Ана тілі», «Тіл-ол менің байлығым» т.б.
    Соның ішінде “Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқитындар бар.
Түсіну. «Мұқағали-суреткер ақын».Поэмадағы сюжеттік оқиғалар негізінде мазмұндату.(Интерактивті тақта)
1.Басталуы:Жетімкөл туралы аңыз.Аққулар-айдын еркесі.
2.Дамуы:Ауру бала,тәуіп айтқан ем.
3.Байланысуы:Ұзақ түн.Дәрменсіз ата-ана.
4.Шарықтау шегі:Аққуды атқан ана.Астан-кестен көл беті.
5.Шешімі:Аққудың киесі.Жалғыз ұлдың өлімі.Кие қасіретін тартқан ана.
Талдау. Шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беру.
Кейіпкерлер Іс әрекеті, адами қасиеттері
Баланың анасы Нағыз ана.Балажан, баласы үшін аққуды атты, баласы үшін бәріне де даяр,қамқор жан.
Баланың әкесі Адал жан, халық дәстүрін қастерлейді.
Тәуіп шал Мейірімсіз, таяз ойлы.
Жылқышы қарт Түсінігі мол, көргені көп.
Сөздікпен жұмыс: «Сор», «Қасиет» сөздерінің мәнін ашыңдар.
Жинақтау.Ауызша сұхбат(проблемалық сұрақтар)
  1. Жетімкөл неге жетімсіреп қалды, аққулар неге қонбай кетті?
2.Аққуды атқан ана кінәлі ме? Бұл шешімге келу анаға оңай түсті ме?
3.Қазіргі заманда жылқышы қарт сияқты табиғат жанашырлары бар ма?
4.Поэманы қандай мәселені көтеріп отыр?Осы жерде Жетімкөл,аққулар туралы автор не себепті сөз қозғап тұр?
5.Жылқышы қарттың «Аққуға кезенерде ырым жасап,Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?» деген сөзі нені меңзейді?
6.Бүгінгі таңда аң-құстарды қорғау мәселесі қандай деңгейде, осы мақсатта не істелініп жатыр.
Ақын туралы пікірлерді оқыту.
«Ғажайып даналықтың бір көзі-Мұқағали көзі.Бізде енді поэзия дәуірі». (Ә. Тәжібаев)
«Қазақ даласының ең биігі-Нарынқол, ал қазақ поэзиясының Хантәңірі-Мұқағали» (Әкім Тарази)
«Жұмыр жердің қай түкпіріне барсақ та Мұқағали алдымыздан  шығады» (Лашын Әзімжанова)
«Мақатаев жырлары-тіршілік тамырындай өміршең, мәңгі жырлар».(Ф.Оңғарсынова)
«Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық» (Ф.Оңғарсынова)
«Арамыздан тым ерте кеткен тамаша ақынымыз М.Мақатаевтың алғашқы  қадамында-ақ оның аяқ алысынан айрықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді.Аңғармаппыз». (М.Қаратаев)
М.Мақатаев-адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы.Оның өлеңдері шын  тебіреністерден, шын  шабыттан, шын күйзелістен, шын қуаныштан, шын сағыныштан туған». (Т.Молдағалиев)
«Қазақ тілін білген адам Мұқағали поэзиясын сүймеуі мүмкін емес, Мұқағали поэзиясын сүйген адам халқына адал, жеріне ие, табиғатқа жанашыр бола алады. (К.Ахметова)
      Қорыта келе айтарымыз. «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің рухани дүниесін, тұрмыс-күйін, арман-мүддесін, тарихи тұрғыдағы ұлттық портретін шыншылдықпен хаттаған асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. «Жүрегінің түбіне кір жасырмай» айтып кетті, армансыз ақтарылып кетті. Мұқағали Мақатаев- қазақтың қарапайым тілінің нәрі мен мәнін Абай, Қасымдардан кейін түсініп жазып, түсіндіріп өткен ақын. «Сөз өнерін дертпен тең» көрген парасатты қаламгер. Ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті. Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы.
Мұғалім сөзі. Енді білімгерлер жаңа айтып кеткендей Мұқағали Мақатаевтің сөзіне жазылған әндерді қазіргі әншілер орындап жүр . Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебізіне берейік.
М–Мұқағалидың Ұ–ұрпаққа Қ–қалдырған А–аманатын Ғ–ғасырлар А–арнасына Л–лайық деп И–иіліп , бас иеміз. –барлығы бірге. Рахмет!
Оқытушы. «Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған,
Сен айт менің ойымды, айта алмаған» — деп болашақ ұрпаққа жол сілтеген
Мақатаев жырлары, бүгінгі сабағымызда білімгерлерге  шабыт беріп, өз бойларындағы таланттарын шыңдауына арқау болады деген сенімдемін.
  1. Бекіту: (Тесттік тапсырма).
  2. Үйге тапсырма
Мұқағали Мақатаев өмірбаянын оқып, «Мұқағали-ақиық ақын» тақырыбында шағын эссе жазып келу.
VI.Бағалау. Белсенді қатысқан білімгерлерді Қ.Бітібаеваның әдісімен бағалаймын.
Өз бағасы Топтың бағасы Оқытушы бағасы Қорытынды баға