Тілдің үштұғырлығы – заман талабы

Байгалина Толғанай Ерланқызы
4 МДТО тобының студенті
.
.
            Кез келген әңгіменің құндылығы мен өзектілігі, негізінен қозғаған тақырыбына  қарай, сол тақырыпты ашу деңгейіне орай бағаланатыны белгілі. Ендеше, біздің әңгімеміздің төркіні — үштілділік мәселесі болмақ. Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек пе? деген сұрақ туындайды. Әрине, керек. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол  мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. Бірақ кейбіріміз үштілділік үдерісі жөнінде басқаша көзқарас танытып жатамыз.  Мұның себебі осы бір сөздің мағынасын түсінбеуден келіп шығады. Әрине, әр көтерілген мәселенің оң және теріс жағы болады, әр тұлғаның өзіндік жеке пікірі болады. Бірқатары осы бағытты ұстануға оң көзбен қарап, құптаса, енді бірі өз қарсылықтарын білдіруде. 
Аталмыш тақырыпты жан-жақты зерттеу барысында Елбасымыздың, көптеген лингвист ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлеріне сүйене отырып, өз ойымды дәлелді түрде жеткізейін. Үштілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Əрине, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Себебі, əрбір ұлт өз ана тілін меңгеріп, күнделікті өмірде кеңінен қолданбаса, оны жекеленген ұлт деп толық айта алмаймыз. Сондықтан да Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев бұл мəселеге ерекше назар аударады. Ол өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мəніндегі мемлекеттік тіл мəртебесіне көтерілгенде, біз елімізді «Қазақ елі» деп атайтын боламыз» — деді [2]. Осыған орай, қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады деген үміттеміз.
Енді келесі кезекте біздің республикамызда мемлекеттік тілмен бірдей дəрежеде қолданылатын орыс тіліне тоқталамыз. Ұзақ уақыт бойы Қазақстан Ресей империясының, кейіннен КСРО-ның құрамында болды. Сол уақытта орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып бекітілді. Үштілділік — нақты  тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.Біз үштілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез келген сыңары ретінде кез келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән берген жөн деп түсіністік тудырайық.
            Атап айтсақ, осы жерде саясаттанушы Т.Әбдуәлидің мынадай айтқан сөздері есіме түсіп отыр : «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі — тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» деп еді. Ия, расында да, ағылшын тілі қазақ жерінде өз үстемдігін жүргізе алмайды. Қазақстанда тек қазақ тілі ғана билік құра алады. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет.  Мәселен, М.Әуезовтың  «Абай жолы» романы ағылшын тіліне аударылмаса Абайдай ғажап ақынымызбен қалай мақтанар едік?
             Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз — оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл — өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн» — мемлекетіміздің мемлекеттік тілі болып отырған қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді ең бірінші орынға қойып дамыта беретінін, оның болашағы үшін алаңдамау керек екенін баса айтады. Президентіміздің бұл айтқандарына назар салатын болсақ, расында, мемлекеттік тіл – қазақ тілі үш тілдің бірі болып қалмайды, ағылшын мен орыс тілін өзінің көлеңкесінде ұстап, ығына ығыстырып, үш тұғырдың ең үстінде тұрады. Демек, қазақ тілінің болашағына қауіптенетіндер алаңдамаса да болады. Себебі, мемлекеттік тіліміздің ары қарай дамуына Президентіміздің, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кепілдік беріп отыр.
            Білім берудің маңызды стратегиялық міндеті бірінші қазақстандық білім дәстүрлерін сақтау болса, екінші жағынан халықаралық біліктілік сапасын, лингвистикалық білімін жетілдіру, ең негізгісі мемлекеттік тілді және шет тілдерін меңгеруді қамтамасыз ету болып табылады. Өйткені, заман талабына сай жеке тұлғаны көп мәдениеттілікке, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың негізі, білім беруді жетілдірудің басым бағыттары болып табылады. Жаңа заманда Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайтын ішкі және сыртқы саясат ағымындағы бүкіл қоғам болып жұмылатын іс-әрекеттің бірі — мемлекеттік тілдің мәртебесі. Дегенмен мемлекеттік тіл тұғыры әрдайым биік. Мемлекет тірегі –мемлекетік тіл.          Ұлт тілі мемлекеттік тіл ретінде ұлттың рухани байлығын сақтайтын, дамытатын, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қазына. Алдыңғы ұрпақтармен, ата –бабаларымызбен рухани сабақтастығымызды жоғалтып алмас үшін, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың сана сезімін ана тілі негізінде оятып, тәрбиелеп отыру оқушылар мен ата — ананың міндеті. Жеке тұлға шетел тілін үйрене отырып, сол тілде сөйлейтін халықтардың тарихымен, мәдениетімен, өнерімен, салт-дәстүрімен таныс болады және ғылымның соңғы жаңалықтарынан хабардар болады. 
Шетел тілін білуді қалаған адам өзіне жаңа біртұтас әлем ашады. Бір  тіл  білсең  бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың, үш тіл білсең үш адамсың дегендей еліміздің білікті де, білімді маманы болу үшін арнайы ғылыми еңбектерді шетел тілдерінде оқып–үйрену – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. « Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім ал» деген ата-бабамыздан қалған сөз нақты осы уақытқа сәйкес келмек. 
Жеке тұлғаны қалыптастыруда ана тілімен қатар шетел тілін меңгеру заман талабы. Жеткіншек жастардың өз дәрежесінде тұлға болып қалыптасуы жан –жақты болуы,  білімді болуы  қоғамымыздың, өркениетіміздің болашақта дамуына, алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына қосылуына жол ашады. 
            Жас ұрпақты көптілділікке баулу – жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерге берілген мемлекеттік тапсырыс. Бүгінгі оқушы мен студент – ертеңгі күні мемлекет қайраткері. «Тегінде адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен» озады деген ұлы ақын Абай сөзі қай заманда да өз мәнін жоймақ емес. Сондықтан болар, білім беру жүйесін дамыту басты бағыт болып саналады. Көптілділік — заман талабы. Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр алуан әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің барлық ерекшеліктерін және құндылықтарын сезінуге болады. Көптілді оқыту- жас ұрпақтың білім кеңестігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпяларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Бүгінгі тез өзгеріп жатқан дүниеде өмір сүріп, еңбек ету үшін жан-жақты болу қажет.  Осыған орай, бүгінгі таңда Қазақстанға ақпараттық-технологиялық, ғылыми, медициналық, оқу-әдістемелік т.б. салаларда жаңалықтарды, әлемдік ілгері тәжірибелерден хабары болып, бұл жаңалықтарды өзінің ана тілінде халқының игілігіне пайдалану үшін халықаралық байланыстарды нығайту қажет.
            Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу — ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны — аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақтілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға үштілділік маманы деген құжат табыс еткен жөн деп ойлаймын.
            Қазақстанның тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі көптілді жетік меңгеруді талап етеді. Осыған орай, білім беру жүйесінде мұғалімдерге, я болмаса біздер болашақ тәрбиешілерге қойылатын талаптардың бірі — өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым- қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін полимәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі заман талабына сай мұғалім не болмаса тәрбиеші үлкен дайындықпен, жаңаша әдіс- тәсілдермен, түрлі тапсырмалармен ізденіс үстінде сабақты түрлендіріп отыруы қажет. Болашақ ұрпақтың дамуы ұстаздардың белсенділігіне, білім деңгейіне, шығармашы
лық іс-әрекетіне байланысты болмақ. 
            Болашақ тәрбиеші ретінде менің алдыма қойған мақсатым – халықаралық қатынастар мен бизнес, әлемдік экономика мен саясат, мәдениет салаларының халықаралық аренадағы негізгі қолданыстағы маңызды орынды иеленіп тұрған ағылшын тілінің қажеттілігін бүлдіршіндерге жан- жақты түсіндіріп, ауызыекі тілде еркін сөйлеуге үйрету. Осы мақсатқа жету үшін талмай іздемпаздықпен еңбекету ұстаз қауымының негізгі міндеті мен мақсат мүддесі болмақ.Тілді оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалану арқылы оқушылардың білім алуға ынта-ықыласын оятып, жауапкершілігін күшейту көзделеді.
                Егер біз Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазақ тілін дұрыс жұмсай білсек, ол қоғамдағы тілге жүктелетін қажеттілігіміз болса өтеуге жарайтын бай тіл. Мәселе тілдің міндетін дұрыс түсініп, өз міндетімізді атқаруда болып отыр. Ұлттық өркендеп, тіліміз өз еліміздегі және халықаралық дәрежедегі позициясын нығайтқан кезде біздің сөздеріміз де өзге тілдерге енетіндігіне, тіліміздің әлемдік ақпарат кеңістігінен өз орнын иеленетіндігіне күмән келтірмеуге болады. Дәл бүгін де қазақ тілінің әлем тілдерінің ешқайсысынан да кем түспейтін, бірнеше ғасырлық даму тарихы бар, ұлттық әдеби тіл деңгейіне дейін дамып жетілген ұлы тіл екендігіне еш күмән жоқ. Тағы қайталап айту керек, «Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілді өшіруді емес, өсіруді, дамытуды көздейді.
            Күнделікті қызметте классик жазушы С.Мұқановтың  «Әркімнің туған тілі — туған шеше, оған бала міндетті сан мың есе» деген сөздерін мысалға ала отырып, түсіне, ұғына  білгенге адамдағы ұлттық мақтаныштың алғашқы ұшқындары да жүрекке тіл  арқылы ұялайды. Өз ана тіліңді қадірлемей, ел-жұртыңды сүйе алмайсың. Әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге орыс, ағылшын тілдерінің де асыл қазынасынан сусындап, оны іске асыра білгені де жөн. Елбасы өз Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз… Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады…» дегені көпке белгілі. Сонымен қатар мемлекет басшысы «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі… Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек.  Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» деп, қазақ тілі және тілдердің үштұғырлы мәселесіне кеңінен тоқталды.
Мен – болашақ маман иесімін. Менің туған тіл туралы толғанысым біреулерге біртүрлі болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ ұлттық тіліміздің ұпайын түгендеуді өзімнің азаматтық міндетім деп санаймын. Өйткені өз болашағымды ұлтымыздың анасы – ана тілінен іздеймін. Қазақ тілінің мерейі – менің мерейім. Халықтың тағдыры тіліне байланысты. Мені мұратқа жеткізетін де — ана тілі деп білемін.
                                         Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
  1. Н.Ә.Назарбаев (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан.
  2. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері, 
  3. Әбдуәли Т.Үштұғырлы тілден түңілмейік
  4. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес