СЫН ЕСІМНІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

Сыздықова Жанат Жұмаханқызы

Оқытушы

.

.

Аңдатпа: Мақалада сын есімдердің мағыналық құрылымы тарихи даму тұрғысында сипатталады. Сындық мағынаның ішкі құрылымдарын ашып көрсету арқылы тіл құрылымындағы басқа элементтермен қатынасы айқындалады. Сонымен қатар семантикалық талдаудың, сындық мағынаны анықтаудың жолдары беріледі. Сын есімнің мағыналық топтарының негізгі ерекшеліктері көрсетіледі. Сондай-ақ сын есімнің көпмағыналылық қасиеттері қарастырылады.

Кілттік сөздер: Семантика, құрылым, талдау, көпмағына, ғалым, пікір.

Мемлекеттік тіліміздің мәртебе алуымен қатар еліміздегі көптеген салалардың өрісі кеңеюде. Тілдегі сөздерді, бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы, сөздердің сөйлем ішіндегі тіркесуі әрқилы болып келеді. Тіл байлығы сөз санымен ғана емес, оның мағынасымен ерекшеленеді. Ал сөз мағынасын қарастыруда бірнеше бөлімдерді қамтиды: сын есімнің семантикалық, грамматикалық топтарының аражігін айқындау қажет. Бұл салада көптеген ғалымдар тер төкті. Атап айтқанда, М.Томанов, Ж.Шакенов, А.Ысқақов, С.Исаев, Ғ. Мұсабаев, Ә.Қайдар, З.Ахметжанова,М.Оразов, Е.Қажыбеков, Ә.Төлеуов, Е.Жанпейісов, Ф.Оразбаева, Г. Сыздықова, Б. Омар, Г.Мамаева, Ж.Сарбалаев, Е.Ағманов, Ұ.Серікбаева, Т.Сайрамбаев, А.Салқынбай, Ә.Ақкөзов, т.б. сын есімдер жөнінде әр қырынан зерттеулер жүргізді.

Сын есімдердің семантикасы, яғни олардың мағыналық топтарына, құрылымына, қолданылу аясына жіті назар аударуымыз қажет. Бұл жөнінде көрнекті жазушы А.Байтұрсыновтың «Тіл тағлымы» еңбегінде сын есімді екіге бөліп, сыр сынына сын есімнің анықтамасына сәйкес біршама мысалдарды көрсетеді, ал тек сынына изофетті топтағы мысалдарды жатқызады. Ал, Қ. Жұбанов сын есімді тек зат есімдерге қатысты емес, етістіктерге де қатысты сипатталатынын айтады. Ж.Шакеновтің «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы» атты монографиясы — қазақ тіл білімінде сын есім категориясын жан-жақты қарастырған еңбек. Ол алдыңғы ғалымдардың пікірлерін саралай келіп, лексика-грамматикалық тұрғыдан қарастырады. Атап айтқанда, сын есімнің сөз табы ретіндегі тұлғасы, сөзжасамдық және сөзөзгерімдік қасиеттері, семантикалық топтары, заттануы, сөйлемдегі қызметінің өрісі ғылыми тұрғыда беріледі. Мұндай зерттеулер Ғ.Мұсабаевтың «Қазақ тіліндегі сын есімдердің шырайлары» атты көлемді зерттеуінде сапалық сын есімнің сөзжасамдық сипаты, морфологиялық құрамы, шырай категориясы, субстантивтену процестеріне орын береді.

Сын есімнің мағыналық топтары, синтаксистік қызметі, өзіне тән белгілері жөнінде бірнеше еңбектерде айтылып, 1954жылғы «Қазіргі қазақ тілі» атты жоғарғы оқу орындарына арналған академиялық жинақ жарық көрді. Мұнда сын есімдерге анықтама бере отырып, оның мағыналық топтарын сапалық және қатыстық деп екіге бөледі. Ал, «Қазақ тілінің грамматикасы» атты 1967 жылы шыққан академиялық жинақтың І томында сын есімнің сөз таптарындағы негізгі белгілері ретінде:

* Сын есім түрленбейтін сөз табы;

* Морфологиялық формасы шырай жасай алатындығы;

* Түркі тілінде сын есім күшейткіш форманы қабылдай алатындығы;

* Бір сөздің бірнеше мағына беретіндігін жазып көрсетеді.

Көрсетілген белгілердің негізінде сын есім зат есім мен үстеуден бөлініп, формасы, мағынасы, семантикалық және қолданылу ерекшеліктері арқылы дербес категория екендігі анықталады. [3,67-68].

Сын есімнің мағыналық және грамматикалық ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, оны сапалық және қатыстық деп екі топқа бөліп қарастырады. Бұл категорияның өзіне тән негізгі ерекшеліктерінің бірі шырай формаларының түрленуі түрлі мысалдармен дәлелденіп, сын есімнің негізгі ұйытқысы екендігі айтылады. Бұл еңбекте сапалық сын есім заттық мағынада емес, абстракты мағынада қолданылатындығы сөз етілген.

2002 жылы жарық көрген «Қазақ грамматикасы» атты еңбекте сын есімнің семантикалық жағынан заттың, құбылыстың, түрлі сапа-белгісін, түсін, көлемін, затқа, құбылысқа, іс-әрекетке қатынасын білдіретін сөз табы екендігі айтылып, сын есімнің негізгі белгілері көрсетіледі:

* заттың түр-түсін білдіруі;

* заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіруі;

* заттың сапалық белгісін білдіруі;

* заттың дәмі, исі және басқа сипаттарына байланысты белгілерін білдіруі;

* затқа, қимыл іс-әрекетке, мезгіл-мекенге қатысты сынды білдіруі айтылады. [4,460].

Бұл жинақта да сын есімдердің мағыналық жағынан сапалық және қатыстық болып екіге бөлінеді. Сапалық сын есімдердің негізгі айырмашылықтары олардың семантикасына байланысты екендігі айтылып, « сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сыр-сипатын, сапалық белгілерін, түр-түсін білдіреді, шырай тұлғаларымен түрлене алады» және « қатыстық сын есімдерге бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер жатады» деп жазылған. [4,461].

Бұл академиялық еңбекте сын есімдердің семантикасынан гөрі сөзжасамдық сипаты, морфологиялық құрамы, шырай категориясы, субстантивтену процесін анықтауды негізгі мақсат еткендігі көрінеді. Сонымен бірге мұнда сапалық сын есімдер түбір сын есімдер болып табылады да, шырай категориясына түрлене алады.

Ал А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында жалпы сын есімді заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін және т.б. сыр-сипатын білдіретін сөздерді жатқызып, лексика-грамматикалық сөз табы деп таниды. Ғалым да мағыналық ерекшеліктеріне қарай сын есімді сапалық және қатыстық деп екіге бөліп, сапалық сын есімге тән негізгі белгілерді көрсетеді:

* Шырай жұрнақтарын жалғап, ұлғайту, кішірейту мәнін береді және сынға әр қилы реңктік мағына қосады.

* Сындық белгіні күшейту не өсіру үшін үстеме буын қосады.

* Мағыналық ерекшеліктеріне қарай сөйлемде адвербиалдық қызмет атқарады. [9,169].

Мұнда ғалым бұл үш белгіні сапалық сын есім мен қатыстық сын есімді ажырататын және жалпы сын есім атаулының негізгі белгісі ретінде көрсетеді. Ғалымның бұл пікірінде жалпы сын есімдерге берген белгі екендігін айтады. Алайда бұл жалпы сын есімге және сапалық сын мен қатыстық сын есімнің ара-жігіндегі негізгі белгілер айқындалмай, ғалым өз пікірінің екіжақты қарама-қайшылығына әкеледі.

Кейбір деректерде мейірімді, ақылды-сынды қатыстық сын есімдер де шырай категориясын қабылдайды: мейірімдірек, мейірімділеу, өте мейірімді; ақылдырақ, ақылдылау, өте ақылды.

Г.Сыздықова олардың мағыналық топтарының негізгі ерекшеліктерін белгілейді:

  1. Сапалық сын есімдер заттың түрлі дәрежедегі сапасын, қасиетін тікелей білдіреді. Қатыстық сын есімдердің ондай қабілеті жоқ. Олар өз ішінен сынның жалпы зат атауына, құбылысқа, әрекетке байланысты белгілерді білдіреді.
  2. Заттың сапалық белгісі өзінің бастапқы қалпын үнемі сақтап тұрмайды. Мәселен, жаңа зат ескіреді, қанық түс ағарады. Ал кейбір қатыстық сын есім арқылы берілген белгі сол заттың қолданылу уақытының ұзақтығына қарамастан өзінің бастапқы қалпын белгісін сақтап тұрады (таулы аймақ, ашпалы терезе,т.б.
  3. Әр түрлі заттардың бірдей сапалық белгісі түрлі сандық мағынада болады. Қатыстық сын есімдерде бастапқы негізгі мағынада мұндай ерекшелік болмайды, — деп көрсетеді. Мұнда ғалым сын есімдерді топтастыруда семантикалық және грамматикалық ерекшеліктеріне көңіл бөле отырып, затқа тікелей және жанама түрде қатыстығын, олардың тіркесімділік қасиетін белгілі бір форманттың көмегі арқылы іске асатындығын дәлелдей түседі.[7 ,6 ].

Тілдік элементтердің әрқашан даму үстінде екендігін ескерсек, қатыстық сын есім сапалық сынға өзгеріп отыруын заңды құбылыс болып табылады деп жазады зерттеуші [2,14]. Бұл жайында ғалым С.Исаев: «…толық, ашық, ақылды секілді сын есімдер толу, ашу қимылына, ақыл деген заттық ұғымға тікелей қатысты, солардан жасалған , бірақ сол қатыстық мәнді білдіруімен шектеліп қалмаған, екінші бір заттың сапалық сипатын білдіруге ауысқан, сондықтан да оларға шырай формалары жалғанып, шырай категориясы жасалады» [6,138].

Ә.Төлеуовтің «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім мен сан есім категориясы»сын есімнің сөзжасамына, заттану процесіне, сын есім тудыратын қосымщаларға тоқталады. Ф.Оразбаеваның

«Сын есім, оның қолданылуы», «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім синонимдер» , Б.Омардың «Қазақ тіліндегі етістік негізді туынды сын есім категориясы», Г.Сыздықованың «Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикасы және стильдік анықтамасы», Г.Мамаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі тіркесті күрделі сын есім сөздер» атты кандидаттық диссертациясында күрделі тіркесті сын есімдер, олардың өзіндік белгілері, құрамы, жасалу жолдары мен мағыналық топтарына тоқталады. Сондай-ақ сын есімдердің сөз табы ретінде оның мағыналық, морфологиялық М.Жолшаеваның еңбектерінде қарастырылады. Сондай-ақ, Ұ. Серікбаеваның диссертациясында ақ, қара түстерінің қолданысы мен сөзжасамдық қабілеті, лексикалық қордан алатын орны айқындалып, ұлттық тарихи тұрғыдан этнолингвистикалық табиғаты талдауға түседі. Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімінде семантика теориясы мен тарихи семасиология мәселелері сөздердің семамнтикалық құрылымы тұрғысынан М.Оразов, Ә. Қайдар, Ш.Жалмаханов, Ж.Манкеева, Е.Қажыбеков, Б.Қалиев, А.Салқынбай, Б.Қасым-сынды бірқатар зерттеушілердің негізгі тақырыбы болды [2,15].

Жүргізілген зерттеулерде сөздердің жалпы лексикалық мағынасы экстролингистикалық (бейнелік) және интерлингвистикалық (тілдік) болып бөлінгенін білеміз. Онда тілдік мағынаға: парадигмалық, синтагмалық; ал, бейнелік мағынаға: денотаттық, сигнификаттық, эмоциялық болып бөлінетіндігі айтылған.

Сөз мағынасын сөз еткенде біріншіден, сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары ойға оралады. Түрлі терминдермен аталып, бірнеше бөлшектерден құрала беретін лексикалық мағынаның негізгілері: заттық (денотаттық) мағына, ұғымдық (сигнификаттық) мағына, сезімдік (конотаттық) мағына. Ғалымдар мұны мағыналық үшбұрышпен түсіндіруге тырысады. Сөз мағыналарының деңгейі бірдей болмайды. Мәселен, атауыш сөздерде конотаттық мағына болса, көмекші сөздерде я болмаса, одағай, етістік сын есімдерде (жақсы, жаман, әдемі, қырсық, т.б.) эмоциялық мағына болады.

Сөз мағынасын зерттеген ғалымдардың ғылыми тұжырымдамаларын салыстыра келе зерттеуші Б.Омар қарапайым жолдармен түсіндіруге тырысады. Ол сөз мағыналарын талдауда В.И.Гактың пікірін қуаттайды. В.И.Гак семаларды 3-ке бөледі:

* Архисема (сөздерді белгілі бір семантикалық жатқызылатын сема);

* Дифференциалды сема (сөздердің лексикалық мағынасына қарай негіз болатын және бір сөзді екінші сөзден ажырататын сема);

* Виртуалтуалды (салыстырмалы) сема екінші дәрежелі мағына беретін сема.

Өзбек тіліндегі материалдар бойынша И.Кучкартаев та семаларды 3-ке (идентификациялық, дифференциалды, қосымша сема) бөледі. [8,15].

Ал М.Оразов: «Семаны сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін мағыналық бөлшегі екендігін айтып, архисема – жалпылаушы сема, дифференциалды сема айырушы сема» деп танып сөздердің осы екі семадан тұратындығын көрсетеді [10,12-15].

Жалпылаушы сема лексика-семантикалық топтың бәрінде кездесетін ортақ сема болып табылады. Ал айырушы сема жеке сөздердің өздеріне ғана тән, басқа лексика-семантикалық топтан дербестікті қамтамасыз етіп тұрады.

Ғалым Б.Омарова дағдыланған әдетті білдіретін сөйлеуік, жылауық, мақтаншақ, қызғаншақ, сыбырлауық, ұялшақ, тілемсек мысалдарына талдау жасау барысында оларды бірнеше семантикалық топтарға бөледі:

* Іс-әрекетке бейімділікті көрсету – сөйлеуік, сыбырлауық;

* Оғаш мінезді көрсету – жылауық, мақтаншақ, қызғаншақ;

* Тұрмыс-жағдайға қатысты тілемсек;

* Адам бойындағы нәзәк қасиеттерді көрсету – ұялшақ.

Мұнда сын есім мағынаның негізгі өзегі болса, жалпылаушы сема – дағдыланған жаман әдет, айырушы сема жеке –жеке қолдануына негіз болған. Лексика-семантикалық топтың негізі – лексикалық мағына. Лексика-семантикалық топ – лексикалық мағынаның бірлігіне, ортақтығына, байланыстылығына топтастырылса, тематикалық топта бұл міндетті емес: күрек, балта, ағаш, тарма – мұнда ешқандай мағыналық байланыс жоқ. Тек ауыл шаруашылығына байланысты құрал атауы екендігімен тематикалық топқа жатады.

Бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы да кездеседі: қалың шөп, беті қалың мысалдарын келтіруге болады. Зерттеушілер лексика-семантикалық топ сөздің лексикалық мағынасында және омонимдік, синонимдік мағыналарына негізделіп, барлығы бірдей байланыста қызметте жұмсалатындығын айтады. [8,17- 18 ]

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Шакенов Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы. Алматы: Қазмемоқупедбаспасы, 1961.

2.Ақкөзов А.Ә. Сапалық сын есімдердің семантикасы және жүйесі. Алматы:Інжу-Маржан, 2005.

3.Қазіргі қазақ тілі грамматикасы. І том. Алматы, 1967.

4.Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.

5.Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі сын есім мен сан есім категориясы. Алматы,1975.

  1. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы: Рауан,1998.
  2. Сыздықова Г.О.Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипаты. Фил. ғыл. канд. диссер. авторефераты. Алматы, 2000. -26 б.
  3. Омар Б. Туынды сын есім семантикасы. // Ізденіс. №6. 2000.15б
  4. Ысқақов А. Қазіргі Қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.-384 б.
  5. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы: Рауан, 1991. -12 б.