Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

Кульджашбаева Карлыгаш Кыргызбаевна
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы
.
.
Дана халқымыз «Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте» деп бекер айтпаған. Өз тіліңді, яғни ана тіліңді өзің құрметтемесең, оны өзге жұрт қалай құрметтейді? Өз тіліңді құрметтегенің сенің өзіңді, отбасыңды, Отаныңды құрметтегенің. Яғни,  қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ деп ойлаймын. Күннен күнге қарыштап жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тілді меңгеру болып табылатыны сөзсіз.
       «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл — ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз.
      «Біз бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймыз. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлттық тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді», — деп Елбасымыз айтып өткендей әлемдік ғылым тілін меңгеру басты қажеттіліктердің бірі болып табылады.Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етіп, 2007 жылғы   «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны   “Тілдердің үш тұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Елбасымыздың осы идеясы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Шетелде шығып жатқан өнімдерді, техникаларды өз елімізде шығару үшін «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдауымыз қажет. Сонда ғана еліміздің экономикасы, ғылымы, әлеуметтік жағдайы дами түсетіні айқын.
       Көп тілді білу – заман талабы.Көп тіл білген адам қор болмайды.  Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы  – тіл. Сол көпірді сақтап қалу үшін бір-бірінің тілін меңгеруі керек. Қорыта келгенде, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Біз, жастар, болашақ ұрпақ өзге тілді білу арқылы өз тілімізді әлемдік аренаға шығаруымыз керек. Елімізде болып жатқан игі бағыт­тағы бастамалар келелі нәтижесін беретініне сенеміз.