Төлеген Айбергенов-80 жаста

Байманасова Газиза Елеусинбаевна
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы
.
.
      Мақсаты: Білімгерлерді  Төлеген Айбергенов  әлемімен таныстыру.Өлеңдерінің тақырыбы мен идеясын ашу, Т.Айбергенов лирикасының өзіндік ерекшелігін айқындау;
     Дамытушылық: Жеке тұлғаның өз ойын еркін, жатық жеткізе білуге, алған білімдерін өз бетінше қолдануға, шығармашылықпен іздену, зерттеу қабілеттерін дамыту, шығармашылық белсенділігінің артуына жағдай жасау.
    Тәрбиелік: Мейірімділікке, туған жерін, ананы сүйіп-құрметтеуге, қадірлей білуге тәрбиелеу; дүниедегі жақсылық атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын ұғындыру.
       Жүргізуші:
        Отызында жалғаннан жалт беріп, бақиға озған Төлеген Айбергеновтің сағыныш тұнған жырлары жүректермен сырласып, жасап келе жатыр. Жасай да бермек. Адам мен өмірді Айбергеновше сүю, жырлау, көз алдыңда жайнаған дүниені Айбергеновтей сағыну — барша адамзатқа бұйырса, онда жер беті әлдеқашан жұмақ болар еді.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», Абай сүрлеуін салып, Алаштың болмысын адам баласына паш еткен қазақтың түпсіз тұңғиық жер асты суындай тұнық та, мөлдір поэзиясының саф таза сағыныш пен махаббатқа толы мекені —  Айбергенов әлемі.
Айбергеновтің ай сәулелі жырлары жанымызды ізгілік пен мейірімге бөлеп, өмірге сүюге үндеп тұр. Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған «Атамекен» әнімен Қожағұл Әселді қарсы  алыңыздар.
Жүргізуші:  Қазақта ақын көп. Атақтысы да жеткілікті. Бірақ табиғи құбылыстар сияқты құдіретімен табындырып, қазақ өлеңін жаңа сатыға көтергендер сирек. Сол сиректердің бірі әрі бірегейі – Төлеген Айбергенов екенін таныдық.
Төлеген Айбергенов «О, Адамдар».  Өлеңін оқитын Өмірзақ Асыл.
 Жүргізуші:
Ақ сүтінен жаралған,
Ақ сүтінен нәр алған,
Анаға бас иеміз!
Туған елдің тілі деп,
Туған жердің үні деп,-
Анаға бас иеміз!
Әрқашан да аналар беделі биік болсын!-дей келе «АНА» өлеңін оқитын Жұманова Марина.
Жүргізуші:Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым бар» бірақ қай күн екенін айта  алмаймын дегендей
 «Бір тойым бар… өлеңін оқитын  Қожағұл Әсел.
Жүргізуші:
  • Сағындым жаным, мен сені!
  • Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң,
  • Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек – ғайбатқа бораған.
  • Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
  • Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте.
  • Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға
  • Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға.
  • Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
  • Бұлбұлдың дауысын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.
  • Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
  • Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап…
      «Ойлай  бер мені…өлеңін оқитын Айтқазиева Сымбат.
Жүргізуші:
        Айтулы толғауды осы бір жерден үзеріміз үзіп алып, әрі-сәрі күйге түстік. Көз жауын алардай жауһарды сындырып алғандай, соның сіздерге тек бөлшегін ұсынғандай пұшайман болдық. Осы бір жырдағы алабұртқан екпін, тау суындай күркіреген қарқын, бірінен-бірі туындап, сытыла шапшыған бұла сөз толқын, буырқана бұлықсып атқыған сезім серпіні үзуге, іркуге келер емес еді, көнер емес еді. Жыр жүйрік. Апшы қуырған асау ағыс. Аяғына дейін жіберіп, ат басын ағытқан осынау бір тұлпар шабысты тек тамашалай бергің келеді. Тамсана бергің келеді. Ақын үніне үн қосып, сөз шығындап жатқың келмейді. Мың құбыл шұғылалы жыр жауһарларын назарларыңызға бірінен-кейін бірін ұсынып, айберен толғауға үнсіз ден қойып отыра бергің келеді, осынау сұңғыла шабысқа қосыла қол шапаттап отыра бергің келеді. Төрт аяғы тең жорға Төлеген жырларын, шашасына шаң жұқпас ақпа жырларға қара сөзбен түсініктер жазып сипаттап, суреттеп жату — бір әурешілік. Қазақтың арнасы кең жыр дариясына сонау алпысыншы жылдар аяғында бір бүйірден апшып келіп, бір ақжал толқын ұрғаны есте. Төлеген — толқын. Арқырап ақжалданып шиыршық атып келген толқын.
             8-нші наурыз ақын Төлеген Айбергеновтің  жарық  дүниеге келген күні.
      «Өсіп  келе  жатырмын» өлеңін  оқитын Қуанышбаев Мұхамеджан.      
 Жүргізуші: Енді , ақын  күнделіктерінен….
                           Әкеміздің қысқа ғұмырының тарихы.
      Менiң әкем, расында да, отыздан аса бере дүние салды… Осы сұхбат барысында бiр құпияны ашайын. Әкем өз ажалынан өлген жоқ. Ол қастандықпен өлтiрiлдi… Мұны негiзсiз айтып отырған жоқпын. Әкем қайтыс болғаннан кейiн жетi-сегiз жыл өткенде бiздiң үйге Қарақалпақстаннан екi-үш адам анамды iздеп келген.Олар: «Сiз күйеуiңiздiң өлiмiне қатысты iс қозғатыңыз. Бiз ақынды кiм өлтiргенiн айтып беремiз. Олар күйеуiңiздiң iшiп отырған шарабына стекловата салып берген. Сөйтiп, ақынды қасақана өлтiрген. Бiз шындықты бiлемiз. Қылмыстыларды қазiр ұстамасақ, кейiн кеш болады. Олар Қазақстанға көшiп кеткелi жатыр», – деген. Сонда анам: «Мен қазiр бiреудiң бала-шағасын асырап, үйiнiң көзқуанышы болып жүрген азаматын желкелеп, темiр тордың ар жағына жiбергенiммен Төлеген қайтып тiрiлiп келмейдi. Оның үстiне арада бiршама уақыт өттi. Бәрiн бiр Құдайға тапсырдым. Қастандық iстегендер де жазасын бұл дүниеде тартпаса, о дүниеде тартар. Сондықтан, екiншi маған мұндай нәрсенi айтып келмеңiздер. Басқаға да бұлай деп айтушы болмаңыздар!» – деп, қайтарып жiберген. Бiз, әрине, ол уақытта баламыз. Әлгi кiсiлердiң анамды iздеп келгенiн, әкеме қастандық жасағандарды ұстап бермек болғанын, анамның ескi жараның аузын тырнағысы келмей, оларды қайтарып жiбергенiн анамыздың аузынан естiп жүрдiк. Әрине, бiзге емес, үйде үлкен кiсiлермен әңгiме үстiнде айтып отыратын. Сонда келген қонақтарға шай дайындап, дастархан жинап жүрiп, құлағымыз шалып қалады ғой. Артынан бойымызға сыймай: «Неге соңын ашпадыңыз? Неге әрекетсiз қалдыңыз?» деп сұрайтынбыз. Бiрақ, анамыз: «Қой!» деп, бiздi тыйып тастайтын. «Сен неге сөз тыңдап жүрсiң? Бала емессiң бе? Үлкендердiң сөзiне құлақ салма және араласушы болма!» деп ұрсатын. Бұл тақырыпта сөйлескiсi де келмейтiн. Сөйтiп, ақыры анам осы құпияны өзiмен бiрге көрге алып кеттi….
      Бiрақ, шындықты, құпияны ешкiм де бүркемелеп тұра алмайды ғой. Анам көрге алып кеткенiмен, мiне, қырық бес жылдан кейiн мен ашығын айтып отырмын. Оған себеп болған жағдай да бар. Әкемнiң 70 жылдығын өткiзгеннен кейiн үйiме бiр кiсi телефон шалған. Менiң Төлеген Айбергеновтiң қызы екенiмдi сұрап, бiлiп алды да, өзiн таныстырды. Сөйтiп, бiр кiсi сәлем айтып жiбергенiн, оның өзi менi таба алмағанын және қазiр Астанаға келе алмайтынын айтты. Сонда түсiнгенiм, Атырау жақта тұратын бiр кәрi апа бiр кiсiге Төлеген Айбергеновтiң ұрпақтарының бiрiн тауып бершi деп өтiнiш айтыпты. Бiздiң телефон нөмiрiмiздi iздейдi. Ондағысы, бiзге айтқысы келген бiр нәрсе бар көрiнедi. Әйтеуiр iшiнде жүрген бiрдеменi айтып, жеңiлдеп кеткiсi келген секiлдi… Бiрақ… хабар маған жеткенде бәрi кеш болып қалды. Әлгi апа қайтыс болып кеткен екен. Сондықтан, осылай бiзбен, Төлегеннiң балаларының бiреуiмен болса да бiр ауыз тiлдескiсi келiп, бiрдеме айтқысы келiп, ақыры сол апаның дүниеден өтiп кеткенiн жеткiздi әлгi кiсi… Бұның бәрi бiз үшiн жұмбақ болып қалды. Бiздi iздеген апа кiм? Ол неге iздедi? Не айтқысы келдi?.. Құпия ашылмай қала бердi… Сол кезде әлгi апа аманат айтқан адамдар бiздi ертерек iздеп тауып алған болса, апамен бiз тiлдесе алған болсақ, кiм бiледi, бiз барлық құпияны ашқан болар едiк. Әкемнiң өлiмi туралы шындықты бiлiп, кiм өлтiргенiн де табар едiк…
      Жағдай былай болған. Бүкiл Кеңес өкiметi бойынша бiр марапат белгiленiп, менiң әкем соның iшiнде басты жүлделердiң бiрiн алатын болған екен. Сөйтiп, әкемiздiң жүлде алғалы жатқанын айтып, бiреулер iс-шараны ұйымдастырып, басы-қасында болыңыз деп, Нүкiске шақыртады. Қуанып әкемiз Нүкiске кетедi. Артынша екi-үш күн өтiсiмен әкемнiң қаза болғаны туралы хабар келедi… Сонда жүлдесiне қуанып, көппен бiрге тойлап жүрген ғой. Бой сергiтiп, шарап iшкен. Мiне, сол шарапта у болған. Сөйтiп, таңғы 5-те әкем кенеттен қайтыс болған… Ойлап қараңыз, сол күнi-ақ анамыз бiрден ұшақпен Нүкiске тартады. Аэропортқа келiп түссе, әкемiздi жерлеуге әкетiп барады екен… Неге? Мұсылманшылықта тым болмаса бiр күн, екi күн қоя тұрып, қоштасуға мүмкiндiк бередi емес пе?.. Бiрақ, ондағылар өйтпеген. Өйткенi, күнәлары ашылып қалатынын бiлген…
Жүргізуші:
       Кiм бiледi… Анам өзiмен бiрге жер қойнауына алып кеткен құпияны, бәлкiм, шығармас та едiм… Жоқ! Бiрақ, шындық айтылуы керек қой. Мен бәрiбiр айтар едiм. Қылмыстыны қырық жылдан соң қудалап, соңына түспесем де, әкемнiң қалай қайтыс болғанын, кiм өлтiргенiн, не үшiн өлтiргенiн бәрiбiр тарихқа жаздырып қояр едiм. Неге десеңiз, мұның бәрi түптеп келгенде көреалмаушылықтан, қызғаныштан болған. Ешкiмге қиянат жасамаған, ешкiмге тiзесiн батырмаған әкемнiң басқалай жауы болуы мүмкiн де емес. Оның үстiне, әкем қылшылдаған жас жiгiт, бар болғаны отызда ғана болатын. Ешқандай ауру-сырқауы да жоқ едi дейтiн анам. Ал әлгi стекловата деген нәрсе, бертiнде анықтамалық кiтаптардан қарап көрдiм, өте улы зат екен. Кәдiмгi у! Оның қасиетi iшке түскен соң, бауырды iрiтiп жiбередi. Ал менiң әкем қайтыс боларының алдында қан құсқан ғой!
«Перзент жыры» өлеңін оқитын Әбдіқалиев Нұрлыбек  оқылады.
     Жүргізуші:  Осымен Айбергенов  шыңы, Айбергенов әлемінен толық  мәлімет  ала отырып  кеш  соңын Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының  аға оқытушысы, Бауыржантанушы,Төлегентанушы ҒЗО ғылыми қызметкер Найзабаев Әлімбай Аманбайұлына  береміз.