Сөз – тәрбие бастауы

Булегенова Айгуль Бейсенбаевна
«№4 Баршатас бала бақша – бөбекжай» меңгерушісі
.
Жас ұрпақ өз халқының тарихын, тегін жақсы біліп, ата-бабаның салт-дәстүрін  бойына сіңіріп, оны  жалғастырушы  болып өсуге тәрбиеленуі тиіс. Ол үшін тәрбие ісімен айналысушылар елдің бай мұрасына, халық педагогикасына сүйенгені жөн. Ел арасында сақталып ұрпақтан ұрпаққа әділдікке жалғасып келе жатқан халық мұрасы баланы арлыққа,  қайырымдылыққа, ынтымақтыққа, имандылықа үндейді.  Терең мазмұнды, айшықты ойлы, мағынасы нұсқа халық  сөзі неғұрлым қысқа айтылғанмен  тәрбиелік мәнге бай. Халқымыз ежелден ұтқыр да ойнақы  қанатты сөздердің жәрдемімен баланың  ақыл-ойын рухани  жан дүниесін байытуға, адамгершілік сезімін тәрбиелеуге, елдің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауына, жер-суды сүюіне, ерекше көңіл бөлген.  Халықтың тәлім-тәрбие жөніндегі идеялары мектебі жоқ кезде де осылайша өмір сүрген. Халықтың мақал-мәтелдерін алайық.  Мұнда баланы жасынан еңбекке, ата-ананы  құрметтеуге, отбасында сыйластыққа,  достыққа, ынтымақтыққа, дұшпаннан тайсалмауға баланы жасынан тәрбиелеу басым.  Мысалы, «Өмір кіндік қан тамған жерден басталады», «Жерінен айрылған өле-өлгенше жылайды» деген мақалдар жерді, елді, қала берді көрші-қолаңды, отбасын сыйлауға үндеп тұрған жоқ па?!
         Сөз – тәрбиенің бастауы, ой шындығы екені сөйлеген  сөзден білінеді.   Сөздің мән-мағынасын түсініп, орын-орнымен пайдалану адамның тапқырлығы мен білімін байқатады. «Ойың оңды  болсын десең,  ойлап   сөйле», «сөзің селтек,  әңгімең  кемтік болмасын», «Бетке айтқанның айыбы жоқ»,  «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»,  «сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем болады»,  «Өнер алды – қызыл тіл»,  «Өзгені қойып, өзіңді біл»  деген мақалдар арқылы ата-бабамыз тіл өнеріне барынша  жоғары баға берген. Тауып айтылған әділ  сөз  нелер дау-дамайды шешкен.  Сондықтан да халқымыз орынды   сөзге тоқтаған. Жақсы  сөз адамды қуантады, көңілін көтереді. «Жақсы сөз жан сергітеді, жаман  сөз  жанды кемітеді»,  «Оқ жарасы айығады,  сөз жарасы айықпайды»,  «Жыл-жылы   сөйлесең, жылан інінен шығады» деп бекер ескертпеген.  Адамның әдептілігі, мінезі, білім деңгейі сөйлеген сөзінен сезіліп тұрады. «Адамның  ісі  адаммен»  деген  түйінде  адамдар өзара тығыз қарым-қатынаста өмір сүретіні еске салынады».  Демек, жанға жұғымды сөз  олардың  өзара  ынтымағын  одан  бетер  шыңдай  түседі.   Сөздің  парқына  жетіп,  мағынасын  түсіну,  кім-кімге  де  қажет.  «Баланы  жастан» дейді халық. Бұл  өміршең пікір.  Жақсы  балаға  ата-анаға бақыт. Оған  кішкентайынан жақсы кеңестер  арқылы  өнегелі  тәрбие  беріп,  қимыл-әрекетіне  байқау жүргізіп  отыру — өмір  талабы. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа  ақыл қос»,  «Азаматтың  жақсысы әкенің  ақылымен,  жаманы  ақшасымен  күн көреді» деген мақалдар  өмірден алынған.  Өз орнымен  ұтымды  айтылса,  мұндай   сөздердің  тәрбиелік мәні орасан  зор. «Барға  — мақтанба,  жоққа – қайғырма»,  «Жаманға  жалынба», «Мен  мұндалап  айқайлама,  онсыз  да сені ел біледі», «Жаман  істен  сақтаса,  абырой  сақтайды,  жақсы  іске  бастаса,  абырой  бастайды»  деген сөздер  бүлдіршіндерді  жаманнан  сақтандырып,  жақсылыққа баулиды.
         Қазақ  халқының  ежелден  өзіне  тән  бір  ерекшелігі  — жасы  үлкенді  сыйлау,  құрметтеу. «Алты  күн  аш қалсаң да, ата-анаңды сыйла»,  «Ер аштықтан  өлмейді,  ар-ұяттан  өледі» деген  мәтелдер  осының айғағы. Балалардың  ерсі  мінездерін,  теріс жолға  бастайтын  іс-әрекетін  сын  көзіне  салған  мақал-мәтелдер қаншама!  «Абыройыңды  жасыңнан  сақта, үлкейгенде кешігесің» немесе  «Тісі  шыққан балаға  шайнап берген  ас  болмас»  деген  мақалдар  баланы  өз бетінше еңбек етуге шақырса,  «Әуелі  өз айыбыңды  біл, сонан кейін  өзгеге күл»,  «Ерлік  бақытқа  жеткізеді,  сын  кемшілікті  кетіреді» — деп әркім  өз  іс-әрекетіне  сын  көзімен  қарауы  тиіс  екенін ескертіп  тұрған жоқ па?  Сонымен қатар баланы батылдыққа баулу  мен  бірге  көзсіздіктен  сақтандыруды  ұмытпаған.  Өнер кеніші саналатын  елдің  салт-дәстүрінен,  халықтың   мұрасынан  үйренейік,  халықтық  педагогикаға  ден  қоялық.