Тіл – тірегім, соғып тұрған жүрегім

Нурабаева Алтынай
Жетекшісі: Сулейменова Ж.С.
.
.
Тіл – ойдың елшісі. Кез келген оқиға жүрек қылын шертіп, ой елегінен өтіп, ақыл таразысына салынады. Недәуір уақыт ақылда сұрыпталып, екшеліп, адам алған әсерін тіл арқылы жеткізеді.
         «Тіліне қарап білімі» демекші, пенденің тілімен төгілген әрбір сөз, пікір, тұжырым оның рухани мәдениетінің өрісін, білім-білігін, ойлау қабілетін көрсетіп қана қоймай, қоғамда алатын орнын анықтайды. Себебі сөйлеген сөзінен, пікірінен адам баласын ішкі дүниесін, жан сырын, түйсік санасын өлшеуге, толық тануға болады. Түптеп келгенде, тіл-адам жанының айнасы.
         Өмірге бейжай қарайтын, басынан өткен-кеткендерін парықтай алмайтын, өзін тануға, табиғатты түсінуге, қоғамның беталысын шамалауға тырыспайтын адамнан тұрлаулы ой, түбегейлі тұжырым шыға қою қиын. Себебі дәмді сөз, тәтті ойдан шығады.
         Ескіде хандар мен сұлтандар, билік тізігін қолына ұстаған ат төбеліндей шонжарлар дүйім жұртты билеп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап қынқ еткенді бас салып, қарсы сөйлегенді зынданға тастап, өздерінің түсінігіне, танымына керағар тұжырымды жоққа шығарып, ойына келгенін істеп, елді қан қақсатқан жоқ па?! Небір жайсаңдар, әділетсіздікті көзбен көріп, құлақпен естіп, жүрекпен сезе білген саналы адамдар, надандықты көріп аласұрған ақындар, жыраулар аузын бұған өгіздей ләм алмай өтті-ау! Сұм заман ойға тұсау кісен салады. Халықта өз пікірін айтуға жарағандар келмеске кетіп жатты. Осындай қараңғылықтың шырмауында қалған Жүсіп Баласағұни:
Тіліңді бақ, тісің сынбасын,
Сөзіңді бақ. Басың кетпесін,-
 деп бұқара халыққа ой салды. Өткен дәуірдің ащы шындығын өсиет сөзбен жырлайды.
         Уақыт өте келе бұл бұғау быт-шыт болып, патша халықтың айтқанына көніп, дегеніне жүрді. Бұғауды талқан еткен от ауызды орақ тілді ақындар еді.
         «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», -деп, тіліне ерік тиген жыраулар шындықты жырлайды. Заманның беталысын танып қана қоймай, оны шебер суреттей білген аталарымыздың данышпандығы олар жазып қалдырған шығармалардан, өлең-жырлардан айқын аңғарылады.
         Рухани мәдениеті биік, ойы ұшқыр білімі толық адам өзінің ой-пікірін жеткізе алмаса, онда оны ел танымайды. Ал, тәңірі бізді басқа жан иелерінен бөліп жаратып тіл берді емес пе?! Көрген-білгендерімізді санада қорытып, басқаға түсіндіре білуіміз үшін әлемдегі ең ұлы құралды сыйлаған жоқ па?! Ендеше, сол құралды халық игілігі үшін жұмсау керек. Оның сырын жарып, құпиясын меңгеруіміз керек. Сонда ғана біз ашқан жаңалықтар халық құлағына жетіп көңіліне қонады.
         Оқуға селсоқ қарайтын жастарымыз теледидардан небір сорақылықты, зорлық-зомбылықты көріп, санасының уланып бара жатқанын байқамайды. Бұл-жас ұрпақтың шірітудің ең бір сұрқия амалы. Ал, халқымның санасын улап қана қоймай, ана тілінен алыстатып жатқанын көргенде жаның аурады, көңіліңнің алағаржақтанып, ойға кетесің. Ақын Темірқан Медетбек:
Ісімді тындыра алмай жатырмын,
Тілімді сындыра алмай жатырмын,-
деп жырлауы да сондықтан.
         Ойы шолақ, тілі өшкен халықтың басқаның жетегіне кетуі оңай. Біз бостандығымызды сан ғасырлар бойы іздеп, «қолымызға садағымызды алып найзамызды ұштап» азаттық жолында аянбай күрестік. Енді 21 ғасырға тәуелсіз ел болып табан тіреген уақытта басқаға рухани тәуелді болып қалсақ, қайтадан ел болуымыз қиынға соқпақ.
         Біз санасы, намысы, қажыр-қайраты бар ұрпақ тәрбилеуіміз қажет. Ауыз әдебиетімізді қайта жаңғыртып, жаңа ұрпақтың көкірегіне білімнің, адамгершіліктің дәнін ексек, ана тілін бойына дарытып, ұлттық рухта тәрбилесек, нұр үсіне нұр жауып, еліміз көркейіп дамитын еді.