Сөйлеу этикетінің ұлттық мәдени ерекшеліктері

Сыздық Жанат Жұмаханқызы
Ақпараттық жүйелер технологиясы және гуманитарлық пәндер бөлім меңгерушісі. Оқытушы
.
.
 Адам білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Халықтың сондай ерекшеліктері, мәдениеті, әдет-ғұрпы, әдеби мұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады.
Күнделікті өмірімізде қолданып жүрген сөйлеу этикеті белгілі-бір заңдылық пен ережелерге сай қызмет етеді. «Этикет – жүйесі болып табылады, «ритуалдық түрде адамдардың қоғамдық орындарында өзін-өзі ұстау ережелері мен қабілетін білдіреді…» [1,90б], — деп С.Мағжан бейвербалды амалдарды айта келе оның өзін сөз этикетінің құрам бөлігі ретінде қарастырады.
Ал мұндай сөздер осы қоғамға тән әлеуметтік және биологиялық және критерийлерін анықтап, белгілі-бір тәсілдерін талап етеді. Демек, биологиялық және әлеуметтік критерийлер коммуникация процесінде аса маңызды рөл атқарады. Атап айтсақ, олар коммуникаттардың жас мөлшері, жынысы, қызметі, қай әлеуметтік топтың өкілі екендігі, т.б. белгілер болады.
Жас мөлшері бойынша әңгімелесушілер бірнеше топқа бөлінеді – балалар, жастар, орта буын өкілдері мен үлкен кісілер. Әр топтың мүшелері қарым-қатынас барысында сөйлеу этикетінің әр формасын сөйлеу ерекшеліктері мен қоғамда қалыптасқан талаптарға сай қолданады. Қатынас процесінде тұлғалардың ер немесе әйел жынысына жатуы үлкен рөл атқарады, себебі, биологиялық арнайы ер адамдар немесе әйелдердің сөйлеу мәнінің туындауына түрткі болады. Әйелдердің сөйлеу әрекетінде еркелету және сый-құрмет көрсету, ізет білдіру және тілек мәнді сөздер жиі кездеседі.
«Сен» есімдігіне келетін болсақ – оның бойында «Сізге» қарағанда аз да болса еркіндік, өзімсіну, терезені тең ұстау, тіктік сипаттары бар. Сондықтан «сен» деп тұрып, «Сізге» лайық әдептілік таныту қиын. Ал халқымыздың игі қасиеттерінің бірі — ата-ананы сыйлау, оларды қадір тұту, ізет пен инабат көрсете білу болып табылады. Оларға «Сіз» деп тіл қату да сол сый-құрмет танытудың бір көрінісі [1, 64 б].
Сөйлеу этикетінің элементтері ретінде сәлемдесу, қаратпа, қоштасу, көңіл айту, рұқсат сұрау, мақтау, т.б. формалар бола алады. Тілдің байланыс орнату қызметіне лайық коммуникативтік актіде сәлемдесу және қаратпа сөз кез-келген тілде жиі қолданылалы.
Сәлемдесу рәсімі нақты жағдай мен қарым-қатынас ерекшеліктеріне тәуелді, мысалы, әңгімелесушілердің жасы, жынысы, қоғамдағы орны, қызметі, лауазымы, коммуникацияның өту уақыты, ресми, бейресмилілігі, т.с.с. осыған байланысты қазақ тілінде амандық сұрасу формаларының бірнеше синонимі болады.
Сөйлеу этикеті қарым-қатынас процесінің ұлттық мәдени ерекшеліктерін айқындау процесінде маңызды, себебі коммуникативтік мүмкіндіктер мен әрекеттер этнос мәдениетінің спецификациясына байланысты.
Антропонимдер қарым-қатынасты орнату, жалғастыру функцияларын орнату кезінде тілдесуге ұлттық сипат беріп отырады. Олардың еркелету немесе сый-құрмет таныту формалары ұлттық тілдің сөзжасам қорын анық байқатады. Күнделікті қарым-қатынас кезінде біз таныс немесе бейтаныс, туыс немесе мүлдем жақын емес адамдармен, өзіміздің әріптестеріміз және замандастарымызбен тілдесеміз. Сөйлеу әрекеті барысында адресаттың көңілін аударту үшін белгілі бір вокативтерді қолданудың арқасында қатынас үндестік жағдайда өтеді. Бұндай жылы және жағымды қарым-қатынастың орнауына қаратпалардың екінші түрі – апеллятивтер қызмет етеді.
Вокативтердің бұл тобы адресаттың әлеуметтік статусы, жасы мен жынысы, мамандығы мен қызмет дәрежесі, білімділігі мен тұрақты жері т.б. критерийлерге тәуелді. Оларды туыстық атаулар, әңгімелесушінің қызметі, лауазымы, мамандығы, мінез-құлығы, жасы т.б. белгілерді анықтайтын және белгілейтін вокативтер деп топтастыруға болады. Апеллятивтер кез келген тілдің ұлттық мәдени ерекшеліктерін анықтап отырады. Олар үлкен жүйе құрайды, кең тараған және көп қолданылатын вокативтерді қамтиды. Апеллятивтердің ішіндегі ең үлкен топ туыстық атаулар, олардың мағынасы мен қолданылу аясы, адамдардың туыстық дәрежесі т.б. өлшемдер жіктеуге мол мүмкіндік береді. Мәселен, орыс тіліндег туыстық атаулар тіке туыстық, жақын туыс емес адамдарды анықтайтын атаулар, ресми некелік қатынастарға байланысты терминдер, үрім бұтақ және ұрпақтарды атайтын сөздер деп бөлуге болады.
Қаратпалар – cөйлеу этикетінің күрделі әрі көпжақты бірліктерінің бірі, қатынас орнату және жалғастыру қызметтерінде қолданылады. Антропонимдер кез келген тілде өтетін қарым-қатынас процесінің негізгі компонентті  ретінде қызмет етеді.
Ата салтымыз бен сөйлесу этикетінің заңдылықтары бойынша қазақ тілінде амандық сұрасудан соң шақыру, ниет білдіру сияқты конуструкциялары тән. Халқымыздың тұрмыс-салтына байланысты келген адамды шақыртуда «төр» ұғымы маңызды мағыналық және этнолингвистикалық рөл атқарады. Мәселен:
«…Төрлетіңдер! Күтуші күң бе, қызметші құл ма деп ойлаған едім. Қайдан келесіңдер?» (Д.Досжанов)
«Сөйлеу этикетінің келесі бір лексика-семантикалық тобы қаратпалар болып табылады. Тіл білімінің ономостика бөлімінде олар екі топқа бөлінеді: антропонимдер мен апелятивтер. Антропонимдерге келетін болсақ, қазақ тілінде олардың ерекше формасы ретінде сый-құрмет мағынасында қолданатын, адам атына –ақа, -еке, -қа, -ке, -а, -е қосымшаларды жалғау арқылы туған қаратпалар болып табылады» [2,56б], — дейді Г.Сәрсеке өз еңбегінде.
Бұл жоғарыда айтылған векативтер жасалу барысында кісі есімі едәуір қысқартылады, демек, атаудың басты әрпіне басты буыны негізге алынады. Қазақ дәстүрінде сыйлы адамды тікелей өз атымен атау ерсі саналады, мысалы:
 «- Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып серуендеп қайтайық». (І.Есенберлин)
Қаратпалардың екінші тобы – апелятивтер, оларды біз мағынасы мен қызметіне қарай бірнеше сыныпқа бөлдік: туыстық атаулар, сый-құрмет білдіру вокативтері, араб тілінен енгендер, таныс емес адамдарға айтылған, тарихи коммуниканттарға жасы, жынысы, қызмет бабы бойынша дифференциацияланатын атаулар.
Қазақ тілінде вокативтердің ішінде туыстық атаулар ерекше топты құрайды. Себебі, олар орыс тіліне қарағанда мағыналық ерекшеліктеріне са өзгеше, сондықтан сан жағынан да көп. Ғалымдар оларды белгілі-бір критерийлерге байланысты бірнеше сыныпқа бөлінді. Дәлірек айтқанда, А.Қобланова төмендегідей сатыларды көрсетсе:
  • әке жағынан;
  • шеше жағынан;
  • некелік қарым-қатынас;
  • құдандалыққа байланысты; [3, 16 б].
Ал, Б. Тамаева оның мынадай түрлерін атап өтеді:
  • қандас туыстық атаулар – ерлер және әйелдер қатынасы;
  • құдандылық неке қиюға қатысты атаулар.
Биологиялық немесе әлеуметтік критерийлерге байланысты іріктелуіне келетін болсақ, қазақ тілінде адресаттың жасы жағынан үлкен не кіші болуынан «кіші іні»-«іні» немесе «бауыр» деп аталды. Мұнда сонымен қатар, биологиялық белгі де үстеме мағына береді. Сол сияқты осы өлшемге байланысты «қарындас не сіңлі» деп аталады.
Сонымен қатар, А.Сейсенова «аға» вокативінің туыстық жүйе ішінде жіктелетінін айтады:
  • жасы үлкен өз ағасы;
  • әкесінің ағасы;
  • әкесінің інісі;
  • немере (шөбере) ағасы;
  • аталас адам;
  • жасы үлкен еркектер болуы мүмкін. Осы тізбектен туындайтын ой – бір ғана «аға» атауы қазақ тілінде ерекше сипатқа ие. Әрі тіліміздің ұлттық-мәдени ерекшелігін айқындата түседі [4, 67 б].
Тіліміздің туыстық атаулар жүйесінде тағы да бір өзгешелігі – олардың әкек немесе анаға байланысты бөлінуі. Демек, көптеген атауларға «нағашы» сөзі жалғанып келеді, мысалы, нағашы ата, нағашы апа, нағашы аға, нағашы қарындас, т.б. Ал, екінші жақтағылар жиен қарындас, жиен іні, жиеншар, бөле, т.б. болып кете береді.
Қазақ тілінде некеге байланысты, соның ішінде қайын жұртқа қатысты туыстық атаулар өте көп. Бұл атаулар өздерінше жүйе құрайды, мысалы, қайын ата, қайын ене, қайын іні мен қайын сіңлі, балдыз, бажа мен абысын, құда мен құдағи, құдаша мен құда бала, ілік пен жегжат болып кете береді.
Халқымыздың ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің бірі – адамға құрмет пен ізеттілік, кішіпейілділік пен сыпайылық танытуды ат теру немесе жанама ат қою. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрі бойынша келін түскен ауылының үлкен-кішісінің атын атамайды, оларға лайық ат қойған. Бұл атауларды табу сөздер деп атайды және олардың бойында эмоционалдық-экспрессивтік мән үстем болады. Сонымен қатар, мұсылмандарға тән отбасындағы игі дәсдүр – күйеулерінің атын атамайды, «отағасы», «біздің үйдің кісісі», «пәленнің көкесі не әкесі», «әлгі кісі», т.б. формаларды қолданады.
Тіл мәдениетінің ұлттық ерекшеліктері, этнопсихологиялық болмысы, қарым-қатынастың әр лингвомәдени қауымдастықтағы өзгешеліктері мен коммуникациядағы бейвербалды компоненттердің қызметі және т.б.мәселелер көптеген монографиялар мен мақалаларда қарастырылған.
Қазақ тіліндегі ағайын туыстың арасындағы қолданылатын атаулар 70-тен асады, олардың әрқайсысы туыстық және қарым-қатынас ерекшеліктеріне байланысты сөйлеу әрекетінде іріктеліп, пайдаланылады. Тіліміздегі туыстық атауларға лингвистикалық мәдениеттану пәнінін тұрғысынан талдау жасауда, біз ең алдымен, олардың қандас туыстықты белгілейтін формаларын биологиялық критерий бойынша сұрыпталатын түрлерін қарастырдық, сонымен, ер адамдарға қатысты “баба, ата, әке, көке, іні, бауыр, ұл” т.б. терминдер қолданылады. Ал әйел кісілерге “әже,апа, шеше, тәтей, апай, қарындас, сіңлі, қызым ”формалары айтылады. Жоғарыда аталған және осы туыстық терминдері халқымыздың дәстүрлі қарым-қатынас құралы ретінде туыс емес немесе мүлдем таныс емес адамға да қатысты айтыла береді.
Қазақ  тіліндегі неке туыстық терминдерге тоқталатын болсақ, ең алдымен некеде тұрған екі адамның арасында қолданылатын терминдер, демек “әйел/күйеу/, ер/келіншек/” және эвфемизмдер ретінде қолданылтын “зайып, жолдас, жұбай” т.б. атау жөн. Тұлғалардың атастырған немеес үйленген уақыты мен ерекшелігіне қарай “қалыңдық, күйеу бала, қатын, бәйбіше, тоқал, ер, әйел, ерлі-байлы, жар, зайып, жұбай, ерлі-зайыпты, қосақ, жолдас, нақсүйер, қыздай алған, жеңге алған” атаулары бар. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрі бойынша келін түскен ауылының үлкен-кішісінің атын атамай, оларға лайық ат таңдаған. Ат тергеуде келіндер ерекше тапқырлық танытып қайын жұрт еліндегі адамдардың түрі мен мінезі, кәсібі мен белгіленген жолына қарай ат таңдаған. Олардың арасында (мырзаға, молда жігіт, сынықшы ата, аңшы қайным, сал бала, қара бала, көзі ашық, үкілі жан, тетелес) т.б. бар.
 Ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің бір көрініс ретінде қазақ тілінде апеллятивтердің балаларға қатысты айтылатын, еркелету мағынасы бар экспрессивті- эмоционалды қаратпа формаларын атауға болады. Мысалы, “құлыншағым, ботақаным, қарашығым, көкем, қарағым, қалқашым, балақай, шырағым, жалғызым, жарқыным” т.б. Балаларға деген ыстық ықылас пен әкелік сезім және аналық махаббат осы лексикалық топтағы бірліктер арқылы беріліп отырады.
Қорыта келгенде, қаратпалардың антропоним және апеллятив түрлері кез-келген тілде ұлттық мәдени ерекшеліктер ие, сол себептен этностың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпының сипаттары мен айқындалып отырады. Қаратпалардың барлық түрі коммуникативтік актінің негізгі элементі болғандықтан, тіл мен мәдениеттің өзара байланысын анықтауда өте маңызды. Олардың белгілі бір формасын қолдануда қарым-қатынас барысында сыпайылық пен әдептілік, ізеттілік пен мәдениеттілік категорияларының орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Мағжан С. Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көп мағыналылығы. филол. ғыл. канд. – Алматы, 2007.
  2. Сәрсеке Г.Ә. Тіл мәдениеті. Оқу құралы. Павлодар: ПМПИ баспасы, 2011. — 114 б.
  1. Қобланова А. Қазақ сөз этикеті. — Алматы: Жоғары Аттестациялық Комисияның баспа орталығы, 2001
  1. Сейсенова А.Д. Лингвистикалық мәдениеттану: этикет формаларына салғастырмалы талдау. Филол. ғыл. канд. ғыл. дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. А., 1998, — 121 б.
  1. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. — Алматы: Мектеп, 1984
  1. Ошанова О. Ж. Сөйлеу мәдениетінің негіздері: оқу құралы. – Өңд., толықт. 2-басылым. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 186 б.
В этой статье рассматриваются особенности национальных культуры в казахских традициях и их привычках, о конкретной форме отношений, к ним относятся  уважение, вежливостью  и культуры казахского народа. Здесь показано основные генеологические правила и формы казахского населения.
In this article will be shown  the national cultural peculiarities of the national culture of characteristics of the lifestyle and ethics of Kazakh traditions. In the use of a particular form of interrogation. Here the main kazakh populations gave genealogical rules and forms
  
Кілт сөздер: тіл, этикет, дәстүр, мәдениет, ұлттық, қарым-қатынас, ерекшелік
Ключевое слово: язык, этикет, традиция, культура, национальный, общения, особенности
Key words: language, etiquette, tradition, culture, national, communication, peculiarity