Тәкен Әлімқұловтың әңгімелері мен хикаяттарының тіл ерекшеліктері

Молдабекова Науат Шохановна
қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы
.
.
Мақсатым: жазушының сөз саптау, көркемсөз айшықтарын құбылта қолдану тәсілдерін тыңнан қосқан жаңа сөйлем қолданыстарын тіл ерекшелігін зерттеу
Көркем сөз шебері қашанда халық даналығы – мақал–мәтелдерге соқпай кете алмайды. Ұлы жазушы Максим Горький кезінде «Мен мысалдардан көп өнеге алдым, басқаша айтқанда, нақыл сөздермен ой толғап .үйрендім» деп атап көрсеткен болатын. Горькийдің бұл пікірі қолына қалам алып, сөз өнерін серік еткен адамның көкейінен еш уақытта кетпеуі тиіс. Жазушы Тәкен Әлімқұлов шығармаларында да көптеген өнегелі, жүрекке жылы тиетін, болмаса міндетін дәл орындап, ойын орайлы етіп беретін сөздер мен сөз тіркестері, жекеленген сөйлемдер көп кездеседі. Әңгіме жазушының прозасында мақал-мәтелдердің қолданысы жайлы болып отыр. Мақал-мәтелдердің стильдік қызметі әр түрлі болып келеді. Алдымен олар кейіпкер тілінде айтылғанда да белгілі мақсатта жұмсалатыны аян.
— Әй шіркін, жастық-ай. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Руыңды білмесең, жауабын жөн.
-«Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» депті ғой біреу.
Мысалдардың мазмұнына қарап сөздердің жастың емес жасамыстың аузынан шыққанын байқау қиын емес. Орта буын өкілі де мұндай жалын атқан, аһ ұрған сөздерді айтпайтыны белгілі. Бір есептен айтатын да шығар, бірақ ондағы қызметі басқаша болары түсінікті. Біреудің сөзін қайталап сатира, сарказмнің қызметін атқаруы мүмкін немесе юморлық ыңғайда жұмсалуы да ықтимал. Қалай дегенмен, тура қолданысында қарттың айтар сөзі болуы табиғи құбылыс. Тәкен де солай етеді. Бұл үзінді қарт Сейтектің аузынан айтылып отыр. Бұлай болуының екінші себебі, балауса жастардан гөрі көпті көрген, жадында көп нәрсені, соның ішінде ата-бабадан келе жатқан сөз талғау барысындағы өнерді жадында молырақ сақтаған көне көз қарияның айтуы ақылға сыйымды көріне береді. Демек, кейіпкер тіліне мақал-мәтелдерді орынды кірістіру арқылы Тәкен шеберліктің тағы бір кішкентай қырын танытады. Кейіпкер тілін ғана емес, оның ой-түйсігін дараландырып тұру үшін дүниеге көзқарасын байқататын мақал-мәтелдер көп табылады. Бұлардың көпшілігі «Сейтек сарынында» көзге түседі.
Тәкен Әлімқұлов шығармаларын ерекшелендіретін бір жай-ондағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің молынан және саналы қолданылып отырғандығы. Тілдегі диалектизмдер дәстүрлі бойынша фонетикалық, грамматикалық, лексикалық деп бөлінетін болса, сөз болып отырған шығармаларда бұлардың бәрінде ұшыратуға болады.
Қазақ сөздерінің айтылуында өзіндік әсем үн бар, қалыптасқан жатық әуен бар. Сөздердің құрамындағы дыбыстар өзара үндесіп, айтылуы арқылы ауыздан шыққан сөздердің ағысы кедір-бұдырсыз, біртегіс болады. Қазақ тілі сөздерінің айтылуы мен жазылуы әр уақытта бірдей бола бермейді.
«Фонетикалық принципті қолданып, қалай естісең, солай жаз деп қоя берсек, жұрт сөздері түрлі-түрлі вариантта жазар еді. Өйткені сөздерді әркім әр түрлі естуі мүмкін. 1929 жылғы орфографиялық ережелерде жеке сөздерді әсіресе орыс тілінен енген сөздерді құбылтып жазуға жол беруге болатын».
Сондағыдай, сөздердің айтылуында да анархия болмау үшін сөздерді ресми тілде қалай айтылса, сөйлеу тілінде де солай ету керек болады.
Орфоэпия нормаларды белгілеу қиын. Себебі:
  • Ресми түрде қабылданған қағида, ережелер жоқ.
  • Сөздердің сөйлеу тілінде айтылуында тиянақ жоқ.
Орыс тілінде собака, корова сияқты сөздердің басқы буындарындағы дауыстыны а етіп, о етіп те айтатындар бар.
Мұндайда Москва говоры бойынша а етіп сөйлеу – орфоэпиялық норма деп танылады.
Қазақ тілі сөздерінің айтылуына ондай, басы ашық, говорлық айырмашылық жоқ. Сондықтан пәлен жердің тұрғындарынша сөйлейтін деу мүмкін емес. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормалары жеке диалетіге, говорға негізделмегендіктен жалпы халықтың қасиеті күшті.
Сөз байлығы – тіл байлығы. Бірақ тілдегі сөз байлығының жұмсалу аясы бірдей емес. Халық тілінде бар сөздердің көпшілігі – әдебиетте жиі қолданылып, жалпы әдеби нормаға айналды да, бірқатары қолданудан қалып қойды. Сөйлеу тілінде бар, біраз сөздер әдебиетте кездескенімен, әдеби нормаға жатпайды.
Сөздердің әдеби, әдеби еместігін айыру оңай емес. Біреуге асыл көрінген сөз екінші біреуге жасық көрінуі мүмкін. «Әдеби нормаға қай сөз жатады, қай сөз жатпайды» дегенді субъективті көзқарас тұрғысынан болжамай, әдебиетте жалпы халыққа бірдей ортақ байлық ретінде жиі қолдана ма, жиі қолданылмай ма деген тұрғыдан болжау керек.
Қазақ тіліндегі сан алуан сөздердің әдеби тілге тәндері – әдеби нормаға жататындары бар әдеби тілге тән емес, одан тыс, сөйлеу тіліне ғана жататындары бар. Соларды айыра, таңдап, талғай жұмсасақ, әдеби тілдің лексикалық нормаларын тұрақты етуге мұрындық болар едік.
Диалетизмдер мен дөкір сөздерді диалогта қолдануға болар, ал автордың баяндауында қолдану – ойландырарлық мәселе. Мысалы:
  1. Етке мелдектеген қонақтың ішіндегі ең нашары… («Туған ауыл», 34-бет). Мелдектеген – тойған.
  2. Басқаларға ақыл дарытып, уәждеп жығу мүмкін емес («Туған ауыл», 34-бет). Уәждеп-зорлап, амалсыз.
  3. Сәкенге неше түрлі шәркез ой салып жатыр («Туған ауыл», 44-бет).
«Бірқатар сөздердің айтылуында тиянақ жоқ, әркім түрлі айтады. Сондайдың айтылу нормасын көбінесе жазуына қарай бейімдеу керек».
Дыбыстардың алмасуы мына түрде келеді:
  1. П=Б немесе Б=П Мысалы: Исатайы келмеске кеткесін-ақ тағдыры ауытқуға ұшырағанын Махамбет пйымдайды. («Туған ауыл», 25-бет).
  2. П=М, оған біраз пұрсат берді. («Күрең өзен», 10-бет).
Кідіруге пұрсат бермеді. («Күрең өзен», 10-бет).
Сөз басындағы б дыбысын п дыбысымен айту – әсіресе оңтүстік говорлар тобына тән.
  1. Н=М. Артынша ол оқыс насаттанады. («Күрең өзен», 22-бет).
Жазушы Тәкен Әлімқұлов стилі өмірді терең, көрікті ашады. Әр сөзі, әр тіркесі шебер қиысады. Тәкен стилі суретке толы. Өйткені, жазушы айналаға үлкен суреткерлік сезіммен қарайды.
Ұлттық тіл өрнегін жазушы өз атынан сөйлегенде, лирикалық, шегіністерінде, жыл мезгілдеріне сәйкес табиғат суретін салғандай құлпырта пайдаланады.
Сөйлемде кездесетін әрбір теңеу, метафора, эпитет тағы басқа көркемдегіш құралдар өте ұқыптылықпен таңдалып алынады, айтылмақ ұғымды, суреттермек құбылысты көмескілендіретін бір сөзге де орын берілмейді. Көркем шығарма тілі – проблемалық мәселе. Көркем шығарманы жасайтын жазушы. Шығармаларынан жазушының өзіндік ерекшелігіндегі шеберлігі, стилі байқалып отырады.
Тәкеннің тілі-шұрайлы, құнарлы, шоқырақтамай, қысқа сөйлемдермен-ақ тайпала көсіліп отыратын халықтық тіл.
Жазушы халықтың байырғы бояулы тілін еркін, өнімді құрал еткен. Тілдің байлығы мен шұрайлығы шығарманың құрылыстық бітімінің қамшы өргендей беріктігі, адам мінездерінің әр қырынан ашуы жазушы шығармаларына ортақ.
Жазушы Тәкен Әлімқұловтың повестері мен әңгімелерінің тілін зерттеп, сөздерді сұрыптап қолдану тәсілдерін жалпы халықтың тіл үлгісін байытып, тыңнан қосқан жаңа сөйлем қолданыстарын айқындап, жан-жақты талдау жасау  негізгі мақсатым болды.
Шығармалар:
  • Сей- тек сарыны. Повесть. 1966;
  • Туған ауылда. Әңгемелер. 1968;
  • Күрең өзен. Повесть және әнгемелер. 1971;
Кертолғау. Повесть және әңгемелер. 1973